МАЙДАНДА ОҚ АТЫЛЫП, АДАМ ӨЛДІ
МАЙДАНДА ОҚ АТЫЛЫП, АДАМ ӨЛДІ
Өткен жылдың қараша айында басталған Еуромайдан жаңа жылдан кейін де жалғасын тапқан. Бұған дейін шерушілер билікке өз талабын бейбіт түрде жеткізуге тырысып келді де. Алайда, Украина үкіметі екі айға созылған майданнан зәрезап болды ма, Жоғарғы Рададағы «Аймақтар партиясының» депутаттары халықтың құқығын шектеуді қолға алып, оны заң жүзінде бекітіп тастады. Жаңа заң «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» деп аталады.
Бұрын-соңды Украинада билікке қарсы наразылық шараларын майдан түрінде өткізуге рұқсат етілетін. Өз құқығын мейлінше тиімді пайдаланған халық мұны қалт жібермейтін. Қашан да алаңнан табылып, ой-пікірлерін ашық айтуға ұмтылатын талапшыл жұртқа сүйсінбейтіндер кемде-кем. Ал, билік болса жаңа заң жобасы арқылы осы мүмкіндіктен айырмақшы.
Украина билігінің бұл заңды аяқ асты қабылдауына не түрткі болды? Радада заңды бірауыздан қолдады деген 235 депутат кімнің сойылын соғуда? Тіпті, заңды дүйсенбіге қалдырмай апыр-топыр сенбі күні бекітіп жіберген биліктің не ойлағаны бар? Президент Янукович елдегі бейберекетсіздікті неге ушықтырғысы келді? Көкейдегі сан түрлі сауалға халықтың ортасында жүрген оппозиция жетекшілері де жауап іздеуге кірісіп кетті.
Енді рет-ретімен тоқталсақ. Біріншіден, жаңа заң Украинаның Қылмыстық кодексіне «ғайбат» (жала) туралы бапты қайта әкелді. Бұл арқылы билік журналист қауымын ғана емес, блогерлер мен әлеуметтік желі тұтынушыларын да жазаға тартпақшы. «Ғайбат» бабы бойынша жазалаудың асқан шегінде айыпты темір торға екі жыл тоғытылуы мүмкін. Бұдан былай барлық интернет БАҚ Ақпарат министрлігінен лицензия алуы тиіс. Егер тіркеусіз жұмыс істесе, бүкіл техника тәркіленіп, басылым жабылып, мұнымен қоймай үлкен көлемде айыппұл салынады екен. Тіпті, интернет-провайдерлердің қызметі де арнайы лицензиялауға тиесілі. Тағы бір анығы, провайдерлер соттың қандай да бір шешімінсіз, яғни сарапшылардың қорытынды жұмысы аясында кейбір сайттарды не болмаса белгілі бір тұтынушыны бұғаттап тастауға мүмкіндігі бар. Ең сорақысы, бұдан былай Украинада ұялы телефон абоненттері SIM-картаны төлқұжатпен сатып алуына тура келеді.
Бұл бергі жағы. Күн сайын алаңда өтетін кәдуілгі шеруге еті үйреніп қалған халық енді қайтпек? Жаңа заң азаматтық белсенділердің де әрекетіне шектеу қоюда. Егер республикалық маңызы бар күре жолды бестен аса автокөлік жапса, жүргізушілер көлік жүргізу құжатынан екі жылға айрылып, көлігі тәркіленеді. Ал шеруден азаматтық акцияға бетперде, мойынорағыш тағынып келсе, құқық қорғаушылар оны он сөткеге қамауға алуға құқылы. Украина билігінің шамына тигені – ереуілшілердің әкімшілік ғимараттарын жиі басып алуы болатын. Бұған да арнайы үкім қарастырылыпты. Енді үкімет үйі мен радаға баса көктейтіндер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ол ол ма, біреудің меншігіндегі жерде пикет ұйымдастырғандар алты жылға сотталмақшы.
Сондай-ақ барлық шетелден қаржыландырылатын коммерциялық емес ұйымдар (тіпті Ресейдегі) шетелдік агенттер деп есептеледі. Бұлардың қызметін салық мекемелері ресми түрде егжей-тегжейлі тексеруге құқы бар.
Сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, қазіргі Украинадағы жағдай бір күннің ішінде қаратүнек террор уақытын еске оралтады. Шыны керек, жаңа заңның қатаң талаптары қарапайым халықты да абдыратып тастаған. Бүгінде жұрт Парламенттен шыққан жаңалықты көшеде, дүкендерде, білім мекемелерінде талқылап әлек. Мәселен, оппозиция жетекшілерінің бірі, Ішкі істер экс-министрі Юрий Луценко: «Қабылданған жаңа заң мемлекетке бетбұрыс жасады. Мұның пайдасынан зияны көп», – десе, тәуелсіз саяси сарапшы Алексей Блюминов: «Янукович бүгінде табанды түрде жауызға айналуда. Тіпті, оның бұл жауыздық әрекеті бізді үркітіп отыр. Бір күннің ішінде шектен шығып, ішкі тұтастықты ыдыратуға күш салды», – деді ашынып. Ал сарапшы Юрий Романенконың да пікірі осыған саяды. Ол: «Янукович халықтың тұрмысына айдаһарлық талаптары мен шараларын енгізе алмайды. Билікті сақтап қалу үшін өзіне қарсы келгендердің аузына қақпақ болып, түрмеге жауып, мүлкін тәркілеп, сөз бостандығына шектеу қоюы нағыз шарасыздық емей немене?» дегенді білдірді.
Киев алаңдары қызыл қанға бөкті
Билік қабылдаған «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң майдандағы халықтың ашу-ызасын тудырды. Бір Грушевский көшесіне айналасы екі-үш сағаттың ішінде ондаған мың шеруші ағыла кетті. УНИАН ақпарат агенттігінің мәлімдеуінше, белсенді топтың арасында арнайы жасаққа тас, жанармай құйылған бөтелкелер, резеңке оқ атқан арандатушылар болған көрінеді. Тіпті, министрлер ғимаратын қорғаштап тұрған ішкі істер мекеме қызметкерлерінің қоршауын да бұзып, көліктерін отқа ораған. ІІМ шамамен 100 қызметкерінің жапа шегіп, оның 61-і ауруханаға жеткізілгенін айтады. Қақтығыс кезінде бір адам мерт болған. Сондай-ақ 120-дан астам шеруші мен бірқатар журналистердің медициналық көмекке жүгінгендігі туралы хабар таратылды. Кешегі күнгі дерек көздері Киев алаңдарына Украинаның басқа облыстарынан арнайы жасақ топтарының көптеп келіп жатқандығын жеткізді.
Оппозиция жақтастары бұған дейін билікпен өзара ымыраға келуге талпынып көрген. Президент Януковичтің өзі Виталий Кличко бастаған оппозиция серкелерін қабылдап, алдағы уақытта елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселесін бірлесіп шешуге шақырғанда биліктің беті бері қарады деп түсінген болатын. «Янукович оппозиция өкілдерін бір үстелдің басына жиғанда, біздің кеудемізде ертеңге деген нық сенім ұялаған еді. Алайда, бұған әрең қол жеткізіп едік, қаз-қалпына қайта келді. Енді мұны орнына келтіруге бола ма?» деген сауалды ортаға салады.
Еуромайдан қатысушылары: «Бізге елді соңына ерте алатын лидер керек» деп есептейді. Олар бұл азамат – Кличко екеніне нақты көз жеткізіп келеді. Себебі, Украинаның Еуроодақ келісімінен бас тартқан күннен бастап «Удар» партиясының жетекшісі В.Кличко алаңдағы халықпен бірге. Кешегі қиын жағдайда да төбе көрсетіп, арандатушыларды жөнге салуға тырысқан оппозиция жетекшісін қолдайтындар көп. «Халық ең ауыр да қиын күндерді бастан өткізгенде Украинада бір ғана басшы бар екенін білдік. Ол – Виталий Кличко! Сондықтан біз Кличконы қолдаймыз!» дейді Еуромайдан және Автомайдан қатысушылары.
Алаңдағы тәртіпсіздік кезінде сөз сөйлеген Кличко: «Янукович отставкаға кету туралы талапты құлағына ілмегендей кейіп танытты. Ол елдегі жағдайды реттеймін деген уәдесін орындамай, мойнына алған жауапкершіліктен жалтарды. Виктор Янукович мырза, сіз өз халқыңызбен соғысып жатырсыз. Тез арада кикілжіңді тоқтатыңыз! Чаушеску мен Каддафидің әрекетін қайталамаңыз! Бұл күресте бәрібір украин халқы жеңеді!» деген ол президентке барып, оппозиция қойған бес талапқа жауап алуға жол тартты.
Айтпақшы, әдеттегіше президент Янукович оппозициямен келісімге келу жөнінде шешім шығарыпты. «Батькивщина» фракциясының жетекшісі Арсений Яценюк: «Маған Януковичтен қоңырау түсті. Ол үкіметтің келіссөздерді бастауға дайын екенін жеткізді» деді өз сөзінде.
ЕО пен АҚШ алаңдауда
Украинадағы жағдайға Ақ үй де алаңдаушылығын білдірді. «Киевтегі екі жақты қақтығысты тоқтату керек. Әйтпесе, АҚШ билігі Украинаға қарсы санкция енгізеді» деп мәлімдеді Қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңестің ресми өкілі Кэйтлин Хейден. Демек, Ақ үй Киевтен кикілжіңді басу жөнінде қажетті шараларды қабылдауға шақырып, шектеу қойған заңды алып тастау керектігін қадап айтты. Хейденнің сөзіне сенсек, егер мемлекетте озбырлық, зорлық әрекеті жалғаса берсе, онда АҚШ қосымша шараларды қарастыруды қолға алмақшы. Айта кету керек, АҚШ Украинаға қарсы санкция енгізу жөніндегі ұсынысын өткен жылдың соңында Майдандағы тәртіпсіздіктен кейін-ақ айтқан болатын. АҚШ билігі «Украина біздің пікірімізге құлақ түрмесе, басқа амалға көшуіміз мүмкін» екенін ескертті. Себебі, АҚШ «Магнитский тізімін» Украинада да кеңейтуді жоспарлап отыр. АҚШ сенаторлары Джон Маккейн мен Бен Кардин марқұм болған ресейлік заңгердің атындағы заңның күшін дүниежүзіне таратуды көздемек. Бұл құжат “Global Human Rights Accountability Act” деп аталады. Құжат авторларының пікірінше, өз азаматтарының құқығын үнемі бұзатын адамдарға АҚШ-қа кіруге тыйым салу керек. Мұнымен қоймай олардың банктік есепшоттары мен жылжымайтын мүлкін АҚШ-та ғана емес, басқа да серіктес-мемлекеттерде де тәркілеу қажет.
Әрине, бұл жерде Украинаның қатысы қанша деген сұрақ туындауы мүмкін. Кешегі күнге дейін американдық билік Украина президенті Януковичті заңдық тұрғыдан сайланған президент ретінде сыйлайтынын айтса, бүгінде АҚШ Жоғарғы рада қабылдап тастаған заңды «Диктатура туралы заңдар» деп бетке басты. Олар: «Украина бұл заңы арқылы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет ретінде өзінің міндеттерін бұзып отыр. Сондықтан «Freedom House» ҮЕҰ Янукович заңға вето қою керек. Әйтпесе, бұл жол Украинаны «бұлыңғыр уақытқа» жетелейді деп санайды.
Ал Обаманың кеңесшісі Алек Росс Киевтегі бүлікке «Аймақтар партиясын» кінәлайды. «Қақтығыс осы партияның әрекетінен орын алды. Ал Украина азаматтары Белоруссия мемлекеті болғысы келмейтінін ашық айтуда. Алдағы 90 күн елдің бағытын айқындап береді» деді АҚШ президентінің көмекшісі. Бұл ойдан ЕО да кетәрі емес. Еуропарламент депутаты Ребекка Хармас ЕО Янукович пен оппозиция арасындағы пікірталасқа модератор есебінде қатысуы қажет екенін айтса, сондай-ақ, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун да Украинадағы оқиғаны мазасыздықпен қадағалап отырғанын білдірді. «Екі жақтың да өзін-өзі ұстауына шақырамын. Ертеңгі күні мемлекетке зиян келмейтін жағын ойлау керек. Сондықтан да демократиялық принциптер мен сөз бостандығын сақтай отырып, бейбіт түрде шешу қажет» деген Пан Ги Мун өзара диалогқа келуге үндеді.
Тақырыпқа орай
Талғат Нұртазин, саяси сарапшы:
– Жоғары рада неліктен соттар мен олардың отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту жөніндегі заң жобасын қабылдады деп ойлайсыз?
– Жаңа заңнамалық құжат соттың қауіпсіздігін сақтауға деген кепілдікті нығайтады деп сендіруде. Бұл жемқорлық деректерін азайтуға септігін тигізе ме? Қазіргі кезде украиндық құқық қорғау мекемелері заң қабылданған соң, жемқорлық дертінен емделеміз деп отыр. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заңды қатаңдату арқылы сотқа қысым жасау жауапкершілігі мен Фемида қызметкерлері жайында ақпарат жинау, өміріне қауіп төндіру сот жүйесін сауықтыра алады. Ешкімге де құпия емес, көптеген соттар, әсіресе қызметін жаңадан бастағандар шешімді қысымның көмегімен шығарып жатады. Украинада өлімге дейін барып жатты. Былтыр харьковтық сот Трофимовтың отбасында жантүршігерлік өлім тіркелді. Сондай-ақ, Киевтің Шевченковск аудандық сотының судьясы Зубковты да жер жастандырып кеткен. Мұндай жағдайда АҚШ-та өмір бойға темір торға тоғытылады. Демек, соңғы жылдары Украинада сот қызметкерлеріне қарсы жасалған түрлі қылмыстық дерек тіркелген. Сондықтан да жаңа өзгерістердің енгізілуі орынды сияқты.
Ал елдегі орын алып жатқан бейберекетсіздікке тоқталсам, ішкі істер мекемесінің қызметкерлері, оның ішінде ІІМ «Беркут» арнайы жасағы Украина заңнамасына сәйкес, қоршаған ортаның қауіпсіздігіне байланысты от қаруын пайдалануға құқы бар. Ал қазіргі жағдайда манифестанттардың атқылауы нәтижесінде жүздеген «беркуттіктер» зардап шекті. Күйген адамдар ауруханаға жеткізілуде. Кейбір дайын тұрған арандатушылар топтың арасына еніп кеткен. Оларға оппозиция жетекшілері Кличко мен Яценюк те ие бола алмай қалған көрінеді. Уақыт өте келе Киевтегі жаппай тәртіпсіздік заңдық жолмен тоқтатылады деп ойлаймын. Ал Ресей-ЕО саммитін өткізгеннен кейін, ресейлік дипломаттар еуропалық әріптестерімен Украинадағы саяси дағдарысты реттеу мәселесін талқыға салады. Бәлкім, ЕО Украинадағы радикалды топтарға қаржылай және моральдық қолдау беруін тоқтататын шығар. Меніңше, Украина президенті мен үкіметінде мемлекеттің аумақтық тұтастығын және конституциялық құрылымын сақтауға деген ресурсы жеткілікті. Қазір мемлекет 2015 жылы өтетін президенттік сайлауға ақырын жүріп, анық басып келе жатыр. Сол кезде Украина халқы елдегі билікті өзгертуге құқықтық жағынан мүмкіндікке ие болады. Ал, оппозиция жақтастары президент Янукович пен премьер Азаровтың отставкаға кету керек екенін айтып жүр. Бірақ бұған заңнамалық тұрғыдан негіз жоқ. Бұл мәселе парламентте дауысқа салынғанда, көптеген депутаттар қолдаған жоқ. Сондықтан да оппозиция үкіметтің отставкаға кетуін талап етуді парламенттің келесі сессиясында қозғауына болады. Оның үстіне әлеуметтік зерттеулер Януковичтің мемлекет азаматтарының қолдауына ие екендігін растайды.
– Украина Еуроодақ келісіміне қашан қол қоюы мүмкін?
– Украина үкіметі әрқашан да еуроинтеграцияны қолдайтындардың қатарында. Алайда, бұл тағдырлы келісімге қол қоюға деген дайындық асығыс жүргізілмеуі керек, себебі бұл елдің экономикасы үшін қатерге де алып келуі әбден мүмкін. Үкімет бұл мәселеде азғантай үзіліс жариялап және ЕО келісімді жалғастырамыз деген кезде Еуродақ екі тұрғыдағы көзқарасты ұстануға көшті. Қазіргі таңда Украина үкіметі жұмыс тобын құрып, келіссөз шарасын жалғастыруда. Егер келісім жобасында мемлекеттің ұлттық мүддесі қорғалып, кей мәселе ескерілсе, қауымдастықпен келісімге биыл қол қойылуы мүмкін.
– Ал экс-премьер Юлия Тимошенконың бостандыққа шығуы мүмкін бе?
–Тимошенконың мерзімінен ерте бостандыққа шығуы мүмкін бе, жоқ па, ол жағы белгісіз. Оның қорғаушылары да мұны айта алмайды. Мұндай вердикті ЕСПЧ да берген жоқ.
Андрей Юричко, Украинадағы жеке кәсіпкер:
– Елде қазіргі билік тұрғанда, біздің болашағымыз бұлыңғыр сияқты көрінеді. Майдандағы халық президент пен үкіметтен қандай да бір жағымды жаңалықты күтуден шаршады. Сондықтан да радикалды шараларға барып отыр. Оппозиция халықты жарты жолда қалдыруға мәжбүр болды. Меніңше, жағдайды реттеу былай тұрсын, шиеленіскен оқиғалар көбейіп барады. Ал қазіргі үкімет басқарған Украина жақын арада Еуроодақпен келісімге қол қоймайтын түрі бар.
Динара Мыңжасарқызы