ЖЫЛАН ҚҰЙРЫҒЫМЕН СОҒАДЫ, АЛ ЖЫЛҚЫ ШЕ?

ЖЫЛАН ҚҰЙРЫҒЫМЕН СОҒАДЫ, АЛ ЖЫЛҚЫ ШЕ?

ЖЫЛАН ҚҰЙРЫҒЫМЕН СОҒАДЫ,  АЛ ЖЫЛҚЫ ШЕ?
ашық дереккөзі
176

Сонымен күнтізбе бойынша, Жылан жылымен қоштасып, Жылқы жылын қарсы алып та үлгердік. Алайда, ай күнтізбесі Жылқы жылы әлі кірмегендігін айтады. «Жылан құйрығымен соғады» дейтіндер әлі жыл басына дейін екі ай бар, Жылан жылының соңы қатты болуы да мүмкін деген болжам айтуда. 

Дегенмен, күнтізбе бойынша жаңа 2014 жылды қарсы ала отырып, «өткен жыл несімен есте қалды, келер жыл Қазақ үшін қандай болмақ?» деген сауалдың еріксіз көлденеңдейтіні анық. 


КЕДЕНДІК ОДАҚТАН ШИ ШЫҚТЫ


df8df245d679a0113f55c6fbcf1ae0b5.png

2014 жыл – Кедендік одаққа мүше елдер үшін шешуші жыл болатыны анық. Өйткені биыл Еуразиялық экономикалық одақтың алғышарттары пісіп жетіліп, келесі жылы Кедендік одақ құрылымы Еуразиялық экономикалық одақ ретінде жасақталуы тиіс. Алайда, Кедендік одақтан пайдадан гөрі зиян шегіп отырған қазақ қоғамы бұл қадамға бара қоюы екіталай. Оған жыл соңындағы Елбасының Мәскеудегі Кеден Одағына мүше елдердің экономикалық қарым-қатынасын үйлестіруші кеңесіндегі сөйлеген сөзі куә. Ресей, Қазақстан мен Беларусь президенттері 2015 жылдан бастап Еуразия экономикалық одағын құруға бағытталған келісім-шарттардың бір бөлігін мақұлдаған еді. «Бұл туралы айтқанбыз, қайталай бергім келмейді, құратын одағымызды сая­силандыра алмаймыз. Шекара қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс пен қауіпсіздік жүйесі, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және азаматтық, әкімшілік, қылмыстық іс­тер бойынша құқықтық кө­мек беру экономикалық ин­тег­рацияға жатпайды», – деп мәлім­де­ді президент Назарбаев.


ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА


c915bad357628e2b9cf8d4c700cee80a.jpg

Былтыр әлеуметтің көңіліне күмән ұялатқан шулы мәселенің бірі – зейнетақы реформасы болды. Тіпті осы салаға жаңадан келген министр Серік Әбеновтің министрлік тағын тастауына да түрткі болды. Қоғамның қатты қарсылығына ұшыраған заң жобасына нүкте қойған да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Нәтижесінде 2018 жылдан бастап, әрбір алты ай сайын әйелдердің зейнет жасы ұлғая беруі мүмкін.

Екіншіден, зейнетақы қорлары бір орталықа біріктірілді. Бүгінде зейнетақы қорларына өз қаржысын сақтап отырған ағайынның көңілі тағы күпті. Өйткені зейнет жасына жеткен cоң, өзінің жылдар бойы тірнектеп жинаған қаржысына қол жеткізу-жеткізбеуі неғайбыл. 

Талғат Мұсабаев: «Байқоңыр – Ресейдің ішкі ісі»


12c47bb291e0d982e5c6efc8670a0cef.jpg

Қазақ даласында Ресейдің қаншама жасырын полигоны жұмыс істейді, оның үстіне тек Байқоңырдың бір өзінен келетін зардап – қазақ ауылдарына індет болып тиюде. Онымен қоймай былтыр шілденің 2-сі күнгі «Протон-М» зымыран та­сы­ғышының апатқа ұшырауы, онсыз да улы гептилге уланып отырған ауылдарды тұралатып тастады. Ең өкініштісі сол, қазақ елінің осы мәселеде өз құқығын қорғай алмауы, халқының денсаулығы мен болашағына келген зиянды әшкерелеуге пәрменсіздігі болып шықты. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров Бай­қоңырдың Ресейге жалға бе­ріл­гені салдарынан, Қазақстан тарапынан онда арнайы комиссия жіберіп, «Протон-М» апатынан келген зиянды тексеруге құқы жоқтығын мәлім етті. Тағы бір мәселе – «Протон-М» зымыран тасығышының қазақ даласына әкел­ген зияны үшін төленетін өтемақыны Қазақстан 13 690 747 305 теңге, яғни 90 миллион долларға ба­ға­лады. Алайда, Ресей бұл соманы төлей қоюға құлықты емес. Қа­зақ қоғамы, әсіресе байқоңырлық белсенділер бұдан кейін Байқоңыр аспанына улы гептилмен ұшатын «Протон-М» зымыран тасығышына тыйым салу мәселесін көтерді. Тіпті, Байқоңырда наразылық акцияларын ұйымдастыруды да қолға алды. Алайда жергілікті билік қоғам белсенділерінің бұл қадамына қолдау білдірмеді. Сөйтіп олар рұқсат етілмеген шеруге шыға алмады. Нәтижесінде жыл соңына дейін тағы бірнеше «Протон-М» ұшырылды. Ал, жыл соңында Астанадағы Орталық коммуникациялар үйінде есеп беруге келген Ұлттық «Қазғарыш» агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков «Протондар» Байқоңыр аспанынан, қазақ даласынан әлі де 10 жыл бойына ұшырылатындығын мәлім еткен. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «Байқоңыр – Ресейдің ішкі ісі» деп айды аспанға бір шығарғаны тағы бар. Сөйтіп қазақ ғасырлар бойы боданында болған метрополия Ресейдің алдында тағы да саяси ұпайынан айрылды. 


ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛУІ ҚИЫНДАЙ ТҮСТІ


8c8c5d7280fc075642622a1623c3ea0f.jpg

2012-2013 жылдары негізгі тенденция Қазақстанға шеттен қазақтың келуіне кедергі келтіретін заңдар мен Қаулыларды қабылдау болды. Қазір шетелден келетін этникалық қазақтардың көбі ҚР азаматтығын қабылдау үшін тұрақты тіркеуге тұра алмай әуре-сарсаңға түсуде. Енді бұған жығылған үстіне жұдырық болып, «Еңбек мигранттары» туралы заңның қабылдануымен 20 жыл бойы қазақтың тұралаған демографиясына дем берген, 1 миллиондай қазақпен халықтың санын көбейткен қазақ көші тоқтады деуге де болады. 2012 жылы қабылданған «ҚР Азаматтығы туралы» заңда әрбір оралманның келген елінің азаматтығынан шығып келгендігі туралы анықтаманы талап ететін бап еніп кеткен еді. Алайда қоғамдық белсенділердің танбай айтуының арқасында билік аталған заңдағы бұл бапты өзгертуге мәжбүр болған. Сөйтіп Елбасының арнайы Қаулысымен жоғарыдағы баптың этникалық қазақтарға қатысы жоқ деген сөйлем енген еді. Ал, Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың бастамасымен дайындалған «Еңбек мигранттары» туралы заң бойынша әуелі оралмандардың азаматтық алуын 5 жылға дейін созу ұсынылса, депутаттардың және қоғамдық пікірдің талқысынан кейін оны 4 жылмен айырбастады. Жұрт Елбасынан үміт күткенімен, заң қабылданып кетті. Осы заңның қабылдануымен, биылдан бастап, «оралман» деген түсінік те жойылмақ. Яғни, этникалық қазақтар «оралман» куәлігіне ие болуы арқылы, біршама әлеуметтік жеңілдіктерге ие болатын еді. Айталық, жұмысқа тұруда, зей­нет­ақы рәсімдеуде және балалардың төлемақысы мен түрлі өтемақылар алуда бұл куәліктің берері мол болған. Өкінішке қарай, «оралман» ұғымының жойылуымен, бұл құжаттың да берілуі тоқ­та­тылады. Демек, этникалық қазақтар үшін қарастырылып келген жеңіл­дік­тердің барлығы күшін жояды да, олар өзге кез келген шетелдікпен теңестірілді. Дегенмен, қоғамдық белсенділер бұл заңның да қайта қаралуын көздеп отырғандарын айтады. 

АЛМАТЫ БАРАХОЛКАСЫН ӨРТ ШАРПЫДЫ


5d9c661ba7cdaa11834b460b767185ff.jpg

Баспасөзде аса көп талқыланған тақырыптардың бірі – Алматы барахолкасы. Барахолка, бір емес, бірнеше рет өртке оранды. Астанада Орталық коммуникациялар үйінде есеп берген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Алматы «Барахолкасын» сүруге Астанада отырған ықпалды шенеуніктердің қатысы бар екендігін айтып, егер олар бөгет жасауларын тоқтатпаса, аттарын айтамын деп қоқан-лоқы да көрсеткен болатын. Кейін көп ұзамай «Барахолкада» екі бірдей алапат өрт болды. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегі бойынша, өрт аумағы 5,4 мың шаршы метр болған. Екінші ірі өрттен кейін, ондағы саудагерлер де еріксіз жылы орнын суытуға мойынсұнып, «Өжетте» ашылған жаңа базарға көше бастады. Әкімшілік өз кезегінде жаңа базардың жобалық-сметасын дайындап көпшілікке ұсынды. Алайда, Есімов барахолканы сүріп тастауға бөгет болып отырған астаналық дөкейлер жайында жұмған аузын ашқан жоқ. Кейбір ақпарат құралдары жыл соңында әкімге сұрау салып, Ахметжан Есімовтің кімнің атын жасырып отырғанын білгісі келгенімен, жауап ала алмады. Сонымен, биылғы жылдың негізгі жаңалықтарының бірі – жаңа базардың салынуы болуы да ғажап емес. 

Астана қаласында халық ал­дын­да есеп берген Ахметжан Есімов өзінің жеке пәтерінің жоқ екендігін, әйелінің қолында тұратындығын паш еткен еді. Қоғамда бұл мәлімдеме де ұзақ талқыланды. 


РЕСЕЙ ПОЛИГОНДАРЫ – БАРШАНЫҢ НАЗАРЫНДА


8ebb9a39589c55cf94ef1ab367421e31.jpg

Кейбір саясаттанушылар был­тырғы жылдың басты оқиға­ла­рының бірі ретінде – қазақ ұлтшылдарының белсенділігінің артқандығын атайды. Сары ала күзде Мұхтар Шаханов бастаған Қазақ ұлтшыларының құрылтайы өтті. Алайда, құрылтайға өзін ұлтшыл санайтын белсенділердің көбі ат басын бұрмады. Оның себебін әркім әртүрлі саққа жүгіртті. 

Есесіне, ұлтшылдар мемлекеттік тілде қызмет етуін талап еткені үшін басбұзарлық деген айыппен үш күнге сотталған Жарылқап Қалыбайдың ісінде ауызбіршілік таныта білді. Сол секілді улы гептилмен уланған Байқоңыр даласы мен Қазақстандағы Ресей полигондарының зардаптары жайлы мәселелер де үнемі қоғам назарында болды. 


ТАРИХИ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ҚАУЗАУ ТОҚТАП ҚАЛДЫ


c090341270211361711d7106cc2a4568.jpg

Жыл ортасында мемлекеттік хатшы Марат Тәжин тарихи тақырыптарды қайта қарап, оған саяси баға беру мәселесін көтерді. Алғашында бүкіл тарих институттары, тарихшылар, ақпарат құралдары осы бір жақсы бастаманы үдере көтеріп, қолдап әкетті. Тарихи тақырыптар қайтадан көтеріліп, тарихқа баға берудің және оны ұлттық мүдде тұрғысынан қайта жазудың үлгілері ұсынылды. Соның екпіні болуы керек, Көкшетауда Абылайханның 300 жылдығы кеңінен аталып өтті. Үш жүздің баласына сауын айтылып, ұлы ханды ұлықтау ісі қолға алынды. Бірақ, белгісіз себептерден тарихи тақырыптарды қопару жайлы игі іс жол ортасына жетпей тоқтатылды. Кейбір бейресми дерек көздері жоғарыдан тарихи мәселелерді қайта қозғауға тыйым салған жасырын нұсқау берілген дейді. Тіпті кейбір тарихшылардың тарих оқулықтарын, тарихи әдебиеттерді Ресеймен бірлесе жазатын болдық деп сүйінші сұрауының астарында, ТМД мемлекеттеріндегі тарихи еңбектерге шүйлігіп, онда патшалық Ресей мен советтік Ресейдің беделіне нұқсан келтіретін деректердің болуына наразылық танытып жүрген Путин әкімшілігінің ықпалы болды ма деген ойдың қылтиғаны рас. Сөйтіп, әдемі басталған үрдістің орта жолдан келте қайрылғаны өкіндіреді. 


КӨП ЖУРНАЛИСТ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ


Былтыр оқырманды елең еткізген тағы бір оқиға – қазақ газеттерінің біразының қағаздағы нұсқасының жабылып, электронды нұсқаға көшуі. Айталық, біраз жыл оқырманның көзайымына айналған – «Алаш айнасы», «Дала мен қала» және «Нұр Астана» газеттері қаншама оқырманына қарамастан, электронды басылымға айналып шыға келді. Біріншіден, бұл оқиға – газет иелері және қызметкерлерінің өзін қуантпады. Өйткені біраз журналист жұмыссыз қалды. Екіншіден, онсыз да аз қазақ газеттерінің біртіндеп жабыла бастауы – қалың оқырман көпшіліктің көңілінен шықпады. Өйткені қандай ақпарат құралы болса да, әр газеттің өз оқырманы қалыптасып үлгергені ақиқат. Тағы бір ақиқат – қазақ оқырманының басым көпшілігінің ауылда жатуы. Ал ауылға интернет жетті ме? Жоқ. Ауылдағылар интернетке тек мобильді телефон арқылы енетін мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Оның өзінде байланыс мүмкіндігі тым төмен. Олардың ақпараттық тех­но­логиялық сауаты әлі де төмен. Ендеше, газеттерді электронды нұсқаға көшіру арқылы, қазақ оқыр­манын көбейтеміз деу – асығыстық және әбестік секілді. 

20 мыңдық банкноттар қайда?


Марченко мырза Ұлттық банкінің төрағасы қызметін атқарып тұрған кезінде, 20 мың теңгелік банкноттардың жасалып жатқанын және көп ұзамай айналымға түсетінін мәлімдеген еді. Алайда оның орнын алмастырған Қайрат Келімбетов мырза 20 мың теңгелік банкноттардың айналымға енуі, инфляцияның жаңа тасқынын әкеледі деген желеумен оның айналымға енуіне тыйым салып отыр. Қазақстандық 20 мың теңгелік номиналдар швейцариялық LandQart фирмасында жасалған. Бұл фирма 2009 жылы Durasaf технологиясын ойлап тапқан еді. Ол технология бойынша жасалған купюралар әлемде ең сенімді купюра болады екен. Алайда бұл технология – әлемде өте қымбат технологиялардың бірі болып саналады. 2009 жылдан бері оған тапсырыс беретін мемлекет табылмапты. Өйткені ондай ірі қаржыны ұлттық валюта жасау мақсатында жұмсай қоятын ел болмапты. Дегенмен, ақшаны оңды-солды шашып үйренген Қазақстан аталған компанияның алғашқы клиенттерінің бірі болған. Алматы монета фабрикасының швейцариялық фирмаға 2,5 миллиард теңге аударып жасатқан 20 мың теңгелік банкноттардың айналымға енбеуі – Қазақстанның қазынасына ғана емес, сонымен бірге, Алматы монета фабрикасының абыройына нұқсан келтірмек. Өйткені бұдан былай оның тапсырыстарын қабылдай қоятын фирма табылуы екіталай. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары