Әблязовтің сыбайласы Тищенкоға кешірім берілді
Әблязовтің сыбайласы Тищенкоға кешірім берілді
Мұхтар
Әблязовтың сенімді серігі Тищенко ханым БТА банкінен жымқырылған 3,3 миллард
долларды іс-түссіз ғайып қылған.
Алайда 2013
жылдың 31 тамызында ұсталған Елена Тищенкоға кешірім беріліп, дәл қазір
отбасымен Лондонда.
Ресейлік «Известия»
газетінің мәліметіне сенсек, оның бостандыққа шығуының басты себепкері – БТА банкінің
жаңа жыл қарсаңында Тищенкоға қатысты талап-арызынан бас тартуы. Осы мәлімдемеден
кейін Ресейдің ІІМ заңгерге қатысты қылмыстық істі біржола жапты. Бұл шешімнің тағы бір түсініксіз тұсы бар. БТА
банкі шығынын өтеу үшін банкке қайтарылуы тиіс өтемақыдан бас тартты. «2013
жылдың 30 желтоқсанында өтемақыдан бас тарту туралы жазбаша хат келді. Келесі күні
Тищенкоға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қазір ресейлік құқық қорғаушылардың
Тищенкоға тағар айыбы жоқ» делінген. Амнистияның мерзімі 2014 жылдың 3
қаңтарына дейін ғана. Егер БТА банкінен мәлімдеме кешірек келсе, қылмыстық істі
жабу туралы сөз де болмас еді дейді кейбір ақпарат көздері.
Қазақстаннан
аударылған қаржыны жайғастырудың жапсарын жақсы білетін Елена Тищенконың қолы
ұзын сияқты. Өйткені былтыр Ресейде екі-ақ адамға экономикалық амнистия
берілген болса, соның бірі осы ханым. Ал
заңсыз қаражатты аударатын оффшорлық есепшоттар мен адамдарды Әблязовке осы заңгер
тауып берген.
Елена
Тищенко 3 ай абақтыда отырды. Бұған дейін сот оны қамаудан шығармаған болатын,
себебі ол Ресейдің азаматы емес. Мәскеуде өз үйі де жоқ. Осыған қарамастан Тищенконың
қорғаушылары егесіз қаржыны заңдастыру экономикалық амнистияға жатады деп бой
бермеді. Бірақ сот банктің шығынын өтеуге міндеттесін, тек содан кейін ғана
босатылады деп шарт қойған.
Қылмыстық жауапкершіліктен
оңай құтылудың жолын Тищенко ханым жақсы меңгерген сияқты. Қазақстан ғана емес,
Лондон, Мәскеу, Киевті де шулатқан даңғаза істің ақыры немен тынбақ? Банктің
бүтіндей қаражатын жоқ қылған Мұхтар Әблязов те осылай босатылса ғажап емес?! Жалпы, соңғы кездері саясаттың кері арнаға бұрыла бастағаны байқалады. Өйткені, Алматыда мырза қамақта отырған Әблязовтің әйелі мен қызына да бостандық берілді, оның бұрынғы адвокаты рақымшылыққа ие болды. Яғни, биыл Әблязовке жаңа тосынсыйлардың болуы әбден мүмкін!