ҚАЛТ-ҚҰЛТ ЕТКЕН КӘСІПКЕРЛІК

ҚАЛТ-ҚҰЛТ ЕТКЕН КӘСІПКЕРЛІК

ҚАЛТ-ҚҰЛТ ЕТКЕН  КӘСІПКЕРЛІК
ашық дереккөзі
342

Қазақстан кәсіпкерлері дүниежүзілік нарық жүйесіне дайын ба? Еліміз Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүше болғанда, отандық кәсіпкерлер бәсекеге төтеп беруі ықтимал. Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан­ды индустриялық және әлеу­меттік жаңғыртудың басты құралы. Бұл Президенттің Жолдауда айт­қаны басты бағыттарының бірі. «Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны та­лай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Жаһандық рей­тингке сәйкес, Қазақстан биз­несті жүргізуге ең қолайлы жағ­дайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Оны дамыту үшін жекеменшік институтын заңнамалық тұрғыда нығайтатын кешенді шешімдер қажет. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс», – деді. 

Елімізде шағын және орта биз­нес­тің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сек­тор­дағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр. 

Дүниежүзілік Сауда ұйымына мү­шелікке өтуіміз созылып ба­рады. «Тойдың болғанынан бола­дысы қызық» дегенді дәтке қуат етіп жүргендейміз. Біз ДСҰ-на кі­рудің аз-ақ алдындамыз. Он жылға созылған келіссөз аяқталып қал­ды. Біздің тұтынушылар сапалы өнімге қол жеткізе алады. Осындай жағдайда біздің кәсіпорындар мен жаңа өндіріс, жаңа сектор бәсекеге қаншалықты қабілетті болмақ?», – деген-ді Премьер-министр Серік Ахметов Үкімет отырысында. 

Кедендік одақ, Еуразиялық эко­номикалық кеңістік және Дүние­жү­зілік Сауда ұйымымен бірге елімізге мінсіз қызмет пен тауарлар да келеді. Бұл дегеніңіз, бәсекелестік арта түседі деген сөз. Бүгінде да­муына көп көңіл бөлініп жатқан шағын және орта кәсіпкерліктің күйі не болмақ? Аяғынан әрең тұрып, қанатын жаза бастаған кәсіпкерлер әлемдік нарықты жаулаушыларды қалай қарсы алмақ. Екатеринбургтегі Қазақстан және Ресей қатынастарының Х фо­румында екі елдің экономикалық се­­ріктестігі осы түйткілді кеңінен тал­қылаған еді. Еліміздің кәсіпкерлері шетелдік серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын еместігі туралы сөз болды. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының сауда өкілі Александр Цыганков кейбір мәселелердің кәсіптегі кедергілерін реттеудің қажеттілігін атады. 

– Ресей кәсіпкерлері Қазақстан на­рығына асық. Қолдарында дайын жобасы, бизнес-жоспары да бар. Бірақ Қазақстан нарығына тауар тасымалдау бір бөлек, бірлескен кәсіпорын ашудың жөні мүлде бөлек. Бұл ретте ресейлік серіктестер бірқатар қиындықтарға тап болуда. Ол – қазақстандық кәсіпкерлердің жаңа нарыққа шығуға деген құлшынысының жоқтығы. Халықаралық нарыққа шығуға дайындық жоқ. Біз көп жағдайда Қазақстаннан серіктес іздеуге уақыт жоғалтамыз. Кейбірін тіпті құжат рәсімдеген соң таппай қалып жатамыз. Сондықтан осындай кедергілер әзірге тығыз қарым-қатынас орнатуға кедергі болып тұр, – деді Цыганков мырза. 

Қазақстан мүше болған немесе жақында есігін ашатын ұйымдардың арасында да бәсеке қалыптасып, ұлғая түспек. «Мен бұл пікірді не үшін айтып отырмын, біз осыған ден қою үшін айттым. Біз бұл жағдайды жуырда бастан өткереміз, біздің бизнес дайын болуы керек. Өйткені бүгін өз орталарыңызда жағдай жақсы, алайда күні ертең түрлі тауарлар біздің отандық өнімдерді ығыстырып тастайды. Осы кезде кәсіпкерлер екі ортада Үкіметті кінәлайтын болады», – деген еді Үкімет басшысы. Шағын бизнесті мамандандыруды келешекте оларды орта деңгейге көшіру перспективасымен дамыту шараларын қабылдау маңызды болмақ. Осы сектор субъектілерінің банкроттығының айқын тетіктерін енгізген жөн. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс. «Мен Үкіметке индустрияландырудың екінші бесжылдығы жоспарын «Бизнес-2020» жол картасымен үйлестіруді тапсырдым. Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге әдістемелік көмектің тиімді тетіктерін жасауы керек», – деді Елбасы Жолдауда. 

Отандық тауардың бәсекелестері қазір де бар және қазірдің өзінде шетелдік тауарлар қазақстандық өнімдерді сапа, сан жағынан алдын орайды. Әсіресе, сүт және сүт өнім­дері бойынша елімізде Беларусь, Ресей тауарлары тұтынушы көңілін жаулап үлгерген. Сондықтан ірілі-ұсақты кәсіпкерлердің қызметтері мен тауарлары тасада қалуы ықтимал. 2009 жылы Кедендік одаққа мүше болардың алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қаңтардың 1-інен бастап біз Ресей және Беларусь республикасымен кедендік шекараны ашқалы отырмыз. Бұл дегеніміз, біздің сөрелерімізде ресейлік және беларусь тауарлары пайда болады деген сөз. Қазақстандық тауарлар ресейлік және беларусь импортына бәсекелес бола ала ма? Бұл жағдайдағы жалғыз ғана дұрыс шешім – жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті, экономикалық нарықта сұранысқа ие тауарлар шығару» дегені есте. Одан бері бесінші жылға аяқ басқалы отырмыз. Кедендік одақ аясында үш елдің экономикасы біте қайнасып, өзара тауар алмасу жүзеге асты. Бұл кезеңде кәсіпкерлеріміз шетелдік нарыққа біртіндеп болса да есік ашса да, солтүстік серіктестерден келген тауар легі басымдау. 

Отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Үкімет салықтық және ақша-несие жүйесін жетілдірді. Елімізге кіретін ірі компаниялар үшін түсінікті, ашық және қол­же­тімді ойын алаңы болады. Кәсіпкерлерге «салықтан қашудың емес, салықты төлеудің жолдарын жеңілдету» қарастырылды. Бұл туралы заң жобасы депутаттар оқылымына беріліп, қабылданып та қойды. 

Күн санап әлемдік нарық ашылады. Осы жағдайда «бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін отандық кәсіпкерлерге қандай шараларды қолдану керек?» деген сауалымызға «Атамекен одағының» басшысы, Ұлттық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов: «Тасымалдау, логистика, сыртқы сауда операциялары және салықтық салымдар туралы мәселелердің қыр-сырын түсініп алу керек. Сонда ғана экономикалық кеңістіктің болашағы мен жүйелілігін арттыра аламыз. Экономикалық интеграция бойынша халықаралық келіссөздер жүргізетін мемлекеттік органдар әуелі кәсіпкерлер және кәсіпкерлік қоғамдастықтармен ақылдасқаны жөн. Тек кәсіпкердің өзімен сөйлескенде ғана барлық кедергілерді көре аламыз, сонда ғана экономикалық одақтың тұрақты дамуына қол жеткіземіз. Мысалы, Кедендік одаққа қатысты туындаған түйткілдер мемлекеттің кәсіпкерге құлақ аспағанының салдары. Қайта кәсіпкерлер ойын есепке алса, жылдам келіссөз аяқталар еді», – деді.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары