ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ АДАМДЫ ӨЛТІРГЕН
ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ АДАМДЫ ӨЛТІРГЕН
Арақтың буына есіргендер мен есірткіге еліткендердің, жол ережесін сақтамағандардың кесірінен қаншама құрбан көз жұмды.
Адамды
қағып, қашып кетіпті
Алматы облысына қарасты Үшарал қаласында болған жол
апатынан тағы бір азамат қаза тапты. Жол ережесін сақтамаған жүргізушінің
кесірінен. Сорақысы сол, көлік иесі жүргіншіні қағып кеткенімен қоймай, апат
болған жерден қашып кеткен. Аса ауыр халде жатқан 46 жастағы азаматты полиция қызметкерлері
боранды күні жол шетінен тауып алыпты. Өкінішке
қарай, ауруханаға жеткізілгенімен, жарақаты ауыр ол көз жұмған.
Ақтүтек боранда тексеру жұмыстарын дұрыс жүргізе алмағанмен,
тәртіп сақшылары оқиға болған жерден адам қаққан көлікке тиесілі бірнеше бөлікті
тауып алыпты. База арқылы іздестіру нәтижесінде, оның кімге тиесілі екені де
тез анықталған. Полиция қызметкерлері машина қожайынның үйіне келгенде 30 жастағы
жігіт өз кінәсін бірден мойындап, көршісінің гаражына тығып қойған «Тойота-Камри»
көлігін көрсетіпті.
Қазір сол жол апатына қатысты ҚР «Қылмыстық кодексінің»
296-бабы, 2-тармағына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Алайда, аталған бап көлік
жүргізу барысында «абайламай кісі өлтіріп алғандарға» арналғандықтан, жазаның
аса қатаң болмайтыны анық. Өкініштісі, дәл осы баппен бірнеше адам жазаға
тартылса да, жол ережесін сақтамайтындардың кісі өлтіру оқиғалары азаймай отыр.
Сорақысы сол, мас күйінде көлік айдап, адамдардың ажалына жететіндер көп.
Жуырда ғана ішкілікке тойып алған бір шенеуніктің баласы өрімдей жас алты
адамды бірден қағып, біреуін тіл тартқызбай кеткен еді. Барлық пен байлыққа
мастанған әлгі қымбат көлік мінген 24 жастағы жігіттің тіпті, көлік айдауға қақы
жоқ екен: жол ережесін бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен былтыр ақпанда айрылып
қалған. Соған қарамастан, рульге отырған әлгі есерсоқ үйлену тойына дайындалып
жатқан жап-жас жігіттің түбіне жетті. Әлеуметтік желілер арқылы қызу пікірталас
ұйымдастырған Қазақ қоғамы бай баласының тиісті де қатаң жаза алуын талап еткен
құзырлы органдардан. Бірақ оған қандай жаза кесілгені әзірге белгісіз.
Дәл осындай сорақылық 2012 жылы Шымкент қаласында да
болды. Удай мас полиция қызметкері жаяу жүргіншілерге арналған жолақ арқылы
жайбарақат жолды кесіп өтуге оқталған 16 жастағы қызды қағып өлтірді. Интернет
арқылы тараған сол жол апатын көргендер өрімдей жастың бірнеше метрге ұшып түскенін
көріп, жағаларын ұстаған. Өкініштісі, абақтыға қамалған әлгі полицей көп ұзамай-ақ,
бостандыққа шықты. Елбасының рақымшылығын пайдаланған көрінеді. Ал Қазақстандағы
мас күйінде адам қаққандарға арналған заң солқылдақ. Дәл осы мәселені Парламент
депутаттары да бірнеше рет көтеріп, ішімдік ішкен күйде рульге отыратындарды қатаң
жазалау керектігін ұсынған. Заң жобасы қолдау таппады. Заңды
елеп-ескермейтіндердің арасында арақ-шарап ішумен бірге есірткі қолданатындар
да кездескен…
Ресми деректерге сүйенсек, 2013 жылдың алғашқы тоғыз
айында 15 397 жол көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 2065 адам қаза тапқан.
Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 58,7 пайызға көп. Өкініштісі, өзінің ғана
емес, басқа адамдардың да тағдырына немқұрайды қарайтын есерсоқтардың кесірінен
әлі қанша адам өлетіні белгісіз. Ең қиыны, жол апатында қаза табатындар
арасында балалар да бар. Яғни, жол ережесін сақтамайтындар еліміздің келешегіне
балта шабады…
Нәзия Жоямергенқызы