БІЛУ – МІНДЕТ, БӨЛУ – ІНДЕТ

БІЛУ – МІНДЕТ, БӨЛУ – ІНДЕТ

БІЛУ – МІНДЕТ, БӨЛУ – ІНДЕТ
ашық дереккөзі
430

 Жарық  дүниенің дидарында  жақсылық пен жамандықтың  қабаттаса  қатар  жүретіні секілді өткен тіршіліктің қағазға түсіп хатталған шежіресі – тарихта да бұл екеуі, яғни жақсылық пен жамандық  жарыса бой көрсетіп жатады.  Сондықтан тарихты зерделегенде бұлардың біріне ерекше көңіл бөліп,  екіншісін елемей, қалыс қалдыру шындыққа жетер жол емес. Мұның екеуін де тұтас қамтып, жақсысынан тағылым алып, оны одан әрі жетілдіру; жаманынан сабақ алып, оның алда қайталануына жол бермеу – өмір талабы.  Онсыз өз заманыңа сай  ілгерілеу  қиын.

Алайда, жасыратыны жоқ, біз  көбіне тарихтың тәлім алар тағылымды жағына баса көңіл аударып, өткен өмір шындығын ұрпаққа өз болмысында толық  жеткізуге мән бермей, тек жақсылықты жалаулатуға құмармыз. Соның салдарынан көп жағдайда кезінде ата-бабаларымыз жіберген қателіктерді, кемшіліктерді  сол күйі қайталап, бейне өмірді жаңа бастап жатқандай күй кешетініміз бар. Бабалар тірлігінің болмысын жан-жақты ашып, жете танып-білмей жатып, оның кейінгі салдарын  сараптап кете береміз. Мысалы, басқа тарихи оқиғаларды былай қойып,  өткен ғасырларда өмір сүрген атақты адамдар жайында әңгімелегенде, олардың азаматтық ірілігін, елі үшін атқарған еңбегін, азаттық үшін алысқан қаһармандық күресін  мақтанышпен санамалап  айтамыз да, сонымен бірге солар  өмір сүрген ортаның өзге шындығын ескерусіз  қалдырамыз. Мұны, әсіресе, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі кездегі халықтың атақты перзенттерінің аталып өтіп жатқан  мерейтойларына қатысты жиындарда жасалынған  баяндамалардан да, сонда сөйлеген сөздерден де, сондай-ақ баспасөз  бетінде жарияланған мақалалардан да, әртүрлі зерттеу еңбектерден де анық  аңғаруға болады.  Адам болмысының күделілігі, періште еместігі ескеріле бермейді.
Тарих түгел, таным толық болу үшін, ақиқат ашылу үшін бәрі бүкпесіз айтылып, сол сөз болып отырған кезеңнің болмысы түгел танылуы керек. Сонда ғана ұрпақ өткен өмірді өзі танып, одан өзіндік ой түйеді. Бірыңғай мақтаудың болмаса бірыңғай даттаудың жақсы мен жаманды өзіңше парықтауға мүмкіндік бермей, жалаң идеологияның жетегінде кетуге мәжбүрлейтіні кешегі Кеңестік кезеңде бастан кешкен  шындық. Ақиқаттың да, адалдықтың да, әділеттіліктің де бастау жолы – салыстыра сараптаудан өріс тартпақ. Айталық, заманында халқы қадірлеген, бұл күнде есімдерін өзіміз ардақтап, мерейтойларын ел болып атап жатқан әлгі  айтулы тұл­ғаларымыздың  бәрінің  өмірлерінің соңы неліктен қасірет-қайғыға  айналған?!. Басын бәйгеге тігіп, ерлігімен де, еңбегімен де, өнерімен де  халқына  жан аямай қызмет еткен сол ардақ азаматтар  басына бұлт үйірілгенде өз халқының қолдауына, қорғауына ие бола алмай, неге жалғыз қалып,  жапа шекен?!. Істі болған қай жақсымызды  халық болып көтеріліп, түрмеден шығарып, немесе айдаудан қайтарып алдық?  Торғай екеш торғай да шырылдап балапанын қорғамаушы ма еді? Осы тәріздес бірінен бірі туындайтын көп сұрақ жаныңды мазалайды. Еріксіз ойға қалдырады. Бұған әдеттегідей бар пәлені  бодандықтан көріп, отарлаушылардың ойранына  аудара салу да  үстірттік секілді. Өйткені, біздің пайымдауымызша,  сол бодандық бұғауының  өзінің ел мойнына қалай түскенінің де  себеп-салдары осы сұрақтардың жауабында жатыр.
 Сәл ойланып көрелікші, бұл күнде  ұрпағымызға үлгі етіп жүрген өр рухтың символы Махамбеттің басын шапқан  кім? Орыс емес, өзге емес, өз қазағымыз ғой. Немесе, сал-серілердің сардары  сау  Біржанды «жынданды» деп байлауда ұстап, құсалықтан көз жұмдырған кім? Өзге емес, өз бауырларымыз емес  пе?! Болмаса кешегі қызылдар ұйымдастырған қасап қырғында саясат желінің алдына түсіп, бірін-бірі көрсетіп, қаймақтарымызды  сыпырып алып, шетінен тізіп отарлаушылардың қолына жарыса ұстап бергендердің де  өзгелер емес екенін бұл күнде архив деректері айғақтап жатқан жоқ па?! Неге бұлай?..
Бұл сұрақтарға саналы зердені қанағаттандыра алатын, себеп-салдарын жан-жақты ашып, түсіндіретін жауап қажет. Соның үшін де кім-кімнің болсын бұл орайда біраз ойланғаны, мәселенің мәніне  бойлап, зерттеп зерделегені, өткен тарихымызға шындық  көзімен  үңілгені жөн. Өйткені тарих – біздің ата-бабаларымыздың өмірбаяны, солардың кезінде  бастарынан өткерген оқиғаларының, жасаған іс-әрекеттерінің шежіресі болумен бірге, білікті ғалым  марқұм Ақселеу Сейдімбек айтқандай,  «адам санасын шыңдап, оның жан-жүрегіне  асқақ сезімдер ұялата алатын  ұлағатты ұстаз іспеттес» (Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. А. 2008. 12-б.). Сондықтан да бұл орайда қай-қайсысымыздың да өзіндік белгілі бір ой түймес бұрын, алдымен, осы Тарих-ұстазға жүгінгеніміз,  соның  үніне құлақ түргеніміз абзал болмақ.  
Біздің төрелік бере алар бай тарихымыз бар. Тек өкініштісі,  бәрі хатталып, қағазға түспеген; зерттеліп, бір жүйеге келтіріліп, бас-аяғы түгенделмеген  тарих. Дегенмен, соның белгілісінің ұзына бойына зерде көзімен үңілгеннің өзінде сан мыңжылдықтарды бастан өткерген халқымыздың бүкіл тарихының: бірігулер мен ыдыраулардан тұратынын бірден пайымдауға болады. Халқымыз біріккенде далалық ұлы империяларға қол жеткізіп, ыдырағанда жекелеген бірнеше шағын хандықтарға бөлініп кете барыпты. Сонау есте жоқ ескі заманнан бері  жартылай отырықшы, жартылай көшпелі тірлік кешкен  халқымыз осының қай-қайсысында да, яғни далалық империя құрғанда да, жеке хандыққа бөлінгенде де өзінің  мемлекеттік құрылымын  тек ру-тайпалық жүйеге негіздеп, сан мыңжылдықтар бойы ешқандай өзгеріске ұшырамай, кешегі өткен ХХ ғасырдың басына дейін жетіпті.  Басқаша айтқанда, ру-тайпалық жүйе  –  мынау кең байтақ далада ата-бабаларымызға беймарал өмір сүруді қамтамасыз еткен, тіршілік тәжірибесінде сыннан өтіп, сұрыпталып шыңдалған бірден-бір қоғамдық құрылым  болыпты. Бұл ретте ру-тайпалық жүйені отырықшы елдердің әкімшілік, аумақтық (территориялық), саяси құрылымын алмастырып тұрған ұлы жүйе деуге болады. «Ру-тайпалық жүйе  тек  генеологиялық құрылымның айғағы ғана емес, ең бастысы, көшпелі өмір салттағы  ұлттық-мемлекеттік жаралымның  әлеуметтік ахуалына, саяси-идеологиялық ұстанымына, мәдени-рухани қалпына  тұғыр  болған» (Бұл да сонда. 15-б.). Біздің бүгінгі таңда қасиет тұтып, қадірлейтін ұлттық құндылықтарымыздың барлығын дерлік осы ру-тайпалық жүйе қалыптастырған. Жоғарыда айтылғандай, сонау  антикалық заманнан кешегі ХХ ғасырдың басына дейін көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыздың адам баласын жатсынбауы,  жесірін жылатпауы, жетімді қаңғыртпауы, елінде түрменің болмауы  тәріздес ізгілікті тірліктерінің бәрі осы ру-тайпалық  жүйенің арқасында жүзеге асқан. Өйткені көшкінші халықтар да өзгелер сияқты мемлекет құрып, бір орталыққа бағынғанымен,  қай заманда да әр рудың, әр тайпаның тек өздеріне тән, меншікті жері: жазғы жайлауы, қысқы қыстауы, күзгі күзеуі, көктемгі көктеуі болған. Олар сол өз иеліктерінде  өзінше тірлік етіп, өз тағдырларына өздері иелік жасаған. Мұның ерте заманнан солай екеніне  христиан эрасына дейінгі ІІ ғасырда өмір сүрген қытай тарихшысы Бан Гудың: «Олар (ғұндар) үнемі судың тұнығына, жердің сонысына қарай бір жерден екінші жерге қоныс аударып отырды. Әркімнің өзіне тән өрістік жері бар» (Бан Гу. Хән кітабы. Сиуңну баяны. А. 1998. 24-б.) деген дерек беруі де  айғақ. Сондай-ақ  әр рудың, әр тайпаның өзінің тұрақты мекені болғанын VI ғасырдағы түріктер жайында  бай мәлімет беретін  қытайдың «Сүй кітабы» мен «Жыу кітабының» деректері де ашып көрсетеді.  Расында да, ол замандарда мынау байтақ далада ел қорғау секілді  жалпы мемлекетке ортақ күрделі ірі мәселелер болмаса,  басқаның бәрін әр ру, әр тайпа өздері шешпесе, басқа мүмкіндік те жоқ еді. Бәрі бірін-бірі білетін, біріне-бірі туысқан болып келетін ортада  жабық-жасырын ештеме болмайтындықтан, мұнда әділетсіздіктің қандай түріне де жол берілмеген. Шын мәнінде бәрі бірі  үшін, бірі бәрі үшін  ортақтаса өмір сүрген. Қайғысы да, қуанышы да ортақ, бөліп-жарарлары болмаған, тіпті «У ішсең де руыңмен ішуді» міндеттеген. Осылайша қай кезде де, қандай жағдайда да тек өз руының, өз  тайпасының  мүддесін көздеп, соның ғана қамын ойлау, соны өмірлік мұратына айналдыру  – ру мен тайпа мүшелерінің әр қайсысының  өмір сүру қарым-қабылетін, ой-санасын соған бейімдеп, өзіндік құбылыс ретінде қалыптастырған. Әр мүшесі үшін ру деген оның өзі. Жетістік-кемшілігі де, атақ-абыройы да ортақ. Сондықтан да олар ата аты аталып, ұран тасталса, бәрі бір кісідей бір тудың астынан табылған. Ру намысын қорғап, жан берген. Бұл күнде тарихи терминге айналдырып «рулық сана», «тайпалық  сана» деп жүргеніміз де, міне, осылай қалыптасқан сана. Біздің «руды білу – міндет» деуіміздің де мәні осында. Өйткені, ру –  ру-тайпалық жүйеде өмір сүрген көшкінші халықтардың  бар болмысы, бүкіл тарихы, сан мыңжылдықтарды қамтыған  ғұмырнамасы. Мұны білмеу тексіздікке ұрындырады; бүгінгіңді таразылау, ертеңгіңді бағдарлау мүмкіндігінен айырады;  ілгерілеудің жолы кесіледі. Алайда, солай дей тұрғанмен,  қарт тарих осынау алып далада көшпелі өмір салтының ғұмырын сан мыңжылдықтарға ұзартқан; көшкінші халықтар құрған сан алуан  мемлекеттік жаралымның арқауы болып келген осы рулық,  тайпалық жүйенің кейін өзінің ежелгі мән-мазмұнының сапасын сұйылтып, бұрынғы біріктірушілік қуатынан айырылып, бірте-бірте бөлшектенуге, ыдырауға себепкер «құралға» айналғанын да алға тартады. Біздің сөз басында тарихта қабаттаса қатар кездесетін өткеннің жақсылығы мен жамандығын  зерде сүзгісінен бірдей өткізіп, танымның таразы басын тең ұстау қажеттігіне  оқырман назарын аударуымыздың да бір себебі осында.
Көшкінші Халықтарға сан мың­жылдықтар бойы қалтқысыз қызмет етіп келген ру-тайпалық жүйенің  мұндай өзгеріске түсуінің басты құныкері – өзгелерден бұрын өркениетке қол жеткізіп, іргелі мемлекет құрған отырықшы көршілері еді. Олар көршілік қақтығыстарда жасанып барып жаулап алуға тұрақты мекені жоқ, иен далада еркін көшіп жүрген ұшқыр атты, қайқы қылышты көшкіншілердің тосын шабуылынан  құтыла да, ешқашан жеңе де  алмайтындарын біліп, оларды қалай тоқтатудың  айла-тәсілдерін  іздестіре бастайды. Осы мақсатта көршілеріне үстемелетіп елшілерін, қаптатып жансыздарын жіберіп, көшкінші елдердің тұрмыс салтын зерттеп, олардың осал тұстарын табуға ұмтылады. Ақыры олар адамның ең жақсы қасиеті оның басты кемшілігі де болуы мүмкін екенін ескеріп,  көшкінші халықтардың ішкі бірлігінің, туыстық бауырмалдығының  өзегі болып келген ру-тайпалық жүйені енді солардың өздеріне қарсы бірлік берекесін алар  құрал ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастырады. Сөйтіп отырықшылар  көшкіншілердің билік басында жүрген басшыларының,  ру, тайпа көсемдерінің пенделік осал тұстарын тамыршыдай тап басып тауып,  оларды тәтті сөзбен алдап, алтын-күміспен арбап, түрлі уәдені үйіп-төгіп  беріп, әрқайсысының іштерінде бұғып жатқан билікқұмарлық құртын қоздырып, қызғаныш итін шәуілдетіп үргізе бастайды. Осы арқылы бұрынғы бауырластығы берік  қандас  рулар мен  тайпаларды бір-біріне қарсы айдап салып, өзара қырқыстыруға қол жеткізеді. Уақыт озған сайын тәжірибе жинап, айла-тәсілдерін одан әрі тереңдетіп, жетілдіре түседі. Нәтижесінде: кез келген күшейіп дәуірлеп келе жатқан көшкіншілердің мемлекетін іштей ірітіп,  бірімен-бірі қырқысқан  түрлі иеліктерге бөлшектеп отырады.  Бұл ретте,  осы мақсатта  көшкіншілердің билеушілеріне  «император қызы» деген атпен әйелдікке берілетін қытайдың сұлу қыздарының бүлдірушілік әрекеті, тіпті, орасан болған (Қараңыз: Салғараұлы Қ. Ұлы қағанат. Ас. 2008. 535-549-бет). Далалықтарға ұзатылған мұндай қыздар  өз елінде диверсиялық әрекет жасауға арнайы дайындықтан өткен жүз қаралы нөкерімен барып,  кез келген дүркіреп тұрған көшкіншілер мемлекетін алатайдай бүлдіріп,  аламан-асырын шығарып, бірер жылдың ішінде бірнеше бөлікке  бөліп жіберген.  Отырықшы елдердің осылайша басталып, бірден бірге жетіле түскен  айла-амалдары арқылы өмірде «жабайыны жабайының қолымен құрту»  тәсілі орнығып,  «бөлшекте де билей бер» қағидасы жүзеге асырылған. Бұл күнде Орхон дариясының жағасынан табылған тас-кітап арқылы баршаға белгілі: «Көктен аспан баспаса, төменде жер айырылып жұтпаса, түрік халқы саған кімнің шамасы жетеді? Табғаштың тәтті сөзіне алданып, жібегіне арбалып, аға мен іні араздасқаннан, ағайындар бір-бірімен жауласқаннан осындай күйге ұшырадың. Текті ұлың құл болды, ару қызың күң болды» деп, ортағасырлық түрік билеушісінің күйзеле  күңіреніп, ең болмаса кейінгі ұрпағым осындай сорақылықты тағы да қайталамас үшін біліп жүрсін  деген үмітпен тасқа қашап жазып, өсиет сөз қалдыруы да отырықшылардың  осы жұлынқұрт жалмауыз  саясатының зардабын бастан кешкендігінен  еді. Бірақ, өкініштісі сол,  өздерін қоршаған ортаның ахуалын аңғарып, рулық, тайпалық жүйенің ендігі жерде өздерін жатжұрттықтардың жемі етерін сезініп, ортақ бір мүддеге ұйыса алмаған ұрпағы одан тиісті қорытынды шығармады, одан кейінгілер де сабақ ала алмады. Болмысына еніп, өн бойын жайлап алған рулық, тайпалық сана оған ерік бермеген секілді.
Осылайша бабалары жіберген қателікті балалары  қайталап, бірден бірге жалғастыра берген.  Кешегі бір Қазақ хандығының әуелі үш, кейін бес хандыққа бөлінуі де;  телімделген текті елді қайыра біріктіріп, хандықты қалпына келтіріп, ерікті елге айналдырам  деп арыстандай алысқан  Кенесарыдай ханын  бүкіл халық болып қолдай алмауы да; қолдамағаны былай тұрсын, кейбір ру-тайпа басшыларының оған қарсы шығып, орыс отаршыларына жағынып, солардың жандайшабына айналуы да сол тарихтың ащы  сабағынан кезінде тиісті қорытынды шығарып, дер кезінде ес жия  алмағанның  кесірі болатын.  Соның салдарынан жұртты елдікке, біртұтас халықтыққа бастайтын ортақ мүдде  рулық, тайпалық мүдденің жетегінде кетті. Ақырында келіп  бодандық ноқтасына  бас сұғып, отарлаушылардың небір  ойранын бастан өткеруге мәжбүр болдық. Бұл сұмдық  және артық-кемі жоқ,  тұп-тура  260 (1731 – 1991 жж.) жылға созылды.  Осы жылдар ішінде  отарлаушылардың табандылықпен жүргізген жымысқы жұлмыр  саясаты көздеген мақсатына жетіп,  тұтас бір халықты тек  жоғарыдан берілген тапсырманы  орындаудан басқаны ойламайтын құлға айналдырып жіберді. Халықтың халықтық қасиетін жойып, қалың тобырға айналдыру үшін әуелі, жоғарыда айтқанымыздай, бір  елді бөлшектеп, мемлекеттілігінен (хандығынан) айырды; халықтық тұтастығын телімдеп, ұлт болып ұйысудан қалдырды; тілі мен дінінен ажыратып, рухын түсірді; тарихи жадын жойып, моральдық, рухани  дағдарысқа ұшыратып, ұрпағымызды жаппай мәңгүрттендіруге жұмыла кірісті. Сөйтіп бұрын  отаршылардың айдап салуымен өзара алакөз болып,  руға, жүзге бөлінудің зардабын тартып келген халқымыз енді келіп құлдық сананың құрығына ілінді.  Құл  мұраты белгілі:  Ойлары қара бастың қамы,  қалайда  қожасының көңілінен шығып, көзге түсу, жағдайын жақсарту. Ел аза ма, жер тоза ма, оған бәрібір, өзі аман, қарыны тоқ болса, бітті.  Халқымыздың кешегі тар кезеңде еңбегімен, ерлігімен, өнерімен елге танылған ардақ  азаматтарына қабырғалы халық ретінде қорған бола алмай, әлгі  ауырып жатқан баласының орнына құдайдан өзінің жанын алуды жалына сұрап, жылай-жылай шаршап қалғып кеткенде, су ішкен шелегі басына  кептеліп қалған бұзаудың  үйге даңғырлатып кіргенінен шошынып оянған байғұс ананың: «Құдай, алатын балаң анау жатыр» деп безінген  бейшара күйін кешуіміз  де  сол құлдық сананың иектей бастағанының айғағы болатын.  Жеке басының амандығына шүкірлік етіп,  азаматына ара түспей,  бейтарап қалуларында  қос бүйірден сыққан сол  баяғы рулық сана мен құлдық сананың  жан түршіктіріп, жүрек суытар  ызғарлы сызы жатыр. Ең өкініштісі, осынау жұқпалы дерттен қазақ қауымы әлі де айыға алмай келеді. Созылмалы дерттен сүлесоқ  күйге түскенімізді білген, білетін жатжұрттықтар Тәуелсіздік алған қазақ халқының алдағы уақытта құйылған құрыштай берік біртұтас ел болып, қарыштап өркендеп кетуіне жол бермес үшін сол баяғы  ескі дерттің құртын қоздырып, оны бүгінгі жағдайға орай  бөлшектеудің құралына айналдыруға жанталаса күш салып жатыр. Бүгінгі орыстілді – қазақтілді болып, қалалық – ауылдық болып, шетелден оқығандар – елде оқығандар болып, оралман болып,  бай – кедей  болып  жіктеліп, өзара қиқылдаса бастауымыз солардың іске асып жатқан осы әрекетінің нәтижесі, кәрі қойдың жабағысындай жабысып қалмай келе жатқан  рулық сананың құлдық санаға дем беруінің қазіргі таңдағы  айғақты көрінісі.
Міне, тарих-ұстаз осылардың бәрін алға жайып, «руға бөлудің – індет, жұқпалы  дерт» екеніне  көз жеткізеді. Мойындауға тура келеді. Тарихи танымның тағылымына мән бермеудің арты қашанда өкініш. Сонда не істеу керек? «Өзімдікі жөн» деп өзеуреп, Алладан бұрын ақшаны айтып, пайда қуған қауымға  мұны қалай түсіндіруге болады? Сөз жүзінде: «бөлінгенді бөрі жейді», «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деп ұрандатып, іс жүзінде түрлі рудың  атымен аталатын қор, қоғам құрып, соның президенті  болып сайланып алған «көсемдер» өздерінің осы жұқпалы дертке шалдығып, бұл күнде бар тірлігімен арандатушы жатжұрттықтардың жағына шығып, соларға барынша көмектесіп жүргенін  түсініп, түзелуге ден қояр ма? Аурудың әуеніне ұйыған жұрт саудың тілін алар ма?  Атқанмен жетпейді, айтқанмен өтпейдінің тығырығына тірелгендейміз бе қалай?!.
 Осы орайда хакім Абайдың «Масғұт» поэмасындағы мына бір жағдай еске оралады. Сонда Масғұт деген ақылды  уәзір  пірлерінің аян берумен алда  бір ғажап нөсер жауын жауатынын, соның суы араласқан суды ішкен жанның бәрі жаппай жынданып кететінін  біліп, патшасына хабарлайды. Айтқандай ғаламат жаңбыр жауып, соның суын ішкен жұрттың бәрі жынданып, тек алдын ала сақтанған патша мен уәзір ғана  аман қалады. Содан жаппай жынданып, құтырынып көшеге шыққан жұрт жиналып келіп,  жынды су ішпей сау қалған патша мен уәзірді  қоршап алып, «мыналар жынданған» деп  өлтіруге айналады. Бұдан құтылудың басқа жолы қалмағанын  көрген  патша мен уәзір  амалсыз жұрт ішкен жынды судан ішіп алып, құтырынып шыға  келеді.  Жынданған көп есті екеудің есінен адасқанына мәз болып жайына кетеді. Қарап отырсаңыз, мән-мазмұны бөлек болғанымен,  қазіргі жағдайда біздің еліміз де  дәл  осындай күйге түскендейміз.  Төңірегіміздегі дүниежүзі елдері халықтарының бәрі бірдей түгел  өз мемлекеттерін орнықтырып, ортақ бір халықтық мүддеге бірігіп, ұлттық санасын жетілдіріп жатқанда, біздің солардың ортасында  жалғыз қалып, баяғыда күні өткен ру-тайпалық жүйенің шашбауын көтеріп, руға, тайпаға жіктеліп, рулық сананың шырмауында құлдық санаға дем беруіміз өзімізді  жаңағы патша мен уәзірдің дәрменсіздігіндей күйге ұшыратып отыр. Мұнымыз, басқаша айтқанда, баяғыда көшіп кеткен ауылды әлі сол орнында отыр деп жұртын қимай сипап отырған  суқараңғы соқырдың тірлігіндей қылық болмақ.  Өйткені бұл күнде іргесі сөгілмей, өз тағдырына өзі ие болып отырған не руың, не тайпаң, не жүзің жоқ, бәрі оралмастың  еліне  көшіп кеткелі қаша-а-ан! Сондықтан  қалаймыз ба, қаламаймыз ба, бізге енді індетке айналған рулық санадан тез айығып, өзгелер  секілді  тәуелсіз мемлекетімізді орнықтырып, жаппай ортақ халықтық бір мүддеге  жұмылып,  ұлттық санамызды қалыптастырудан, жетілдіруден басқа жол жоқ. Бұл – қазіргі таңда халық ретінде жан сақтаудың, өзге жебір жұртқа жем болмаудың, жаһандануға жұтылып кетпеудің жалғыз жолы. Басқа жол жоқ. Ойлан, Қазақ, ойланатын күн туды!

Қойшығара Салғараұлы, 

Мемлекеттік сыйлықтың 
лауреаты

Серіктес жаңалықтары