НЕМІСТЕР ВАШИНГТОНҒА АШУЛЫ

НЕМІСТЕР ВАШИНГТОНҒА АШУЛЫ

НЕМІСТЕР ВАШИНГТОНҒА АШУЛЫ
ашық дереккөзі
250

Германияның жоғары шенді қызметкерлерін аңдып, олардың телефон арқылы сөйлескен әңгімелерін рұхсатсыз тыңдаған америкалық арнайы қызмет өкілдері екі ел арасындағы дипломатиялық дауға себеп болды. Айыбын жуып-шаймақ ниеттегі Ақ Үй Германия би­лігіне барлау қызметінде ынты­мақ­тастық орнатуға ұсыныс жасапты. Алғ­ашқыда ашуға мінген немістер бұл бастаманы қуана қабыл алған екен. Алайда, арада екі айға жуық уа­қыт өтсе де АҚШ жағы тек сөз­ден арыға бармай отыр. Бұл неміс шенеу­нігінің қытығына тиді. Осы­ аптада бірқатар германиялық басылым «америкалықтар бізді алдап кетті», – деп мәлімдеген бір шенеуніктің (аты-жөнін айтудан бас тартқан) сөзін жарыса жариялады. Анығы, немістер екі ай бойы АҚШ-тың арнайы қызмет өкілдерінің тың­шы­лықпен айналысуына тыйым салатын құжатты қабылдай алмай отыр. Оған себеп, Вашингтон түрлі сылтаулармен уақытты әдейі созып отырған көрінеді.

Даудың басы америкалық азамат Эдуард Сноуденнің «АҚШ-тың арнайы қызметі Германия канцлері Ангела Меркельдің телефон арқылы сөйлескен әр сөзін тыңдауы мүмкін» деген ақпаратынан басталған. Сноуденнің сөзіне шамданған Меркель: «Достар бірін-бірі аңдымауы керек. Енді сызат түскен сол сенімді қайта қалпына келтіру үшін кепілдік беретін келісім қабылдау қажет», – деді. Бір кездері америкалық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген Сноуден қызметтен кетерде АҚШ-тың әуе күштері, әскери теңіз күштері т.б. қорғаныс салаларының операцияларына қатысты 1,7 миллион құпия мәліметтің көшірмесін өзімен бірге ала кетіпті. Сол құпия құжаттарды шетінен тарқатқан ол соңғы 1-2 жылдың өзінде әлемді дүр сілкіндірген бірнеше оқиғаға себеп болды. Бүгінде АҚШ-тан қашып кеткен Сонуденнің соңына шам алып түскендер қатарында америкалық әскери күштер де бар. Өйткені Сноуденнің кесірінен Американың әлем алдындағы беделіне нұқсан келіп, әскери шараларын жүргізуге кедергі көбейді. Сондықтан Сноуденнің үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалмақ. Егер қылмысы дәлелденсе, кем дегенде 10 жылға бас бостандығынан айрылады. Алайда, оған бас қатырған Сноуден жоқ. Ағылшындардың бір басылымына берген сұхбатында өзінің бүкіл әлемді өзгерткісі келгенін, америкалық қоғамды дүр сілкіндіргісі келгенін, ол ойы толық іске асқанын айтыпты.

Әлемдік саясатта тыңшылық дауы осылайша белең алған тұста кейбір халықаралық БАҚ тағы бір «қызықтың» шетін шығарды. Олардың айтуынша, қолдарында Apple iPhone өнімі бар кез келген азаматты америкалық арнайы қызмет өкілдері қадағалап отыруы мүмкін. АҚШ-та тұратын құқық қорғаушы Джейкоб Эпплбаум әртүрлі мемлекеттердің құпия мәліметтерін жинай жүріп, осындай қорытындыға келіпті. Негізі ол Сноуденнің қолындағы құпия құжаттарға ең алғаш болып қол жеткізгендердің қатарынан. «Мобильді құрылғы арқылы Интернетке кірмесеңіз де сізді бақылауы мүмкін. Арнайы қызмет өкілдерінде iPhone смартфонына қондырылатын бағдарлама арқылы қадағалауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама бар», – дейді.

Оның айтуынша, «DRO­POU­T­JEEP» деген аты бар осы бағдарлама арқылы микрофон, фото немесе бейнекамера орнатуға, жазылған хаттарды рұхсатсыз оқуға болады. Әлбетте, өзін аңдып жүргендігінен ешкімнің хабары болмайды. Джейкоб егер Apple компаниясының смартфонындағы операциялық жүйеге жеке тұлғалардың кіруіне рұхсат етілсе, кез келген бақылау жасай алады. 

Нұрахмет ҚУАТ

Серіктес жаңалықтары