БІЗ – ТАБИҒАТТЫҢ ТАМЫРШЫСЫМЫЗ
БІЗ – ТАБИҒАТТЫҢ ТАМЫРШЫСЫМЫЗ
Ауа райы – кез келген тірліктің себепшісі. Әсіресе, ертеде өмір сүрген ата-бабамыз табиғат – тал бесікпен етене жақын болып, ертеңгі күн райын қапысыз болжап отырған. Ал бүгінде еліміздегі ауа райы құбылыстарын «Қазгидромет» анықтайды. Біз халық үшін сан-салалы қызмет атқаратын Республикалық Мемлекеттік «Қазгидромет» кәсіпорнының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Қонысбек Баеділовті әңгімеге тартқан едік.
– Қонысбек мырза, өзіңіз басқарып отырған Алматы қалалық Гидрометеорологиялық орталығының бүгінгі жағдайы туралы айта кетсеңіз…
– Алматы қаласының гидрометеорологиялық орталығы ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне қарасты республикалық мемлекеттік «Қазгидромет» мекесіне қарайды. Бұл 2007 жылы 28 тамызда құрылған өндірістік жас мекеме. Алматы қаласының ГМО гидрометеорологиялық бақылау желісі 20 метеорологиялық станса, 1 аэрологиялық станса, 36 гидрологиялық бекет, 2 қар көшкінін бақылау стансасы, 2 қар көшкіні бекеті, 5 қар өлшеу маршруты, 3 жауын-шашын өлшеу маршруты, 2 метеорологиялық постан, 2 агрометеорологиялық станса сияқты өндірістік құрылымдардан тұрады. Біздің негізгі мақсатымыз – қоршаған ортаны қорғау, ауа райы, климат жөнінде, табиғаттың қауіпті, апатты құбылыстары туралы ақпаратттарды халыққа, министрліктерге, шаруашылық кәсіпорындарына дер кезінде жіберіп отыру. Сондай-ақ қоршаған ортаның жүйелі гидрометеорологиялық мониторингін жүргізу, гидрометеорологиялық болжауларды дайындау және жасау, атмосферадағы ауаның ластануына бақылау жүргізу, табиғаттың апатты құбылыстары жайлы ескерту, қар көшкіні жайлы мағлұмат беру болып табылады. Ауаның температурасы, ылғалдылығы, қысымы, желдің соғуы мен оның бағыты, бұршақ, боранның, жауын-шашынның, сосын Алматы және Алматы облысына тиесілі өзен, көлдердің, су қоймасындағы су деңгейінің өсуі, ластануы, сел алып кету жөнінде алдын ала болжам жасаймыз. Сондықтан біздің күнделікті қызметіміздің өзі жалпы ел игілігі үшін жасалады деп ойлаймын.
– Мекеме тек Алматы мен Алматы облысы аумағындағы ауа райы құбылыстарын ғана зерттейді ғой…
– Алматы қаласының филиалы болып есептелгенмен, Алматы облысының жеті ауданын қамтамасыз етеміз. Атап айтқанда, Алматы, Қапшағай қаласынан бөлек, Шығыстағы Қытайдың шекарасынан бастап, Жамбыл облысына дейінгі және Оңтүстіктегі Қырғызстан шекарасынан бастап Іле өзені жағалауы мен Балқаш көліне дейінгі аумақтағы ауа райы болжамын жасаймыз. Ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді болжау болады. Былай қарағанда, ауа райы туралы мәлімет телеарна мен радиодан екі-үш минутта зыр ете қалады. Бірақ оның артында қаншама адам бар екені назардан тыс қалады. «Қазгидромет» мекемесінде республика бойынша 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ал, біздің мекемеде 360-тай маман бар. Бір ерекшелігі, біздің мамандар мейрам, демалыс дегенді білмейді. 365 күннің бәрінде үздіксіз жұмыс кестесі белгіленген. Себебі, қазіргі кезде «халық қауіпсіздігі» деген ұғымнан басқа «гидрометерологиялық қауіпсіздік» деген ұғымды қолданып жүрміз. Мұның бәрі бекер емес. Жаһандық жылыну, экологиялық өзгеріс, мұздықтардың еруі, ауа райы температурасының көтерілуі кездейсоқ емес.
– Ауа райына болжау жасағанда қандай әдістерге сүйенесіздер?
– Ауа райына болжам жасау ол өте қиын процесс, ол үшін кешенді түрде нақты мәліметтерді, болжам материалдарын, температураның, жауын-шашынның, жел жылдамдығының болжам әдістерін, ғарыштық бұлттылық суреттері қолданылады. Ауа райының күнделікті, онкүндік, айлық және маусымдық болжамдарды дайындауда мамандар тыным таппай жұмыс істейді. Мысалы, ауа температурасын болжау үшін Федулованың, Зверевтің және Глазованың әдістерін қолдансақ, жауын-шашынды болжауда Глушкова әдісі қолданылады. Сонымен бірге болжам жасау кезінде сандық әдістерді де қолданамыз, ол әдістер халықаралық болжам орталықтарында Мәскеу, Вашингтон және Рейдинг қалаларында құрастырылады. Сонымен қатар біздің мамандар стихиялық қауіпті құбылыс, ауа райының күрт өзгеруіне және штормдық ескертулерге болжам жасап алдын ала құзырлы органдарға хабарлама береді.
– Ауа райының өзгерістері туралы қаншалықты дәрежеде дәл болжам жасай аласыздар? 100 пайыз нақты болжау мүмкін бе?
– Әрине жақын күндерге берілген болжамның сәйкес келу дәрежесі жоғары. Кейде 85-100 пайыз дөп келеді. Ал 2-3 күнге жасалған болжамдардың да нақты келуі 75-90 пайыз аралығында. Болжам күні алыстаған сайын дұрыс болжам беру мүмкіндігі де азая береді. 10 күнге берілетін ауа райы болжамдары соншалықты сенімді бола бермейді. Егер де жауын-шашынсыз, атмосфералық процестер барысында ешқандай күрт өзгерістер болмаса, ашық ауа райы кезінде болжамдардың дәлдігі 100 пайыз болуы мүмкін.
– Кейде ауа райын тыңдап отырсақ, бүгін күн жаңбырлы болады дейді, бірақ жауын жаумайды. Неге?
– Кейбір ақпарат құралдары журналистері жұмысын жеңілдету үшін шетелдің сайттарындағы Қазақстан дегенді тауып алып, сондағы ауа райы болжамын айта салады. Кейде сәйкес келеді, кейде келмейді. Негізі Қазақстан шеңберіндегі ауа райын тек қана «Қазгидрометтен» алуы қажет. Одан бөлек облыс орталығының бәрінде филиалдар бар.
– Кезінде ата-бабамыз аспан денелеріне қарап ауа-райын болжап, уақытты межелеген. Тіпті, құстар мен жан-жануарларға да қарап кейде күн райын болжап жатады. Мысалы, қарлығаш төмен ұшса жаңбыр жауады, мысық ағаш тырнаса боран болады дегендей. Бүгінгі техниканың дамыған заманында бұл әдістер пайдаланыла ма?
– Мұндай дәстүрлі болжамдар халық арасында кең тараған. Ол наным-сенімдер кейде сәйкес те кеп жатады. Бірақ та бұл дәстүрлі болжамдардың ауа райы болжамымен байланысы аз, кейбірі тіпті Қазақстан территориясының климатына арналмаған. Біздің мекеме болжамдарды наным-сенімге емес, ғылымға сүйене отырып жасайды. Жасалған әрбір болжам өз алдында сарапталып, талқыланып нақты деректер негізінде халыққа таратылады. Біз өз болжамдарымызда, өз жұмысымызда тек ғылыми мәліметтерді қолданымыз. Өз бақылауларымызды жүргізу кезінде арнайы құрал-жабдықтарды қолданамыз, яғни олар МС, ГБ-гі термометр, барограф, озонометр, вертушкалар, гигрограф сияқты және т.б. құралдар. Бұған дейін кеңес одағы тұсында орыс елінің метеорологиялық, гидрологиялық, экологиялық болжау қондырғылары мен аспаптарын пайдаланып келдік. Әрине, бұл құралдар қазіргі кезде ескі болып табылады, бірақ жылдан жылға техникалық базамыз, құрал-жабдықтарамыз жаңартылу үстінде. Соңғы кезде мемлекет тарапынан 2011-2015 жылға дейін ұлттық гидрометрологиялық саланы қайта жандандыру бағдарламасы қабылданған болатын. Соның аясында мемлекет, министрлік, республикалық «Қазгидромет» тарапынан ерекше қолдауға ие болып жатырмыз. Осы бағдарлама аясында нақты бақылау жұмыстарын одан ары жақсарту мақсатында елмізде, біздің қаланың көп жерлерінде автоматты метеостансалар орнатылуда. Сондай-ақ Алматы қаласында ауа атмосферасынының ластануын бақылайтын СКАТ он бір автоматты құрылғысы қолданысқа берілді. Оның бесеуі жер бетінде, алтауы жоғары биіктікте тұрады. Гидрология саласы бойынша қазіргі кезде Ресейде жасалған гидрологиялық кешен ГК-1 тәжірибелік эксплуатациядан өтуде. Оның негізгі қызметі – өзен суларының температурасы мен деңгейін автоматты түрде анықтауға бағытталған. Бұдан өзге трансшекаралық Іле және Текес өзендерінде гидрохимиялық посттардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл құрылғылар Online режимінде 23 параметр бойынша су жағдайының сапасы жайлы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бүгінде Алматы қаласына қарасты жүзден астам өндірістік мекемеміз бар. Көбі тау-тастарда, кейбірі жетуі қиын аудандарда орналасқан. Ең жоғары биіктікте орналасқан метереологиялық бекет 3 330 метр биіктіктегі Жусалы кезең мұздығында орналасқан. Ақпарат автоматтандырылған жүйе арқылы орталыққа түсіп жатады. Өңделіп, жан-жаққа таратылады. Жаңа түрдегі «ПОГОДА» атты геоинформациялық жүйе бағдарламасының көмегімен синоптиктер ауа райын географиялық негізде қарастыра аламыз. Бұл мәліметтер тек қана жер бетінде ғана емес, сондай-ақ атмосфераның әр деңгейінде қарастырылады.
– Қазір Алматы қаласы тұрғындарын экология жайы алаңдатады. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Иә, ол рас. Алматы қаласының ауасы жоғары деңгейде ластанған. Ауаның ластану индексі жоғары. Қалаға күніне 500-700 мыңдай көлік кіріп, шығып жатады. Жеке үйлер көмір жағады. Алматы қаласының географиялық орналасуына да байланысты. Яғни, ластанған ауаны жел алып кете алмайды. Жел ең қатты соқты дегенде секундына 3-5 метр жылдамдықта ғана. Ертеңгісін ауа қабаты тауға дейін қозғалып, кешкісін жазыққа қарай келеді. Әрине, шамадан тыс ластану адам денсаулығына әсер етпей қоймайды. Жүрек, қан тамырлары ауруы да осындай климаттан туындайды. Халықтың санының өсуі қаланың өсуіне көп әсер етеді, сондай-ақ ландшафтың өзгеруі, климаттың өзгеруі біздің ауа құрамымыздың өзгеруіне өз себептерін тигізеді. Бұл өзгеру ауа райына және климатқа, сонымен қатар денсаулық жүйесіне әсер етері түсінікті. Газдардың атмосфераға жайылуы климаттың өзгеруіне алып келеді. Алматы қаласында атмосфералық ауа жағдайын бақылау қаланың әр ауданында орналастырылған бес стационарлық бекеттер арқылы жүргізіледі. Бақылау күнделікті 3-4 рет жасалады.
– Қызметтеріңіздің қиындығы мен қызықты тұстарын айта отырсаңыз?
– Әрине, әр сала өзіндік қиындықтарға, қызықтарға толы болады. Біздің қызметтің қиындық жақтарына келер болсақ, біріншіден, қандай ауа райы болмасын, қандай мерзім болмасын метеоролог маманы алаңға шығып, бақылауын жүргізеді. Сонымен қатар метеостансалар, бекеттер, маршруттардың сырт аймақтарда, далаларда орналасуы бақылау жүргізуге өзіндік қиындықтарын туғызады, бірақ соған қарамастан өз істеріне берілген мамандар қызметтерін жауапты атқарады. Қызметіміздің тек қиындығы ғана емес, сонымен бірге қызықты тұстары да жетерлік: әркімге болса да табиғаттың қыр-сырын білу, болып жатқан құбылыстар, өзгерістер қызығушылық тудырады. Мысалы, жаңбырдың, кемпірқосақтың, бұршақтың пайда болуы сияқты, бұлттардың түрлерін білу, ауаның температурасын және т.б мәліметтерді білу, оларды зерттеу, болжау, қай кезде болатынын бақылау өте қызықты.
Ауылда өстік. Ауылшаруашылығының бүкіл тұрмыс-тіршілігі, болмысы ауа райына байланысты. «Қазгидромет» – табиғаттың тамыршысы. Ауа райын зерттейтін синоптиктер, су бекеттерінде істейтін гидрологтар, қар көшкінін болжайтын мамандар, зертханада істейтін қызметкерлердің бәрі қоршаған ортаға жанашыр адамдар. 2200 м биіктіктегі Асы метеостансасында алты қызметкер істейді. Олар қазан айында барғаннан мамырда бірақ түседі. Нағыз ақпараттың бәрі солардан шығады.
– Жылқы жылы табалдырықтан аттады. Биылғы жылдың қалай болжанып отырғанын айтыңызшы.
– Әр жылдың өз ерекшелігі болады. Өткен жылдың көктемі де, қысы да, жазы да өз уақытында шығып, халыққа жайлы болды. Желтоқсан айы да жылы болды. Ал қаңтар айы суық болады. Жауын-шашынның мөлшері межеден төмен. Жазық жерлерде қар аз болады. Екінші онкүндіктен бастап антициклонның келуіне байланысты күн суытады. Күндіз 12-15 С, түнде 20-25 С, Алматы облысының солтүстік жерінде 30 С-қа дейін суытуы мүмкін. Ал ақпан айы межеге сәйкес өтеді. Тау бөктерінде жауын-шашын көп болады. Алла қаласа, ақпан айының үшінші он күндігінде күн жылына бастайды. Көктем дер кезінде шығады. Наурыз айының бірінші күнінен бастап күндізгі температура 0 С-тан жоғары байқалады.
Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы