ЕШБІР МЕМЛЕКЕТТЕ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖОҚ

ЕШБІР МЕМЛЕКЕТТЕ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖОҚ

ЕШБІР МЕМЛЕКЕТТЕ  СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖОҚ
ашық дереккөзі
310
Ол журналистика әлемінде өзін-өзі дәлелдеген жан. «Central Asіa Monіtor» оның журналистика әлеміндегі үшінші газеті десек те болады. Бірде тәуелсіз, бірде тәуелді журналистиканың да тізгінін ұстады. Ащының да, тұщының да дәмін татқан журналиске бір жылдары батыста да өмір сүруге тура келді. «Қоғам үшін пайдалы екендігімді мақтан тұтамын. Әрине, егер адамдар арасында толыққанды өмір сүрсең – күйзеліссіз күн кешу мүмкін емес. Ең бастысы – азырақ адасып, олардан дұрыс қорытынды жасай білу», – деген еді бір сұхбатында. Бүгінде Бигелді Ғабдуллиннің Шығыс пен батысты салыстыра алатын да мүмкіндігі бар. Батыс оған нені үйретті? Алаштың бүгінгі ахуалы журналистің жүрегін ауырта ма? Бес жыл бойы журналистикада желкенін керген «Central Asіa Monіtor»-дың еліміздегі саяси орны қандай? Бұл сауалдың жауабын Бигелді Ғабдуллиннен сұраған едік. – Бигелді аға, журналистикада үш кезеңді бастан өткердіңіз десек те болады. Үш түрлі газеттің редакторы болып, қызмет атқардыңыз. Бүгінде қазақ журналистикасындағы өз миссияңызды атқарып біттім деп ойлайсыз ба? – Публицистика дегеніміз – үлкен мұхит секілді нәрсе ғой. Сондықтан, кез келген адам өзінің жұмысын, өзінің қызметін, өзінің атқарған еңбегін «мен осының түбіне жеттім» деп, айта алмайтын шығар. Айтуға болмайды да. Журналистикадағы өз жұмысымды 80-жылдардан бастадым. Алғашқы жұмысым – «Ленинская смена» газеті болды. Міне, сол уақыттан бері бүгінге дейін журналистиканың қазанында қайнап келем. Журналистикада көп нәрсе атқардым немесе өз қызметімді тәмамдадым деп айта алмаймын. Журналистиканың түбі, шегі жоқ. Ол – түбі жоқ, терең мұхит. Оның суын қанып іше бергің келеді. – Аға, тәуелсіз журналистиканың да, биліктің журналистикасының да дәмін татып көрдіңіз. Бір кездегі тәуелсіз басылымды басқарған тәуелсіз журналист ретінде бүгінгі тәуелсіз баспасөзге баға бере аласыз ба? Жалпы, елімізде тәуелсіз журналистика қалыптасқан ба? – Шын мәнінде, мен журналис­ти­каның не екенін білем. Кеңестік одақтың кезінде де, тәуелсіз Қазақ­стан­ның да журналистикасының не екенін сезінген жандардың бірімін. Тіпті, шетелдік басылымдарда да жұмыс істеу бақыты бұйырды маған. Мен бір ғана нәрсені нақты айта аламын. Кез келген мемлекетте, тіпті, бұл дамыған батыс болса да, толық мағынасында сөз бостандығы жоқ. Бұл арман ғана. Мәселен, АҚШ Иракқа қарсы әділетсіз соғысын бастаған кезде, сол елде тұратын едім. Жаңа басталып жатқан соғыс туралы қайшылықты пікірлер жазуға баспасөзге тосқауыл қойылды. Аптасына бір рет, тіпті кейде одан да жиі БАҚ басшыларын жинап, арнайы нұсқаулар беріп отырды. Тіпті, артық-ауыс пікірлер кетіп қалса, басшыларға сөгіс жарияланды. Тіпті, ол «Вашингтон пост» немесе «Вашингтон таймс» газеті болсын, биліктің жүргізіп отырған саясатына қарсы келетін пікірлер жазуға тыйым салынды. Дәл осы жағдайлар Еуропадан да көрініс тауып жатты. Германия, Англия, шығыс елдерін алсақ та, осы көріністер алдыңыздан шығар еді. Бізде сөз бостандығы жоқ деп айта алмаймын. Бірақ, бас редактор, әрбір журналист нені жазып, нені жазбау керектігін жақсы біледі. Менің өзім де бас редактор ретінде мұны жақсы түсінемін. – Әрбір мемлекет өзінің идео­ло­гиялық саясатын жүргізу үшін бас­пасөзді қару етеді деп ойлайсыз ба?  – Әрине. Мәселен, Америка Иракқа қарсы соғыс бастағанда, үкімет өзінің саясатын баспасөз арқылы жүргізді. Идеология солай болды. Идеологиялық саясат де­ге­німіз де осы. Баспасөзді құрал ретінде пайдалану. Әр мемлекеттің, әр үкіметтің өз мақсаты бар: сол мақ­сатқа әрдайым ақпарат құралдарын пай­даланып отырады. – Газет ісін бір кісідей меңгерген жур­налистсіз. Бүгінгідей техноло­гия дамыған уақытта қағаз-газетаның күні бітеді деген қауіп басым. Интернет-басылымдардың көбеюі осы­ған саяды. Шын мәнінде, газеттердің орнын ғаламтор баса ма? Ғаламтордан қауіп болмай ма сон­да? – Журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде, журналист боламын деген талантты, дарынды жур­на­листер әуелі газеттерге баратын еді. Екінші орында телевидение тұратын. Ең соңында радио журналистика бар. Ол кездері ғаламтор деген мүлдем жоқ. Қалам ұстап, жазу деген оңай емес. Бәрі де қиын. Мәселен, радиода ең бірінші мақсат, керемет ойы бар, сол ойын жеткізе алатын адамды тауып, жұмысқа тартатын. Дұрыс сұрақ қоя білсең болды, сол арқылы өзіңнің журналистік шеберлігіңді көрсетесің. Ал газетте мүлдем басқаша. Қағазбен жалғыз өзің қаласың. Жа­зу­шылық пен журналистиканың арасы алыс қой. Соған қарамастан, газет журналистикасы жазушылыққа жақын. Сол себепті де, жазушы болам деген жігіттер, қыздар газетке жұмысқа барды. 80-ші жылдардан бастап, газеттерде жұмыс істеп келе жатсам да, газет журналистикасы құриды деп ойламаймын. Алдағы бір он жылдың ішінде газет қала ма, қалмай ма, ол белгісіз. Бірақ, қал­са да аз қалады. Менің мульти-медиялық портал «Радиоточка» ашып отырғаным да жайдан жай емес. Газет, радио, телевидение – бір. Менің сайтымды кімдер қарап отыр дегенге келсек, 18 жас пен 40-тың қырқасына шыққандар. Яғни, осы аралықтағы адамдар газет оқымайды деген сөз. Өзіңіз қараңызшы, газет киоскілерінен кім­дер газет сатып алады? Елу-алпысқа келген егде адамдар. Олар кеңестік дәуірде туған. Өмірбақи газет оқып келе жатыр. Газеттің иісін иіскеп, соны қолға ұстап келе жатқандар. Газетті кітап оқығанды жақсы көретін адамдар алады. Қазір ғаламтор бар. Қазір күнделікті газеттер, сосын апталық газеттер шығады. Ең бірінші жойылатыны – күнделікті газеттер. Неге десеңіз, күнделікті газеттің айтқанын кеше телевидение, радио, сайт жеткізіп қойды. Күнделікті газет ақпаратты жедел әрі жылдам жеткізу керек. Апталық газеттер сараптамалық жанрда болғаннан кейін, талдап-талғап береді. Осы себепті де, апталық газеттердің әлі де болашағы бар деген ойдамын.

«Асфальтте өскендер тілдің мәйегін сезіне ала ма?»

 

– «Орысша газет шығарсам да, жүрегім қазақ деп соғады» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Қазір бізде орыстілді және қазақтілді деген екі топ қалыптасты. Орыстілді жігіттердің қазақша білуге деген ынта-ықыласы онша сезіле бермейді. Тіпті, оларды шала қазақтар деп атап жүргендер де көп. Бұған көзқарасыңыз қалай? Сол шала қазақтардың ұғымы да сіз сияқты деп ойлауымызға бола ма? – Бәрі ондай емес. Сенің ана тілің қай тілде шықты, қай жерде өстің, жусанның иісін сезінесің бе, мәселе осында. Асфальтте өскен балалар тілдің мәйегін қайдан сезінеді? Жусанның иісін біле ме? Облыс орталығында тұрып, ауылды көрмеген балалар ондайға бармайды. Олардың санасында мұндай ұғым жоқ. Құдайға шүкір, мен өзім ауылдың не екенін білем. Менің жүрегім – қазақтың тілі, қазақтың болашағы деп соғады. – Шала қазақ деп жүрген орыстілді қазақтардың бетін қалай бері бұрамыз сонда? – Шала қазақтар шала қазақ күйінше қалады да, өмірден солай өтеді. Оларға біз ештеңе істей алмаймыз. Қазір әрбір үйге кірсеңіз, «қазақша мен ағылшынша үйренеміз» деген сөздік тұрады. Ағылшын тілі – әлемдік тіл ғой. Сол әлемдік тілдің қасында қазақша сөздік тұрғаны қуантады мені. Бұл біздің қазақтың тілінің болашағы бар екендігі. Кез келген адам қазақша үйренеді деп ойлаймын. Қандай қазақша концертті көрмейік, қазақ тіліндегі бағдарламаларды көрейік, бәрінде өзге ұлт өкілдері қазақша сайрап тұр. Ең бірінші, үкіметтен саяси бағдар болу керек. Яғни, Қазақстан қазақ тілінде сөйлесін деу керек. Сонда ғана мәселе шешімін табады. Рас, шала қазақтар бар. Оларға қазақ тілін үйретіп, оларға тілдің қажеттігін сезіндіруіміз қажет. Сонда ғана қазақтың тілінің ғұмыры ұзақ болады. Сонда ғана олар қазақша ойланып, қазақша сөйлей бастайды. – Бір сұхбатыңызда: «Мен енді саясатпен айналыспаймын» дедіңіз. Әлі де сол пікірдесіз бе? – Мен ондайды ешқашан айтқан жоқпын. Мен саясаткер болғам, саясаткер болып қалам. Шетелден келгенде де дәл осылай айтқам. Саясаттан тыс өмір сүру мүмкін емес. Өйткені көшеге шығып, әділетсіздікті өз көзімізбен көрген кезде мақала жазамыз ба, жазамыз. Соны жазуға тапсырма берудің өзі де саясат. Қоғамдық-саяси газетте жұмыс істеп отырып, саясаттан тыс қаламын деп қалай айтамын?! Саясаттан кетемін деп ешқашан айтқам жоқ, кете алмаймын да. Мүмкін, партиялық жұмыстарға белсене араласпайтын шығармын. Бірақ, саясаттан кету мүмкін емес нәрсе. – Өз пікіріңізден бас тартқан кезіңіз болды ма? – Болды. Мысалы, АҚШ-тан қай­тып келгенде, оппозицияның айтып отыр­ғаны орындалмайтын нәрсе екенін түсін­дім. Бізге демократия деген нәрсе әлі келген жоқ екен. Біз республикалық халық партиясын құрып жүргенімізде, біліміміз бар, біз демократияға дайынбыз деп есептедік. Біз сол себепті де, демократиялық республика құруымыз керек деп ойладық. Шын мәнінде, демократияға жету үшін көп жылдар керек. Біздің осы істеп жатқан қадамымыз дұрыс. Демократия ешқашан қашпайды. Оған асығыстық керек емес екен. Ал біздің оппозициямыз асыққан екен. Бірақ, талпыну керек. Елбасымыз ең әуелі экономика, содан кейін саясат дейді. Екеуі бірге жүруі керек. Біз саясатты ойламасақ, саясаттың кемістіктері экономикаға ықпал жасайды. Біз бірінші экономиканы ойлап кеттік те, саясат кенже калып қойды. Америкада төрт жыл өмір сүргенде түсінгенім, ең бірінші айғай-шудың керегі жоқ екен. Оппозиция көбінде айғай-шу, даңғазалыққа құмар. Қазір сол оппозициядан ештеңе қалған жоқ қой. Үкімет жолымен жүруі керек. Президенттің айтқанын қолдауымыз керек. Неге десеңіз, жай адам Президент бола алмайды. Ол адамның маңдайына жазылады. Содан кейін, әр адамның қабілетіне, дарынына байланысты. Оппозиция жолының дұрыс еместігін, оның қате жол екенін сол кезде түсіндім. Сол себепті де, мемлекеттік жолды таңдадым. Иә, менің газетім сын айтады. Әділетсіздіктерді жазады. Тіпті, билікті ащы сынап алатын да кездеріміз болады. Бірақ бізге ең басты қажеттілік – шынайы қазақ мемлекетін қалыптастыру. – Сіз болған батыста демо­кра­тияның көрінісі қандай?  – Мысалы, ең бірінші сотты алай­ық­шы. Ол елдерде сотқа барсаңыз, сот­тың әділ шешілетініне күмәніңіз болмасын. Бұл – бір. Екіншіден, БАҚ-ты алайық. Оларда жарнама жағы бар, журналистика жағы бар. Олар бір-бірімен байланысты емес. Ал бізде бірге. Оларда бөлек жарнамалық компания бар. Солай болуға тиіс. Кез келген өмірдің кейбір тіршіліктерінен де демократияның үлгілерін байқауға болады. – Бұл жақсы жағы делік. Жиренетін тұсымыз ше? – Индивидуализм. Әр адам өзін ғана ойлайды. Мысалы, Америкада меди­ци­налық сақтандыру болмаса, сіз өліп жатсаңыз да, жәрдемдеспеуі мүмкін. Ауруханаға кіргізбейді. Екіншіден, жұмыссыздық. Өте көп. Мәселен, Америкада адамдардың ең бірінші арманы – жұмыс табу. Жұмыс істеу үшін бір штаттан бір штатқа көшіп қонып жүруге бар. Бес мың шақырымдық жерге барлық дүниесін тастап, кете береді. Сегіз-ақ ай болса да кетеді. Ол келісім-шартпен жасалатын дүние. Сегіз айдан соң, басқа жақтан жұмыс табылып қалуы мүмкін. Осылайша, бір штаттан екінші бір штатқа көшіп жүргендері. Бізде ондай жоқ. Бізде бір ауылдан екінші бір ауылға көшудің өзі қиямет-қайым. Батыста ол басты құндылық емес. – Демек, батыста мемлекетшілдік деген ұғым жоқ болғаны ғой. – Мәселе, онда емес. Күн көру үшін бәріне барады. Бірақ, заңға қатты бағынады. Заң олар үшін басты нәрсе. Біздегідей салық төлеуден жалтару деген жоқ. Салық төлемесеңіз, тіпті, костюм сатып ала алмауыңыз мүмкін. – Бүгінгі күні публицист ретінде сізді алаңдататын нәрсе бар ма? – Ең бірінші, мені алаңдататын нәрсе, непотизм – кейбіреулердің тек өз туыс-туғанын жұмысқа тартуы. Бізде кадрлық саясат дұрыс жолға қойылмаған. Өте білімді де, білікті азаматтар билікте болуы керек. Қараңызшы, қандай министрлер қызметте отыр?! Кешегі «патому-штодан» бастап, бүгінгі министр тағында отырған кейбір жігіттерімізге көңіл толмайды. Бір министр ханымның ойлау жүйесі ауылдық мектептің бірінші класс мұғалімі деңгейінде. Осындай адамдар министрлікте отыр. Олар халықтың тағдырын қалай шешеді? Облыста, ауданда, ауылда қандай білікті, тәжірибелі азаматтарымыз бар. Олар неге билік басына келе алмайды? Содан кейін, жанымды ауыртатын дүние – жемқорлық. Өкінішке қарай, жемқорлықпен жемқорлардың өзі күресіп отыр. Бұл – нағыз дерт. Коррупцияны жеңу мүмкін емес. Жиырма бірінші ғасырда коррупцияны жеңе алмаймыз ба деп қорқам. Мүмкін, төмендететін шығармыз. Үшінші бір мәселе – бізде әділ сайлау өтпейді. Егер әділ сайлау болса, экономикамыз қарыштап дамыр еді. Төртіншіден, біз өте бай мемлекетпіз. Он бес жыл бұрын мұнайдың бағасы он доллар болатын. Қазір жүз долларға шықты. Яғни, біз мұнайдан он есе пайда аламыз. Мәселен, қарапайым адамның алатын зейнетақысы жиырма жеті мың теңге. Бұл жиырма жеті мың теңгеге бір рет базарға барсаңыз, таусылады. Ал біз бес жүз доллардан жоғары зейнетақы беруге мүмкіндік туып отырған кезде, адамдарды жиырма жеті мыңмен алдаймыз. Бізде генералдар неге 1,500 долларға дейін зейнетақы алады? Олар біздің Отанымызды қорғады. Оны біз жақсы білеміз. Бірақ, қарапайым шаруа да мемлекеттің өркендеуіне үлес қосқан жоқ па? Олардың да өзінің кәрілік шағында біреуге тәуелді болмай өмір кешуіне неге болмайды? Адамдардың ертеңге деген үмітінің болмауы жанымды ауыртады. – Бұл зейнеткерлердің басындағы мәселе ғана ма? Келешек жастарымыз ше? Олар кімге, неге үміт артады? – Олардың басындағы хал де осын­дай. Сол себепті де, бізде ұрлық көп. Бі­реудің дүниесін жымқырып кетіпті не­месе біреудің үйіне ұры түсіпті дейтін оқиғалар неге белең алып кетті? Мұның бәрі жұмыссыздықтан шығып отыр. Бізде жұмыссыздық көп емес деп өтірік ақпар беріп отырамыз. Осылайша, өзімізді өзіміз алдап отырмыз. Менде жұмыс жоқ. Не істеуім керек? Қырғызстаннан тауар алып келемін де, соны сатамын. Өйткені одан басқа жұмысым жоқ. Салық төлемеймін. Менде ертең зейнетақы болмайды. Қырыққа дейін бәрін де атқаруға болады. Одан кейін ауру-сырқау басталады. Сосын амал-жоқ қылмысқа барады. – Бұдан шығатын жол қайсы? – Ол үшін Заңды күшейту керек. Сосын кадрлық саясатты дұрыстау қажет. Әркім өз орнында лайықты отырса, онда бәрін шешуге болады. Бізде байлық жетеді.

 

«Біздің клуб жазушы мен журналистің құқығын қорғайтын болады»

 

– «Журналистикадан кетер болсам, шөп шабатын шығармын» деген екенсіз. Шөп шабуға емес, ПЕН-клубқа басшы болып сайландыңыз… – Әбең жиырма жыл осы қызметті басқарып келді. Ол кісі бұл қызметті кімге қалдырамын деп көп ойланған екен. Соңғы бір жылда маған айтып жүрді. «Әбе, Құдайға шүкір, менің газетім бар. Радио нүктесін аштым. Онда да отыз шақты қызметкерім бар. Маған бұл қиын болады» деп әуелде бас тартып едім. Соңында, Әбе мені көндірді. Басқа жігіттер де келіспесіме қоймады. – Газет пен ПЕН-клубты қатар алып жүре аласыз ба? – Бұл қоғамдық бірлестік. ПЕН-к­л­­уб қайырымдылық қоры не­ме­­се әдеби қор емес. ПЕН-клуб 1993 жылы қазақ әдебиетінің клас­сигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ұйыт­қы болуымен құрылды. Бұл ұйым қазақ жазушыларының және журна­лис­терінің құқығын қорғайтын орган. Қазақ әдебиетінің жетістіктерін де насихаттайтын болады. Бұрын Жа­зушылар одағында Әдеби қор болатын. Жылына бір рет әдебиетшілерді демалыс үйлеріне жіберіп отыратын. Бұл ондай қор емес. Бұл жұмыстың маған қиындығы болмайды. Бірақ, ұйым жұмыстарын жаңартуымыз керек. Біздің қазақ жазушыларының ішінде Нобель сыйлығына иегер болатындай қаламгерлеріміз жетерлік. Олардың әрқайсысы осы сыйлыққа лайықты. Өкінішке қарай, жазушыларымыздың шығармаларын ағылшын тіліне аудара алмай отырмыз. Нобель сыйлығы ағылшын тілінде шықса ғана беріледі. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» биыл ғана аударып отырмыз. Әбіш Кекілбай, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Смағұл Елубай… Бұл жазушыларымыздың шығармалары қандай?! Әлемнің кез келген тіліне аударуға боларлықтай құнды дүние­ле­ріміз бар. Ең бастысы, аударма жұмысын қолға алуымыз керек. Сонда ғана қазақ әдебиетінің ұлы мұралары әлем тілдерінде сөйлейтін болады. Әлем қазақ әдебиетімен қауышады. – Аударма қалай жүргізіледі? Мәселен, ағылшын тіліне ПЕН-клубқа мүше болған жазушылардың ғана шығармалары аударыла ма? – Дәл солай. Керемет жаста­ры­мыз шығып, талантымен дара­ла­нып отырса, оны ПЕН-клубқа мү­шелікке аламыз. Қазір қырық шақ­ты ғана мүшеміз бар. Жазушылар ода­ғындағыдай жеті жүз жазушы жасағымыз келмейді. Олай жасау, оп-оңай. ПЕН-клубқа тек талантты жазу­шы­лар ғана мүше бола алады. – ПЕН-клубты кім қаржы­лан­дырады? – Бұл – Үкіметтік ұйым емес.Оған қаржыны өзіміз табуымыз керек. Сол үшін демеушілер іздейміз. Әбенің алдында барлық есіктер ашық екенін өзіңіз білесіз. Ол өзінің беделімен бұл ұйымды көтеріп жүрді. Жыл сайын 10 мың доллардан сыйақы тағайындап отырды. Бұл сыйлық жылына екі рет беріледі. Бұл оңай шаруа емес. ПЕН-клубтың жұмысын жақсартып істесек, ақша табылады. – «ПЕН» деген сөздің мағынасы қалай? Ағылшындар оны ав­то­қа­лам деп түсінеді екен. – Мүлдем олай емес. Ақын (поэт), эссеші (эссеист), романшы (романист) деген сөздерді біріктіргенде, «ПЕН» деген сөз құралады. Бұл ұйым әлемнің барлық елімен шығармашылық бірлестікте. ПЕН-клуб жазушыларды қорғайтын ұйым. Аударма мәселесін де осы жерде шешуге болады. Мұның негізі 1921 жылдың 5 қазанында Лондонда құрылған. Оны құруға негіз болған ағылшын жазушысы Кэтрин Эми Доусон-Скотт. Бұл ұйымның бірінші төрағасы жазушы Джон Голсуорси болған. ПЕН-клубтың негізгі басқарушы органы – халықаралық кеңес. Халықаралық кеңеске ұйымның президенті, бас хатшысы, жеті мүшесі кіреді. Президент екі жылда бір рет сайланады. Оның құрамына кіретін мүшелер әлемнің әртүрлі аймағындағы ПЕН-орталықтардың басшылары. Қазір бұл ұйымның президенті канадалық эссеші Джон Ралстон Соул мырза. –  Бұл ұйымдағы жұмысыңыз неден басталады? – Жуырда ғана ПЕН-клуб мү­ше­лерінің конференциясы болып өтті. Жиынға Төлен Әбдік, Смағұл Елубай, Адольф Арцишевский, Қажығали Мұ­ханбетқалиұлы, Әшірбек Сығай, Бақытжан Қанапьянов, Дидар Амантай, Үміт Тәжікенова, Амантай Ахет қатысты. Өкінішке қарай, денсаулықтарына байланысты Әбіш Кекілбай, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова жиынға келе алмады. Форумға қазақ ПЕН-клубының шетелдердегі мүшелері – АҚШ-тан Владимир Карцев, Парижден – Атанаси Ванчев де Траси, Мәскеуден – Николай Анастасьев келді. Әбе жиында менің кандидатурамды ұсынды. Ашық дауысқа салынды. Пен-клубтың барлық мүшелері бір ауыздан маған дауыс берді. Неден бастау керек дегенде, ең алдымен заңдық және қаржылық мәселелерінен бастайтын болармын, бәлкім. Өйткені мен «Қазақ ПЕН клубы» деген атпен жаңа ұйымды тіркетіп отырмын. Менің жаңа мөр, жаңа есепшотым бар. Біздің клуб жазушылар мен журналистердің құқықын қорғайтын болады. Сөз бостандығы үшін күресеміз. Өзіңіз де білесіз, қазір Арон Атабек түрмеде жатыр. ПЕН-клубтың алғашқы жұмыстарының бірі Аронды босату мәселесімен айналысатын болады. – ПЕН-клубты неге қазақ клу­бы деп атадыңыз? Неге «қазақ­стандық» емес? – ПЕН-клуб үкіметтік, не мемлекеттік емес. Ол – қоғамдық ұйым. Мұнда әлемнің барлық журналистері мен жазушыларының құқығы қорғалады. Сол себепті де, тілдік мұрат, тілдік бағдар негізгі орында. Ал қазақстандық деген сөз, мемлекеттік, үкіметтік деген сөз. Мәселен, өзге мемлекеттерде ағылшын, швед, неміс, орыс ПЕН-клубтары бар. Олар ресейлік немесе ұлыбритандық клуб деп аталмайды ғой. – Жазушы мен журналистің құ­қығы қорғалады дейсіз? Қарапайым адам­дардың ше? Олардың құқығы қор­ғалмай ма?  – Жоқ, тек қана жазушылар мен журналистердің ғана құқығы қор­ға­лады. Қарапайым адамдарды газетім арқылы қорғаймын. Жазушы мен журналистердің ПЕН-клубқа мүше болуы басты мақсат емес. Мәселен, Арон Атабек – біздің мүшеміз емес. Келешекте «Әділ сөз» ұйымымен бірге, журналистердің де құқығын қорғайтын боламыз. Әңгімеден тыс… – Жақсы көретін сөзіңіз… – Бостандық. – Нені жек көресіз? – Жасандылықты жек көрем. – Діншілдігіңіз қалай? – Құдайға сенемін. – Хоббиіңіз ше? – Тауда серуендеу. – Бос уақытты қалай өткізген ұнайды? – Бос уақытымда кітап оқимын. – «Әр қазақ менің жалғызым» деп қабылдайсыз ба? – Иә. – Патриотсыз ба? – Әрине. – Оны немен дәлелдейсіз? – Газетім арқылы.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары