ЖАС МАМАНДАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ЖАС МАМАНДАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ЖАС МАМАНДАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
ашық дереккөзі
915

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жалындаған талай жастың тұрмысын түзеуге септігін тигізуде. Бүгінде ауылдық мекендерге қызмет ету үшін келген он мыңнан астам жас маман тұрғын үй сатып алу мақсатында жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бұл – «Агроөнеркәсіп кешені мен ауылды аймақтарды мемлекеттік реттеу туралы» заң шеңберінде жүзеге асқан еліміздің кешенді жұмыстарының бір бағыты. Аталмыш несиелеуді «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жүзеге асыруда.

«Дипломмен – ауылға!» жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігі 2009 жылы бас­тап, қазіргі таңда еліміздің Аймақтық дамыту министрлігі жүзеге асырады. 

Үкімет қаулысына сәйкес, ауылдың әлеу­меттік-экономикалық саласын дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру үшін елді-мекендерге жұмысқа келген денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау аясында көтермелеу жәрдемақысымен қатар тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелеу көздері қарастырылған. 

– 2010 жылдан бері елді мекендерге келген 10 033 маман тұрғын үй сатып алуға несие алды, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Нармұқан Сарыбаев. – Ауылға жұмысқа келген жастардың 2226 – денсаулық сақтау, 6897 – білім беру, 389 – мәдениет, 200 – ветеринария, 148 – спорт саласының мамандары. Оларға берілген несиелердің жалпы сомасы 18,8 млрд. теңгеден асты. 

Ауылдық ипотеканың негізгі талаптарына тоқталсақ, мерзімі – 15 жылды құрайды. Пайыздық үстеме – жылдық 0,01 пайыз. Бюджеттік несие сомасы тұрғын үйді бағалау актісінің негізінде жасалады, бірақ 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Яғни, қазіргі уақытта 2 596 500 теңгеге тең. Егер сатып алынатын тұрғын үйдің бағасы бюджеттік несиеден асып кетсе, несие алушы маман айырмашылықтың төленгенін дәлелдейді. 

Бюджеттік несиелеу үдерісімен таныс­тыр­ған Нармұқан Сарыбаев ауылдық елді мекенге жұмысқа келген маман ең алдымен жергілікті әкімдікке құжаттарын тапсыратынын айтады. 

Әкімдік жанынан құрылған арнаулы комиссия ұсынысының негізінде тұрғын үйді сатып алуға несие беру туралы қаулы қабылданады. Бас тарту жағдайында дәлелді жауап беріледі. Одан кейін сатып алушы мен сатушының арасында Әділет органдарында тіркелген келісімшарттың түп нұсқасы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалына қарыз алу және кепілдік туралы келісімшарт жасау үшін тапсырылады.

Жақында ғана тұрғын үй сатып алуға несиелеу бағдарламасының 10 000-шы қарыз алушысы анықталды. Ол – Айман Аяндина. 

 – 2009 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдап, ата-анам тұратын ауылға келдім. Ауыл мектебіндегі дене шынықтыру мұғалімі Рыспек Жабағинмен көңіліміз жарасып, екеуміз отбасын құрдық. Біз ата-анамызбен бірге, кейін үй жалдап тұрдық. Көп ұзамай дүниеге сәбиіміз келгеннен кейін өз үйіміз болу керек деген шешім қабылдадық. Алдымен ауылдық, содан кейін аудандық әкімдікке барып, ондағы мамандардан кеңес алдым. Жақында несиеге 2,4 млн. теңге алып, ол ақшаға үй сатып алдық. Шаңырағымыз кең әрі жарық, қуанышымызда шек жоқ. Мемлекеттің біз секілді жас мамандарға осылай қолдау көрсеткеніне ризамын, – дейді ол ағынан жарылып. 

Айта кету керек, Глазунов орта мекте­бінің мұғалімі Айман Аяндинаға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ атынан естелік хат пен тұрмыстық техника сатып алуға 100 000 теңгелік сертификат тапсырылды. 

Әлия Еңсебаева

Серіктес жаңалықтары