ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДСҰ-ҒА КІРУІНЕ КІМ КЕДЕРГІ?

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДСҰ-ҒА КІРУІНЕ КІМ КЕДЕРГІ?

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДСҰ-ҒА КІРУІНЕ КІМ КЕДЕРГІ?
ашық дереккөзі
186

 Қазақстанның Дүниежүзі сауда ұйымына кіруі Ресей өнім өндірушілеріне қауіп төндіреді дейді сарапшылар.
Қазақстанның Кедендік одаққа мүшелігі оның Дүниежүзі сауда ұйымына (ДСҰ) енуіне кәдімгідей кедергі келтірді. Мұны да халықаралық сарапшылар айтады. Өйткені Қазақстанның ДСҰ-мен келіссөздері біршама деңгейге жеткен болатын. Әрі дүниежүзілік ұйым Қазақстанды өз қатарына Ресейден бұрын қабылдауға ниетті еді. Бірақ, Дүниежүзілік сауда ұйымынан гөрі Кедендік одақты таңдаған Қазақстан оған Ресейден кейін кіруді жөн деп шешті.

Тіпті Кедендік одақтың алғашқы келіссөздері жүргізіліп жатқан тұста, Ресей оған мүше мемлекеттердің ДСҰ-ға бірге енетіні жайында да мәлімдеме жасады. Алайда, келіссөздердің ДСҰ саясатына қайшы келетіндігі салдарынан Кедендік одаққа мүше мемлекеттер тұтас одағымен ДСҰ-ға мүше бола алмайтын болды. Сөйтіп, Ресей де өз сөзінде тұрмады. Кедендік одақ бойынша, әріптестерін орта жолда қалдырып, ДСҰ-ға мүше болып кетті.
Ресейдің ДСҰ-ға мүше болуы біраз кедендік тарифтердің арзандауына әкелгені рас. Алайда, Ресей өз өнімдерін қорғау мақсатында кейбір тарифтерді төмендетуден бас тартып, табандап тұрып алған еді. Осыған қарамастан, батыстық өнім өндірушілер өздерінің өнімдерін Қазақстан арқылы Ресей нарығына шығаруды көздеп отыр. Ол үшін биыл ДСҰ-ға ену жұмыстарын аяқтауды мақсат еткен Қазақстанға біршама талаптар қойылуда. Сарапшылар егер ДСҰ-ға мүше өзге мемлекеттердің талаптарына Қазақстан құлақ асатын болса, Ресейдің ДСҰ-ға мүше болу барысында жеткен жетістіктерінің бәрі құмға сіңген судай болмақ. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстанның 2014 жылы ДСҰ-ға ену мақсаты бар екендігін мәлімдеді.
«Қазақстан Кедендік одақ аясындағы интеграциядан гөрі ЕО мен АҚШ қойып отырған талаптар бойынша ДСҰ-ға ену маңызды деп есептесе, өзіне пайдалысын таңдайтын болады» деген ол. Оның айтуынша, келіссөздер төрт бағыт бойынша – тауар, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және жүйелік мәселелер бойынша – аяқталды деп айтуға болады. «Тарифтік үйлестіру мен жергілікті мазмұнға қатысты екі мәселенің басы ашылмай тұр», – дейді ол. Дегенмен, вице-министр бұл екі мәселенің де жақын күндерде шешімін табатындығына сенімді.
Әңгіменің өзге емес, Кедендік одақ аясындағы тарифтерге қатысты болып тұрғаны аян. Ең бастысы, Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы арқылы келісетін кедендік тарифтері Ресеймен Кедендік одақ бойынша келіскен кедендік тарифтеріне қайшы келмеуі керек. Олай болмаған күнде, бұл Ресей экономикасына қауіп төндіретін болады. Ресей ДСҰ-ға енер кезде автомобиль, әуе және ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты кедендік тарифтерді түсірмеуге табандап тұрып алды. Сөйтіп Ресей осы саладағы кедендік баж салығын бірден емес, біртіндеп төмендететін болып келісілді. Бұл – өтпелі кезең деп аталады.
Сөйтіп, жеңіл автокөліктерге салынатын кедендік баж салығы 30 пайыздан 25 пайызға төмендеді. Бұл үш жыл бойы жұмыс істейтін болады. Одан кейін кедендік баж салығы тағы да төмендейтін болады. Алдағы 5 жылдың ішінде кедендік баж салығы 25 пайыздан – 15 пайызға дейін төмендейді. Демек Ресей шетелдік автомобильдерге салынатын баж салығын мүлдем алып тастамайды және жеті жылдың ішінде 15 пайызға дейін төмендететін мүмкіндікке қол жеткізді. Бұл тікұшақтар мен азаматтық авиация ұшақтарына да қатысты. Ал, ауылшаруашылығына келгенде жағдай өзгеше. Ауылшаруашылығы техникасына салынатын баж салығы – 15 пайыздан 5 – 10 пайызға дейін төмендетілген. Еуразиялық экономикалық комиссия Ресей және Беларусь астық жинау комбайндерін қорғау мақсатында КО аумағында 2016 жылға дейін 27,5 пайыздық қорғаныс салығын енгізген болатын. Алайда Қазақстан бұл шешімді бұғаттап, кедендік баж салығын квотаға алмастырды. Экономистер егер Қазақстан ДСҰ-ға ену арқылы Ресей келіскен кедендік баж салығын әлемдік сауда ұйымының талабы бойынша төмендететін болса, онда Қазақстан арқылы арзан шетелдік ауылшаруашылығы техникасы ағылады дейді. Қазақстан мен Ресей арасына Кеден бекеттерінің жойылғаны белгілі. Оны қайта құру Кедендік одақ принциптеріне сай келмейді. Ал ресейлік те, беларусьтік те ауыл шаруашылығы техникасы шетелдік арзан техникаға төтеп бере алмасы анық. Бұл Ресей нарығының құлдырауына сөзсіз бастайтын болады. Ресейдің І вице-премьері Игорь Шувалов осы мәселеге байланысты жасаған мәлімдемесінде: «ЕО және АҚШ Ресейдің ДСҰ-ға енуі кезіндегі қолы жетпеген келіссөздеріне Қазақстан арқылы қол жеткізгісі келеді. Алайда, Қазақстан нарығы Батыс үшін маңызды шығар, бірақ, Ресей нарығы одан да маңызды деп ойлаймын. Егер, тура есептер болсақ, Ресей экономикасының көлемі – 2000 миллиард долларды, Қазақстан экономикасының көлемі – 200 миллиард долларды құрайды. Олар Қазақстан арқылы біздің нарыққа біз жоққа шығарған тарифтерді енгізу арқылы қол жеткізбек. Қазір Қазақстан «кепілдікте» қалып отыр», – деген ол.
Ал, www.avto.mail.ru ақпараттық сайтындағы «Правительство Казахстана пообещало удешевление иномарок» атты мақалада ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін шетелдік автомобильдерге салынатын баж салығын арзандатуға уәде беріп отырғандығы айтылады. Сайт мәлімдемесіне сенсек, Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін, кедендік салымдар біртіндеп, үш жылдың ішінде төмендейтін болады. Қазіргі кедендік салымдардың деңгейі – 30 пайызға жетсе, ол алдағы үш жылда 15 пайызға дейін төмендетілетін болады.
2013 жылы қарашаның 18-інде Парламентте өткен Үкімет сағатында Экономикалық интеграциялар ісі жөніндегі министр Жанар Айтжанова 2004 жылдан бері Қазақстанның ДСҰ-ға енуге дайындық жұмыстары жүргізіліп келе жатқандығын айтқан. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында Қазақстанның 50-ден астам заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген, КО аясында қабылданған, сыртқы саудаға қатысы бар 10 келісімді өзгерту жұмыстары жүргізілген. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары