АШТЫҚ ТАУҚЫМЕТІ

АШТЫҚ ТАУҚЫМЕТІ

АШТЫҚ  ТАУҚЫМЕТІ
ашық дереккөзі
500

Тәуелсіздік кезеңіне дейін халқымыздың басынан өткен талай нәубет – зобалаңның ішінде Қазақ даласын түгел қамтыған 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың орны бөлек. Кейбір ғалымдардың пікірінше, ұлтымызды ойсыратқан ашаршылықтың демографиялық, экономикалық зардаптарынан айығуға жарты ғасырға жуық уақыт қажет болыпты. Оның әлеуметтік, интеллектуалдық өркендеуімізге тигізген зиянын шамалаудың өзі қиын. Бүгінге дейін ашаршылық туралы көптеген тарихнамалық,дерекнамалық зерттеулер жүргізіліп, жүздеген мақала жарық көріп,ондаған ғылыми диссертациялар қорғалды.

8dcf7f1be8cca7cc3467e28568603370.jpg

Осынау жасанды қасіреттің бастауында кеңестік биліктің байларды тап ретінде жою саясаты тұрғаны тарихи ақиқат. Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулысы аталған жұмысты Қазақстанда жаппай жүзеге асыруға мұрындық болған еді. Бастапқыда тәркілеуге ірі байлар, кейіннен орта шаруалар, ауқаттылар ұшырағаны белгілі. Ұжымдастыру науқаны кезінде төрт түлік малы мемлекеттік меншікке айналуы себепті негізгі күнкөріс көзінен айрылған халықтың ашыға бастауы заңды құбылыс болатын. 1929 жылы елімізде қойдың саны 21 млн. 943 мың болса,1933 жылы содан 1 млн. 727 мың бас қана қалғаны, соңын нағыз дәлеліндей. Өкінішке қарай, ашаршылық салдарынан құрбан болғандар саны туралы әлі ортақ тұжырым болмай отыр. Шетелдік зерттеушілердің есебі бойынша олардың саны 860 мың мен 2 млн. адам аралығында, отандық ғалымдардың пайымдауынша, бұл көрсеткіш – 1,5 млн. мен 3 млн. адам шамасында. Шетел асқан қандастарымыздың саны – 600 мыңнан 1 млн. 400 мың адамға дейін ауытқиды. Қоғам және оның сапалық дамуы үшін әрбір адамның өмірі қымбат, адами капиталдың маңызы зор. Олай болса, халқымыздың басынан өткерген зұлматы мен моральдық күйзелісінің шынайы өлшемі қандай деген сұрақ зерделі қауымның көкейінде тұрары анық. Біздіңше, адам шығындарын нақтылап қоя салу аталған ауқымды проблеманы шешудің жалғыз жолы емес. Аштық 5 млн-дай адамын жалмаған Украинаның осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарғанын да білеміз. 

3a8b7e7043f6848cc0eae3a12b619303.jpg

Тарихымыздың қаралы парағы –ашаршылықтың тауқыметі ешбір әулетті айналып өтпегені хақ. Осы тұрғыда тек өзімнің естігендерімді оқырман қауымға, әсіресе, жас өскінге ұсынуды жөн көрдім. 

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары біздің отбасы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданының «Іңкәрдария» кеңшарында тұрды. Бірде сол өңірдің байырғы тұрғыны еңбек ардагері Дабысов Жұмабектің: «Ашаршылық кезеңі менің бозбала шағыммен тұспа тұс келді. Кезінде ауыз толтырып май асаған ауылдастарымызбен бірге, басқа салғасын, тасбақаның етін жеуге мәжбүр болдық.Кейіннен, құрып бара жатқанын сезгендей, олардың өзі Қызылқұмның қиян түкпіріне іздеп барсақ та таптырмай кетті ғой… Қиын күндерді енді ешкімнің басына бермесін», – деп торыға айтқан әңгімесіне куә болғаным бар. 

Анам Шәмшия Жүсіп­бек­қы­зының(1929-2006 жж.) естелігі: «Біздің отбасы 1933 жылға дейін Жалағаш ауданының жерінде тұрды. Үйде 3 қыз бала болдық. Үлкен екеуі (5 және 7 жастағы) ашаршылық салдарынан көз жұмған соң, жылы-жұмсағын менің аузыма тосқан анам Нәзтай Қызылорда қаласына көшті. Теміржол вокзалы маңайында тұрып, зұлматтан аман қалдық». Анамның тағы бір әңгімесі: «1947 жылдың аяғында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданы «Жаңа өріс» ауылында (қазіргі Сырдария ауданының «Ақжарма» ауылының жері) тұратын әкең Әбдімен көңіліміз жарасып, отының басына келін болып түстім. Басқа ортаны тосырқап, үйренісе алмай жүрген кезімде орта жастағы бір көрші әйел мені өзіне тартып, үнемі ақыл-кеңесін айтып жүретін. Нәтижесінде екеуміз тонның ішкі бауындай жақындаса түстік. Сол тұста ешкімге тіс жармауымды өтініп, басынан өткен қасіретті сырды, көз жасын төге отыра, айтып берген еді. Әңгімесінің ұзын-ырғасы: ашаршылық жылдары жаңағы әйел күйеуі және емізулі баласымен Сыр өңірінен Қызылқұм ішіндегі елге қарай босады. Өзбекстанда бұларды күтіп тұрған ешкім болмағандықтан одан әрі арып-ашыққан олар кері қайтуға бел буады. Жол бойы шөп-шаламмен жүрек жалғап, Сырдария өзеніне (қазіргі Шіркейлі жармасының бас жағы болса керек) ылаждап жақындай түседі. Әлі құрып, көзі қарауытқан ері: «Әй, ана баланы талғажау етейік, жаратқанның екеумізге берері әлі де бар шығар, тек ел қарасына жетіп алайық», – депті нәрестеге қарай қолын созып. Әйел үзілді-кесілді бас тартады. Қалбаңдап ұмтыла түскен ерінен жанұшыра қашып, дарияға жеткен жас ана «баланы сен жегенше, балықтар жесін» деп, бауыр еті сәбиін суға өз қолымен атыпты. Артына бұрылып қарамаған бейбақ біресе жүгіріп, біресе жүріп, өлдім-талдым дегенде бір ауылға кезігеді. Сол жақтан пана тауып, іле-шала тұрмыс құрыпты. Есімін сен сұрамай-ақ қой, айтпаймын, артында ұрпақтары бар». 

4c5ead0bd8b7acb6391d88a3b3ecaa44.jpg

Атам Омар бай – кулак ретінде кеңестік биліктің тәркілеуіне түскен. Қолында қалған бір-екі ірі қара, 20 шақты ұсақ мал көп ұзамай-ақ таусылып, отының басы аштық зардабын әбден тартады. Содан соң Омар атамыз шешесінің төркініне сәлем бере барса керек. Саятшы нағашысы кеше ғана ауқатты, ал қазіргі халі әлжуазға айналған жиеніне (Омарға): «Мен саған мал мінгізбеймін, еті тез тау­сылады. Ит жеті қазынаның бірі. Бала-шағаңды асырайтын тазы беремін», – деп, ерекше күтімдегі төрт тазысының екеуін байлапты. «Қасиетті иттердің Қызылқұмнан қоян, қарақұйрық аулап, бір қора жанды аштықтан құтқарып қалғанын қалай ұмытарсың»,– деп, әкем Әбдінің (1924 – 1996жж.) үнемі айтып отыратыны есімде. 

1916 жылы туған Әбіш деген ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерінің әңгімесін 1970 жылы өз аузынан естідім. Әкемнің досы болған ол кісінің: «Он бестегі кезім. Аштықтан шешем, бауырларым көз жұмды. Әбден қалжыраған әкем екеуміз Сыр бойынан Қызылқұм арқылы Өзбекстанға бет алдық. Ашпыз. Бірде түнде алыстан от көрінді көзімізге. Қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барсақ, он шақты адам отты айнала ет қақтап жеп отыр екен. Бізді қастарына шақырды. Жайғаса бастаған кезде барлығының көз жанары адам шошырлықтай бозарып кеткенін байқап қалдым. Бірнәрсені сылтауратып, қатардан дереу шығып кеткен әкем қайтып келіп құлағыма сыбырлап: «Мыналар адамның етіне дәніккендер. Әріректе боршаланған адам денесінің мүшелері жатыр. Ендігі кезек біздікі. Тез кетейік!» – деді. Дәм-тұзымыз таусылмаған екен, байқатпай сытылып шығып Өзбекстанға жеттік. Сонда 2-3 жыл тұрып, жағдай түзеле бастаған кезде елге қайттық» деген естелік-баяны, бала кезімде естісем де, әлі сол күйінде құлағымда жаңғырып тұр. 

Өз тарихын жетік білмейтін, одан сабақ алғысы келмейтін қай мемлекеттің де келешегі күңгірт. Демек, елімізде қолға алынып отырған төл тарихымызды түгендеу, ескірген тұжырымдарды жаңаша пайымдау сынды игілікті іске белсене атсалысу әрбірімізге ортақ мүдде болмақ. 

Қали ОМАРОВ,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері

Серіктес жаңалықтары