ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ТАППАЙ...

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ТАППАЙ...

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ТАППАЙ...
ашық дереккөзі
201

Азығымыз – ауру мал

Шаруаларды шырылдатқан Шмаленберг дерті

 

… Малдан айрылған шаруалар жұтты кінәлауда. Еш ауруы жоқ, қытымыр қыстың аязына шыдамаған малдың қырылуы бір бөлек, етті-жеңді асылтұқымды малды қолдан жоюдың жөні бір бөлек… «Мал санын көбейту мақсатында Қазақстанға шетелден 70 мың бас асылтұқымды мал жеткізіледі. Қазіргі таңда оның тең жартысы – 30 мыңға жуық құнажын елге әкелінді. Бұл етті ірі қаралар будандастыру үшін жеке шаруа қожалықтарына таратылады», – деген-ді Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков. Таратылған малдың алды нәтижесін көрсетіп, ет экспортына үлесін қоса бастады. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысына қарасты «Полтавка» мен «Леонов» шаруа қожалықтарындағы мал адам сенгісіз ауруға шалдыққан. Бұл жердегі асылтұқымды ірі қара төлімен бірге өткен жылдың қыркүйек айында Австриядан арнайы жеткізілген. Шмаленберг ауруына шалдыққан ірі қарада аурудың белгілері қандай болатыны белгісіз, емделіп-жазылатыны да белгісіз. Адамға қауіпті, иә жұқпалы екені де түсініксіз. Бір анығы – бұл дертке Австрияда шалдыққан, сондықтан жуық арада бұл ірі қара төлімен бірге өртеледі деген бұйрық берілді. Оны өртеу үшін арнайы қаражат та бөлінді. Австрия тарапы кешірім сұрап, хат жазған. Бірақ мал шығынын өтеу туралы келіссөздер әлі аяқталмапты-мыс. Ал табыс көремін деп тырмысқан шаруалардың ақшасын кім өтейтіні тағы түсініксіз. Бір құнажынның құны – 4,5-5 мың доллар.

Ақниет ОСПАНБАЙ, 

16 ақпан, 2013

КИЕЛІ ДАЛАНЫ КҮЙДІРГЕН ГЕПТИЛ

Елімізде «Протон-М» осымен 32 рет құлапты

Күні кеше «Байқоңырдан» улы бұлт боп үйірілгенде ресейліктер Қазақ даласына, Қазақстан азаматтарына келген орасан зор көлемдегі зиянды емес, қалталарынан өтемақы ретінде шығатын шығынды есептеп әуреге түсті. Ал біздің шенеуніктердің көпшілігі «қоршаған ортаға да, азаматтарға да төнген қауіп жоқ» деу­ден танбай отыр.

«Химиялық шабуылмен тең»

Үстіміздегі жылдың 2 шілдесінде «Протон-М» зымыран тасығышының апатқа ұшырауы салдарынан 600 тонна жанар-жағар май төгілгені белгілі. Оған ғарыш айлағындағы жауапты қызметкерлердің олағайлығы себеп болған. Анығырақ айтқанда, Қазақ даласына құлауды әдетке айналдырған «Протон-М» зымыран тасығышын құрастыру барысында бұрыштық жылдамдыққа жауап беретін блок байқаусызда теріс орнатылған. Яғни, «плюс» полюсының орнына «минус» қойылған. Сырт қарағанда, көңілі далада жүретін баланың ойыны тәрізді. Бірақ осы өрескел қателік талай адамның тағдырын тәлкек етіп, қоршаған ортаға, табиғатқа орасан зор зиян келтірді. Өйткені көкке көтерілудің орнына, небары 18 секундтың ішінде жер құшқан зымыран тасығышындағы 600 тонна жанар-жағар май бұлт болып үйіріліп, соңында топыраққа сіңген. Бұл апатты Циалковский атындағы Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш: «Протонның» құлауын жалғызауыз сөзбен суреттесек, өте қорқынышты. Жүздеген тонна гептилдің Қазақстан аумағына құлауын осы елге жасалған химиялық шабуыл ретінде қарастыруға болады. Улы бұлтты Байқоңыр шеңберінен шықпайды деп үміттенейік. Бірақ бұлтты шекара сызығымен шектеудің әсте мүмкін еместігі белгілі», – деп бағалады. Қорқыныштысы мен қауіптісі сол, оның құрамындағы гептил – тіршілік біткенге қатер төндіретін улы зат.

… Қазақ жеріндегі полигондар – ұрпақтың соры

Негізі «Роскосмос» қазір ғарышқа қатысты маңызды жобаларда «Протонның» орнына «Союзды» құп көреді. Алайда, ауыр жүктерді тозығы жеткен, пайдалану мерзімі аяқталған «Шайтанмен» ұшыруды әдетке айналдырған. Кейбір деректерге сүйенсек, 2 шілде күні болған апат – Қазақстан жеріне «Протонның» 32-ші рет құлауы. Әрі 10 млн. гектарға тең Қазақ жерін сынақ алаңына айналдырғаны үшін ресейліктер елімізге небары 27 млн. доллар төлейді. Табиғатты, қоршаған ортаны, бабадан балаға мирас болған қасиетті топырақты тоздырған полигондардан түскен пайдаға күн көретіндей не басына күн туды Қазақтың?! 10 млн. гектар жерді қалай, қайтіп пайдаланып жатқанын да білмейміз, тек болмашы тиын-тебенге мәзбіз… Біздің 82 мың шаршы шақырымға созылатын Сарышағанның жері Бельгия, Голландия, Люксембургті тұтастай алғандағы аумағына тең. Батыс Қазақстан облыстарының бірнеше ауданына қарасты «Капустин Яр» полигонының да жағдайы тым мүшкіл қазір. Атырау облысындағы Сарыөзек, Ембі, Тайсойған, Азғырдағы сынақ алаңдарының ахуалына алаңдаған кім бар? Кеңестік кезеңде ядролық қару Семейде ғана емес, Атыраудың Азғыры мен Тайсойғанында да сыналғанын көпшілік біле ме? Аталған аймақтардағы адамдардың, қоршаған орта мен малдың ауруға ұшырағанын, жарымжан ұрпақтың дүниеге көптеп келіп жатқаны алаңдата ма Қазақ қоғамын? Төбелеріне қайта-қайта «Протон» құлай беретін Қызылорда облысының халқы у жұтып отырғанына қайғырған кім бар? Елдің ертеңі жарқын болсын десек, жан мен тән тазалығын қамтамасыз ету керек емес пе еді? Қазақ билігінің не ойлағаны бар? Әлде сол баяғы «сен тимесең, мен тимен бадырақ көздікке» салынып, үнсіз отыра бере ме?!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ, 

17 шілде, 2013

Таққа мінген 13-ші министр

Білім беру саласына жаңа басшы келді

…Мамыр айында Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Өскемен қаласындағы 700 оқушыға арналған білім ұясының құрылысына бөлінген 1,5 млрд. теңгені қолды қылғаны үшін Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовті қамауға алған болатын. Сол кезде Жұмағұлов орынбасарының мұндай әрекетке барғандығы жөнінде қандай да бір түсініктеме беруден бас тартқан еді. Ал кейбір сарапшылар орынбасары қылмыспен қолын былғап жатқанда басшысы өз еркімен отставкаға кету керектігін айтқан. Демек, министрдің қызметтен кетуіне негізгі себептің бірі осы болса керек. Жақында бір топ ғалым Жұмағұловты докторлық диссертация жазу кезінде плагиаттықпен айналыс­ты деп шу көтерді. “INSIDERMAN” интернет-басылымында «Министр Жумагулов подозревается в масштабном и беспринципном плагиате» атты материал жарық көрдi (авторы – А.Құдайқұлов). Оның айтуынша, Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов өзiнiң 1997 жылы қорғаған докторлық диссертациясын түгелге жуық өзге ғалымдардың еңбектерiнен жымқырған. Атап айтсақ, орыс ғалымдары В.Н. Монахов, С.Н. Антонцев, А.Н. Коновалов, О.Б. Бочаровтың еңбектерiнен көшiрген. Министрдiң докторлық диссертациясына жан-жақты сараптама жасай келiп, автор былай дейдi: «Бұл диссертацияны КСРО Ғылым Академиясының Сiбiр бөлiмiне қарасты М.А. Лаврентьев атындағы Гидродинамика институты ғалымдарының еңбектерiнiң нашар көшiрмесi десе де болады». Жоғарыда аталған ғалымдар (Монахов, Антонцев және т.б.) – осы институттың белдi ғалымдары екен…

Динара Мыңжасарқызы, 

5 қыркүйек, 2013

МҰНАЙҒА ҮМІТ АРТҚАН СОҢ…

50 жылда Қазақстан мұнайы таусылуы мүмкін

Қазақстандағы мұнай қоры кемінде 50 жылға жетеді… … Еліміз мұнай қоры бойынша әлемдік ондықтың қатарына енген. Алайда «осы ондықты ұстап тұра аламыз ба?» деген сауал туындайды. Өйткені соңғы жылдары ешбір жаңа мұнай көздері ашылмаған. Министрдің айтуынша, Қазақстанда жаңа мұнай ошақтарын анықтаудың мүмкіндігі зор екен. Десек те геологиялық барлау жұмыстарына бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі іске қолбайлау. Осы орайда «ҚазЭнерджи» қауымдастығы Үкіметке геологиялық барлауға жұмыла кірісу керек деген ұсыныс айтты. Бұл шара жарты ғасырдан соң қара алтын қорын көбейтудегі басты үміт. – Қолда бар кен орындарының барлығы дерлік сонау Кеңес кезіндегі геологиялық барлауға инвестиция салудың нәтижесі. Геологиялық барлау жұмыстарын қазіргі қаржыландыру – өте төмен деңгейде! Табиғи ресурстарды сатудан түсетін табыстар қажетті инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ минералдық-шикізаттық базаны толықтыруға жұмсалуы тиіс деп санаймыз, – деді «ҚазЭнерджи» қауымдастығының атқарушы директоры Рүстем Жүрсінов. Соңғы он жылда мұнай бағасының өсімі 3 есеге артқан. Ал соңғы 5 жылда 2 есеге қымбаттап отыр. Оған түрлі себеп бар. Соның бірі – қаржылық дағдарыс болса, екінші ұшы – мұнай өндіру құрылғылары мен жұмыс жағдайының күннен-күнге қиындап бара жатқаны. Мұнай бағасының өсуі мұнай өнімдері мен мұнай химиясы құнының күн санап көтерілуіне әкеліп соғуда. Алайда 2030 жылға қарай мұнай қоры азайып, жоспарға қойылған жылдық 150-180 миллион тонна өндіру жүзеге аспай ма деген қауіп бар. Бүгінде еліміздегі мұнай өндірісі жылына 110 миллион тонна ғана. «Оптимистік болжамдар Қашаған және басқа да кен орындарын ары қарай дамыту жобаларының қалай бекітілетіндігіне байланысты болады. Бұған қоса сол уақытқа қарай басқа да жаңа кен орындары іске қосылуы мүмкін», – деді министр. Жылдық мұнай өндіру көлемінің ұлғаймайтыны анық секілді. Десе де Қашағанға иек артатындар да баршылық. Министр мырза Қашағаннан қанша мұнай қотарылатынын нақтылады. Кен орнын дамытудың алғашқы жоспарында тәулігіне 1,5 миллион баррель өндіріледі деп белгіленген. «Бұл Қашағаннан алынатын мұнайдың ең жоғарғы көрсеткіші. Қашаған ендігі жұмыс жасауда, онда мұнай өндірілуде», – деді Ұзақбай Қарабалин.

Ақниет ОСПАНБАЙ,

19 қыркүйек, 2013 жыл 

Ұлттық банктің басшысы өзгерді

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отбасылық жағдайына байланыс­ты берілген өтінішіне сәйкес Григорий Марченконың Ұлттық банк төрағасы лауазымынан босатылғанын мәлімдеді. – Ол бұл қызметте көп жыл, соның ішінде қиын жылдары жұмыс істеді. Еліміздің қаржы жүйесін дамытуға, Ұлттық банк жұмысына, Ұлттық қорды басқаруға зор үлесін қосты, бұл үшін мен оған ризамын, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы етіп Қайрат Келімбетовті тағайындау туралы шешім қабыл­дағаны жөнінде хабардар етті.

«Түркістан-ақпарат»

№39, 3 қазан, 2013 жыл

Алданған халық екен…

Банк қызметкерлері туыстарына «Әйгерім» ауданынан үй әперіпті

Таяуда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің екі топ менеджері қызметінен босатылды. Бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков аталмыш банктің қызметінде бірқатар заңбұзушылықтардың орын алғанын айтып, тергеу жүргізуді талап еткен еді. Бірақ алдын ала қамданған банк басшылығы маусымда «ешбір қате жіберілген» жоқ деуден танбаған болатын. Алайда… 2013 жылдың маусым айында «Ақ жол» партиясының депутаты Нұрлан Жазылбеков «Мемлекеттен бөлінген жеңілдіктерді халыққа құлаққағыс етпеді, ал өз қызметкерлері элиталы ықшам аудандардан жеңілдікпен пәтер алды» деп жар салған еді. Әуелде банк бұл нақақтан нақақ айыптау деп түсіндірді. Тіпті, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Нұрбибі Наурызбаева депутаттың берген мәлімдемесін теріске шығарып, шындыққа жанас­пайтынын баспасөзге жариялаған еді. Бұл туралы газетімізде «Алданған халық па, депутат па?» деген мақала басылды. Алайда Нұрбибі ханым онда былай деді: «Халыққа арналған жеңілдіктерді мәлімдейтін хат 4 наурызда түсіпті-мыс. Бірақ бұл күн жексенбімен дәлме-дәл. Банктің қызметкерлері қызметін асыра пай­да­ланған жоқ және бір отбасы біреуден ар­тық үй алған жоқ». Осыған қарамастан депутат көрсеткен заңбұзушылықтардың тең жартысы дәлелденді, ал жартысы негізсіз болып шықты. Соның бірі қызметкерлердің өз туыстары мен жақындарына кезектен тыс, элиталы ауданнан жеңілдікпен баспана алып бергені. Маусымда депутат мырза нақ осы мәліметті нақтылап айтқан.

Ақниет ОСПАНБАЙ,

3 қазан, 2013

Қарқын қайда, қаржы қайда?

Ақордада айтылған сынның салмағы ауыр

Үкімет биылғы жылдың тоғыз айын қорытындылады. Барлық сала басшыларын Ақордаға жинаған Президент премьер-министрден бас­тап лауазымды шенеуніктерден есеп алды. Мұғалімнің алдында күмілжіген оқушыдай болып, мемлекеттік шенеуніктердің бірі тауы шағылып, сөзден жаңылса, бірі басы салбырап, төмен қарады. «Менен басқа ақшаны есептейтін адам жоқ па?» деген сұраққа жауап берер лауазымды тұлға табылмады. … Мысалы, биылғы жылға жос­пар­ланған бюджет қаржысынан 150 миллиард теңге әлі игерілмеген. Бір қызығы, Ұлттық қордан жыл басында алынған қаражат 100 миллиард теңге шамасында. Ендеше, «болашақ ұрпақтардың несібесіне» қол салып не керегі бар еді? Президент бұл қаражатты ЭКСПО-2017 көрмесінің дайындық жұмыстарына жұмсауды ұсынды. Одан қалған ақшаны бюджет дефицитін жоюға бағыттау керек. Қаржы мәселесіндегі салақтық ауылшаруашылығы саласында айрықша байқалады. Ақша жетіспей жатқанда, 5 миллиард теңге депозиттерге салынып, қозғаусыз жатыр. Бұл – тұрақтандыру қорларына бюджеттен бөлінген қаржының 40 пайызы. «Маған «ҚазАгро» халықаралық нарықтардан жақсы мөлшерлемемен 1 миллиард теңге қарыз алды деп баяндады. Ал осы қаржыға іске асырылған нақты жобалар бар ма, жақсы несие тарихы бар, кепілге қояр мүлкі бар қарыз сұраушылар бар ма?» деп шүйліккен Елбасы мардымды жауап ала алмады. Бұған дейінгі тапсырмаға сәйкес, Қазақстан 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізуі тиіс, алайда 120 миллиард теңге жұмсалса да, бұл салада ілгерілеу байқалмайды. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында Кеден одағынан басқа мемлекеттерге ет жөнелтілмеген. Керісінше, өзіміз етті Белоруссиядан, басқа елдерден тасып отырмыз. …Президент экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевқа қарата қатты сын айтты. «Орасан көлемдегі бағдарламалар қабылданды, ал ақша жетпейді. Бұлай жұмыс істеуге болмайды! Үкімет бәрін есептеп: біздің бағытымыз осы, негізгі қаражатты осы жобадан аламыз, жаңа жұмыс орындарын ашамыз, осыны іске асырамыз, ал қалғаны кейін деп айтуы керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев министрді тұрғызып қойып.

Гүлбиғаш ОМАР, 

17 қазан, 2013 жыл 

РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ҚОЛ ЖЕТЕ МЕ?

Елімізде 20 миллион тонна астық жиналады делінуде

Биыл республиканың егіс алқап­тарынан әуелде 18,5 миллион тонна астық алу көзделген. Іле-шала бұл көрсеткішке қол жетіп, жос­пар 20 миллион тонна деңгейіне ұл­ғайтылды. Бүгінде оңтүстік өңір­лер­дің астығы қамбаға толық түсіп, алды бастырылуда. Елбасының қабылдауында болған Премьер-министр Серік Ахметов өз есебінде рекордтық көрсеткіштің ауылы алыс еместігін жеткізді. Алғашқы меже – 18 миллион тонна астық жиылып, қамбалар мен элеваторларға тапсырылды. Жоспарланған өнім ауыл шаруашылығының өсімін 12 пайызға жеткізбек. Ендігі мәселе мол өнімді ысырап етпей, қоймаларға орналастыру. Елбасы бұл мәселені де естен шығарған жоқ: «Қысқы маусымға лайықты дайындықты қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы жылын табысты аяқтап, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын қарастыру қажет», – деді ол. Десе де жыл сайынғы мәселе биыл да көңіл алаңдатады. Рекордтық өнім тағы да алынбақшы, ендеше оларды сақтайтын орын жеткілікті ме? деген сауалдың туындауы орынды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «Қазіргі кезде елімізде сыйымдылығы 14 миллион тоннаға жуық астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың саны бүгінде 214-ке жетті. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өздерінің 11 миллион тоннаға дейін астық сақтау сыйымдылықтары бар. Яғни, бұл Қазақстанда жалпы 25 миллион тонна көлемінде астық сақтау қоймалары бар екенін көрсетеді», – деген болатын министр.

Ақниет ОСПАНБАЙ,

17 қазан, 2013

АНКАРА КЕДЕНДІК ОДАҚТЫ АҢСАЙ МА?

елбасының ұсынысы үштік одақта ауызбіршілік жоқ екенін аңғартқан сияқты

Минскіде өткен Еуразиялық эко­но­микалық жоғары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияны Кедендік одаққа енгізу туралы ұсыныс тастады. «Шетелдерде болғанымда маған: «Сіздер Кедендік одақ аясында бұрынғы КСРО-ны қалпына келтіруді мақсат етіп жүрсіздер ме, немесе Ресейдің қол астына қайта тығылу көзделуде ме?» деген сауалдар жиі қойылады. Бәлкім, Түркия секілді ірі державаны қатарымызға алсақ, ондай әңгімелердің ініне су құйылар ма еді?», – деді ол. Дәл осы ұсыныс Қазақстанның Кедендік одақ бойынша әріптестеріне төбеден жай түскендей әсер еткені анық. Өз тарапынан Кедендік одақпен еркін сауда айналымын құруға Үндістанның ықылас танытып отырғанын айтқан РФ президенті Путин Түркияның Кедендік одақ­қа мүше болуына қатысты ойын ортаға жаймай, бүгіп қалды. Ал осы мәлімдеменің астарынан әртүрлі қоламтаны қоздыртқан Ресей БАҚ-ды Түркияның негізгі мұраты Кедендік одаққа ену емес, Еуроодаққа қол жеткізу екендігін жарыса жаза отырып, Назарбаевтың бұл мәлімдемесі түркі әлеміндегі ірі державаның басшылары үшін «тосын сый» болғандығын айтып бағуда. «КоммерсантЪ» газеті Түркияның Сыртқы істер министрлігіндегі сенімді дереккөздің айтуы бойынша, «ресми Анкара үшін бұл мәлімдеме аяқ астынан болған» деп жазады. Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы Виктор Христенко Түркияның Кедендік одаққа мүше болу жайында өтініш жасамағандығын айтты. …Егер Түркия Кедендік одақтың есігін қағар болса, бұл Путиннің империяның бұрынғы ықпалын сақтап қалу, оны қайта қалпына келтіру секілді ұлы арманының жүзеге асуына кедергі келтіреді. Біріншіден, Түркияның экономикасы Ресей экономикасынан әлдеқайда ілгері. Жеңіл өнеркәсібі дамыған, оның үстіне Тайып Ердоғанның премьерлігі кезінде әлемдік дағдарысты оңай еңсере білді. Екіншіден, тілдік тепе-теңдік өзгереді. Бұған дейін славянтілді мемлекеттер, оның үстіне ғасырлар бойы үстемдік еткен метрополияның тілі өз ықпалын жүргізіп келген болса, Түркия бұл одақта өз Ережелерін енгізе бастайды. Және орыс тілінің ықпалы әлсіреп, үшінші бір халықаралық тілде құжат жүргізу мәжбүрлігі туындайды. Бұл ретте Қазақстанның Түркиямен бірге түркітілдес мемлекеттердің одағына енгендігін де ескеру керек. Оның былтырғы Ыстамбұлдағы Ресей отаршылдығы және Анкарадан Алтайға дейін мекендейтін 200 миллион түркінің басы қосылса, әлемде ірі күшке айналатындығын және Ресей отаршылдығы салдарынан рухани діл мен тілден айрылып қала жаздағандығы жайындағы мәлімдемесі әлі ешкімнің есінен кете қоймаған болуы керек

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,

14 қараша, 2013

Үзінділер «Түркістан» газетінде 2013 жыл бойында жарияланған мақалалардан дайындалды

Дайындаған 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары