«МІНБЕР» МІНБЕРІНДЕГІ ИГІ ІСТЕР
«МІНБЕР» МІНБЕРІНДЕГІ ИГІ ІСТЕР
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы» қоғамдық қоры 2009 жылы 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде арнайы тіркеуден өтті. Содан бері түрлі бағыттағы 12 жобаны жүзеге асырды. Соның екеуі биылғы жылдың еншісінде.
Сонымен қатар, осы сайттың «Заңгер кеңесі» айдары тұрақты жаңаланып келді. Бұл айдар Сорос Қазақстан қорының қолдауымен жүзеге асуда. 2012 жылдың маусым айында «Мінбер» сайты Ақпарат және мәдениет министрлігі жариялаған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсында ІІ орынға табан тіреді. Бүгінде «Мінбер» сайтына күнделікті кірушілердің саны 10000-нан асты. 2011 жылдан www.kazjur.kz блог тұғырнамасы жұмыс істеп келеді. Онда бүгінде 1000-нан астам блог тіркелген. 2013 жылы Мемлекеттік тілді қолдаудың Президенттік қоры ұйымдастырған «Қазақтілді сайттардың ұлттық сыйлығы» байқауының «Шынайы өмір» аталымының жеңімпазы атанды. Және Сорос Қазақстан қорының қаржыландыруымен сайт дизайны мен келбеті өзгертілді.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігінің қолдауымен қазанның 30-ынан қарашаның 2-сі күндері Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде журналистика факультеті мұғалімдеріне арналған ««ЖУРНАЛИСТІК БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ: ЖАҢА МЕДИАНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ» атты дөңгелек үстел және журналистика факультетінің қазақ бөлімінің мұғалімдеріне арналған семинар-тренинг өткізілді. Дөңгелек үстелде журналистік білім берудің мәселелері талқыланып, нақты іс-шаралар жайында пікір талас өрбіді.
2013 жылы «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ақпараттық технология мамандарының басын қосқан екі ірі шара ұйымдастырды. Оның бірі – наурыз мейрамымен тұспа-тұс өткізілген қазақ блогшыларының ІІІ құрылтайы. ІІІ блогқұрылтай 21-22 наурызда Шымкентте өтті. Екіншісі – 22 қаңтарда Астана қаласында медиаорталықта өткізілген «Қазақтілді интернет сайт басшыларының форумы». Екі шараға да жиыны – 200-дей адам қатысып, қазақ интернетін дамытудағы игі қадамдар және бағдарламалар, тың жобалар, идеялар ортаға салынды. 2013 жылы «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы – журналистика факультеті мұғалімдеріне арналған «Қазіргі кездегі журналистік білім беру: идеялар, тұжырымдамалар» атты методикалық нұсқаулықты қайтадан басып шығарды және ЮНЕСКО-ның журналистік білім беруге арналған модельдерін аударып басып шығарды.
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы – қазақстандық бір топ журналистердің бастамасымен 2009 жылы құрылған, коммерциялық емес үкіметтік емес ұйым.
Міндеті – тәуелсіз және объективті БАҚ-тарының күш-қуатын нығайту, қоғамдық ұйымдар мен адам құқығын және негізгі еркіндіктерді қорғау арқылы Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына үлес қосу.
Индира Байсалбекова