ОБЫР АРАНЫН АША ТҮСУДЕ

ОБЫР АРАНЫН АША ТҮСУДЕ

ОБЫР АРАНЫН АША ТҮСУДЕ
ашық дереккөзі
227

Әлемде жыл сайын он миллионға жуық адам онкологиялық ауруға ұшырап, сегіз миллионға таяу адам қайтыс болады екен. Бұл – статистиканың мәліметі. Қатерлі ісікті дер кезінде анықтап, науқас адамды емдеу шараларын ерте бастан жүргізбесе, асқынған кесел салдарынан мезгілсіз көз жұматындар саны 2020 жылға қарай бір жарым-екі есеге дейін артады деп болжам жасайды ғалымдар.

Қатерлі ісік өркениеттің шамадан тыс өрістеуіне қарсылық ретінде табиғаттың қайтарымы деген пікір қалыптасқан көпшілік арасында. Яғни, қалалар ұлғайып, зауыт-фабрикалар өскен сайын экологиялық жағдай нашарлап, онкологиялық аурулардың түрлері де, оған ұшыраған адамдардың қатары да көбейе түседі-міс. Бұл пікірде ақиқаттың дәні бар екені даусыз. Дегенмен, бұл дерт адамзатпен бірге жасап келе жатқаны тағы да шындық. Айталық, 1932 жылы антрополог Луис Лики Кениядан қазіргі адамның арғы атасының қаңқасын тауып, зерттегенде, оның жақ сүйегінде қатерлі ісік ауруының белгілері болған. Сондай-ақ, көне Мысыр папирустарында біздің заманымызға дейінгі 1600 жылдары сүт безі қатерлі ісігінің бірнеше түрі сипатталып, оны күйдіру арқылы емдеу қажеттігі айтылған. Осы науқасқа қатысты «рак» атауын тұңғыш қолданған Гиппократ. Ол кеселдің сыртқы түрін шаянның тармақтанған аяқтарына ұқсатып, солай атаса керек. Медицина атасы сүт безі, асқазан, жатыр мойны, тік ішек, мұрын, тамақ қатерлі ісігі жайлы баяндай келіп, мүмкін болған жағдайда ота жасауды ұсынған. Ішкі ағзадағы кеселге мүлде қол тигізбеу керек деген-дүр. Римдік дәрігер Гален қатерлі ісік ауруының атауына «oncos» сөзін пайдаланып, қазіргі онкология термині содан қалыптасқан екен.

Кеселдің тарихы осыншама көне болғанына қарамастан, жаңа заманға дейін оның пайда болуы мен таралу жолдарына қатысты ешбір мағлұмат жоқ еді. Мұны неміс дәрігері Рудольф Вирхов зерттеп, қатерлі ісік жасушалардан тұратынын, олар бөліну бойынша дамып, жасушалардың көшуі арқылы денеге жайылатынын анықтады. Қалыпты жасушалардың қатерлі трансформациясы салдарынан пайда болған кеселді ағзаның имундық жүйесі дер шағында сезілмесе, ісік ұлғайып, метазтазаға ұласады.

Қатерлі ісікті гистологиялық зерттеу барысында нақты анықтайды. Науқас ота жасау, сәуле немесе химиялық терапия арқылы емделеді. Кеселдің бастапқы кезеңінде ем жасалса, көпшілік науқас жазылып кетеді екен. Дегенмен, нәтиже қатерлі ісіктің түріне, орналасқан жеріне және даму деңгейіне байланысты дейді мамандар.

Қатерлі ісік кез келген адамда кездесе беретін көрінеді. Сөйтсе де, оған егделер жиі шалдығады. Балалардың арасында, әсіресе, бес жасқа дейінгі балдырғандарда лейкоз /қанның қызыл түйіршіктерінің тапшылығы/ бен орталық жүйке жүйесінің қатерлі ісігі көп кездеседі. Обыр дамыған елдердің көбінде өлімге апаратын негізгі себептердің бірі. Бәрінен қауіптісі, жоғарыда айтқанымыздай, кеселдің құрбандығы жыл өткен сайын өсе түсуде. Оған адамдардың өмір сүру салтындағы түбегейлі өзгерістер, шылым шегу, алкогольді ішімдікті шамадан тыс пайдалану, дене қимыл-қозғалысының аздығы, экологиялық зардаптар әсер ететінін алдыға тартады ғалымдар.

Онкологиялық аурулардың алдын алу және қатерлі кеселді жою ісіне елімізде ерекше маңыз беріліп, бұл мақсатқа бөлінетін қаржы жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Соның ішінде, денсаулық сақтауды дамытудың 2011 – 2015 жылдарды қамтыған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мәні үлкен. Мұнда қатерлі ісікпен күрестің екі кезеңі жақсы қамтылған: ерте диагностика және саламатты өмір салтын республика тұрғындары арасында кеңінен насихаттау арқылы қауіпті дерттің алдын алу.

Әңгіме болып отырған осы кеселмен күресу ісі аймағымызда қандай деңгейде деген сауалға жауап іздеп Қарағанды облысы онкологиялық диспансерінің басшылығына хабарласқан едік.

–Жыл сайын облыста қатерлі ісік белгісі пайда болған 3000 – 3500 адам анықталып, 1800 – 2000 кісі осы дерт салдарынан көз жұмады. Кесел кез-келген жастағы, әр алуан кәсіппен айналысатын адамдарда кездесе береді. Ол жас та, әлеуметтік жағдай да таңдамайды. Дегенмен, 40-45-тен 80 жасқа дейінгі жандар көбірек ауырады. Географиялық тұрғыдан алғанда ауыл адамдарында асқазан, өңеш, ішек қатерлі ісігі, қала тұрғындарында өкпе, тері кеселі басымдау ұшырасады. Бұл дерттің түрі де, пайда болу жолы да көп. Соның ішінде сүт безі /13,3%/, өкпе /11,7%/, тері /11,2%/, ішек /9,9%/, асқазан /8,2%/ кеселі жиі анықталады.

Атап өтетін жағдай, алдын алу шараларының арқасында қатерлі ісікті жаңа пайда болған кезінде анықтау көрсеткіші облыста арта түсті. Бұл науқасқа дер шағында ем жасауға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде, қауіпті кесел салдарынан қайтыс болатындар қатары кемиді. Мысалы, 2011 жылы облыстың әрбір 100 мың тұрғынының 124-і қатерлі ісік салдарынан көз жұмса, былтыр осы кесел салдарынан қайтыс болғандар 118,3 адамға дейін азайды, – дейді облыстық онкологиялық диспансер басшысының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Ботагөз Шорағаева.

Қатерлі ісікпен ауырған адамдар арасында құлан таза жазылып кеткендер бар ма деген сауал мазалаған-ды.

– Бар, – дейді әңгімеге араласқан диспансер бас дәрігері Мұратбек Жұмақаев. – Тек, уақытты өткізіп алмай, кесел анықталған бетте науқас ауруханаға келуі керек. Осы шартты орындап, емделгеннен кейін бес жылдан артық өмір сүріп жүрген адамдар саны соңғы жылдары ғана 10 мыңнан асты. Өкінішке қарай, науқастардың көбі халық емшілеріне көрініп, таныстарының кеңесімен Қытайға барып, өзіне эксперимент жасап, уақытын өткізіп алады. Тіпті, қазір медициналық туризм деген пайда болыпты. Бұл – ақша табудың төте жолы. Дамыған елдерде маймылға эксперимент жүргізу үшін бірнеше ғылыми-зерттеу мекемесі бірігіп, қоғамдық ұйымдардың келісімін алып, жыл бойы кеңес өткізеді. Бізде адам тағдыры оп-оңай шешіледі. Отандастарымыз өз өмірін қадірлей білмейді. Әйтпесе, бізде еуростандарт талабына сәйкес мамандар да, құрал-жабдықтар да, дәрі-дәрмек те жеткілікті. Қатерлі ісікті анықтау мен емдеу шарасын түп-түгел мемлекет қаржыландырады. Басқа елдің бір де бірінде мұндай жағдай жоқ. Оларда ауырған адам тек өз қаржысына емделеді. Мәселен, біздің онкологиялық диспансерге жылына 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Мекемеде 500 маман, оның ішінде 82 дәрігер қызмет атқарады. Бәрінің де кәсіби біліктілігі жоғары деңгейде. Отаны да, сәуле және химия терапиясын да нәтижелі жүргіземіз.Тағы бір мақтанатын жағымыз – республикадағы ең үлкен де үлгілі онкологиялық диспансердің бірі біздің облыста. Қарағандыда 290, Жезқазғанда 50 төсектік аурухана бар. Облыс адамдарын ғана емес, басқа аймақтардың тұрғындарына да ем жасаймыз. Әрине, жолдамамен келсе. Біздегі жағдай, тіпті, қатерлі ісік ең көп кездесетін Шығыс Қазақстан облысында да жоқ. Оларда аталған кесел әр жүз мың адамға шаққанда үш жүздің үстінде кездессе, бізде 222. Статистика үшін айтайын, Еуропада әр 100 мың адамның 700 – 800-і қатерлі ісікке ұшырайды. Соның салдарынан көз жұматындар саны да көп. Сондықтан, шет елдерде бұндай сырқат аз көрінеді, олар ең үздік тәсілмен емделеді екен дегеннің бәрі – миф, негізі жоқ әңгіме.

– Мұратбек Дәулетханұлы, қатерлі ісіктің қақпаны уақыт өткен сайын аранын аша түсуде деп қазір әлем жұртшылығы дабыл қағуда. Онымен күрес елімізде, оның ішінде Қарағанды облысында жақсы жолға қойылғанын айтып, көңілімізді бір демдеп тастадыңыз. Дегенмен, осынау кеселді түбегейлі жоя алмасақ та, барынша азайту, құрбандығы да төмен болуы үшін не істеуіміз керек? – деген сауалды көлденең тарттық.

– Халық пен медицина қызметкерлері ынтымақтаса жұмыс істеуі керек. Адам бар жерде ауру бар. Сырқаттың белгісі анықталған кісі бірден ауруханаға келгені жөн. Өзін сыйлаған адам денсаулығына көңіл бөлгені ләзім. Уақытында емделгендердің 80 пайызы өмірін ұзартуға мүмкіндік алады. Әйткенмен, науқастардың үштен бірі қатерлі ісіктің тек төртінші сатысында ғана кәсіби медицинаға жүгінеді. Бұндай кешігу адамның өзіне де, туыстарына да, дәрігерге де орны толмас өкініш әкеледі. Өкінбеудің қамын жасайық, ағайын!

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары