ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЕНЕУНІК

ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЕНЕУНІК

ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЕНЕУНІК
ашық дереккөзі
304

Көкшетау қаласының 21 жас­тағы тұрғыны Айгүл Изахметова тарапынан түскен арызда бастығы ішіп алып, өзіне қол жұмсағанын айтып, шағымданыпты. Құзырлы органдардың тексеруі нәтижесінде анықталғаны, ҚР Өңірлік даму министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің Ақмола облысы бойынша аумақтық жер инспекциясы басшысы Қайрат Бақберген ішімдік ішіп алып, хатшысына қол көтерген. Қатты соққыдан оның миы шайқалып, мұрнына зақым келіпті. 

Шенеуніктің шектен шыққан бұл қылығына қынжылған вице-премьер Бақытжан Сағынтаев ол мемлекеттік қызметте жұмыс істемеуі керек деді: «Қарамағыңдағы қызметкерлеріңе айғайлап, дегеніңе жете алмайсың. Ондай мемлекеттік қызметшілерге, жетекшілерге рингте жұмыс істеген жөн». Ал ҚР Аймақтық даму министрі Б.Жәмішев: «Мен қылмыстық немесе әкімшілік іс болса да, барлық шаралар қолға алынсын деген тиісті тапсырма бердім. Мән-жай анықталады. Ол кінәсін мойындаған жағдайда, жұмыстан шығаруға дейінгі ең қатал жаза қолданылады», – деді.

Қоғамда қызу пікірталас тудырған осы оқиғадан кейін Тәртіптік кеңесте мәселесі сырттай қаралған Қ.Бақберген жұмыстан шығарылды. Қазір оның қайда екені белгісіз. Әлгі оқиғадан кейін жұмысқа да шықпапты. Бұл мемлекеттік қызметті асыра пайдалануға құмар кейбір шенеуніктерге сабақ болса, игі.

Бір қызығы, былтыр жаппай аттестациядан өтіп, алашапқын болған мемлекеттік қызметкерлердің арасында сынақтан кейін де жемқорлыққа ұрынған, кәсіби біліктілігі төмен екені анықталған, тәртіп бұзғандары азайған жоқ. Сірә, бұл Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік басшысы Әлихан Байменовтің бас қатыратын шаруасы болатын шығар биыл да. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары