ХАҚ ПЕН ХАЛЫҚ МАҚТАҒАН

ХАҚ ПЕН ХАЛЫҚ МАҚТАҒАН

ХАҚ ПЕН  ХАЛЫҚ МАҚТАҒАН
ашық дереккөзі
383

Алла Тағаланың мақтаулы құлы, елшісі, адамзаттың екі дүниедегі шапағатшысы Мұхаммед салаллаһу аләйһи уә сәллам – милади 571 жылы рәбиғул-әууәл айының он екісі, дүйсенбінің сәресі мезгілінде дүниеге келді.

Мұхаммедті (с.а.с.) жаһанға Рақым қылып жіберген Алла Тағалаға сансыз мадақ, шүкір айтамыз.

Ардақты пайғамбарымыздың анасы – Әмина, әкесі – Абдуллаһ. Осы аяулы ата-анаға, расулаллаһқа, оның пәк отбасына абзал салауаттар болсын! Айтулы мереке, яғни, мәуліт ән-Нәби қазіргі күнтізбе бойынша қаңтардың 12-сінен 13-іне (жексенбіден-дүйсенбіге) қараған түнге сәйкес келіп тұр.

Пайғамбарымыз туған мүбарак айы оның өшпес ізін, өнегелі өмірін, қалдырған ілімін ұрпаққа жеткізу, санасына сіңіру мақсатында тойланады.

Біз пайғамбарымызды жүрекпен жақсы көруіміз керек. Бұлай істемейінше толық иман келтірмейміз.

Мәулітті алғаш рет Салах ад-Диннің күйеу баласы Мұзаффар ад-Дин жоғарғы Месопатамиядағы Ирбил қаласында 1207 жылы ұйымдастырған. Бірақ бидғатшылар бұл мерекеге қарсы шыққан. «Олар «пайғамбарымыз мұны істемеген» деп уәж айтқан. Шындығында әрбір айтылған нәрсеге дәлел қажет. Мәулітті тойламаңдар, немесе міндетті түрде тойлаңдар деген нақты қағида жоқ.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Кім маған салауат айтуды ұмытса, ол жәннатқа барар жолдан адасады», – деді. Ал мәуліт болса, салауат пен ғибратты уағыздар айтылатын, пайғамбарымыздың өнегелі өмірі насихатталатын мереке.

Имам Ахмет риуаят еткен хадисте: «Мұсылман жақсы көрген нәрсе – Алланың алдында да жақсы!», – делінген. Хасан әл-Басри: «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны пайғамбарымыздың мәулітін оқытуға жұмсар едім», – десе, Жунәйд әл-Басри: «Кімде кім пайғамбардың (с.а.с.) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол адам шынында да иманды», – дейді. Тағы сол сияқты ой-пікірлерді негізге ала отырып, мұсылмандар мерейлі Мәуліт мерекесін барынша атап өтіп, жақсы жаңалықтың жаршысына айналуда.

Пайғамбарымыздың ерен ерекше­лік­терінің бірі – дүниеге кіндігі кесіліп, әрі сүндеттеліп келуі, екі жауырынының ортасында нәби-пайғамбарлық нышанның болуы. Хатами нүбууәт белгі-мөрдің көрінуі Оның (с.а.с.) ақырзаман пайғамбары екендігіне дәлел еді.

Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар дүниеге келген түні таң-тамаша түрлі оқиғалар жүзеге асқан. Мәселен, ерекше бір жұлдыз туған, Медайиндегі Кисра сарайындағы тірек-бағандар, Қағба маңындағы пұттар құлап, мәжусилердің мыңдаған жылғы жанып тұрған оты сөніп қалған, т.б.

Айта берсе, ол түнгі шексіз қуанышта да, әлдебіреулердің үрей-қорқынышында да үлкен хикмет бар-тын. Ол даналықтың ғасырдан ғасырға ғажайып ұласып жатқандығын көз көріп, құлақ естуде бүгін.

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) нұры дүниеге келмей тұрып түп-тұқияннан бері ата-бабаларының бойында сақталып, бірінен біріне өтіп отырған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеге келерде әуелде әкесі Абдуллаһтың, артынша анасы Әминаның маңдайында жарқырап, содан соң Өзіне (с.а.с.) көшкен еді. Сол Нұрдың күллі әлемге кеңінен тарап кеткеніне, оның екі дүниеде де шұғыла боп тұра беретініне көз жетуде.

Мұқым мақлұққа көркем мінез-құлықтың өнегесін көрсеткен Мұхаммед (с.а.с.) адамзат ішіндегі теңдесі жоқ кемел ақыл-ойдың иесі-тұғын.

Қасиетті Құран кітабымызда: «Алла Расулінің бойында сендерге үлгі керемет қасиеттер бар» («Ахзаб» сүресі, 4-аят), – дей отырып, Одан өнеге алуға шақырады.

Мәуліттің тағылымы ретінде Хақ пен халық мақтаған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) Қоштасу хұтбасын ұсынуды жөн көрдік.

Қоштасу хұтбасы

Ей, адамдар!

Айтқаныма зер салыңдар. Бәлкім биылдан соң сендермен бұл жерде жүздеспейтін шығармын. 

Халайық!

Бүгінгі күн, осы ай, мынау қала (Мекке) – қаншалықты қасиетті болса, мал-жандарың, ар-намыстарыңыз да соншалық қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған.

Уа, асхабым!

Раббыларыңмен қауышатындықтарың хақ және осы дүниедегі бүкіл амал-әрекеттеріңіз үшін жауап беретіндеріңді де біліңдер. Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырып, бір-біріңнің қандарыңызды жүктеуші болмаңыздар. Осы өсиетімді естігендер – естімегендерге жеткізсін. Бәлкім естімеген адам бұл жерде менің осы сөздеріме куә болып естіген адамнан да жақсы түсініп, жадында сақтауы мүмкін. 

Уа, асхабым!

Қолдарыңда әлдебіреудің аманаты болса, қылдай қиянат жасамай, басы бүтін иесіне табыстасын. Пайыздық өсімнің барлық түріне тыйым салынды. Тек нақты қарызды қайтарғанда басқаға зұлымдық жасамайсыңдар, әрі өздерің де зұлымдық көрмейсіңдер.

Алланың әмірімен бұдан былай өсіммен пайда табуға тыйым салынды. Надандық кезеңінен қалған бұл әдет жойылсын. Алғашқы болып өз туысым Аббастың өсімі жойылғанын айтпақпын.

Уа, халқым!

Қан дауына да осы жерде нүкте қойылды. Бірінші болып атам Әбдімүтәліптің немересі, немере ағайыным Рәбианың қан дауын жойдым. 

Уа, жарандар!

Бүгін шайтан сендердің осы жерлеріңе қайтадан әсер ету және өзіне бағындыру күнінен мәңгілікке айырылды. Бірақ менің тыйған нәрселерімнен тыс өздеріңнің болмашы деп санаған нәрселеріңде оған ерсеңдер, бұның өзі оны қуантады. Діндеріңді қорғау үшін бұдан да сақ болыңдар!

Уа, адамдар!

Әйелдердің ақысын аяқ асты етпеңіздер. Алладан қорқыңдар! Әйелдеріңді Алланың аманаты ретінде әрі нәзік жаратылыс иесінің ар-намысын қорғауға Алла атымен сөз беріп, адал жар ретінде алыңдар. Сендердің – әйелдеріңнің алдында, әйелдеріңнің – сендердің алдарыңда хақысы бар. Сендер одан некелі төсекті былғамауды талап етуге құқылысыңдар. Сендердің қаламаған адамдарыңды үйлеріңе кіргізсе, әйелдеріңді шектен шықпай жөнге сала аласыңдар. Әйелдің ақысын өтеуге міндеттісіңдер, яғни, олардың ішіп-жемін, киім кешегін қамтамасыз ету сендердің міндеттерің. 

Уа, мұсылман!

Сендерге киелі аманат тастап барамын, соны толық ұстасаңдар ешқашан адаспайсыңдар. Ол аманат – қасиетті Құран.

Уа, мұсылмандар!

Сөзіме құлақ салып зерделеңдер! Мұсылман-мұсылманға бауыр. Бір-біріңе діндес бауырсыңдар. Олардың ақысын жемеңіздер!

Уа, асхабым!

Тіпті өз-өздеріңізге де зұлымдық жасамаңыздар, оның да сұрауы бар.

Уа, адамдар!

Алла – жалғыз, бәріміз – Адам атаның ұрпағымыз. Адам (а.с.) – топырақтан жаратылған.

Алла Тағаланың назарында құрметке лайықты адам – Одан ең көп қорқатын адам. Арабтың – араб емеске үстемдігі жоқ. Адамдар бір-бірінен тақуалықтарына қарай үстем болады.

Уа, жамағат! Мен туралы сауалға жауаптарың не болмақ?

Барша жиналғандар бірауыздан: «Сен Алланың елшісің. Бізге өсиет айттың, міндетіңді адал атқарғаныңа куәміз», – деді.

Пайғамбарымыз оң қолының мүбәрак сұқ саусағымен жамағатын нұсқап айтты:

«Куә бол, уа Раббым! Куә бол, уа Раббым! Куә бол, уа Раббым!»

Мәуліт ән-Нәби мүбарак болсын!

Күлпара Жұмағали 

Серіктес жаңалықтары