ТАПСЫРЫС БЕРГЕН АДАМ ТАБЫЛДЫ МА?
ТАПСЫРЫС БЕРГЕН АДАМ ТАБЫЛДЫ МА?
Белгілі саясаткер, қоғам және мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықпен қаза тапқанына да 7 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы істе басты кінәлі ретінде сол кезде Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаев танылған еді.
Ержан Өтембаев 7 жыл бойы осы істе тапсырыс беруші ретінде жазасын өтеуде. Ол 20 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Ал тапсырысты орындаушы, қанішер Рустам Ибрагимов ату жазасына кесілген еді. Алайда, Қазақстанда ату жазасына ұзақ мерзімге мораторий жарияланғандықтан, ол үкім өмірбақи түрмеде отырумен алмастырылған.
Желтоқсанның 11-інде бұл атышулы оқиғаның басқа қырлары ашылғаны жайлы Қазақстанның Бас прокуратурасы ресми мәлімдеме таратты. Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың мәліметіне сүйенсек, оппозициялық саясаткерді және оның көмекшілерін өлтіруге тапсырыс берген бүгінде шетел асып қашып жүрген бұрынғы елші Рахат Әлиев болып шықты. Бұл жайында алғашқы мәлімдемені 2012 жылдың сәуір айында өмір бақи бас бостандығынан айрылған Рустам Ибрагимов жасаған. Кравченко журналистерге өткізген брифингінде:
«2006 жылы ақпанның 11-інде Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлы, Василий Журавлев, Бауыржан Байбосын ұрланды және өлтірілді. Тергеу барысында бұл іске – Рустам Ибрагимов және басқа да 9 адамның қатысы бар деп танылды. Ал 2012 жылы сәуірдің 16-сында жазасын өтеуші Рустам Ибрагимов қылмыс жасағанын тұңғыш рет мойындады және оған тапсырыс беруші адамның Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев және Әлнұр Мұсаев болғанын мәлімдеді», – деді ол.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының тапсырысы бойынша, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрліктерінен арнайы жасақталған жедел тергеу тобы қосымша алынған мәліметтердің рас-өтірігін анықтады. Бұл ретте ҚР Бас прокуратурасының өтініш беруімен АҚШ-тың Федеральдық тергеу бюросы да тергеу амалдарына қатысқан.
«Тергеу барысында жаңадан пайда болған жағдаяттардың барлығы нақтыланды. Тіпті 2006 жылдың өзінде Рустам Ибрагимов полиграфологиялық зерттеу аяқталған сәтте, АҚШ-тың Федеральдық тергеу бюросы агенттеріне нағыз тапсырыс берушінің Рахат Әлиев екендігін мәлім еткен. Алайда ол құқық қорғау органдарына ресми мәлімдеме жасаудан бас тартып, Әлиев пен Мұсаев тарапынан отбасына төніп тұрған қауіптің барлығы салдарынан, бұл ақпаратты жария етпеуін сұраған. Қазіргі сәтте тергеу амалдарын бірге жүргізген АҚШ Федеральды тергеу бюросы аталған мәлімдеменің растығын нақты құжаттар арқылы дәлелдеп отыр», – деді Кравченко.
Ал бұл іске тапсырыс берді деген айыппен сотталған Ержан Өтембаев Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді емес, соққыға жығуды қалаған екен. Бұл жайында Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев білген. Осы жағдайды пайдаланып, барлық кінәні Ержан Өтембаевқа аударуды мақсат еткен.
2013 жылдың тамызында Рустам Ибрагимовтың мәліметтері АҚШ-тың Федеральды тергеу бюросынан шақырылған полиграфологтар тарапынан тексеріліп, шындығы дәлелденді. АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей Тергеу барысында АҚШ-тың Федеральды тергеу бюросының іске қатысты барлық құжаттарға еркін қол жеткізіп отырғанын айтады.
– 2006 жылғы 11 ақпанда Алматы қаласында Алтынбек Сәрсенбайұлының, Василий Журавлевтің және Бауыржан Байбосынның қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты ұзақ және көпжақты тергеудің аяқталуын баяндау үшін осы кездесуге қатысып отырмын. Мен АҚШ пен Қазақстан құқық қорғаушылары өзара тығыз байланыста болғандығын атап өткім келеді. Тергеу барысында АҚШ-тың Федеральды тергеу бюросы іске қатысты барлық құжаттарға еркін қол жеткізіп отырды. Бұл істің еш кедергісіз тәуелсіз бақылауды жүргізуге ғана емес, куәгерлерді қазақстандық органдардың қатысуынсыз арнайы полиграфтарда тексеру мүмкіндігін берді. ФТБ жасаған іс-қимылдардың қорытындылары ҚР Бас прокуратурасының шешімдерімен сәйкес келді, – деген ол.
Осыған орай, 2013 жылдың 11 желтоқсанында Бас прокуратура ҚР Жоғарғы сотына осы іске байланысты үкімді қайта қарау туралы шешімді жолдады. Сөйтіп Ержан Өтембаевтың жазасы туралы үкімнің кейбір баптары өзгертілген. Ал басқа қылмыскерлердің жазасы өзгертілмеді, өйткені жаңа дәлелдер мен фактілер олардың үкімін өзгертуге ешқандай ықпал етпейді. Желтоқсанның 19-ында Жоғарғы сот Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотқа жаңа сот ісін қарауды тапсырды. Яғни ендігі қылмыстық іс – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың үстінен қозғалмақ.
Рахат Әлиевке, сондай-ақ, «Нұрбанкінің» топменеджерлерін ұрлады деген айып тағылған. Әрі сырттай 20 жылға сотталған. Әзірге қуғындағы Рахат Әлиев шетелде бас сауғалап жүр. Әуелі Австрияда, сосын Мальтада сайран салған ол енді Кипрдің азаматтығын алуға тырысып бағуда.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ