САЯСИ САХНАДАҒЫ АУЫС-ТҮЙІСТЕР

САЯСИ САХНАДАҒЫ АУЫС-ТҮЙІСТЕР

САЯСИ САХНАДАҒЫ АУЫС-ТҮЙІСТЕР
ашық дереккөзі
193

Тоғыз айлық министр

Жыл басынан жаңа
зейнетақы қоры реформасының жобасы қаралып жатқанда, ҚР Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрлігінің басына Серік Әбденов келді. Басқа министрлерге
қарағанда әлдеқайда жас министр баспасөз беттерінде «сарыауыз балапанға»
теңеліп жатты. Наурыз айында Парламенттің Мәжілісінің отырысында «сұраусыз
қалған, аты-жөні белгісіз азаматтар мен өмірден озғандардың зейнетақы қорындағы
қаржысы қайда кетті, қалай жұмсалады?» деген сұраққа жас министр тура жауап
қатпай, бұл 10 миллиард қаржының қайтарылатынын ғана айтқан. Бірақ қалай,
қашан, кімге берілетіні және беру жолдары туралы ләм-мим деген жоқ. Сонда
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин «Сұрақ қойғанда, бірден жауап беру керек»
деп ескертпе жасағаны баспасөздің назарына ілігіп еді. 

5a13b2804eec89e1e5347a6292010e2f.jpg

Көп ұзамай біртұтас
зейнетақы қоры жобасының қаралып жатқаны мәлім болды. Дүрліккен халық министр­ден
татымды, әділ шешім күткені белгілі. Алайда бұл шешім министрдің қолында болған
жоқ. Әбденов мырза біртұтас зейнетақы қорының пайдалы тұстары мен болашақ
табысын түсіндіру жұмыстары барысында өзіне атылған жұмыртқаны да бастан
кешірді. Үкіметтегі ең жас министр зейнетақы реформасын халық арасында
насихаттауда мүлт кеткен сыңайлы. Әлі де шикі тұстары басым, жан-жақты
саралауды талап ететін реформаны қабылдау алдағы жылдардың еншісіне қалдырылды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014
жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынамын. Осыған
байланысты Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамытуды
тапсырамын. Сондай-ақ Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету
жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді
тапсырамын. Парламентті менің ұстанымымды ескеруге шақырамын. Зейнетақы
реформасының күрделі мәселесі бойынша дұрыс шешімдер табылады деп мен кәміл
сенемін», – деген мәлімдемесімен халық тыншығандай болды. 

Осыдан кейін министрдің
де қызметінен кететіні белгілі болды. Тиісті жарлыққа президент қол қойды.
Серік Әбденов министрлік қызметінен босады. Министрлер кабинетіндегі ең жас
шенеунік бұл орынтақта бір жыл да тұрақтамады. Тура тоғыз айдан соң лауазымынан
айырылып отыр. Бұған зейнетақы жүйесіндегі реформаның әсері болғаны айтпаса да
түсінікті. 2013 жылдың ең белсенді саяси тұлғасы бұрынғы министр – Серік
Әбденовке лайық. 


Марченкомен қош
айтысты


a6f4e54abf0cef5dffbccc69c18037b3.jpg

Жаңа зейнетақы
реформасы төңірегіндегі тұлғалардың бірі – Григорий Марченко. Ұлттық банктің
бұрынғы төрағасы әу бастан-ақ біртұтас зейнетақы реформасына қарсы екенін
жасырмады. Пайдасы мен зиянын тізбектеп бергені де рас. Баспасөз беттеріндегі
сұхбаттарында бұл жүйе еліміздің экономикасы мен қаржы нарығына кері әсер
ететінін, қоғамның дайын еместігін ескерткен болатын. Марченконың нақ осы
пікірін қолдаушылап көп болды, өйткені насихат жұмысы дұрыс жүргізілген жоқ.
Бұл туралы Президент те «Жалпы, мен Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы
заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмаймын. Біріншіден,
осындай өте маңызды әлеуметтік заң жобасы немқұрайлы қаралды. Екіншіден, оны
халыққа кеңінен насихаттау ісі дұрыс жүргізілген жоқ. Нәтижесінде,
қазақстандықтардың көбі зейнетақы реформасының түпкі мәнін түсінбей қалды» деп
мойындатқан еді. 

Алайда заң жобасын
кейінге қалдыру туралы Президент мәлімдемесінен кейін Марченко мырзаның көп
ұзамай отставкаға өз еркімен кететіні жайлы әңгіме қызу жүрді. Бұл сыбыстың
тууына Марченконың уақытша демалысы себепкер. Сірә, «жел тұрмаса, шидің басы
қимылдамайды» осындайдан шықса керек. Айтқандай-ақ, демалыстан оралған бұрынғы
төраға жұмысқа кірістім десе де, Президенттің мәлімдемесі айтылған қауесетті
растап берді. Ұлттық банктің жаңа төрағалығына Қайрат Келімбетов тағайындалды.

Қайрат Келімбетов әу
бастан Ұлттық банк төрағалығына үміткерлер сапынан еді. Келімбетовтің еңбек
өтіліне көз жүгіртсек, 2002 жыл мен 2006 жылдар аралығында ҚР экономика және
бюджеттік жоспарлау министрі, 2008 жылдың қазан айынан «Самұрық-Қазына» ұлттық
әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы, 2011 жылдан Экономикалық даму және сау­да
министрі, 2012 жылдан Премьер-министрдің орынбасары болған. 

Жаңа төрағаның келуі
қаржы на­рығына қандай леп берді? Сарап­шылардың да, халықтың да бірінші сұрағы
осы болғаны жасырын емес. Өйт­кені олар еліміздің орталық бан­кінің басшысынан
үміті зор. Осыған орай жуырда Ұлттық банк төрағасы ипотекалық несиені арзандату
туралы баспасөз мәслихатында хабарлады. Оның дерегі бойынша, ипотекалық несие
өте қымбат, сондықтан байлардың ғана қолы жетеді. Ал байлар дегеніміз Қазақстан
халқының 5-10 пайызы ғана. Халықты толық баспанамен қамтуда бұл көрсеткіш өте
төмен. Сондықтан алдағы уақытта Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер қызметіне
пайдалы өзгеріс енгізеді деп сенеміз. 


Қайта
қауышу


52bd30b2d85a39a7ed16410f439ed5fc.jpg

Бұл тұлғаның Қазақстан
саяси аренасында өзіндік орны бар. Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихын оның
есімінсіз елестету мүмкін емес. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы
істер министрі болды. 1999 бен 2002 жылдар аралығында Премьер-министр, 2007
жылдан Парламент Сенатының төрағасы болған. 

 Соңғы жылдары
Сенат спикері болды. 2011 жылғы 12 наурызда БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қасым-Жомарт
Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас
директоры қызметіне тағайындағаны туралы шешімін жариялады. Атқаратын қызметіне
сәйкес Тоқаев БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Женевадағы бас хатшысы болып
тағайындалды. Ол БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметіне
тағайындалған Азиядан шыққан тұңғыш өкіл. Бұл еліміз үшін үлкен дәреже деп
білдік. Халқымыз дүние жүзіндегі ең мықты саясаткерлер ішінен таңдалған тұлпар
деп қабылдады бұл жеңісті. 

Бірақ биыл Қасым-Жомарт
Тоқаев мырзаның халықаралық қызметін тастап, елге оралуы талайды таң­дай
қақтырды. Қайта қауышуды шенеуніктер де, халық та күтпесе керек. Кейбір басылым
беттерінде Тоқаев мырзаның оралуын түрлі себептермен түсіндіріп жатты. Бір
анығы еліміздің экономикасын дамытып, еңселі ел ретінде еңсесін тіктеуге осы
азаматтардың түрткі болғаны айқын. 

Ақниет
ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары