ТОЛЛИНГТЕН ПАЙДА ТАУЫП...

ТОЛЛИНГТЕН ПАЙДА ТАУЫП...

ТОЛЛИНГТЕН ПАЙДА ТАУЫП...
ашық дереккөзі
189

Мұнайлы елде мұнай жетіспеушілігі болуы мүмкін бе? Қазақстан мұнай өндіру мен экспорттау бойынша алдыңғы орында, сөйте тұра ішкі қолданыста жанармай жетпей, баға көтеріліп жатады. Неліктен? 

 Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының аздығынан. Бар болғаны үш зауыт – Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары бүкіл республиканың қажеттіліктерін өтеуге қауқарсыздық танытуда. Қолданысқа жеткілікті болу үшін өңдеу процесі көршілес Қытайға тапсырылған. ҚР Мұнай және газ министрлігінің мәліметінше, 2012-2013 жылдары Қытайда 338 919 тонна қазақстандық мұнай өңделіпті. Ал биыл толлинг (шетелдік шикізатты өңдеп, кері қайтару) 200 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуді жоспарлап отыр. Сарапшылар бұл көрсеткіштің азайтылғанын айтады, себебі бұған дейін 1,5 миллион тонна тасымалданады делінген. 

Шетелде шикізат өңдеуді ұлғайтқанша, азайту қажеттігі бұдан бұрын да айтылған болатын. Өйткені Қытайда 1 тонна мұнай өңдеудің құны – 154,41 юань, яғни 25,5 доллар. Шетелде мұнай өңдеуге жеңілдіктер де жасалған. Шекарааралық баж салығы ұсталмайды, қайта республика ішіндегі зауыттарға жіберу сияқты жүйе қойылған. Әдетте жылына 250 мың тонна мұнай шекара асса, соның 5 пайызын салық ретінде төлеуі тиіс. Ал 10 миллион тоннадай тасымалданған күнде 15 пайызы салыққа ұсталады. 

 Бұл жүйе елімізге қаншалықты тиімді? Шетелде мұнай өңдеудің табысынан шығынының көптігі шындық. Оның себебі де әртүрлі. Біріншіден, мұнай өнімін алуға қажетті инфрақұрылымның жоқ­­­­т­ығы, мұнай Қытайға құ­быр арқылы жеткізілсе, Қазақ­станға автокөлік арқылы кері қай­тарылады. Себебі екі ел ара­сында теміржол байланысы айтар­лықтай емес. Екіншіден, мұнай өңдеуге қойылған тарифтер мен дайын өнімдер сапасы Қазақстан тарапына тиімсіз. Сондай-ақ ресейлік өнімдерді сатып алу саясаты өзге елдермен қарым-қатынасты шектейді. Бұл тек уа­қытша шешім болған еді дейді сарапшылар. 

Бұл болжамды биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында нақтылап берді. «Қазақстан 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында мұнай өңдеу зауытының қажеттілігін тағы атап өтті. «Біз қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электромобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасауымыз керек. Еліміз жанармайды, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндіруді қажет етіп отыр. Жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу қажет», – деді Президент. Сонымен қатар, ядролық қуат көздерінің болашағын ұмытпау керектігін, арзан энергияның қажеттілігі күн санап артып келетінін ескертті. 

«Бізге дәстүрлі өндіруші сек­тор­лар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу маңызды. Сирек металдардың ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар салалары үшін маңыздылығын ескере отырып, оларды игеру ауқымын ұлғайту қажет», – делінді Жолдауда. 

Қазақстан геологиялық бар­лау саласы бойынша әлемдік на­рыққа шығуы тиіс. Тиісті заң­на­маны жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жолдау бойынша 2050-ге дейінгі жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді. 

Таяуда «ҚазМұнайГаз» ком­па­ния­сы төртінші ірі мұнай өңдеу зауыты құрылысының техникалық-экономикалық есептеулері 2015 жылы аяқталатынын жария еткен болатын. Олай болса, бұл зауытқа өңдеуге берілетін шикізаттың көлемі де 2015 жылы анықталмақ. Қазіргі таңда республикадағы үш зауыт – Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына модернизация жүргізілуде. «Бұл жаңғырту жұмыстары аяқталған соң төртінші зауыттың қажеттілігі тек 2025 жылы ғана байқалуы мүмкін», – деген еді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма директоры Мәлік Сәлімгереев. Ал біздіңше, төртінші зауыттың 2025 жылы қажеті де болмауы мүмкін. Естеріңізде болса, Қазақстан мұнайы 2050 жылға дейін ғана жетеді деген мәлімдеме жасаған Мұнай және газ министрлігі. «Пессимистік болжамдар бойынша да 2030 жылға қарай Қазақстандағы мұнай өндірісі жылына 110 миллион тоннаға жететін көрінеді. Ал оп­тим­истік сценарий бойынша одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оптимистік болжамдар Қашаған және басқа да кен орындарын ары қарай дамыту жобаларының қалай бекітілетіндігіне байланысты болады. Бұған қоса, сол уақытқа қарай басқа да жаңа кен орындары іске қосылуы мүмкін» деген еді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин. Ендеше 20-30 жылға бола төртінші зауытты салудың қажеттілігі шамалы. Керісінше нағыз қажет тұсында, қазір салынуы керек емес пе?! Күн санап жанармай бағасы артып келеді. Мұнай қоры мен өндіруден үздіктер қатарына ілінген Қазақстанда жанармай бағасы қымбат. Неліктен? Оған себеп көп. Басты сылтау – алыпсатарлар мен жеткізушілердің өз тарифін орнатуы. Бірақ басқа да мұнайлы елдердің тәжірибелерін қолданып, алдымен ішкі қолданысты қанағаттандыруға болар еді… 

«Біздің ойымызша, 2020 жылға дейін үш зауыттың қуаттылығы сұранысты қанағаттандыра алады», – деді министр. Сондай-ақ министрдің айтуынша, қазіргі кезде үш МӨЗ-дің мұнай өңдеу көлемі жылына 13 миллион тоннаны құрайды. Зауыттарды жаңғыртқаннан кейін 2015 жылы бұл көрсеткіш жылына 17 миллион тоннаны құрайтын болады. 

Жалпы болашақтың энергиясын табу, қолданыста кеңінен пайдалану әлем ғалымдарының негізгі міндетіне айналған. Бір ғасырлық қана ғұмыры қалған мұнай зияны мен қымбаттығы жағынан басқа энергия көздеріне бәсекелесе алмайды. Соңғы бір ғасырдың өзінде-ақ жер атмосферасы мен мұхит әлемін 60 пайызға ластап үлгерген. Астанадағы Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құрудан басталмақ. Таяуда Еуроодақтың ірі компанияларының алғашқы ондығы Еуроодақтың әйгілі жасыл экономика тұжырымдамасы негізінде қабылданған энергетикалық стратегиясына қарсылығын жариялады. Еуроодақ оны жүзеге асырған төрт жылда 51 гигаватт энергия қуатын жоғалтты. Ендеше «Жасыл экономика бағдарламасымен жұмыс жүргізе отырып, біз осы қателікті ескеруіміз керек» деді Елбасы. Энергетиканың жаңа түрлерін дамытып, жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет екені айтылды. 

Қоғамдық көліктерді отынның экологиялық таза түрлеріне көшіруге, электромобильдерді енгізуге және олар үшін тиісті инфрақұрылым қалыптастыруға жағдай жасалуы керек. Осы тұрғыда Алматы қаласына былтыр газбен жүретін 200 қоғамдық көлік енгізілгені белгілі. 

Ал ядролық энергетиканы да­мытудың келешегі зор. Болашақ энергиясының құндысы да осы. «Әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетін болады. Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз», – деді Президент Жолдауында. 

Жолдауда Президент Қазақ­станның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жоспары жөнінде айтты. Осы мақсатта Мемлекет басшысы ЖІӨ-ні 4 есеге, жан басына шаққанда 13 мың АҚШ долларынан 60 мыңға дейін көбейтуді тапсырды. Сол кезде Қазақстан орта таптың үлесі көп елге айналады. Ол үшін Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұжымының стандарттарын енгізуді қолға алып, ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсуін 4 пайыздан кем емес пайызға, инвестициялар көлемін жалпы ЖІӨ көлеміне шаққанда 18 пайыздан 30 пайызға дейін өсіруді қамтамасыз етуі керек. 2050 жылы шикізаттық емес экспорт Қазақстан экспортының жалпы құрылымында 70 пайызға жеткізу көзделуде. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары