ИГНАТИЙ ЛИ

ИГНАТИЙ ЛИ

ИГНАТИЙ ЛИ
ашық дереккөзі
329

Игнатий Ли 1923 жылдың 10 тамызында Приморье өлкесінің Хасан ауданына қарасты Кедровая Падь ауылында дүниеге келген. 1937 жылдың күзінде небары 14 жасар өрен тағдырдың тауқыметімен ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылып, Талдықорған облысының Үштөбе ауылына қоныс тепті. 1942 жылы орта мектепті үздік тәмамдаған Игнатий Ли Қазақ политехникалық институтының гидромелиоративтік факультетіне еш қиындықсыз қабылданады. Бұдан кейін оның өмірінің студенттік кезеңі сұрапыл соғыс жылдарына тап келген болатын. 

Игнатий Ли еңбек жолын Қарсақпай мыс комбинатының техникалық бөлімі инженері қызметінен бастап, кейін тәжірибелік гидрометаллургиялық зауытқа ауысады. Әуелгіде өндірістік-техникалық бөлім бастығы болған білікті маман 1951 жылы зауыт директоры болып тағайындалады. 

1958 жылы Игнатий Ли Жаз­қаз­ған тау-кен металлургиялық ком­би­натының өндірістік-техникалық бөліміне жетекшілік етті. Ол он жылдай сол өңірдегі ең ауқымды жобаның құрылысына дайындық жұмыстарымен айналысты. 

1966 жылдың наурыз айында Жезқазғанда әлемдегі ең ірі мыс қорыту зауыттарының бірінің құрылысы басталды. Ал 1968 жылдың 1 қаңтарында ол салынып жатқан жаңа зауыттың директоры болып тағайындалды. 

1971 жылдың 23 ақпанында зауыт­та алғашқы катодты мыс алынған болатын. Ал Жазқазған мыс зауыты кешенінің құрылысы 1979 жылы толықтай аяқталды. Сол кезеңде Жезқазған мыс қорыту зауыты техникалық-экономикалық көрсеткіші жағынан, механикаландыру және автоматтандыру жағынан Кеңес Одағында алдыңғы қатарда болды. Игнатий Ли бастаған мамандар тобы зауытқа үлкен экономикалық пайдасы бар жүзге жуық жаңа элемент енгізді. 

Жиырма жыл бойы еліміздің түрлі-түсті металлургия саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ЖМЗ-ның алғашқы директоры бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталды: екі мәрте Еңбек Қызыл ту орденін, оған қоса «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін және ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алған. Екі дүркін ССР Министерлер Кеңесінің Сыйлығының лауреаты және ҚазССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты болып, Қазақстанның Еңбек сіңірген металлургі атанды. 

Жезқазған мыс зауытының іргетасын қалауға атсалысып, елімізде түрлі-түсті металлургияның дамуына елеулі үлес қосып, теңдессіз еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Құрметті металлургі Игнатий Евгеньевич Лидің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. 

Қазақмыс Тобының басшылығы мен еңбек ұжымы марқұмның отбасы мен туыс-туғандарына қайғырып көңіл айтады. 

“Түркістан ақпарат”

Серіктес жаңалықтары