440
КӨЗБЕН КӨРГЕН БІР БАСҚА
КӨЗБЕН КӨРГЕН БІР БАСҚА
Жақында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ әкімшілік бас ғимаратында компанияның өткен жылғы қорытындысы мен биылғы жылға жоспары тыңдалды. Кездесуге еліміздің Премьер-министрі Серік Ахметов қатысты. Теміржолшы мамандар жиылған басқосуда Асқар Мәмин баяндама жасады.
.«Өткен жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның базасында «KTZ Express» АҚ көліктік логистикалық операторы құрылған болатын. Оның құрамына темір жол, Ақтау теңіз порты, 11 әуежай еніп, сонымен қатар, «Қорғас» халықаралық шекаралық стансасы арасындағы көліктік-логистикалық тізбек жұмыстарын үйлестіреді», – деді Асқар Мәмин.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында бірқатар жаңа міндеттерді жүктегені белгілі. Компания бұл міндеттемелерді де жүзеге асыруды қолға алып отыр. «Яғни, Қазақстанды транзитті мемлекеттер қатарына қосуға біздің компаниямыздың қосар үлесі орасан зор. Ел үмітін ақтай отырып, экономикамызды ілгерілетуде жоғарыда аталған шаруалардың шашауын шығармай жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деді Компания президенті өз баяндамасында.
Қорытынды Кеңесте Үкімет басшысы да теміржолшы қауымға өз ризашылығын білдіріп, бірқатар сын-ескертпелерін жеткізді. Серік Нығметұлы: «Мысалы, тариф мәселесін алып қарайық. Көмір мен бидай секілді немесе халық шаруашылығы заттарын тасуда темір жол қызметіне қол жеткізу оңай шаруа болмай барады. Сол сияқты, жолаушылардың да жолсеріктер қызметі мен вагондарда көрсетілетін сервистерге көңілдері марқайып, алғыс айтып хат жазып жатқандары некен-саяқ. Қайта керісінше, менің блогыма келетін хаттар легі толастар емес. Осы мәселені ескеріп, жедел шешімін табуға тиіссіздер. Тіпті, қажет болса, жауапты мамандарыңыз қарапайым халық көп жүретін купе, плацкарт немесе жалпы санаттағы вагондармен сапарласын. Кабинетте отырып, қағаз арқылы хабардар болған бір басқа да, аралай жүріп көзбен көрген мүлдем басқа», – дейді.
Үкімет басшысының сыны орынды. Теміржолда жүретін жолаушылар үшін басты қиындық – пойыздарға билет табу болса, екінші жағынан, жолсеріктер мен пойыздардағы қызмет көрсету мәселесі жанды ауыртады. Студенттердің қысқы демалысында билет таба алмай сарсаңға түсетіні тағы бар. Жолаушының мұңын жолаушы ғана түсінеді. Сол себепті де, теміржол басшылығында отырған жауапты мамандардың қарапайым халықпен бірге жолаушылар тасымалдайтын пойыздарды қадағалауға алғаны жөн. Жолаушылар пойызының қызметін жақсарту да басты назарда тұрса дейміз.
Гүлзина БЕКТАС