БАСТАЛДЫ ДА... ТАСТАЛДЫ

БАСТАЛДЫ ДА... ТАСТАЛДЫ

БАСТАЛДЫ ДА... ТАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі
298

Қазіргі рухани өмір жаңалықтардан, жақсы бастамалардан кенде емес. Арқа өңірі де сондай – Қарағандының және облыстың тарихи-мәдени тұрмысында көңіл аударарлық тамаша бастамалар бой көрсетіп қалады. Өкініштісі, солардың көпшілігі азғана уақыттан кейін аяқсыз қалып қоятыны. 

2007 жылдың қоңыр күзінде облыс орталығындағы «Шахтер даңқы» монументінің оң қапталына тұғыр орнатылып, оған КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ән әлемінің патшайымы Бибігүл Төлегенованың есімі жазылып, даңғылдың келесі қабағында тұрған Кеншілер мәдениет сарайында аңыз адамның шығармашылық кеші өтті. От шашумен аяқталған өнер мерекесінен кейін «Жұлдыздар аллеясы» деп тамаша ат берілген алаңның ашылу рәсімі болды. Әнші апамызға облыстың сол кездегі әкімі Нұрлан Нығматуллин мырза темір тұлпар мінгізіп, лайықты сый-сияпат көрсетті. Қазақ ән өнеріне айрықша еңбек сіңірген тұлғалардың ең ерегіне Қарағандыда жыл сайын осындай марапат жасалатынын айтқан еді. Бибігүл Төлегенованың және басқа да өнер шеберлерінің әнімен тербеліп, салтанатты шараны қызықтаған қарағандылықтар мен қала қонақтары бұл бастаманы қуана қарсы алып, рухы көтеріліп, Қоянды жәрмеңкесін дүбірлеткен сал-серілердің думанын көргендей мәз-мейрам болған-ды. Нұрлан Зайроллаұлы сөзінде тұрып, келесі жылы екінші тұғыр орнатылып, оған қазақ эстрадасының үздігі Роза Рымбаеваның есімі жазылды. Розаның шығармашылық кеші мен оған көрсетілген құрмет те алдыңғы мерекеден бір мысқал кем болған жоқ. Мынау бір дәстүрге айналған салт болды ғой, ұзағынан сүйіндірсін деп қуанды жұртшылық. Одан кейінгі кезек өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдары вокалды-аспапты ансамбльдер арасынан суырыла шығып, Еуразия құрлығының өнер сүйер қауымын тәнті еткен «Дос-Мұқасанға» тиді. Тура алдыңғылардай өнер тойы, сондай сый-құрмет.

2010 жылдың күзінде «Жұлдыздар аллеясы» Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ дәстүрлі әнінің айбозы Қайрат Байбосыновтың есімімен толықты. Таза ұлттық өнердің өкілі һәм Қарағанды топырағының тумасы болғандықтан, Кеншілер мәдениет сарайы ән кешінде дуылдай жаңғырып, сияпат ернеуінен асып түсіп жатты. Әйткенмен, тамаша бастама осымен тоқтап қалды. «Жұлдыздар аллеясында» орын жетіп артылса да, келесі жылы тұғыр орнатылмады. Оған есімі жазылуға лайықты өнер шеберлері елімізде жоқ деп айта алмаймыз. Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы, Мақпал Жүнісова, Бекболат Тілеуханов… деп тізімді соза беруге болады. Әрқайсысы кеншілер астанасында шығармашылық кешін өткізіп, құрмет көруге лайық. Оларға сый-сияпат жасаудан Қарағандының қазынасы орта-йып қалмайтыны тағы да ақиқат. Сонда «Жұлдыздар аллеясы» жаңа есімдермен толыға беруіне не бөгет болғанын кім білсін.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ

Қарағанды қаласы

Серіктес жаңалықтары