МИГРАЦИЯ: ҚАДАҒАЛАУ КҮШЕЙЕДІ

МИГРАЦИЯ: ҚАДАҒАЛАУ КҮШЕЙЕДІ

МИГРАЦИЯ: ҚАДАҒАЛАУ КҮШЕЙЕДІ
ашық дереккөзі
255
Қазақ жеріне нәпақа табу үшін келетін мигранттың заңға бағынатыны бар, бағынбайтыны да. Олардың кейбірі құжатсыз-ақ еңбек етіп жүр қазір. Араларында заңды бұзып, қылмыс жасайтындары, тіпті, адам өлтіргендері бар. Олқылықтың орнын толтыру үшін Үкімет жаңа бастаманы қолға алыпты. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, 2013 жылы дамушы елдердің мигранттары мемлекеттеріне 414 млрд. доллар көлемінде ақша жібермек. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда, 6,3 пайызға артық. Дүниежүзілік банктің Миграция мен ақша аударымдары бөлімшесінің баяндамасын дайындаушы мамандар аталған сома Австрия мен Оңтүстік Африканың жалпы ішкі өнімінен асып түскенін айтады. Егер мигранттар осы қарқынынан таймаса, жат жұртта жүріп, үйлеріне жіберген ақша көлемі 540 млрд. долларға жетпек. Ал дамыған және дамушы елдерді түгел қосқанда, 232 млн. еңбек мигрантының тапқан табысы 550 млрд. долларға жуық, ал 2016 жылы 700 млрд. долларға теңгеріледі. Биыл шет елдегі мигранттарының арқасында пайдаға шаш-етектен кенелгендердің алдыңғы қатарында Үндістан тұр – 71 млрд. доллар. Одан кейін: Қытай ($60 млрд.), Филиппиндер ($26 млрд.), Мексика ($22 млрд.) мен Нигерия ($21 млрд.). ДБ өкілдерінің айтуынша, бұл бестік бірнеше жылдан бері өзгермепті. Ал да­мушы елдерге келсек, Украина, Еги­пет, Пәкістан, Бангладеш пен Вьет­намда сырттан келетін табыс жо­ғары. ТМД аумағы бойынша еті тірі тәжіктер мен қырғыздар – еңбек миг­ранттары аса белсенді ұлт. Олар негізінен Ресейде нәпақа тауып жүр. Әлбетте, Қазақ жеріне келіп, ақша тауып жүргендер де көп. Заңға бағынғысы келмейтін мигранттар тіпті, заңсыз жолды таңдаған. Олардың көпшілігі Алматы, Астана сияқты ірі қалаларға шоғырланыпты. Ресми түрде тіркелмегендіктен, мигранттар арасында ауыр қылмыс жасап, ұстатпай кететіндері немесе бірнеше адам өлтіріп, елдеріне тайып тұратындары бар. Сырттан келетін мигранттар ағынын ірі қалалардан басқа жаққа бағыттауды көздейтін Үкімет бюджеттен қаражат бөліп, қараусыз қалған ауылдарды дамытуды жоспарлап отыр. «Негізінен ірі және үлкен қалаларға адамдарды топтастыруда тепе-теңдікті сақтау мақсатында, арнайы қала құрылысын қадағалау аймағын қалыптастырамыз», – деп мәлімдеген ҚР Аймақтық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев аталған қалалардың іргесінен контрмагнит-қалалар салынатынын айтты. Құзырлы органдар осылайша әрекет етіп жатса, депутаттар да қарап қалмады. Еңбек миграциясына қатысты кейбір заңнамалық құжаттарға қатысты заң жобасын қабылдаған олар мигранттар еңбегін жалға алатындар екіжақты келісімшарт түзуді және бір үйдің шаруашылық істерімен айналысатын мигранттарын 5 адаммен шектеуді міндеттемек. Сонымен қатар қазақстанға келген әрбір жат­жұрт­тықтың фото-тіркеуі болады. Бұл қылмыс жасалған жағдайда іздеу жұмыстарын жеңілдетуге сеп. Негізі құптарлық бастама. Өйткені елімізге нәпақа табу үшін келіп, қылмысқа жиі баратын мигранттар көп. Мәселен, жуырда ғана бір отбасын түгел бауыздап, өлтіріп кеткен өзбекстандық мигрант бұған дейін де қылмыс жасаған, яғни, өзі жөндеу жұмыстарын жүргізген үйін үптеп кеткен екен. Егер сол кезде тәртіп сақшылары қолға түсіргенде екі бала, бір жас жігіт пен аяғы ауыр әйелді ажалдан аман алып қалар еді. Себебі, сол өзбек екі жыл бұрын жөндеу жұмыстарын жүргізген үйге Талдықорған қаласының екі қазақ жігітімен бірге барып, отағасы жоқта 5 адамды түгел қырып кеткен. Полиция қызметкерлері әлгі қылмыскердің ресми түрде тіркелмеуі себепті, алғашқы қылмыста (2 мың долларды ұрлағанда) қолға түсіре алмағандарын айтып ақталуда. Жалпы тәртіп сақшыларының көп жағдайда қылмысты «ұсақ» не «ірі» деп қарайтыны да қоғамдағы түйткілдерді үстемелей түсуде. Мигранттарға қатысты тағы бір­ жаңалық – жеке тұлғалар еңбек миг­ранты ретінде еңбек ету үшін олардың әрекетін заңдастыруға да назар аударылмақ. Өйткені құжатсыз жүрген шетелдік жалдамалы жұмыскер көп. Ішкі істер министрлігі арқылы берілетін бұл құжаттың мерзімі мигрант қалаған уақытқа дейін созылады. Ең бастысы, ол Қазақстан шекарасын аттағаннан кейін уақытша тұру рұқсатын 12 айдан асыра алмайды. Бұл құзырлы органдардың сырттан келетін еңбек күшін қадағалауына көмек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары