ШЫНШЫЛ ҚИЯЛ ЖОҚШЫСЫ
ШЫНШЫЛ ҚИЯЛ ЖОҚШЫСЫ
Қазақ әдебиетінде қайталанбас жанр, қиял-ғажайыпқа толы фантастиканың теориясы мен тәжірибесінің жалғыз насихатшысы – Абдул-Хамид Мархабаев. Көпшілік қалам тарта бермейтін, қалам сілтесе де қиял ұшқырлығы мен тапқырлығы жете бермейтін жанрды еңсеру кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Биыл кітаптарынан шәкірті көп ұстазымыз 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Жуырда Филология ғылымдарының докторы, профессор Абдул-Хамид Мархабаевтың туғанына 75 жыл толу мерейтойына арналған «Ғылыми-танымдық басылымдар мен ғылыми фантастиканы дайындау, шығару және таратудың заманауи технологиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Сондай-ақ осы атаулы мерейтойға орай ұстаздың екі томдық фантастика жанрына арналған «Фантастика негіздері» еңбегі жарық көрді. Оқу құралының алғысөзінде академик З.Қабдолов былай деп жазады. «Сөз өнерін сүюші қауым, қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрында Мархабаевтың қаншалықты еңбек сіңіріп жүргенінен хабардар болар. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиетімізге екпіндей енген жас қиялгер-жазушылар легінің ең алдыңғы шебінен табылған-ды. Және тек қана көркем шығармалар жазумен шектеліп қалмай, біз үшін «тұмса жанр» – фантастиканың тарихы мен теориясын қарастыра бастады».
Қазақ әдебиетін зерттеу тарихында осы салада тұңғыш кандидаттық диссертация қорғады. Қазақ жазба әдебиетіндегі фантастиканың даму дәуірлерін де бірінші боп жіктеген Мархабаев.
Ақниет ОСПАНБАЙ