АЛМАНИЯ АСПАНЫН ЖАҢҒЫРТҚАН АЙТЫС

АЛМАНИЯ АСПАНЫН ЖАҢҒЫРТҚАН АЙТЫС

АЛМАНИЯ АСПАНЫН ЖАҢҒЫРТҚАН АЙТЫС
ашық дереккөзі
233

Жуырда
Германияның Кельн қаласында ақындар айтысы өтті. Кельнде өткен айтысқа белгілі
айтыскер ақындарымыз Жандарбек Бұлғақов пен Бекарыс Тілегенұлы қатысты.
Қазақтың ұлттық өнерін тамашалауға Кельндегі қазақтардың бәрі жиналды.
Жергілікті қазақтар рухани өнерге сусап қалыпты. Өнер додасын Кельндегі қазақ
мәдениеті орталығы ұйымдастырды. 

Ақын Бекарыс бұл кезде
Германияның Дюсельдорф қаласына 10 күнге оқуға келген екен. Айтыскер ақындар
Жандарбек пен Бекарыс шет елдегі қазақ ағайынның көңілін қалдырмай, әдемі айтыс
жасады. Елімізден алыста жүрген ағайынды қазақтың айтыс өнерімен сусындатқан
екі ақынның айтысына жиылған қауым да дән-риза болды. Екі ақын айтыстарына
жатта қалған ағайынның бүгінгі тұрмысын арқау етумен шектелмей, қазақтың ұлттық
інжу-маржанынан да сөз өргізді. Қазақы қалжың, әдемі әзіл де айтыстан тыс
қалмады. 

Ең қызығы, Кельндегі
ағайын­ның арасында айтыстан мүлдем хабарсыз жандар да кездесті. Бұрын-соңды
мұндай сөз додасын тамашалап көрмеген көпшілікке бұл бір жағынан айтыс өнерін
дәріптеу еді. Ақындар топ жармас бұрын, Кельн Қазақ мәдениет орталығының
балалар ән-би тобы сахнаға шығып, «Қара жорға», «Қамажай» сияқты қазақтың
ұлттық билерін биледі. 

Кельндегі қазақтардың
арасында Мұстафа Қасантов, Зафер Езкалып сияқты өнерлі азаматтарымыз да
табылды. Қазақтың дәстүрлі әндерін шырқаған қос азаматтың өнеріне тәнті
болмаған кісілер кемде кем. Қайрат есімді жас бала «Сүйінбайдың әнін» төгілтті.

Айтыс соңында жиылған
қауым­ға дәмді тағамдар үлес­тірілді. Қазақтарға арнап, дәмді ас әзірлеген
Айсель Кюше есімді апайымыз. Дәмді ас ішілді. Дәмді сөз тыңдалды. Бұл шарадан
алыстағы ағайынның қазақтың өнеріне сусап жүргенін байқағандай болдық. Дәстүрлі
ән, төгілген жыр, күмбірлеген күй, суырып салма ақындық өнер – қазаққа жат
емес. Елімізден алыс, тым алыс, шет жақта жүрген ағайындар үшін рухани өнер –
сағыныш қана. Бұл айтыс алыстағы ағайынның елге деген, рухани өнерге деген
ынтық сезімін, ыстық сағынышын басты. 

Гүлзина
ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары