ҰЛТТЫҢ НАМЫСЫ
ҰЛТТЫҢ НАМЫСЫ
Ұлт пен мемлекеттің намысын аяққа таптағандар тиісті
жазасын алады. Ресми түрде билік тарапынан. Өкініштісі, Қазақ билігі
наразылық нотасын жолдаудың орнына, «ит үреді, керуен көшедінің» кебін
танытуға құмар. Мұның соңы ұлт пен мемлекеттің намысына кір келтіретін
жағымсыз жайттарға әкеп соғуда.
Латвияның сыртқы істер
министрлігі ресейлік әнші Олег Газмановтың «КСРО-да жасалған» («Сделан в
СССР») деген әнінің мәтініне наразылық танытты. Ресей Конституциясының
20 жылдық мерейтойы құрметіне орай Кремльде өткізілген концертте
Газманов «Украина мен Қырым, Беларусь пен Молдова – бұл менің елім!
Сахалин мен Камчатка, Орал таулары – бұл менің елім! Красноярский край,
Сібір мен Поволжье, Қазақстан мен Кавказ, Балтық жағалауы да! Мен
Кеңестер Одағында туғам! КСРО-да жасалғам!», – деп әндеткен. Осыған
байланысты ресми түрде наразылығын білдірген Латвияның сыртқы істер
министрлігінің өкілі: «Тәуелсіз Ресейге арналған ресми шарада КСРО-ны
ұлықтау – ақылға сыймайтын нәрсе! Мен Газмановтың шығармашығы жайлы
ештеңе айтқым келмейді, әркім қалаған әнін айтуға қақылы. Бірақ бұл
шараны ұйымдастырушылардың әрекеті мені қатты таңғалдырды. Бұл жерде
әңгіме КСРО ыдырағаннан кейін құрылған мемлекет туралы әңгіме болып
отыр. Демек, концерттің мазмұны бұл қағидаға мүлде қайшы келеді», –
деді. Газмановтың дәл осы әні Литвада да біраз дау тудырған еді.
Мәселен, Сейм депутаты, бұрынғы қорғаныс министрі Раса Юкнявичене
Газмановты Литваға кіргізуге тыйым салуға ұсыныс білдірген болатын.
Өкінішке қарай, Қазақстанның мемлекеттілігі мен
тәуелсіздігіне қатысты дүдамал пікір айтып, Қазақ ұлтын қорлайтын
әрекеттер жасайтындарды тезге салуға құлықсыз құзырлы органдар. Мәселен,
«әйгілі» «Борат» фильмі. Әжетханадағы суға бетін жуып, қазақ қыздарын
жезөкше етіп көрсеткен Борат (Саша Коуэн) бүкіл әлем алдында абыройын
төкті Қазақстанның, қазақтың. Осының кесірінен, жатжұрттықтардың
кейбірінде «қазақ қыздары көрінгенге етегін түре салатын «көңілшек»
деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Мәселен, 2008 жылы Франциядағы
халықаралық «Намыс» деген байқауда бір шетелдік Қазақстаннан барған
қаракөз қызға қалтасындағы доллардың шетін көрсетіп, төсекке жүр
дегендей емеурін танытыпты. Австралиядағы спорттық сайыстарда бір
әумесер қазақ жанкүйерлерінің қасына келіп, «Борат, Борат» деп, жұрттың
көзінше тағы мазақтаған. «Итің жаман десе намыстанатын» рухты атаның
ұрпағы емес пе, әлгі жерде бірнеше қазақ жігіті келді де, әумесердің
көкесін танытты көзіне. «Маған не істей аласың?» деп дандайсып тұрған
жатжұрттық тырағайлай қашты. Оны көрді дүйім жұрт Интернеттен. Бір
қызығы, Қазақ билігі тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Наразылық
нотасы да жолданбады. Тек Елбасы шетелдік журналистердің сайқымазаққа
қатысты қойған сұрағына «ит үредінің» кейпін танытқан жауабын берді.
Әлбетте, «иттер» үре береді. Оған көңіл бөлудің қажеті жоқ. Тек керуенге
кедергі келтірмесе. Ал Бораттың беделімізге нұқсан келтіргені соншалық,
Кувейттегі спорттық сайыстарда жеңіске жеткен Қазақстан мергені Галина
Корчманы марапаттау кезінде Қазақстанның Әнұраны емес, «Борат»
фильміндегі ән ойналған… ҚР Сыртқы істер министрлігі тарапынан
наразылық нотасы жолданды. Алайда, Қазақ бүкіл әлем алдында тағы да
мазақ болды. Сорақысы сол, Әнұранның сөзі тұрмақ, әнін де білмейтіндігін
байқатты Галина Корчма. Осы жағымсыз жайттан кейін «Қазақстанның атынан
баратын бүкіл спортшыға Әнұранның сөзін білуді міндеттейміз» деген еді
құзырлы органдар. Алайда, одан кейін де қанша сайыс болды, ауыздарын
жыбырлатпайтын талай спортшыны көрді көзіміз.
Одан
кейін Қазақстан мен қазақтарға деген қыжылын ашық айтатын ресейлік
депутат В.Жириновский: «Қазақтарда түк болмаған, киіз үйлерінен басқа.
Коммунистер келгесін ғана орнады өркениет, қала салып берді» деп
бейәдептік танытқанына да мән бермеді билік. Тек Ғани Қасымов қана оны
«персона нон-грата» тізіміне енгізуге ұсыныс білдірді. Негізі кіндік
қаны Қазақстанда тамған Жириновскийдің қазақтар туралы жағымсыз пікір
айтуы бір бұл емес. 2005 жылдары қазақтарды қорлаған сөзіне қатты
ашуланған қоғам. Назарбаевқа наразылық хатын жолдап, Жириновскийді
Қазақстан шекарасынан өткізбеуді талап еткен. Алайда ол қазақтардың
алдын орап кетті. Орағанда, Қазақстанның Ресейдегі сол кездегі елшісі
Ж.Түймебавтың атына кешірім сұрап хат жазған. Оған себеп, 60-қа толған
тойын туған жерінде өткізгісі келген-міс. Біздің билік сол кезде де
кешіріммен қарады. Нәтижесінде, үш күн бойы мерейтойын тойлаған
Жириновский: «Қазақстан – тәуелсіз де, керемет ел!» деп майын тамыза
мақтады. Ал «есегі судан өтіп кеткесін», яғни, тойдан кейін ескі әніне
қайта басты. Оның дәлелі – жуырда ғана қазақтарды өркениет пен
мәдениеттен жұрдай, киіз үйлерде тұратын жабайы халыққа теңеуі. Оған да
«керуенге үрген қанден» ретінде қарауға болар еді, тек Интернет арқылы
қазақтарды қорлаған сол сандырағы тағы да әлемді шарлап кетті. Дос бар,
дұшпан бар, мұндай жағымсыз пікірдің, қорлаудың Қазақстан сияқты
тәуелсіз елдің әлемдік саяси сахнадағы беделіне нұқсан келтіретіні анық.
Демек, құзырлы органдар Қазақстанды, қазақты қорлағысы келгендерге дер
кезінде тойтарыс беріп, тегеруін танытуы тиіс.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ