Талғат Мұсабаев:«БІЗ РЕСЕЙДІҢ БАЙҚОҢЫРДА МӘҢГІЛІК ҚАЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ»

Талғат Мұсабаев:«БІЗ РЕСЕЙДІҢ БАЙҚОҢЫРДА МӘҢГІЛІК ҚАЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ»

Талғат Мұсабаев:«БІЗ РЕСЕЙДІҢ  БАЙҚОҢЫРДА МӘҢГІЛІК ҚАЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ»
ашық дереккөзі
208

Осы аптаның басында, дүйсенбі күні «Антигептил» қозғалысының мүшесі Мақсат Ілиясұлы «ҚазҒарыш» агенттігінің алдында наразылық акциясын ұйымдастырды. Оның мұндай қадамға баруына түрткі болған себеп – «ҚазҒарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың ресейлік басылым «Известияға» берген сұхбаты. 

2012 жылдың соңында Ресейге жалын күжірейткен «ҚазҒарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев енді Ресейге жалынып-жалпайып, «Байқоңырдан кетпеңіз, сізсіз күніміз жоқ» деп отыр. Мәселенің аяқасты неге бұлай сипат алғанын түсіну қиын. Десе де, Талғат Мұсабаевтың сұхбатын сөзбе-сөз беруді жөн көріп отырмыз: «Наша страна планирует стать космической державой. Сейчас мы будем запускать ракеты совместно с Россией. И хотели бы делать это вместе и впредь. Ни я и ни один здравомыслящий человек в Казахстане не хочет, чтобы Россия уходила с Байконура, мы бы хотели, чтобы Россия оставалась на Байконуре навсегда» делінген онда. Яғни, Талғат Мұсабаев Ресейдің Байқоңырда мәңгілік қалғанын қалайды. Талғат Мұсабаев Қазақстанның болашақта ғарыштық держава болуын қалайтындығын айта отырып, егер Ресей күндердің күнінде кетуге ниет білдіретін болса, Қазақстан ғарыштық бағдарламасын өз бетінше жүзеге асыруды қолға алады дейді. Былтыр жыл бойғы келіссөздердің негізінде екі жақ Байқоңыр қаласы мен ғарыштық кешенін ортақ пайдалану және онда Қазақстан мен Ресей заңдарының бірдей жүру мүмкіндігіне қол жеткізді. «ҚазҒарыш» агенттігінің төрағасы өз сұхбатында Байқоңыр қаласы мен «Байқоңыр» ғарыш кешенін пайдаланудың «жол картасы» жайында егжей-тегжейлі баяндаған. Бұл құжатқа 2013 жылдың соңында Ресей және Қазақстан өкілдері қол қойған болатын. «Бұл өзгерістер «Зенит» зымыран тасығышы кешенін бастау мен Байқоңыр қаласына қатысты. Біз қаланы және «Зенит» зымыран тасығышы кешенін бірге пайдалану мен қызмет көрсетуге келістік. Келістік және құжат арқылы бекіттік. «Бәйтерек» зымыран – ғарыштық кешенін тұрғызу жобасы «Зенит» зымыран-тасығышын пайдаланумен жүзеге асырыла бастайды», – деді ол. 

Әңгіме ауанынан түйгеніміз, бұ­дан былай Байқоңырда Қазақстан Республикасының билік тармақтары көбірек пайда болмақ. Бұл билік тармақтары Қазақстан заңнамалары бойынша халыққа қызмет көрсетпек. «Біз Байқоңырдағы Қазақстан азаматтары үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік заңнамасының қолданылуы қажеттігі жайында принципиалды түрде келістік», – дейді ол. Байқоңырдағы ең толғақты мәселелердің бірі – қазақ мектептеріндегі оқу стандарттарын Қазақстан үлгісімен жасақтау және қала инфрақұрылымдарын дамытуға Қазақстан тарапы да қатысатын болады. Сондай-ақ, балабақша секілді әлеуметтік обьектілердің де құрылысын салу ісін Қазақстан өзі қолға алмақ. Демек, бұған дейін Байқоңырда заңдық құқы жоқ болып келген Қазақстан қаланы көркейтуді және ондағы Қазақстан азаматтарын қорғауды өз қолына алғалы отыр. Бұл да бұған дейін көп талқыланған, алайда шешімін таппаған түйінді мәселелердің бірі болатын. Алайда көпшіліктің көңілін күпті еткен улы гептилдерді ұшыру мәселесі. «Роскосмос» «Байқоңырдан» ғарыштық жаңа маусымын ашқалы отыр. 2014 жылы ресейліктер ғарышқа 20-дан астам зымыран-тасығыштарын ұшыруды көздейді. Олардың 16-сы қазақ даласы мен халқын улап жатқан атышулы «Протондар». «Протондарды» ұшыру үшін улы гептил мен амил пайдаланылады. Бұлар улылығы жағынан бірінші орынды алатын химиялық элементтер. Алайда, гептилге қарсы наразылық акциясын өткізбек болған «Антигептил» қоғамдық ұйымының мүшесі Мақсат Ілиясұлы бір тәулікке қамалып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Қазір қоғамда Байқоңыр даласынан улы гептилі бар «Протондарды» ұшыруға деген наразылық күшейіп тұр. «Антигептил» қоғамдық қозғалысы жұмыс істегелі біраз уақыт. Былтыр жыл соңында противогаз киген бір топ қоғам белсендісі Парламент депутаттарына «Протон» зымыран тасығыштарын ұшыруға қарсы хаттарын тапсырмақ ниетпен Парламент үйіне барып, істері нәтижесіз аяқталған болатын. Өйткені рұқсат етілмеген наразылық шараларын өткізгендері үшін олар да әкімшілік жазаға тартылды. Бірақ, соған қарамастан гептилге қарсылықты тоқтатпаймыз дейді белсенділер. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары