1386
АРҒЫМАҚ
АРҒЫМАҚ
Қош келдің – Жылқы жылы!
Желден жүйрік жануар қашанннан атам қазақтың берекесі болдың. Мінсең – көлік, ішсең – қымыз, жесең – соғым. Сенің қасиетіңді исі қазақтан артық кім білген? Көне тарихтан, қилы-қилы замандардан бірге жасап, сенімді серігіне айналып келесің. Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров: «Жасымнан жылқы десе менің жаным, Атырдым жылқы ішінде өмір таңын. Жапанда жел-жылқының үстінде өскем, Мекендеп өміріме аттың жалын», – демеп пе еді. Иә, бүгінде заман өзгерді. Бұрын жабулап арғымақ мінген қазақ, қазір заулаған темір тұлпар мініп жүр. Алайда, бұл сенің қадір-қасиетіңнің кеткендігінен емес. Өскелең өмір талабынан. Қазақ үшін әлі де бар байлықтың басы өзіңсің. Тұрмысының сәні, шаруасының мәні, даласының көркі де өзіңсің. Қаратау мен Алатаудың қойнауында, Шудың сағасында, Арқаның кең даласында мыңғырған жылқы өсіріп жатқандар қаншама. Дертке дауа, жанға шипа бал татыған қымызың қандай! Араға он екі жыл салып, міне тағы оралдың. Көп өзгерістер болып, әлемге танылдық. Өзіңе тікелей қатысты ұлттық спорт ойындарымыз – «Қыз қууға», «Көкпарға», «Бәйгеге» және «Теңге алу» мен «Ат үстіндегі сайысқа» қызықпайтын жан бар ма, сірә?! Енді міне орайы келгенде өзің жайындағы шежірені арыдан тартып, беріден қайырып, қалың қауымның жадын жаңартуды жөн көріп отырмыз.
Жылқы жануардың әлқиссасын эпостық жырлардан бастайық. Ауылдағы қариялар қас қарайған шақта білте шамның жарығымен бізге «Батырлар жырын» оқытушы еді. Біз қайталап оқудан, олар тыңдаудан жалықпайтын. «Қобыланды батыр» жырындағы Құртқаның Тайбурылды баптаған тұсындағы «Қырық күнге шейін бурылға, Қулықтың сүтін емізді, Және қырық күн біткенше, Қысырдың сүтін емізді, Сексен күні біткенсін, Тоқсан күні жеткесін, Арымасын, талмасын деп, Маңқа, қолқа болмасын деп, Жеміне қосып қыз Құртқа, Қызыл дәрі жегізді. Бурылға қыз Құртқа, Түндікпенен күн берді, Түтікпенен су берді, Дәрілеген жем берді», – деген тұста қариялар сақалын сипап: «Қыз Құртқа осылай бақпаса, Тайбурыл тұлпар болар ма еді!», – деп тамсанушы еді. Ал Тайбурылдың шабысын жырлаған тұстағы «Құбылып бурыл гуледі, Табаны жерге тимеді, Тау менен тасты өрледі, Төрт аяқты сермеді, Құлақтың түбі терледі, Тер шыққан соң өрледі, Адырды көзі көрмеді, Көлденең жатқан көк тасты, Тіктеп тиген тұяғы, Саз балшықша иледі», – деген теңеулерге қарттар: «Па, шіркіннің шабысы-ай!», – деп таңырқанып, таңдай қағатын. «Алпамыс батырдың» Байшұбарына, «Қамбар батырдың» Қарақасқа атына да осылай тамсанып отырушы еді. Жылқы малына деген сүйіспеншілікке малынып, қиялдан туған осы бір жыр жолдарына бала біз де, еңкейген қарттар да кәдімгідей сенетінбіз.
Ақын Ғафу Қайырбеков «Тұлпар туралы аңыз» очеркінде: «…Ал балалық шаққа оралсам – менің есіме ылғи бір өзім білетін жүйрік аттар, арғы тұлпарлардың нәсілі түседі. Жалаң аяқ, жалаң бас күнімде ат жарысты көп көрдім. Майдың, Октябрьдің мейрамдарын асыға күтуші едік біз. Ол күтудің өзге рахаттарымен қоса «ат шабыс» болады деп күтетінбіз. Қайран балалық, соған өзіміз ат қосатындай, қиялымызда өзімізді өзіміз жаратып, жүрек дамылсыз дүрсілдеуші еді. Құлағымызда күн бұрын аттардың дүбірі тұратын»,– деп жазған. Осы очеркті оқыған кезде бала кезімізде шыбықты ат қып мініп, қара жолдың шаңын көтеріп, бір-бірімізбен шуылдаса жарысқанымыз, озып келгеніміз Тайбурыл, Байшұбар, Қарақасқа ат атанатынымыз есіме оралады.
***
«Қазақ – жылқы мінезді». Есте жоқ ескі замандағы бабалардан жеткен бұл сөз қазақ пен жылқының егіз өрімдей біте қайнасқан сыпатын білдірсе керек. Тарихтың талай-талай қиын кезеңдерін аттың жалы, түйенің қомында өткізген халқымыз жылқы малын тек байлықтың басы ғана емес, жаугершілікте ердің қанаты болғандықтан да ерекше қастерлегені анық. Әсіресе сол зар заманның кез келген ақын-жырауларының арғымақты дәріптемегендері жоқ. Доспамбет жырау: «Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда, Еңсесі биік боз орда, Еңкейе кірер күн қайда, Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер күн қайда, Күмбір, күмбір кісінетіп, Күреңді мінер күн қайда», – деп жырласа, Ақтамберді жырау: «Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз, Күдеріден бау тағып, Қамқапты киер ме екенбіз?! Өзенге бие байлатып, Төскейге орда орнатып, Төрткілдеп ошақ қаздырып, Төбел бие сойғызып, Төменде бидің кеңесін, Біз де бір құрар ма екенбіз?!», – деген жыр жолдары жауға аттанған қай қазақ сарбазын атойлатып, рух-жігер тасытпады дейсіз. Жырау: «Арудан асқан жар бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма, Биенің сүті сары бал – Қымыздан асқан дәм бар ма! Желіде құлын жусаса, Кермеде тұлпар бусанса, Сәні келер ұйқының, Жылқы қолдан тайған соң, Қызығы кетер күлкінің. Қыздың көркі құлпыда, Жігіттің көркі жылқыда!», – деген асаудай шиыршық атқан жыр жолдарымен қазақтың тұрмыс салтындағы жылқының қадыр-қасиетін қаншалықты дәл көрсеткен десеңізші. Жиембет жыраудың: «Менің ерлігімді сұрасаң, Жолбарыс пенен аюдай, Өрлігімді сұрасаң, Жылқыдағы асау тайыңдай», – деп келетін теңеулері ше. От ауызды, орақ тілді Бұқар жырау Абылай ханға торы атты қалай суреттеген. «Мінген атың айтамын, Ойнай басқан аяқтым, От орнындай тұяқтым, Қиғаш қамыс құлақтым, Саптаяқтай еріндім, Сарымсақтай азулым, Саурысын кере жараған, Кекілін қыздай тараған, Тостаған көзді торыны, Топ тарқамай мін сана». Арғымақты толықсыған арудай етіп әспеттеген жырауға енді таңданбай гөр. Ол сондай-ақ, тұлпар таңдауды да назарынан тыс қалдырмаған. «Жал құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз! …Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға мінер ат тумас». Махамбет Өтемісұлының: «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай, Қоңыр салқын төске алмай, Тебінгі терге шірімей, Терлігі майдай ерімей», – дей келіп, «Беркініп садақ асынған, Біріндеп жауды қашырған. Құйқылжыған құла жирен ат мінген, Құйрық жалын шарт түйген, Мен кескекті ердің сойымын», – деген жыр жолдары ше. Өзін арғымағымен қиыстыра айтып, жаужүрек қайсарлығын танытып тұрған жоқ па.
***
Жылқының пірі Қамбар ата. Бабын тауып баққанға үйір-үйірімен жылқы берген. «Қыз Жібек» эпосындағы: «…Тағы да бас қосқаным жағалбайлы, Жылқысын көптігінен баға алмайды», – деген жыр жолдарына көңіл қойыңызшы. Төлегеннің әкесі Базарбайдың елден асқан байлығын паш етпей ме. Жарайды мұны аңыз делік. 1851 жылы Орынбор кадет корпусын бітіріп, Орыс география қоғамымен байланыс жасаған Х.Бабаджановтың «Жылқылар және оларды Ішкі қазақ ордасында баптау» атты ғылыми еңбегінде: «…Ішкі Бөкей ордасында да бүкіл қазақ даласы сияқты алдымен жылқы өсіруге көңіл бөлінген. Жылқының жалпы саны 320 мыңдай болып, әр адам басына 10 жылқыдан айналған. Оның ішінде Жәңгір Бөкеевте 4247, Дүйсен Жетібаевта 2000, Жанбөбек Биғалиевте 2300 бас болған», – деп нақты мысалдар келтірген. Ол қазақтар жылқыны қандай қасиеттеріне байланысты қалай бөлгенін де ашып берген. Берік. Жүрдек. Жүйрік. «Берік – күшті, еті тығыз аттар. Ауыр жұмыстарға, жүк тартуға, көші-қонға пайдаланылған. Жүрдек – күші мығым ат пен бәйге атының арасындағы салт жүріске жарамды жылқылар. (Жорға аттарды айтып отырғаны бек мүмкін. – А.К.) Жүрдектігіне қарап, сұлу ат деп те атаған. Алыс жолда жорықтарға шаршамайды. Жүрдекпен бес күн ішінде 800 верст жол жүруге болатынын айта келіп, кавалерия үшін таптырмайтын жылқы екенін көрсетеді. Жүйрік – шабатын аттар. Еуропа халықтарында желгіштер бірінші орында тұрса, қазақтар салт мінетіндердің ішінен шабатын аттарды бағалаған. Аттың мұндай қасиеттерін табу – өнердің ішіндегі ең қиыны.
Бабаджанов қазақтар жүйрік аттардың өзін үшке бөлгенін де көрсеткен. «1. Қарғыншыл – тез, ұшқыр, 2,4,8 верст қашықтыққа шабады. Мұндай жылқылар мүлдем бағаланбайды. Қарғыншылда жүрдектік қасиеті ғана болса, мал орнына санайды. 2. Қашағаншыл – бұларды көбінесе жылқышылар мінеді. Аз қашықтыққа жылдам шабады. Табынды қайыруға, құрықпен асауды ұстауға ыңғайлы. Басты қасиеті ылдым-жылдым. Шапшаң бұрылады, тез қимылдайды. 3. Жүйрік – бәйге аты. Бұл топқа алыс қашықтыққа шаршамай, қарқынын жоғалтпай шабатын аттар кіреді».
Қазақ жылқы малын зерттеуші С.Жантурин 1883 жылы Ресей мемлекеттік жылқы зауыты бас басқармасының өтінішімен сараптама жазған. Сол жылдары бір ғана Орынбор облысында 1 млн. 800 мың бас жылқы болғанын, бұған Торғай, Орал облыстарындағы жылқыларды қосқанда түлік саны жөнінен бірде-бір еуропалық мемлекет жете алмайтынын ашып айтқан. Ол қазақ елінде жалпы саны 4 млн. жылқы барын көрсеткен. Біржан салдың: «Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға…», – деп айтылған өлеңі Қожағұлдың малсыз емес екенін көрсеткені. Ал мұндай жылқысы барлар елде аз болмаған. Тіпті бертінде зерттеуші Т.Каврайский 1920 жылы қазақтың жылқы басын есептегенде саны 8 миллионға жеткенін 1923 жылы «Новая деревня» журналына жазған. Осыншама жылқысы бар қазақ 1921-1922 жылғы, 1931-1933 жылғы аштықты көруге тиіс пе еді?
С.Жантурин қазақ жылқысының төзімділігі туралы бірқатар мәліметтер келтірген. Ол 1870 жылы Семей облысында болған бір оқиғада казак жүздіктері көтерілісшілерді қуып бара жатып артта қалған жүздікке (сотня) хабар беру үшін бір баланы жібереді. Бала 29 сағатта 300 верст жолды тынбастан шауып барып қайтып келеді. Қазақ жылқыларының мұндай ерекшеліктері туралы көптеген зерттеулерде, офицер күнделіктерінде таңдана жазылғанын мысалға алған.
1895 жылы орыс зерттеушісі В.Фирсов «Түркістан және түркістандық жылқы тұқымдары» атты еңбегінде қазаққы жылқы тұқымын адам тарихымен, этнографиямен байланысты қарастырған. Жылқы тұқымдары жөнінде Х.Бабаджановтың топтауларын толық қайталай отырып, қазанат жайында: «…Қазанат қазақы биелерін жүрдек те таза қанды айғырлармен будандастырудан шығады. Айғырдың тұқымына бұл жерде онша көп мән бермеген. Қазақтар қазанатты барлығынан жоғары қояды. Қазанаттың жақсы қасиеттерін бағалайтыны соншалық айғырын сұрамайды да. Себебі қазақ биесінің тұқымы тұрақты басқалармен қосылғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады. Өзінікін де жоғалтпайды. Сондықтан да жергілікті халық қазанаттарға жоғары сеніммен қарайды», – деп жазған. В.Фирсов сол мақаласында қазақ халқының этнографиясына, мінез-құлқына, әдет-ғұрпына да терең мән берген. Атпен өткізілетін ұлттық ойындар – бәйге, көкпар, сайыстың мәніне де ден қойған. Сондай-ақ ат терісінің талай ауруларға ем болатынын, онымен халық емшілерінің қалай емдейтініне де тоқталыпты.
Қазақтар өз жылқыларын орыстың жүк тартқыш жылқыларымен будандастыруға қарсы болғандарын, олардың орыс жылқыларын Алмауыт деп атағандарын, онымен будандастырылған жылқылардың тұқымы әлсіз болатынын, ондайларды «бор» деп атағанын Ресей зерттеушісі А.Гардер өз еңбектерінде ашып айтқан. Ол 1875 жылы «Военный сборник» журналына жарияланған «Қазақ жылқылары және оның кавалерия мен артиллерияға жарамдылығы» атты мақаласында қазақ жылқысының ерекше төзімділігіне қайран қалғанын жасырмайды. «…Петербург пен Мәскеудің көшелерінде жүрген кавалерия полктеріндегі аттар қазақ жылқысының сом тұлғасымен салыстырғанда шидиген сидам, мүлдем бұлшық еті жоқ болып көрінеді. Қазақ атының қимылының шапшаң, жүрісінің тез, бұлшық еттерінің шиыршық атып тұруы сияқты қасиет бір аттың басында болуы дүние жүзінде мұндай тұқымның жоқ екенін көрсетеді». Ал асауды ұстау, бас білдіру жөнінде жазғандары да журнал оқырмандарын қатты қызықтырған. «…Қазақ жылқысының арқасы ерекше болады. Біздің желгіш әрі жүйрік аттардың белі қартайғанда қайқиып, түсіп кетеді. Ал бір жасынан бастап мінген қазақ жылқысының белі ешқашан түспейді. 40 верстен асатын қашықтыққа шабатын сәйгүліктердің бәрі тай уағынан бастап мінілген. Қазақтар жүйрік –бәйге атын ерекше бағалайды. Жарыс бір түзу сызықтың бойымен бір бағытта өткізіледі. Көмбеге екі-үш шақырым қалғанда алда келе жатқан аттың иелері мен жақтастары алдынан шауып шығып, шылбырынан тартып, қамшылап, айғайлап ұран шақырып көтермелейді. Жеңіл болу үшін үстіндегі баланы жұлып алып, көмбеге енді жақындады-ау деген кезде қайта мінгізеді. Бұдан үлкен көмек керек болса, аттың жалынан, құйрығынан тартып, көтеруге жеңіл болу үшін астынан арқан өткізеді. Осының бәрін қазақтар өте шапшаңдықпен істейді. Жүйрік аттың бір белгісі – артқы аяғының буынында ұзындығы төрт қарыс орайы болады», – деп көзімен көргендерін баяндаған.
***
Білікті бапкер атты бәйгеге жаратар алдында әуелі сыншылар талғамынан өткізіп алған. Құлагерді сынаған Күреңбайдың, Сыр бойындағы буаз биенің ішіндегі құлынының түсіне дейін дөп басып айтатын Толыбайдың сәуегейлігін кейінгі ұрпақ әдеби шығармалардан ғана оқып жүр. Әбілғазы сыншы бірде хан құрметіне союға алып келген құнанды сойдырмай, одан кейіндеу әйгілі жүйрік шығатынын айтқанда күманданған жандар да болған. Алайда сыншы қателеспеген екен. Кейін сол құнаннан бәйгенің алдын бермейтін дүлдүл шыққан.
Көп жыл жылқы баққан жылқышылардың ішінде де көзі қарақты жандар болған. Х.Бабаджанов Ішкі Бөкей ордасындағы Есалы деген жалғыз көзді жылқышы 2000 бас табынды атпен бір рет шауып аралап шығып, қай айғырдың үйірінің жоғын жаңылмай айтып отырғанын жазады. Тағы бір жылқышының құлын кезінде жоғалған атты жеті жыл өткен соң біреудің мініп жүрген жерінен танып, би алдында дәлелдеп қайтарып алғанын да мысал еткен.
Орыстың атты әскер офицері А.Келлер: «Ішкі Бөкей ордасы қазақтарының атты бәйгеге қосудағы баптау тәсілдері» атты жазбасында ордада 33 жыл атбегі болған Шоқан Шонқаевтың мол тәжірибесін әңгімелеген. Ол атбегінің айтуынша, қазақтардың ат жаратуы наурыз айының басынан басталып, екі жарым айға созылады екен. Баптау үш кезеңнен тұрады. Жемдеу. Әр түрлі жүріске салу (аяң, желіс, шабу). Терлету. Яғни жылқы денесін майынан айырып, жеңілдету. Жарату мерзімі екі жарым айдан кем ат әлсіз болады. (Бұл деректер Ахмет Тоқтабаевтың «Қазақ жылқысы туралы» мақаласынан алынды).
***
Арғы-бергі тарихта Арғымақты әні мен жырына қоспаған халық таланттары жоқ шығар, сірә да. Солардың арасынан Ақан сері мен Біржан салдың жөні бөлек. Ақанның «Құлагер», «Маңмаңгер», «Құлагердің желісі» әндерін, Біржанның «Телқоңыр», «Бурылтай», «Керкекіл» әндері дәстүрлі әншілердің репертуарларынан түскен емес. Алайда сол әндер сері мен салдан жайдан-жай туа қалған жоқ. Әр әннің шығу себептері бар.
Кезінде Ақан серінің көзін көріп, жанына жолдас болған Хамит Тілеубаев бертінге дейін өмір сүріпті. Ол Ақан туралы артында мынандай бір әңгіме қалдырса керек. «Шыңғыстың Жақып деген ұлы Ақанның Құлагерін қалап алмақшы болғанын айтқанда: «Ақан қос қанатына балап жүрген Құлагерін ешкімге көзі қиып бермейді, шырағым. Тілімді алсаң барып қолқа салмай-ақ қой», – дейді. Жақып әкесінің айтқанын құлағына ілмей Ақанға Құлагерді қалап келгенін айтады. Сонда Ақан: «Жақып, Құлагерді қалап келгенің жөн-ақ. Бірақ менің үш ауыз сауалым бар. Ол сауалдарым мынау. Қасқыр мен қырғи жолдас бола ма? Қалауға, кәдеге ата жүре ме? Қалауға, кәдеге ит жүре ме? Осы үшеуінің жөнін әкең Шыңғыстан сұрап біліп кел. Шыңғыс мен үшін қадірлі кісі. Сауалыма не деп жауап берсе де мен ризамын», – деп аттандырады. Шыңғыс сауалдарды естіп алып, бірауық үнсіз отырып, басын шайқайды. Содан соң терең күрсініп: «Әй, балам-ай! Ақанға қолқа салма деп едім, алған бетіңнен қайтпадың. Енді міне, мені қартайған шағымда жұрт алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырсың. Тыңда, балам, Ақанның «Қасқыр мен қырғи жолдас бола ма?» дегені – «Төре, сұлтандар мен елдің ерке серісі жолдас бола ма?» дегені. Оның «Қалауға, кәдеге ата жүре ме?» дегені – «Егер мен атаңды қалап барсам, сен берер ме едің?» дегені, шырағым. Ал «Қалауға, кәдеге ит жүре ме?» дегенінің мәні – «Қалаудың да орны болады емес пе. Құлагерді орынсыз қалап келген сені иттей көрсем қалауың жана ма?» дегені. Осыдан да Ақанның сазгер-әнші, Құлагерді баптаған атбегі ғана емес, асқан шешендігі де танылады.
Сыншы Күреңбай бұрын Құлагерді көрмеген екен. Ақан Сағынайдың асына кетіп бара жатып, жолай құдасы Бегалының үйіне ат басын бұрады. Ақан аттанар шақта Бегалы: «Асқа Құлагерді алып келгеніңді есітсе, өзіңе өш адамдар тыныш жата алмас. Қастық қылуы бек мүмкін. Жабуламай жәй аттардың қатарында алып барғаның жөн», – дейді. Көп аттың ішінде елеусіз тұрған құлагерді атақты сыншы Күреңбай көріп, жанындағыларға: «Жұрттың Ақан асқа Құлагерін алып келмепті дегені бекер-ақ. Мен білсем мынау ат Құлагердің дәп өзі», – дейді. Серіктері қарқ-қарқ күліп: «Әй, Күреке, бұл аттың басқалардан несі артық? Жұртты тамсандырған Құлагер осы болса, сізге мұрнымызды кесіп берейік», – деп мысқылдаған. Сонда Күреңбай жымиып: «Құлагер болмаса да бәйгеден осы сәйгүлік озып келеді», – деп жүре беріпті.
Ақан Құлагерге Мәкен атты баланы мінгізіп, бәйгеге қосады. Бұрын Ақаннан «сөз естіп» жүрген Батыраш пен Қотыраш Құлагердің бәйгеге қосылғанын көріп, қайтар жолдағы ну қамысты көлдің бойына қарақшы Бөрібайды тосқауылға қойған. Ол өзгелерді шаң қаптырып шауып келе жатқан Құлагерді айбалтамен ұрып, қастық қылады. Құлагердің өлімін көріп, шерменде болған Ақанға қанжығалы Саққұлақ деген кісі: «Ақан, қайғыңа біз де ортақпыз. Құлагер енді қайтып келмейді. Оған қастық қылғандардан құнын өтетіп, елге қалаған атыңды мініп қайтарсың», – деп көңіл айтып, жанашырлық танытқан. Ашынып отырған Ақан: «Бұл қастандық бір маған емес, бүкіл Атығай-Қарауылға жасалған зұлымдық. Құлагерімнің құны сіз айтқандай бір ат емес, осы елдің бар жылқысын алдыма салып айдап кетсем де құнына тати ма? Ер мен әйел затының кесімді құны бар. Қашсаң құтқаратын, қусаң жеткізетін Құлагердей арғымақтың құнын осы кезге дейін кім кескен? Мұндай сәйгүліктің құны терісін алтынмен толтырсаң ғана қайтар. Бірақ маған ондай алтының да Құлагерімнің орнын толтыра алмайтыны хақ», – деп қолына домбырасын алып, ішіне шемен болып қатқан шерін шығарады. Кең даланы жаңғыртқан зарлы әннің соңын: «…Ор болып қалушы еді шапқан жерің, Шаттанып тұрушы еді қосқан елің, Атығай-Қарауылға олжа салған, Бота тірсек, қыл сағақ, сандал керім», – деп аяқтаған. Құлагердің сүйегін арулап көміп, басын биік өскен ағашқа іліп аттанған.
Атбасардың жәрмеңкесінде атақты Мәшһүр Жүсіп Ақанды кездестіріп, Құлагердің өліміне көңіл айтады. Сөз арасында Жүсіп: «Ақан, үйлендің бе?», – деп жөн сұрапты. Сонда Ақан күрсініп: «Жоқ, Жүсеке, үйленгенім жоқ. Бәлкім Құлагердің қайғысынан кейін үйленбеспін де», – деп көңілсіз тіл қатқан. Жүсіп оның мұңды жүзіне қадала қарап: «Ақан, ердің басына түскен қайғыны не сейілте алады дегенде Мөңке би: «Ердің қайғысын тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы, сұлу әйелдің құшағы сейілте алады», – деген екен. Сол би айтқандай қасірет-қайғының ұйығына батып кетпеу үшін әніңді үзбе, үйленбесең де сұлу қызға ашықтығыңды жырла, соларға арнаған өлеңіңді айтудан жалықпа», – деп ақыл берген
***
Жақсы қыз бен жақсы ат тағдырын ел-жұрт шешеді. Боз бала кезім. Бөлімше меңгерушісі Кенжеғұл Қарабасов көрші ауылға бастық болып ауысарда Бәйгекөкті өзімен бірге алып кетпекші болған. Ыдырыс Битабаров бастаған ауылдың игі жақсылары жиналып, мәселені талқыға салды. Қарабасов: «Бәйгекөкті құлын кезінен баптап едім. Орнына құлынды бие берейін. Шаруашылық есебінен шығарып, маған беріңіздер», – деген. Оның уәжі орынды еді. Буаз тор бие Арыстанды өзенінің жағасындағы биік жардан құлап, жан тәсілім еткелі жатқанда үстінен кездейсоқ түсіп қалған ол дереу қалтасынан бәкісін шығарып, тамағын орып жібереді де, қарнын жарып, ішіндегі құлынын аман алып қалады. Үйіндегі қоңыр сиырдың сүтімен ауыздандырған. Аяқтанып, қора ішінде алдыңғы екі аяғын серпіп ша-уып, ойнақтаған құлыннан кейін бәйге ат шығарын сезсе керек. Тай кезінен баптап, бәйгеге қосқанда көмбеге алды болып келгенін көргенбіз. Құнан бәйгенің де алдына қара салған жоқ. Аламан бәйгеде де шашасына шаң жұқтырмай, басқалардан оқ бойы озып келіп жүрген. Енді соны Қарабасов құлынды биеге айырбастап алмақшы. Битабаров: «Кенжеғұл шырағым, Бәйгекөк ауылымыздың жақсы атын шығарып, мерейімізді үстем етуде. Оның орнына құлынды бие түгілі он ат берсең де айырбастай алмаймыз», – деп кесімді сөз айтқан. Сол Бәйгекөк он жылдай аламанның алдын бермеді. Алпыс тоғызыншы жылдың қысы боранды болып, мал азығы таусылып, шығыны көп болды. Бәйгекөк қорадағы тіреу бағанды қажап жеп, бірнеше тістерінен айырылған. Көктемге көтерем халде зорға жетті. Жазда шопан Қырғызбек Қартбаевқа мініске берілді. Тамыз айының бір күні ол қоңсылас шопан Арынбек Елтаевқа келіп: «Көке, Бәйгекөк анау қырдың етегінде жатып қалды. Басынан, құйрығынан ары тартып, бері тартып, тұрғыза алмадым. Жануардың әбден қартайып, сүлдесі ғана қалған. Сол жатқан жерінде жан тәсілім ете ме деп қорқып тұрмын», – дейді қинала сөйлеп. Арынбек ақсақал: «Әй, балам, Бәйгекөк бәйгенің аты ғой. Енді оны тартқылап орнынан тұрғыза алмайсың. Тұрғызудың бір-ақ амалы бар. Інің екеуің екі атқа мініп, жанынан қиқулап шауып өтіңдер. Сонда ол өзі тұрып, соңдарыңнан ілесе шабады», – деп кеңес беген. Олар жанынан: «Бәгекөк шап!» деп қиқулап, құйындатып өте бергенде жатқан жануар қаз мойынын алға созып, орнынан тәлтіректей тұрып, соңдарынан шатқаяқтай теңселе шауып ілеседі. Әу дем жердегі қораға жеткен бойда, тынысы тарылып, омақаса құлайды. Сол бойда пышаққа ілінген. Арынбек ақсақал: «Жануардың тұрқы бөлек тұлпар еді. Он жылдай аламан бәйгенің алды болып, осы Жүзімдік ауылының жақсы атын шығарды. Шырағым, бас терісін сыпырып, қаңқа сүйегін бағанның басына іліп қой. Енді оған біздің құрметіміз сол болады», – деді. Содан бері де қаншама жыл өтті. Жұрт Бәйгекөктің шабысын жыр қылып айтудан жалыққан емес.
***
Құланды жылқы зауыты Абсент тұқымды атымен әлемге танылды. Бірнеше жыл бойына сәнді, ырғақты жүрісімен дүниенің төрт бұрышындағы көрермендерді тәнті етіп, бас жүлдені иемденіп келді. Абсент жиырма төрт жасында бақилыққа кетті. Жылқы зауытындағылар оның соңғы күндері туралы былай дейді. «Алдыңғы екі аяғы ісіп кетті. Не жата алмайды. Жатса тұра алмайды. Көзінен сорасы ағып, көп күндер жылап тұрды. Сонда тілі жоқ жануар әлемнің көрермендерін көркімен, сұлулығымен, әсем жүрісімен таң-тамаша қалдырған арғымақ өзінің соңғы күйіне өкінген де шығар. Ол сол тұрған бойында жерге гүрс етіп құлап түсті. Жылқыда он екі омыртқа болады. Ал Абсенттің омыртқасы он үш екен. Бір омыртқаны жаратушы иеміз оған артық беріпті. Бұл қасиетімен оның сүйегі мұражайда тұруға лайық емес пе еді. Толыбай сыншы Құндызқараның (қазақша аты) қу басын қанжығасына байлап жүріп, ақыры керегенің басына ілгізіп қойған. Көрермен жұртшылықтың есінде мына жай бар ма екен? Мәселен, ең бірінші Жеңіс парады – 1945 жылы 24 маусым күні өтті ғой. Мәскеудің Қызыл алаңында өткен сол Жеңістің тұңғыш парадын Кеңестер Одағының маршалы, төрт мәрте Кеңестер Одағының Батыры атанған Георгий Жуков бастаған еді. Ол кісі алаңға аппақ ат мініп шықты. Сондағы ақбоз ат әлгі Араб, кәдімгі Абсенттің әкесі еді». Сол жылқышылардан естіген әңгімесін жазушы Сәуірбек Бақбергенов кезінде ақ қағазға осылай түсіріпті.
***
Қош келдің, 2014 – Арғымақ жыл!
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ