УКРАИНА РЕСЕЙДІҢ ГУБЕРНИЯСЫ ЕМЕС
УКРАИНА РЕСЕЙДІҢ ГУБЕРНИЯСЫ ЕМЕС
Еуромайданның тарқайтын түрі жоқ. Тұп-тура бір ай. Киев алаңдарындағы халықтың екпіні күннен-күнге үдей түскендей. Себебі, оларды қолдап-қолпаштауға Еуроодақ пен АҚШ-тың өзінен белгілі тұлғалар келіп, талаптарының оң екенін мәлім етуде.
Президент Янукович бір айға жуықтаған Еуромайданды тарқатудың басқа амалы жоқтығын түсінді ме, әуелі оппозиция өкілдерімен кездесуге құлық танытты. Елдің бұрынғы экс-президенттерін жинап, кеңескен ол осындай шешімге келген болатын. Оппозицияның да күткені осы. «Украинаны біріктіреміз!» деген атпен өткен басқосуда қабағы қатулы Янукович: «Майданда арандатушылар мен күш құрылымдарының бассыздық әрекетіне налыдым. Біз не нәрсені болсын ақылға салып шешуіміз керек. Сондықтан біз үшін оппозицияның пікірі де маңызды. Алайда, Еуромайдан қатысушыларын босатып, алаңда орын алған бейберекетсіздіктерді тексеруді прокуратураға тапсырдым», – деді. Ал «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличко: «Бүгінгі жағдайдың арты мемлекет үшін де, сіздің қара басыңыз үшін де қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан билікті үлкен өзгеріс күтіп тұр», – деп кесіп айтты.
Айта кету керек, алаңда Кедендік одаққа кіру жөніндегі келісімге қол қоймауға шақырған халық Януковичке үндеу жариялады. Онда: «Януковичтің Кедендік одаққа қосылып, еуропалық болашаққа деген жолды жабуына құқы жоқ. Украина Ресей империясының губерниясы емес, Еуроодақтың мүшесі болады!» деп анық айтылды. Оларға дем берген екі американдық сенаторлар – республикалық Джон Маккейн мен демократ Кристофер Мерфи де украин азаматтарының бейбіт шеруін нағыз демократияның көрінісі деп бағалады. Тіпті, Дж.Маккейн мырза: «Егер шерушілерге күш жұмсалса, АҚШ украиндық билікке қарсы санкция енгізеді» дегенді дауыстап жеткізді.
Таяуда ғана Еуроодақпен келісімге қол қою жөніндегі келіссөздердің тоқтағаны мәлім. Кейбір дерек көздеріне сенсек, мәмілені тоқтату туралы бастама украиндық тараптан шыққан. Еурокомиссар Штефан Фюленің пікірінше, келіссөзді жалғастыру үшін Украинаның Еуроодақ келісіміне қол қоюға деген сенімділігі керек. Бұдан кейін украиндық үкімет дереу арада дауға айналған келісімді бірауыздан құптайтындығы туралы мәлімдеме жасап үлгерді. Ал Брюссельге арнайы барған Украинаның бірінші вице-премьері Сергей Арбузов: «Еурокомиссар Штефан Фюлемен бірлесіп, Еуроодақпен келісімді қайта жаңғыртуды қолға алды. Демек, жұмыс жалғасын табуда. Арнайы құрылған үш жұмыс тобы Еуроодақ келісімі аясында туындаған мәселелерді реттеп, еркін сауда аймағын қалыптастыруды қарастырмақшы. Фюлені де түсінемін. Біріншіден, оның мәлімдемесінде Еуроодақ Украинаның ЕО-қа кіретіндігі жөнінде кепілдік талап етіп отыр деген ақпарат бар. Алайда, жұмыс тобын құрып, оған Фюле мырзаның қатысуының өзі келіссөзге қол қоюға деген кепілдік емес пе? Қазіргі таңда үкімет Еуроодақ алдына еуроинтеграцияны қолдайтындығы жөнінде құжат ұсынды», – деді.
Арбузов тілге тиек еткен құжатта алдымен энергетикалық, экономикалық, сауда мәселелерімен қатар халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату жөніндегі түйткілдер талқыға салынған. Әр салаға жауап беретін жұмыс тобы аттың басын ЕО келісіміне алып келмек. Украина президенті Януковичтің де: «Біздің мақсатымыз – ЕО келісіміне қол қою» деп, бұл қадамның мемлекет, халық үшін маңыздылығын жоғары бағалағаны бекер емес. Тіпті, ол келіссөз құжаттарын дайындауда қателікке жол берген жауапты тұлғалардың қызметтен босайтындығын тектен-тек айтқан жоқ.
Алайда, министрлер кабинетінің басшысы бұл жерде бір кілтипанның барын айтады. «Келіссөздерді талқылау барысында еурокомиссар ЕО тарапынан Украинаға көмек ретінде берілетін соманың көлемін неге айтпады? Жұмыс тобын кім үшін, не үшін құрдық? Біз екі жақтың да өзара түсіністікте Украинаға қажетті қайтарымсыз және қайтарымды көмек берілуін шешуін құптаймыз. Сол үшін де Брюссельге бардық, тағы да сапар шегеміз. Әуелі Украинаға ненің қажет екенін ашып алмақпыз», – дейді ол.
«Янукович Ресейдің ығына жығып берді»
Қазір Украина экономикасы біраз құлдырауға ұшырағаны рас. Бірақ Арбузов Еуроодақтан қандай қаржылай көмек дәметіп отыр? Қалай десек те, бұл ишараны Еуроодақ емес, Ресей түсінген сияқты. Өткен аптаның сейсенбі күні Путин мен Янукович күтпеген жерден кездесіп, Украинаның экономикалық ахуалын бірге талқылады. Нәтижесінде Мәскеу көгілдір отынға айтарлықтай жеңілдік жасаған көрінеді. Мәселен, осы келіссөздің арқасында Украина жаңа жылдан бастап газдың 1000 текше метріне 268,5 АҚШ долларын (бұған дейін 400 $ шамасында еді) төлейтін болды. Бұл бұрынғы төлемнен әлдеқайда аз әрі жылына 7 млрд. АҚШ долларын үнемдеуге септігін тигізеді екен. Ол ол ма, Ресей жеңілдетілген бағадағы газдан бөлек, өзінің ұлттық әл-ауқат қорынан 15 млрд. АҚШ доллары көлемінде несиесіз қаржы бөлетінін жеткізді. Әлде қызғаныш, әлде қағытпа. Кейбір ресейлік ақпарат құралдары: «Украина – өте қымбат мемлекет!» деп келемежге сала бастады. Алайда, бұған дейін украиндық кәмпитке шүйлігіп, Донбасс көмірін тұтынбауға үндеген Ресейдің аяқ астынан емешегі үзіле қалуына не себеп? 15 млрд. доллардың қайтарымы не? Бір айта кетерлігі, Путин бұл кездесуден соң Кедендік одақ туралы әңгіменің ауызға алынбағанын айтып, ақталумен болды. Бірақ әу баста көздегені Украинаны Кедендік одақ қатарынан көру емес пе еді?!
Ресей президенті В.Путин өзінің журналистерге берген кезекті қорытынды сұхбатында да бұл мәселеге ерекше тоқталды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген тілшілердің де білгісі келгені – «Ресей Украинаға не үшін көмек берді? Мұның астарында саяси мүдде жоқ па?» деген сауал. Путин де еш мүдірместен: «Біз «бауырлас халық» дегенді жиі айтамыз. Бүгінде Украина экономикалық, әлеуметтік, саяси жағынан ауыр жағдайда қалды. Егер оларды бауырлас халық десек, біз де жақын туыс сияқты әрекет жасап, украин халқына қолдау көрсетуіміз керек. Басты себеп осы. Бұл майданмен де, Украинаның Еуроодақпен келісіміне де байланысты емес. Себебі, 15 млрд. доллар – қайтарылатын, қорғалған ақша», – деп жауап берді. Ал бұл кезде Украина президенті де мән-жайдың анық-қанығын ашу үшін бір топ журналиске түсініктеме бере кетті. «Қазіргі жағдайда серіктестерге «мен ақылдымын, сен ақымақсың!» немесе керісінше «мен ақымақпын, сен ақылдысың!» деп айта алмайсың. Бұл әрқашан да жүргізген келісімге байланысты. Мейлінше әр мемлекет өз мүддесін қорғайды», – деді Янукович.
Дегенмен, Ресей мен Украинаның өзара келісімге келуін сан-саққа жүгіртіп жатқандар көп. Бәзбір сарапшылар: «Янукович халыққа көмектескен болып, 2015 жылы өтетін президенттік сайлау алдында өзіне ұпай жинады» десе, тағы бірі: «Бұл жерде Путиннің алысқа сілтеген көрегенділік саясаты жатыр» деген болжам жасайды. Ал Украинаның Еуроодақ келісімінен бас тартқандығы үшін бір ай бойы өткен майдан қатысушылары кешелі бері Януковичтің Ресейден қаржылай көмек алуына қарсылық көрсетуде. Олар президентті Украина мемлекетін Ресейдің ығына жығып берді деп айыптады. «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличко: «Виктор Янукович Ресейден 15 млрд. доллар көлеміндегі инвестиция мен көгілдір отынға деген жеңілдікке қалай қол жеткізді? Біз құжатта не туралы жазылып, қандай келісімге қол қойылғаны жайлы білуіміз керек. Янукович мұны Украинаның стратегиялық нысандары, кәсіпорындары, электр стансасын және газ-транспорттық жүйелерін кепілге қою арқылы алды. Президент халыққа жасырмай бәрін айтуы керек», – деп есептейді. Оппозиция пікірін жақтаушылар Мәскеудің мұндай жомарттығы үшін Кедендік одаққа мүшелікке қабылданып, Еуроодақ қауымдастығына кіруден бас тартуға тура келеді дегенді айтады. «Екі тарап Кедендік одаққа қатысты және одан да өзге құжаттарды бекітіп, қол қойды. Украина елі кепілге берілді. Енді бізге бұған жол бермеу жағын ойластыру керек», – дейді олар.
Ал посткоммунистік Польшаның тұңғыш президенті Лех Валенса: «Янукович Еуроодақпен де, Ресеймен де жақсы «ойнап» жүр. Ресейден ақшалай көмекті алып қалуды ойласа да, ертеңгі күні Еуропада болатынын біледі. Ол дәл қазіргі кезде Еуроодақтың қанағатсыз Ресейдің сұрағанын қанағаттандырмайтынын білгендіктен ресейліктермен келісімге келуде. Янукович өте қу екен», – деп өз ойын ашық білдірсе, экс-президент Ющенко: «Украина отарлық газ келісіміне қол қойды. Шын мәнінде, Украинадағы саяси дағдарысты ЕО қауымдастығына кіру арқылы шешуге болатын еді», – дегенді қадап айтты. Украинаны Еуроодақ төрінен көруге асық Литва президенті Даля Грибаускайте ақшаға құрылған одақтың болашағы жоқ екенін айтады. «Еуропа өзімен жақындасқысы келетін барлық мемлекетке көмек беруге әзір. Бірақ ешбір мемлекетті ақшаға сатып алмайды немесе күшпен кіргізу әрекетіне бармайды. Себебі, ондай одақтың келешегі бұлыңғыр», –деп таяқтың бір ұшын Ресейге тигізіп айтты.
Алайда, Ресей өзін осылайша сақтандырып алған сияқты. Интернет сайттарында пайда болған ақпаратқа сүйенсек, жаңа газ келісімінде ресейлік отынның бағасы әр тоқсан сайын бекітіліп отыратын көрінеді. Оның үстіне ресми Киев 15 млрд. доллардың бәрін бір мезетте ала алмайды. Әзірге тек 3 млрд.-ын ғана бермекші. Бұған қарағанда Киев Мәскеуге қажетті құжатқа баспалдақ бойынша ғана қол қоятын сияқты. Ал украиндық билік бұл келісімді ешкімге білдірмей жасауға мәжбүр. Ондағы себеп – Майдандағы белсенділерді үркітіп алып, өршіленіп кетуінен сақтану.
2009 жылы Тимошенко да газ келісіміне қол қоямын деп, басы дауға қалып еді. Ақыр аяғында темір тордан бір-ақ шыққанына жұрт куә. Украина президенті Януковичтің де арзандатылған газға қол жеткіземін деп ертеңгі күні от басып қоймасына кім кепілдік береді? Сондай-ақ сарапшылар Киев сыртқы саясаттағы мәселесін шешуге келгенде Ресейге тәуелді болуы мүмкін екенін айтады. Бұдан былай Украина өзінің геосаяси әрекетін Кремльмен бірге келісетін болады. Егер Киев тағы да Еуроодақ қауымдастығына енгісі келсе, келіссөздер үстеліне Путин, Янукович және Меркельдің бірге отыруына тура келеді.
Динара Мыңжасарқызы