Рух жанартауы сөнді

Рух жанартауы сөнді

Рух жанартауы сөнді
ашық дереккөзі
369
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз… Тағы бір жыр-ғұмыр үзілді. Қазақ тағы бір жыр жампозынан  айрылды. Алыптардың жалғасы сияқты көрінетін еді бізге Фариза апа. Мұқағали ақынды көре алмадық. Поэзиясын жатқа білдік. Мұқағали ақын бізге тірі Фариза сияқты елестейтін еді. Мұңын шаққаны үшін шығар. Әлде, поэзиясы тағдырлас болды ма? Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай ақын өмірден өткенде өзімізді-өзіміз  әзер жұбаттық. Өлеңдерін бір сәт демеу еткен болармыз. Құдіретті өлеңнің күші шығар бізді жұбатқан. Фариза апа, сіз кеткенде, біз тағы да өлеңмен жұбанып, өзімізді жұбата аламыз ба? «Өлең, мен сені аялап өтем» деуші едіңіз. Бізде күңіреніп тұрып, сіздің өлеңдеріңізді аялайтын шығармыз. Өлеңіңізді аялау арқылы, өзіңізді аялаймыз, Фариза апа! «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз, өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деп Мұқағали мұңын шаққан сіздің қазаңыз барша қазақтың жанына ауыр батты. Қолына қалам ұстаған жанның бәрі сіз туралы төгілтіп, тебіреніп, жоқтау айтып жатыр. Сізді еліңіз жақсы көреді. Сіздің өлеңдеріңізді барша оқырманыңыз жатқа оқиды. Өлең атты құдіретті дүние тұрғанда, Сізідң есіміңіз мәңгі жадымызда қалады. Бір кездері Сізді Әбіш Кекілбаев рух жанартауына балаған екен. Қазақтың бүгін рухы құлағандай, жанымыз күйзеліп тұр. Фариза апа, бақұл болыңыз! Пейіште нұрыңыз шалқысын! Ақын жүрегін келмес сапарға шығарып салып тұрып, Фариза апаның өлеңімен өзімізді жұбатқымыз келеді… Дара күндерімнің, Нала түндерімнің Серігі болғаның үшін, Сенімі болғаның үшін Мен сені аялаймын. Біреудің пасықтығынан, Біреудің жасып мұңынан, Жүрегім сыздаған кезде, Жаным мұздаған кезде Мен сені саялаймын. Біреудің күлкісін көріп, Бақыттының түр-түсін көріп, Шаттанып қалған шағымда, Жеткендей арман -сағымға, Қуаныштан дірілдеп денем, Алдыңа күлімдеп келем. Ажалмен айқасқан сәтте Қыршын жас көз ілгенін көріп, Өткінші сезімдерін көріп, Кешегі “доспын” дегеннің Минутта жерінгенін көріп, Кімнен өшімді аларымды білмей, Кімдерге кінә тағарымды білмей, Алдыңа лапылдап келем, Жарылуға жақындап келем . Өмірдің өткелдерінен Қиындық көп көргеніммен, Өртеніп от басқаныммен, Өзіңмен қоштаспадым мен. Күлкімді, жайлы күнімді, Азапты, қайғы-мұңымды Өзіммен бөліскенің үшін, Қатем мен жеңістерім үшін Менің мынау қиындау тағдырым болып О баста көріскенің үшін Өлең, мен сені аялап өтем! Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары