Қапияда көз жұмған
Қапияда көз жұмған
Бүгін саясат және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туған күні. 1944 жылы Нарынқол өңірінде дүниеге келіп, 61 жасқа қараған шағында қасақана қолдан қаза тапты. Асыл азамат Заманбек Қалабайұлы тірі болғанда, биыл 70 жасқа толар еді.
Заманбек
Нұрқаділов ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жоғары лауазымды қызметтерде жұмыс
істеді. Алматы қаласы мен облысының әкімі болып тағайындалды, Парламент
депутаты болып та сайланды. Ал, Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі
агенттігінің төрағасы қызметінде жүріп, 2004 жылы наурыз айында Қазақстан
президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты мен елдегі жеке-дара
билік жүйесін сынға алып, мәлімдеме жасағаннан кейін көп ұзамай, үкімет
қаулысымен жұмыстан босатылды. Содан кейін Нұрқаділов Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты
әшкерелейтін қоғамдық комитет құрып, оның жұмысына жетекшілік ететінін
мәлімдеді. Сондай-ақ, Қазақстанда 2005 жылы құрылған оппозициялық
«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының құрылтай комитетіне мүше болды. Алайда,
өмірінің соңғы айларында Заманбек Нұрқаділов ел ішіндегі саясаттан бойын аулақ
салып жүрген еді. 2005 жылдың қараша айының 12-сі күні жүрек
тұсынан 2 рет және басынан 1 рет атылған оқтан мерт болған Заманбек
Нұқаділовтің мәйіті өз үйінен табылды. Ресми биліктің тергеуі ол өзіне-өзі 3
рет оқ атып өлді деген қорытындыға келді.
Баспасөз беттерінде «Алматы полициясы
З.Нұрқаділов өзін-өзі өлтірді деген тергеу қорытындысын жария етті» деп
жазылды. Мәлімдеменің мәтіні мынадай еді. «Желтоқсанның 23-күні,
Алматы қалалық ішкі істер департаменті биылғы жылдың (2005 жыл) қараша айының
12-сі күні Алматыдағы өзі үйінде, екі рет кеудесіне және бір рет басына тиген
тапанша оғынан қаза болған Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өліміне байланысты бір
айдан астам уақыт жүргізілген тергеу қортындысын жария етті. Тергеушілер
З.Нұрқаділов өзін-өзі өлтірген, оған отбасындағы кикілжіңдер себеп болған деген
байлам жасап отыр. Ал дәл сол күні Алматыда марқұмның қырқын беріп жатқан
Нұрқаділовтің жесірі Мақпал Жүнісова мұндай қорытындымен келіспейтінін айтты».
Ел ағалары З.Нұрқаділовтің, А.Сәрсенбайұлының өлімдері
қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Нақты зерттеу жүргізіп, бүге шігесіне дейін
тергеген ешкім болмады десе де болады. Тек өлімді, болжаулы себептерін ақпарат
ретінде ғана жазып қоя салды. Мәселенің түбіне үңіліп қарау үшін криминалды
қылықтарға белшесінен батып отырған биліктегі шенеуніктердің де істерін ақтару
керек болды. Бәрімізге таныс демократиялы ел болсақ та елді басқарып отырған
биліктің былықтарын әзірге аша алмайтынын журналистер ұқты. Сонда да оппозициялық басылымдар барынша қаламын
сілтеп бақты. Бәрібір өлім жұмбақ күйінде қала берді.
Міне, осындай дақпырты күллі елді дүрліктірген атышулы қоғам қайраткерінің жұмбақ өлімі туралы зерттеулер жүргізілген. Әйтсе
де, ол оппозиция өкілі болғандықтан тергеулер тұншыққан күйінде тоқтатыла
бастады.