АҢШЫ АЛЕКСАНДР БАРЫКИННІҢ ЕРЛІГІ

АҢШЫ АЛЕКСАНДР БАРЫКИННІҢ ЕРЛІГІ

АҢШЫ АЛЕКСАНДР БАРЫКИННІҢ ЕРЛІГІ
ашық дереккөзі
364

«Түркістан» газетінің өткен сандарында қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыс жөнінде жазған едік. Қақтығыстан кейін екі елдің арасындағы қарым-қатынас суыды. Тәжікстандағы қырғыз елшілігі жұмысын тоқтатты. Екі жақтың әскери прокуратуралары тексерудің қорытындысын әлі мәлімдеген жоқ. Қырғыз тарап күдіктеніп, «Дүйшенбі-Бішкек» рейсімен ұшып келген 9 жолаушыны «Манас» әуебекетінен қалаға қарай шығармай біраз уақыт ұстап тұрды. Осылайша, қырғыз-тәжік мәселелері шешілмей жатқанда, 23 қаңтарда қырғыз-қытай шекарасында жайсыз оқиға болды.

Ыстықкөл облысының Ақширақ деген елді мекенінде Александр Барыкин деген аңшы Қырғызстанның аймағында жүрген күдікті адамдарды байқап, оларға жолыққан. Аңшы келгендердің құжаттарын сұрағанда, олар көрсетуден бас тартқан. Ізінше Барыкин жақын жердегі заставаға хабар беріп, шекара әскерлері жеткенше «Пикертык» деп аталған аңшылардың үйін шекара бұзушылар иеленіп алмасын деп, машинасына біреуінің мылтығы бар екі жолдасын отырғызып, күдікті адамдарды көрген жерге келген. Топ адамдардың нақты кім екендіктеріне көздері жетпеген аңшылар олардан онша да қорқа қоймаса керек, тағы да бетпе-бет жолығып сөйлеспек болған. Шекара бұзушылардың мылтықтары жоқ екен, олар аңшыларға пышақ ала ұмтылған. «Вепрь» маркалы бесатар мылтығы бар Барыкин қарсы ұмтылғандардың екеуін атып өлтіруге үлгеріп, өзі қарсыластарының қолға түскен. Жолдастарының айтуына қарағанда, дұшпандар «Аллаһу-Акбар» деп Барыкинді бауыздап салған. Жанындағы екі жолдасы әлдерінің жетпесін біліп, артқа қашып, қуғыншыларға жеткізбеген.

Шекара заставасында әскерлер және техника аз болып, олар қосымша күш алдырып, шекара бұзушылар бекінген жерге келгенге дейінгі бір сағаттай уақыттың ішінде оқиға осылай өрбіген. Оқиға Бішкекке мәлім болған соң, Премьер-министр Жантөре Сатыбалдиев күштік органдардың басшыларымен кеңес өткеріп, вице-премьер-министр Тоқан Мамытовқа шекара бұзушыларды құрықтауға, істі созбауға тапсырма берген. 

Қырғызстанның әскерлеріне шекара бұзушылар қарсылық көрсетіп, бағынудан бас тартқан соң олардың көзі құртылды. Аңшы өлтірген екеуді қосқанда 9 адамның өртенген сүйегі Бішкекке әкелініп, зерттелуде. Бұл туралы Қытайдың Қырғызстандағы елшілігіне білдіріліп, олар да мәйіттерді келіп көрген. Зерттеме аяқталған соң, мәйіттер Қытайға қайтарылмақшы.

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметіне төраға міндетін атқарып жатқан Раймберді Дүйшенбиевтің Президент Алмазбек Атамбаевқа берген мәліметіне қарағанда, шекара бұзушылардың киген киімдері, арқаларына асынып алған қапшықтарындағы заттар, олардың лаңкестік топтың мүшелері екенін байқатады.

Қырғыз шекара қызметінің тағы бір болжамы бойынша, шекара бұзушылар қырғыз-қытай шекарасынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Қытайдың Уши қалашығындағы сепаратистік топтың мүшелері болуы мүмкін.

Оқ атпаған, қарулары жоқ шекара бұзушылардың бәрін қырып салмай, оларды тұтқынға алып, кім екендіктерін анықтамай ма деген пікір айтуда кейбіреулер. Мүмкін, бұл вице-премьер-министр қырғыз-тәжік шекара жанжалында «Жерімізге басып кіргендерді осылайша аямаймыз» деп айтқанындай, қырғыздардың тәжік тарапқа қыр көрсетуі шығар. Өкінішке қарай, жаңа жылдың алғашқы айындағы осы екі оқиға қырғыз шекарасының бекем емес екенін байқатты. 

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары