ТЫҢ ТҰЖЫРЫМНАН ШЫНАЙЫ ТАРИХ ТУАДЫ

ТЫҢ ТҰЖЫРЫМНАН ШЫНАЙЫ ТАРИХ ТУАДЫ

ТЫҢ ТҰЖЫРЫМНАН  ШЫНАЙЫ ТАРИХ ТУАДЫ
ашық дереккөзі
269

Тарихшы Нұрлан Кенжеахметтің екі жыл бұрын Гумбольдт қорының арнайы шақыруымен Германияға аттанғанын естігенбіз. Сол уақыттан бері ол қазақ тарихына қатысты бірнеше ғылыми жоба жасап, Еуропаның ғылыми ортасын елең еткізді. Ғаламдық деңгейде ой айтып жүрген қазақ ғалымының зерттеу жобалары туралы өз аузынан естуге мүмкіндік туғанын сәттілікке жорыдық. Ғаламтордың бір пайдасы тиген тұсы осы. 

– Екі жыл бұрын Гумбольдт қорының стипендиясына ие болғаныңызды білеміз. Германияда қандай ғылыми жобамен айналысып жүрсіз?

– Гумбольдт жобасының тақырыбы – «Eurasian Historical Geography Reflected in the Geographical Literature and Maps of the Yuan and Ming Dynasties» болатын. Қазақша мағынасы: «Юань және Мин патшалықтары тұсындағы Географиялық әдебиеттер мен карталарда бейнеленген Еуразияның тарихи географиясы». Бұл жоба аясында осы аттас монография жазып шықтым.

– Жобаның тақырыбына сай, Еуразия даласы туралы тарихи-географиялық зерттеу жүргізіпсіз. Бұл зерттеу аясында қандай әдебиеттерді, қай карталарды негізге алдыңыз?

– Негізінен қытайдың Юань (Моңғол Империясының Қытайды билеген патшалығы), Мин патшалықтары тұсында жазып-сызылған әдебиеттер мен карталардан пайдаланып, Жібек Жолының тарихи географиясын зерттедім. Негізгі карта – Каңнидо картасы еді.

– Каңнидо картасы Қытайда сызылған ба?

– Иә, анығы солай. Алайда оның түпнұсқасы жоғалған, 1492 жылғы көшірме нұсқасы Кореяда сызылған, Кореяда сызылған осы нұсқасы да жоғалған. Ал ХХ ғасырдың бас шенінде, Кореядағы нұсқасы негізінде сызылған тағы бір нұсқасы Жапониядан табылды. 1988 жылы тағы бір нұсқа Жапонияның Киото қаласындағы Хонькожи деген бұтханадан шықты. Мен осы Хонькожи нұсқасы бойынша зерттедім.

– Бұл карталарды сізден басқа ғалымдар зерттемеді ме?

– Әрине, зерттеген. Әсіресе, жапон ғалымдары көп зерттеді. Олар көбінесе Каңнидоның шығыс бөлігіне зерттеу жүргізген. Батыс бөлігінің ішінара топонимдерін болжаммен шешті. Ал батыстың бірнеше ғалымдары зерттеді, бірақ олар таныстыру деңгейінен ары бара алмады.

Каңнидоның батыс бөлігінің топонимдері өте күрделі, ондаған жер аттары қытайдың дәстүрлі тарихнамаларында кезігетін Батыс Өңір жер аттарына ұқсамайды. Каңнидоны зерттеушілер аталмыш картаны Еуропаның ортағасырлық Каталан, Фра Мауро карталарымен салыстырып зерттеді. Бірақ нанымды қорытынды шығара алмады. Менің зерттеуім бойынша, Каңнидо картасының батыс бөлігі Араб картасының қытайша аудармасы боп шықты. Араб картасы дегенде ІХ-ХІ ғасырлар аралығында сызылған Араб карталары, мысалы, Идриси, Ибн Хаукал, Хорезими еңбектерінде кезігетін арабша карталарды айтып отырмын. Бұл жаңалық Германиядағы ғылыми ортада зор дүмпу тудырды.

– Сонда Каңнидо картасында қазақ даласындағы жер-су аттары кезіге ме екен?

– Әрине. Картада Каспий теңізі сызылған, аты – Цзюйлюйвань. «Цзюйлюйвань» – Каспий теңізінің парсыша атауы Гилан немесе Киланның қытайша жазылуы. Каспий теңізінің солтүстік-шығысында Хэйшань деген жер аты кезігеді. Хэйшань қытайша «Қаратау» деген мағына береді. Х ғасырдағы парсы авторларының деректерінде қазіргі Маңғыстау өңірі «Сиях-Кух» деп аталды, ол парсыша «Қаратау» деген мағынада. Осы Қаратаудың шығысында Борсық, Жент, Барчынлыкент, Хуара, Отырар, Балаж, Йаңы Тараз, Құланбасы, Тарсакент, Алмалық қалалары сызылған.

– Былтыр қазан айында Алматыда ЮНЕСКО аясында Ұлы Жібек жолына қатысты халықаралық конференция өткен болатын. Осы конференцияға Германиядан белгілі шығыс­танушы ғалым Ральф Кауц келіп қатысып, сіздің Қазақ хандығы туралы ғылыми жаңалықтарыңыз туралы айтқан еді. Сіз Қазақ хандығын 1452 жылы құрылған деп тұжырымдапсыз.

– Иә. 1452 жылы Қазақ хандығын құрушы Жәнібек ханның аты Мин патшалығының орда естеліктерінде кезігеді. Онда Жәнібекті «Өзбек ханы» деп атайды. Сондықтан Қазақ хандығы 1452 жылдан бұрын құрылған деп топшылауға болады.

– Сіз айтып отырған басқа Жәнібек емес пе? Ол қалайша Өзбек ханы аталған?

– Мәселе осында. Қазақ этнонимінің шығу тарихы өте күрделі. Парсы деректеріне сенсек, Қыпшақ даласындағы үш этностың құрамында «өзбек» аты қосарлана жүрген: Қазақ, Маңғыт және Шайбанилер. Оның үстіне Қазақ хандығының құрылған мезгілі күңгірт. Ғалымдардың басым көпшілігі Мұхаммед Хайдар Дулатидің дерегіне сүйеніп, Қазақ хандығы 1465 жылдары шамасында құрылған деп межелейді. Орталық Азияда Темір империясы құрылған тұста, Қытайда Мин патшалығы құрылды. Мин патшалығы этникалық қытайлардан құралған, әлсіз патшалық болғандықтан, жер аумағы Қытай қорғанының ішімен ғана шектелді. Солтүстігіндегі және батысындағы моңғол-түркі тілдес көршілерінен қатты қауіптенді. Сондықтан, көршілерінің қылт еткен қимылдарын қалт жібермей естелікке алып отырды. Орталық Азияға құрлық жолымен елшілер жіберсе, оңтүстіктегі мұхит елдеріне теңіз арқылы барлау отрядтарын жіберіп, одақтас іздеді. Әуелі, 1404 жылы Әмір Темірдің Қытайға жорығын жансыздары арқылы біліп отырды, тек қорғаныс күйінде тұрды. Сол тұста жазылған орда естеліктері ғылымда «Мин шилу» («Мин патшалығының орда естеліктері») деп аталады. Аталған орда естеліктерінде Мин патшалығының құрылған күнінен құлаған күніне дейінгі неше ғасырлық күнделікті оқиғалар хатталған. 1930-1961 жылдары Тайван ғалымдары осы орда естеліктерін реттеп, 180-нен аса томды жинақ етіп баспадан шығарып, ғылыми айналымға енгізді. «Мин шилу» орда естелігінде Орталық Азияның шағын қала мемлекеттерінің аттары да аталады, Шайбанилерді Самарқанд хандары деп атайды. Осыларды оқып отырып, еріксізден Қазақ хандығы қалайша аталмаған деген заңды сұрақ туады.

– «Мин шилу» орда естелігінде қазақ атауы кезікпеді ме?

– Осы жәйт мені қатты мазалады. 1452 жылғы орда естелігінде бағана айтқан Жәнібек хан «асыбе ванн» (Асыбе ханы деген мағынада) деп аталды. Бастапқы кезде мен «Асыбе» сөзінің баламасын таба алмадым, өйткені үшінші иероглиф – «бе» қазіргі қытай тілінде «це» деп оқылады. Яғни, «Асыбе» сөзін «Асыце» деп оқуға да болады. 1530 жылдардағы орда естелігінде Эцзибе Хасинь деген мемлекет пайда болады. Аталған мемлекет кейде «Эцзибе» деп аталса, кейде «Хасинь» деп те аталады. Құрамындағы «бе» иероглифі жаңағы «бе» иероглифімен ұқсас, қазіргі қытай тілінде «це» деп оқылады. Ортағасырлық қытай тілінің фонологиясында «це» иероглифінің «бе» болып оқылатыны туралы айғақ таптым. Қазірде Ганьсу өлкесіндегі Дүнгендер орналасқан өңірлерде құрамында «це» иероглифі бар жер-су аттары кезігеді, тұрғылықты халықтар осы иероглифті «бе» деп оқитын боп шықты. Мин патшалығы тұсында жазылған шағатайша-қытайша, парысша-қытайша сөздіктерде осы «це» иероглифі түрікше «бек» дыбысының баламасы ретінде хатталды. Сонымен, мен жоғарыдағы этнонимдерді Өзбек-Қазақ деп жаңғырттым, өйткені Мин патшалығы тұсында жазылған тағы бір тарихи еңбек – «Шуюй чжоуцзылу» («Төңіректегі Елдер Туралы») кітабында Эцзибе-Хасин елі туралы өте анық түсінік берілген: Эцзибе дегеніміз – Хасинь, Хасинь дегеніміз – Самарқандтың солтүстігінде таулы өлкеде мекендейтін ұлыс. Естуімізше, олар жартылай татар екен.

Қытайлардың Шыңғыс ұр­пақтарын «татар» деп атағаны белгілі, ендеше, «жартылай татар» деп қазақ хандарын айтып отырғанында дау жоқ. Қазақ хандығы Мин патшалығы деректерінде алғашында «Өзбек», одан соң «Өзбек-Қазақ», немесе жайғана «Қазақ» деп, яғни, түрліше аталған.

– Ралф Кауцтың айтуы бойынша, осы жаңалығыңыз туралы, яғни Қазақ хандығы туралы мақала жазыпсыз, ол қайда жарияланды?

– Бұл зерттеуім бойынша ағыл­шын тілінде мақала жаздым. «The Qazaq Khanate as documented in the of the Ming Dynasty Sources», яғни қазақша аудармасы: «Мин патшалығы құжаттарында хатталған Қазақ Хандығы» деген мақалам «Crossroads: Studies on the History of Exchange Relations in the East Asian World» атты журналда жарық көрді.

– Сіздің жаңалығыңыз қазақ халқы тарихын зерделеуге үлкен үлес қосатын шығар. Кезінде француз синологі Поль Пеллио Қазақ хандығы қытай деректерінде алғаш рет 1750 жылдары Хасакэ деген атпен кезігеді деп дәлелдеген еді. Сіз қазақ этнонимінің қытай деректерінде тұңғыш айтылатын дерегін 300 жылдай ары жылжытыпсыз. 

– Тарих ғылымы – ғылымилығы өте қатаң сала. Егер теріс тұжырым жасасаң, жас буындарға қате түсінік беріп қана қоймай, ғылымда бар абыройдан жұрдай болу қаупі жоғары. Тарихты қолдан жасауға болмайды. Оған жан-жақты дайындықпен бару керек. Жаңағы айтылған мақаламда мен Қазақ хандығының шаңырақ көтерген өңірі мен алғашқы астанасы туралы да көзқарастарымды ортаға салдым. Қазақ хандығы Қасым хан тұсында барынша гүлденіп, көркейді. Тарихшылардың көбі Қасым ханның қысқы ордасы Қаратал деген жерді қазіргі Талдықорған түбіндегі Қаратал деп мойындайды. Шын мәнінде, Қаратал парсы деректерінде кезігетін «Қара-абдал» деген жер, ол – Сығанақтың маңында, Сыр бойында. Қазақ хандығының шаңырақ көтерген өңірін Сыр бойынан, Қыпшақ даласынан іздеу керек. Өйткені сол тұстағы Орталық Азияның саяси жағдайы, мемлекеттер шекарасы Қазақ хандығының туын Жетісу өңірінде тігуге мүмкіндік бермеді: Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында Моғолстанның батыс шекарасы Ташкентке дейін жеткен еді; шығыстағы Қалмақтар күшіне еніп отырған.

– Сіз сияқты Гумбольдт қо­рының стипендиясына ие болған он шақты қазақ ғалымы бар екен, бірақ олардың көбі жаратылыс ғылымдары саласынан. Тіпті, Гумбольдт қорының жанында Қазақстан клубы бар, осы клубпен байланысыңыз бар ма?

– Гумбольдт қорының жанында Қазақстан клубы бар екенін естігем, бірақ байланысым жоқ. Бәлкім, елге қайтқанда байланыс жасармын.

– Елге қашан ораласыз?

– Гумбольдттағы ғылыми жобам осы айда аяқталуы тиіс. Осында жүріп Қазақ хандығы туралы тың зерттеу жобасын дайындадым, оның тақырыбы «The Qazaq Khanate, Shaybanids and Moghulistan in the Ming Dynasty sources» (1452-1570). Қазақшалағанда, «Мин патшалығы деректемелеріндегі Қазақ Хандығы, Шайбанилер және Моғолстан» (1452-1570) деп аталады. Енді осы жобаны Германиядағы Герда Хенкел фонды қаржыландыратын болды. Осы ғылыми жоба туралы монография жазылмақ, сондықтан Германияда тағы бірер жыл аялдауға тура келер.

– Қайда жүрсеңіз де, қазақ тарих ғылымын дамыта беріңіз. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан  Көлбай ЖЕҢІС

Серіктес жаңалықтары