РЕСЕЙ БЕЛОРУССИЯНЫ ДА ЖАРЫЛҚАДЫ

РЕСЕЙ БЕЛОРУССИЯНЫ ДА ЖАРЫЛҚАДЫ

РЕСЕЙ БЕЛОРУССИЯНЫ ДА ЖАРЫЛҚАДЫ
ашық дереккөзі
215

Ресейдің айдағанына көніп, айтқанын істеп келетін Белоруссия Кедендік одаққа да ың-шыңсыз кіріп кетті. Осылайша, Лукашенко көршісінің ығынан шыға алмайтынын әу бастан көрсетіп қойған. Ал жаңа жыл келген беттен Белоруссия Ресейден қарызға алатын ақшасының бір бөлігіне қол жеткізіп үлгерді. Ресей кезекті несие беру туралы шешімді 25 желтоқсан күні екі елдің президенттерінің келіссөзінен кейін шығарған екен. 

Белоруссия осы аптада келісілген 2 млрд. АҚШ долларының бастапқы траншын, яғни 450 млн. АҚШ долларын алды. РФ Қаржы министрі Антон Силуанов: «Несие Ресейдің бюджетінен он жылға 4 пайыздық үстемемен беріліп отыр. Белоруссия қарызды 2017 жылдан бастап төлейтін болып келісті», – деді. 

Бұл Мәскеудің Минскіге беріп отырған алғашқы несиесі емес. Бүкіл әлем дүниежүзілік экономикалық дағдарысты бастан кешкен 2008 жылы Ресей Белоруссияға 2 млрд. АҚШ доллар бөлсе, 2011 жылы Минск Ресей бақылауда ұстайтын ЕурАзЭҚ дағдарысқа қарсы қорынан 3 млрд. АҚШ долларын алған болатын. Белоруссия соған қарамастан, Мәскеуден қомақты несие алуға деген ниетін 2012 жылдың соңында тағы білдірген. 

Кейбір мамандар Ресейдің Украинаға қарағанда Белоруссияны сенімді серіктес ретінде санайтынын айтуда. Оның үстіне Белоруссия Ресейдің бірден-бір стратегиялық әскери одақтасы. Оған Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтағы тығыз әріптестікті қосыңыз. Содан шығар, Ресей Белоруссияға көміртегіні де, көгілдір отынды да өте төмен бағамен беріп келеді. Мәселен, Минск газға 1000 текшеметріне 163 доллар төлесе, Украина жеңілдетілген деген бағаның өзімен 260 долларға әрең көндірді. Әрине, бұл Белоруссияның Ресейдің ығынан шықпайтынын анық көрсетсе керек. 

Ал бір айға жалғасқан Украина алаңдарындағы Еуромайдан мемлекетті Еуроодаққа жақындатқыза алмады. Бұған жергілікті ұлтшылдар президент Януковичті кінәлайды. «Ресейден алған 15 млрд. АҚШ доллары мен жеңілдікпен берілетін газ оның аузына құм құйды. Ол бұдан былай Путиннің айтқанымен жүретін болады» деп ашынады олар. Тіпті, кейбір алысты болжайтын саясаттанушылар Еуроодақ табалдырығын 2014 жылы да аттаудың мүмкіндігі тумайтынын жарыса айтуда. Еуропарламент депутаты Павел Коваль: «2014 жыл сайлауалды шараларға арналады. Меніңше, Украинаның Еуроодақ келісіміне қол қою туралы құжатын дайындап, пікірталастарға қатысатын саясаткерлерді көріп тұрғам жоқ. Сондықтан да елдегі президенттік сайлауға дейін Еуроодақпен де, Кедендік одақпен де келісім орнамайды. Әрине, өз басым Украинаның Еуроодақ келісіміне қол қойғанын құптар едім, бірақ бұл жылы да жүзеге аспайды» деген пікірімен бөлісті. 

Бірақ та Украина президенті Яну­ковичтің Ресейден қаржылай көмек ал­ғанына қарамастан, Еуроодақтан үміті бар. Ол жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуроодақ кеңесіне төрағалық етуді қолға алған Грекияның Украина мен ЕО арасындағы әріптестікті нығайта түсетіндігіне бек сенімді. Сонымен, Украина бұл тығырықтан қалай шығады? Бір белгілісі, 2014 жыл да Украинаның халқы үшін саяси күреске толы жыл болатыны анық.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары