Лондонда айыпталған таэквандошы ақталды

Лондонда айыпталған таэквандошы ақталды

Лондонда айыпталған таэквандошы ақталды
ашық дереккөзі
177

Оған туған тілінің көмегі тиді деуге болады.
Былтыр Мексикадағы Әлем чемпионатынан қайтқанда ұшақ бортында ағылшын азаматшасына қол жүгіртті деген айып тағылған еді. Осы күнге дейін зәбірленушінің есімі аталмаса да, Азамат Теңізбаев бірнеше сот тыңдалымынан кейін әрең босатылды.
Бұл мәліметті Сыртқы Істер министрлігі ресми жариялады. Аталмыш ведомствоның баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов екікүндік сот отырысынан кейін спортшы ақталғанын айтты. Теңізбаев сот залында-ақ босатылған. Дарынды спортшыға Қазақстанның таэквандо федерациясы өз қаражатына қорғаушы жалдаған болатын. Тағылған айып жоққа шығарылып, бір аптаның ішінде елге оралуы тиіс.
Азаматтың бірінші қорғаушысы спортшы кінәсін мойындаса, жазасы жеңіл болады деп есептесе керек. Нәтижесінде Азамат кінәні мойнына алады, бірақ оның ата-анасы қазақстандық қорғаушыдан бас тартып, келесі қорғаушының көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Ол өз кезегінде, Азаматтың ағылшын тілін білмейтінін айтып, Азаматтың ана тілі – қазақ тілі бола тұра, арыз аудармасының орыс тілінде жазылғанын дәлелдеді. Сөйтіп оның алғашқыда кінәні мойындағаны жоққа шығарылды.
Қазір екі ел арасында қажетті құжаттар дайындалуда.
Естеріңізде болса, 2013 жылдың 24 шілдесінде Азамат Теңізбаев Лондондағы Хитроу әуежайында ұсталған болатын. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қызметкерлері 26 шілдеде спортшыға жәрдемдесу және жалпы жағдайды анықтау мақсатында онымен кездесу өткізді. Осы орайда қасында отырған спортшылар Азаматтың қалғып кеткенін, ешқандай ойы болмағанын айтқан еді. Алайда батыс елдерінде қыз балаға қырын қараудың өзі сотқа шағым түсіруге дәлел бола алатыны белгілі.

Серіктес жаңалықтары