АРБУЗОВҚА ТАПСЫРЫЛҒАН ЭКСКАВАТОР

АРБУЗОВҚА ТАПСЫРЫЛҒАН ЭКСКАВАТОР

АРБУЗОВҚА ТАПСЫРЫЛҒАН  ЭКСКАВАТОР
ашық дереккөзі
194

…Сонау 1972 жылдың көктемінде Кентау қаласындағы №2 мектеп -интернатта КСРО-ның екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов пен жазушы Жекен Жұмаханов оқушылармен кездесу өткізді. Ж.Жұмаханов майданда Әлия Молдағұловамен жүздесіп, әңгімелескен қаламгер. Әсерлі кездесудің соңында тәрбиеші Әбден Тұржанов жетекшілік ететін 3“а” класының отрядына Ә.Молдағұлованың есімі берілді.

Сол сәттен бастап кеуделерінде намыс пен ел қорғаған батырлар алдындағы аманат іске адалдық сезімдері оянған өрендер батыр қыз жайлы деректер жинай бастайды. Әлияның өмір жолдарын айғақтайтын жәдігерлер тауып, мектепте мұражай ашады. Отряд мүшелері әр бас қосуда өз ойларын ортаға салып, қос батыр жерленген жердегі ресейлік балалармен достасуды қызу талқылайды. Ақыры ізденімпаз пионерлердің тың идеялары бір түйінге тоқталып, алыс Ресейдегі Әлия мен Мәншүктің бейітіне барып, рухына тағзым етіп қайтуға ұйғарады. Қазақтың батыр қызы Әлия жерленген Псков облысы, Новосокольники ауданы жұртына экскаватор сыйламақшы болады. Қысқа мерзімде балалар 20 тонна металл сынықтарын жинап, Кентаудағы экскаватор зауытына өткізеді. Зауыт басшылары балалардың бірегей ұсынысын бірден қолдап, жұмысшылар металл сынықтарын балқытып, Ә.Молдағұлованың есімі жазылған, №2639 санды жаңа, арнайы экскаватор жасап шығарады. 1973 жылдың көктемінде кентаулық пионерлер Әбден ағайларымен бірге Кентау – Москва –Новосокольники – Ленинград бағытымен барып, Новосокольники ауданы, Монаково селосындағы бауырластар зиратындағы батыр қыздың қабіріне гүл шоқтарын қойып, ерлігіне бас иеді. Сол сапарда Невель қаласына да барып, орталық саябақта жерленген Мәншүктің бейітіне де гүл шоқтарын қойып, әруағына тағзым етеді.

Жергілікті басшылар ұйымдастырған салтанатты жиында, қазақстандық қос батыр қыздың есімін аялап отырған орыс достарына өз мектептері жайлы фотоальбомдар мен қазақтың ұлттық бұйымдарын сыйға тартады. Арнайы сыйлық–экскаваторды жергілікті тұрғын, машинист Александр Арбузовқа табыстайды. Новосокольникиліктер қандас батырларының есімін ардақтап, алыс қазақ елінен келген пионерлерге өте риза болып, ескерткіш сыйлықтар ұсынып, қимастықпен шығарып салады. Отряд мүшелері қайтар жолда Ленинград қаласындағы Әлия оқыған №140 мектепке соғып, батыр қыздың өмірі жайлы материалдармен танысады. Әлияның партасына отырады. Ленинградтық оқушылармен достасады. Қызықты саяхат жас ұландардың естерінде мәңгі қалады. 

Содан кейін Новосокольникидегі, Ленинградтағы достармен хат алысып, жиі байланысып тұрады. Өмір-өзен бір орнында тұрған ба? Отряд мүшелері бүгінде өмірден өз орындарын тауып, бірі ғалым болса, бірі кәсіпкер атанып, еліміздің әр түкпірінде, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Дәстүрге, аманатқа адал болуды үйреткен аяулы ұстаздары Әбден ағай өмірден өткен. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” дегендей, алыс елдегі зираттарда тас мүсін боп тұрған қос батырдың бейіттері қандастарын күтетіндей… Елге өшпес ерліктің символындай болып оралған қайсар рухтары мұсылмандардан дұға тілейтіндей… 

Сол отрядтың жетекшісі болған, қазір техника ғылымдарының кандидаты, М.Тынышбаев атындағы Қазақ транспорт және коммуникация академиясының доценті Кеңес Жүсіпов Алматы қаласында тұрады. Ұстазының өрелі тәрбиесімен өмір жолын сабақтастыра білген азамат студент жастармен бірге өткен жылдың қаңтарының соңында қос батырдың басына барып, тағзым етіп, рухтарына құран бағыштап қайтты. 

Батыр апаларымызды еске алу үшін арнайы барған қазақ елінің делегация мүшелері саяхат-сапарға, ұлтымызды өзге елде ұятқа қалдырмайтындай етіп дайындалды. Өзі қызмет істейтін аталмыш оқу орнының басшысы Кеңес Жүсіповтің қасына озат, өнерлі үш студент – Дәуіржан Бақытбекұлын, Аслан Сандыбаевты және Асхат Саликовты қосты. Сапар бағыты Алматы – Ақтөбе – Новосокольники – Невель – Мәскеуге жалғасты. Қақаған қыстың аязында еске алу сапарының алғашқы аялдамасы Ақтөбе қаласында болып, Әлия апамыздың ескерткішіне гүл қойып, құран бағыштады. Кешкілік Ақтөбе – Мәскеу пойызына отырып, үш күннен соң Новосокольникиге табан тіреді. Онда делегацияны аудандық газеттің бас редакторы А.И. Свердлова, аудандық жастар ісі және спорт бөлімінің басқарушысы К.Лесиков құшақ жая қарсы алды. Аудан басшысы В.И. Соловьевтің қабылдауында болды. Сапарда алматылықтармен ҚР-ның Санкт-Петербургтегі бас консульдығының консулы Ғабиден Темірбеков пен Мәскеудегі аймақтық қазақ мәдени автономиясының төрағасы Асылбек Төлешов бірге жүрді. 37 жылдан бері көрмеген қазақстандық достардың игі істеріне тәнті болған орыс жұрты арнайы ұйымдастырылған бағдарлама бойынша қызмет көрсетті. 

Жерлестеріміз 28 қаңтар күні аудан орталығынан 30 шақырым жердегі Насва селосына сапар шегіп, ондағы Әлияның мұражайымен танысады. Одан соң Насвадан 7 шақырым жердегі Монаково селосындағы бауырластар зиратындағы Әлияның бейітіне жергілікті оқушылармен бірге гүл қойып, мәңгі ерліктің өшпес рухына тағы да бас иеді. Сол жерде Насва селосының басшысы Н.Н.Моисеев алматылық қонақтарға 19-шы гвардия полкінің соғыста із-түссіз жоғалып кеткен сержанттары мен қатардағы жауынгерлерінің жақында табылған тізімін көрсетеді. Белгісіз жауынгерлер туралы тың деректерді жергілікті “Поиск”отрядының мүшелері 2009 жылы мамыр айында тауыпты. Тізімде тағдырлары туыстарына әлі күнге дейін белгісіз болып келген қазақстандық жауынгерлердің де аты-жөндері бар екен. Құнды құжаттардың деректерін алматылықтар сол мезетте электронды таспаға көшіріп, қағаз бетіне жазып алады. 29 қаңтар күні Псков ауданы тұрғындары қатысқан салтанатты митингіге қатысып, қала орталығындағы Әлияның ескерткішіне тағзым етеді. Жерлестеріміз сол күні түстен кейін аудандық балалар үйіне барып, қайырымдылық іс жасайды. Кентаудың түлегі, бүгінде қазақстанға танымал «Абди» кеңсе тауарлары фирмасының президенті Әбдібек Бимендиев берген 10000 рубльді балалар үйінің директоры Е.Н. Шнюкат ханымға тапсырады.

Бауырлас орыс жеріндегі естен кетпес, жүрекжарды кездесулерде өнерлі студенттеріміз «Катюша», «Смуглянка» сияқты әскери әндерді төгілте шырқап, қазақтың қоңыр домбырасымен «Балбыра-уын», «Сарыарқа» сынды күйлерді күмбірлете тартқанда орыс достары тамсана қол соғады. Салтанатты кездесуде К.Әмірліұлы баяғы өздері тарту еткен экскаватордың машинисі А.Арбузовпен құшақтасып көріседі. Жерлестеріміз барлық кездесулерде батыр апаларымыздың есімін ардақтап, ескерткіш, мұражайларын сақтап отырған бауырластарға ұлттық нақыштарымызды дәріптейтін жәдігер бұйымдарды тарту етіп отырады.. Ал 30 қаңтарда белорус шекарасына қарай Новосокольникиден 80 шақырым жердегі Мәншүк апамыздың жатқан жері – Невель қаласына сапарлайды. Күн сенбі болса да, аудан басшысының орынбасары О.Е. Майоров пен аудандық «Невельский вестник» газетінің редакторы О.Герасимова қуана қарсы алады. Сол кісілермен бірге қалалық орталық саябақта орналасқан М.Мәметованың бейітіне және батыр атындағы көше бойындағы ескерткішіне гүл қойып, рухына арнап құран оқиды. Невель аудандық өлкетану мұражайын аралап, батырдың ерлігі мен өмірінен біраз мағлұматтарға қанығады.

31 қаңтар күнгі сапар Мәскеуде жал­ға­сады. Алып Ресей астанасындағы Ә.Мол­дағұлова атындағы №891 мектепке ат басын бұрып, ерлігі ел есінде мәңгі қалған батыр қыздың рухына тағы да тағзым жасайды. Мұражайына сыйлықтарын табыстайды. Батыр апаларымыздың аруағына тағзым еткен патриоттарымыз отандастары алдында аманат-парызды орындағандарын іштей түйсініп, елге рухтанып қайтады. 

Наурыз айының 4 жұлдызында Новосокольники ауданының басшысы В.И. Соловьевтен алғыс хат келді. Хатта араға 37 жыл салып қайталанған сапардың өте сәтті, әрі мазмұнды болғанын және жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор екендігін, алдағы уақытта да достық қарым-қатынасты үзбейтіндіктерін айтып, үлкен алғыс білдіріпті. 

Екі елдің адамдарын достастырып отырған даңқты апаларымыз Әлия мен Мәншүктің тарихта алтын әріптермен жазылған өшпес ерліктері болса, дәстүрді жалғастырып отырған аманатқа адал ұрпақ. Ұлтымыздың батыр қыздарының мәңгі өшпес ерліктерін жас ұрпаққа насихаттаушылардың алдыңғы легінде бастамашылардың бірі Әбден ағай болатын. Ә.Тұржанов өзі де соғыс ардагері еді. Прибалтика майданында шайқасқан.

Бір қазақ ұлтымыздың батырларын іздеп, парызын орындап жатса да, содан ілік іздеп отыратын қыңыр мінез қызық қой. Сапарға дайындалып жүргенде Кеңес Әмірліұлына кейбір замандастары: «Әлия мен Мәншүк саған кім болады? Туысқандарың ба? Неменеге олар үшін жүгіріп жүрсің? Туыстары неге жүгірмейді?” деген сөз айтқан көрінеді. Ұлт, рух, намыс деген құндылықтардан жұрдай ондай боскеуделерге: “Әлия мен Мәншүк менің нағашыларым” деп қисық жауап беріп құтылады екен. Ал шындығында ешқандай туыстығы жоқ. 

Қан майданда жауды жайратып, отанына атылған оққа нәзік жүректерін қалқан қып тосқан батыр апаларымызға қандай құрмет көрсетілсе де, құрметті қазақтың қай азаматы жасаса да жарасады емес пе?! Соңғы он бес жылда Невельге Мәншүкті іздеп ешкімнің бармағаны жайлы сапар кезінде айтылыпты. Бұл сөз қазақ елінің атына айтылған сын емес пе? Шығыстың қос шынары атанған батыр апаларымызды қазақстандықтар жыл сайын іздеп барып тұрса, елдігіміздің, бірлігіміздің берік екендігін, тарихымызға адалдығымызды көрсетпей ме? “Әлия мен Мәншүк саған кім болады?” деп сұрақ қоюшылар өздеріне: “бізге осындай бейбіт өмір сыйлап, қыршынынан қиылып, арманда кеткен батырларға біз қандай құрмет көрсеттік?” деп сұрақ қойса, орынды болар еді.

Қазақтың қаһарман қыздары – Әлия мен Мәншүк Ресей жерінің сонау алыс түкпірінде ұлтымыздың мерейін үстем етіп, қайсар қазақтың рухы асқақ ерлігін әлемге танытып, мәңгі ұйқыда жатыр. Қаза болған боздақ батырлардың ерлігі әрқашан біздің жігерімізді қамшылайды, санамызға сәуле төгеді, қасиетті рухы алдында тіземізді бүктіреді. 

Ділдәгүл Нұрмаханбет

Шымкент

Серіктес жаңалықтары