378
ДИДАРҒАЙЫП
ДИДАРҒАЙЫП
Мына өмірге қонақ ретінде келген бәріміз де сол өмір атты ұзақ жолдың бойындағы жолаушы ғанамыз. Бұралаңы мен бұрылысы мол ұзақ жолдың бойында дидарғайып ұшырасқан жолаушы – қаймана пенденің бәрі адам жадында қала бермейді ғой.
Ұлтымыздың тарихы мен тағдырында өзіндік орны бар азаматтардың бірі, арамызда жүрсе биыл тоқсан жасқа келген мерейтойын ел болып тойлайтын Исатай аға Әбдікәрімовпен осыдан жиырма жыл бұрын дидарласқан екенмін. Дидарласып қана қоймай, үйінде қона-түстене жатып әңгімелескенмін, арамыздағы әңгімені видеотаспаға мұқият жазып алғанмын.
Иә, осыдан жиырма жыл бұрын… Уақыт өлшемімен алғанда осынау қас-қағым сәттің қазақ баласы үшін ғасырларға татитын мерзім екеніне ешкімнің де таласы болмас.
… Тоқсан үшінші жылдың жазында Қызылордаға бардым. Мен барғанда, бір кездері өзіміз жер кіндігіндей көретін қала тас-түнек қараңғылық құшағында еді. Қалада жарық жоқ, көптен бері жөндеу көрмеген көп қабатты үйлердің қабырғалары арса-арса, жертөлелерін ыза су басып кеткен. Қала дүкендерінің есігі тарс жабылған, ал ғайыптан тайып ашық тұрғандарының сөресі жылан жалағандай; көзге түсетіні – баклажаннан жасалған уылдырық пен қатқан балық. Тартылып бара жатқан дария мен кенезесі кепкен Аралдың, жыл санап көлемі қысқарып жатқан күріш алқаптарының жағдайы халықтың көкірегіне күпті күдік ұялатып, елдің еңсесі түсіп кеткен уақыт.
Мен көргенде – Исатай ағаның да көңілі пәс, еңсесі төмендеу секілденген… Біраз жыл бұрын Республика Жоғарғы Кеңесі Төрағасы қызметінен түсіп, соңынан едәуір уақыт ауыл арасында мәртебесі төмен елеусіздеу қызметтер атқарып, зейнетке шыққан кезі. Тағдыр талқысы бір айналдырғанды шыр айналдырады деген рас, оның үстіне ғайыптан тайып мына өмірден ерте кеткен жалғыз ұлының өкініші көңіліне қаяу салып, көкірегін жегі құрттай жеп жатса да өзі білсін…
Дегенмен, дидарғайып сол кездесу үстінде ағамыздың бағы сынса да, сағы сынбағаны көрініп тұрды. Сол жолы ағамыздың оңашалап айтқан әңгімелері тек көркем шығармаға, көркем шығарма болғанда, драмалық (бәлкім, трагедиялық!) шығармаға ғана арқау етуге болатындай еді. Сүйекті көркем шығарманың да уақыты келер, әзірге сол жиырма жыл бұрын өзім түсіріп, өзім монтаждаған видеокадрлар мен видеомәтіндерді қарап отырып, оңаша ойға кетемін ғой баяғы…
КАДРДЕГІ ӘҢГІМЕ
Серік: Әңгімені арыдан бастағым келіп отыр, аға… Соғыс кезі болса керек, бір жас келіншек майданнан қара қағаз алыпты. Күйеуінен үмітін біржола үзген келіншек шалға тиіп кетеді ғой. Көп ұзамай жап-жас күйеуі аман-сау үйге келіп тұр дейді. Бұл жөнінде Мұхтар аға Шахановтың өлеңі бар. «Бағаласаң махаббатты бағала… Бағаласаң махаббатты бағала… Аздан кейін сұлудың, орамалы жатты жағада» деп келеді. Қаралы хабар алған адам аз ба, ал сіздің үйдегі жеңгеміз екі бірдей қара қағаз алыпты. Ел аралап жүрген журналиспіз ғой, мұны айтып тұрған себебім, өз басым дәл осындай оқиғаны бұрын соңды естімеген екем…
Исатай аға: Техникумда отыз екі бала оқитынбыз. Соғыс басталған соң бәріміз бірдей военкоматқа арыз беріп, соғысқа сұрандық. Соғыстың ұзаққа созылатын түрі бар, ақыры қашып құтыла алмайтын болған соң, солай жасаған болуымыз керек. Ішімізде кәмелетке толмаған жастар да бар еді. Көп ұзамай майданға аттандық. Орынбор түбінде бес-алты ай дайындықта болдық. Қырық екінші жылы жауды Мәскеу түбінен қуа бастаған шақта бізді Батыс майданға әкелді. Мәскеуден беті қайтқан жау Дондағы Ростов пен Сталинградқа беттеген кез…Тула, Ростов қалаларын алдық. Жиздра деген темір жол желісі, Жиздра деген шағын өзен бар екен. Жаңағы оқиға сол Жиздрада өтерде болған… Өзеннен таң сәріде өтіп бара жаттық. Кенет жау үстімізден минометпен атты. Көп адам қирап түсті. Қалғандарымыз өзеннен өтіп, окоп қаздық. Бір ағаштың түбінде отырғанымда, миномет оғы түсіп, есімнен айрылып қалыппын. Менен көз жазып қалған командиріміз үйге қара қағаз жіберіпті ғой… Су ішерлігім бар екен… Ал екінші қара қағаздың жайын жеңгеңнен сұрап аларсың…
Серік: Адамда арман таусылған ба, аға. Уақыт өте келе кімде-кімнің өткен күндерге үңіліп, өзіне-өзі есеп беретін кездері болады. Азды-көпті ғұмырыңызда өзіңізді қарыздар санайтын, қиын шақта арқаңыздан қағып, қол ұшын берген ағаларыңыз болған шығар?
Исатай аға: Болды ғой енді… Отырар ауданында тұратын кезіміз. Отыз сегізінші жылы жалғыз ағам халық жауы болып ұсталды. Прокурор болып істейтін еді. Біз болсақ, халық жауының семьясы болып шыға келдік. Жылап-сықтап дегендей… Ол кезде халық жауының туыстарынан халық ат-тонын ала қашады. Болса болмаса қызметте өсірмейді. Мен ағамның халық жауы болып ұсталғанын жасырмауға бекіндім. Соның әсері болар, армияда жүріп жарақаттанған соң, комсомол қатарына өтіп, саяси жұмыстарға араластым. Батальондар мен полктарда саяси ұйымдардың ашылған кезі. Ол кезде комсомол, партия мүшелері жау қолына түссе, аямайды. Елге келген соң қоғамдық жұмыстарға араласуыма сол саяси қызметте болғаным әсер еткен болар. Алдымен аудандық, сосын облыстық комсомол комитетінде жұмыс істедім. Елу бесінші жылы партия қызметіне ауыстым. Шиелі ауданында, Қармақшыда болып, жетпіс бірінші жылы облыстық партия комитетіне келдім. Талай азаматтармен дәмдес-тұздас болдық қой. Солардың бірі Сужиков ақсақал бүгінде сексеннен асты. Алматыда тұрады. Сол кісінің тәрбиесін көп көрдім. Адамның еңбегін бағалай білетін ақылды кісі. Тоқтамысов деген ағамыз Батыс Қазақстанда, Солтүстік Қазақстанда, Орталық аппаратта істеп әбден ысылған өмір тәжірибесі мол адам. Адамға жанашырлығы мол. Кейін Ықсановпен қызметтес болдым. Өте іскер, жұмыстың жайын білетін, әсіресе су шаруашылығын жақсы меңгерген маман болатын. Сол кісіден көп үйрендім.
Серік: Менің бір байқағаным, бұрын адамдар «жұмыс істейтіндер, жұмыс істемейтіндер» болып екіге бөлінуші еді, кейінгі кезде «жұмыс істетпейтіндер» деген топ пайда болыпты…
Исатай аға: Арызқойлар десеңші…
Серік: Біраз жұмыстар істеген адамсыз, егер жиырмаға қайта келсеңіз, өмірді неден бастар едіңіз?.. Ер жігітке қандай қасиеттер жарасады дегенім ғой…
Исатай аға: Адам мінезі ана сүтімен дариды емес пе?.. Меніңше, ең бастысы, адамға сене білу қажет.
Серік: Алмағайып заман болып тұр ғой, аға… Кейде «біз осы қайда бара жатырмыз?» деп ойлайтыным бар. Болашағымыз қандай болмақ? Бәрі өзгеріп жатыр. Социалистік қоғамның орнына капиталистік қоғам, социалистік мәдениет дегеннің орнына буржуазиялық мәдениет деген келді. Қазақ осы өзгерістерге дайын ба?.. Жалпы осы өзгерістер неден басталды деп ойлайсыз? Исатай аға: Меніңше, біздегі бүліншілік сексен бесінші жылдан басталды. Горбачевтің «перестройкасы» бәрін қопарыстыру саясатына ұласты ғой. Егемендік дұрыс, әрине. Бірақ Горбачев саясатынан ел кейінге қарай шегініп кетті. Жап-жақсы, үлкен экономикаға негізделіп жасалған ел едік. Әскери экономика мен ауыр индустрия қарыштап дамып еді. Ауылшаруашылығы да біршама ілгерілеп қалып еді. Әсіресе, сентябрь пленумынан кейін… Сол өсу жолдарының өзін жетілдіруге болатын еді ғой. Кремльдегі жиналыстарға қатысып жүрдік. Брежневтің жетпіс бірініші жылғы өнім сапасы, жұмыс сапасы дегендері мыйға қонады. Сосын ғылыми-техникалық прогресс дегені. Өкінішке қарай, Брежнев жүзеге асыра алмады. Жасына байланысты болған шығар… Горбачев басында дұрыс-ақ бастап еді, аяғы сұйылып кетті ғой. Ол да ғылыми-прогресті жариялады. Бір емес, төрт-бес рет жариялады. Екі мыңыншы жылы әрбір адамда үй болады деді. Азық-түлік программасын жариялады. Шынында қолдағы бар күшті соған жұмсауымыз қажет еді. Шет елдерден тауар сапасы жөнінен артта болсақ, болған да шығармыз. Әттеген-ай дейміз ғой, бәрін реттеуге болатын еді. Ауыр өнеркәсіпке жұмсалған шығынды халықтық тауарларға жұмсағанда, шет елдерді қуып та жететін бе едік… Қазір нарықтық экономика деп жүрміз. Дұрыс та, керек те шығар. Өйткені сауда мен нарық заман талабы. Кеше-бүгін шыққан заң емес. Адамзат пайда болғаннан бері бар нәрсе. Адамдар қашаннан бір-бірімен нарық арқылы қатынасқан ғой. Бірақ аз уақыт ішінде елуінші жылдардың деңгейіне сырғып кеткеніміз өкінішті.
КАДРДЕН ТЫС ОЙ
Видеокадрдегі әңгіме осылай басталады. Енді бүгін қарап отырсам, Исатай ағаның маған оңашалап айтқан әңгімесінің оннан бірін де жазып ала алмаған екенмін-ау. Түнгі оңаша әңгіме кезінде тарылып та, арылып та сөйлеген ақылгөй қарияның кинокамера алдында тартына сөйлеп, кібіртіктей бергені несі екен?.. Кәдімгі отыз жетінің қанды қасабын көзбен көрген, көріп қана қоймай өз басынан өткерген жанның өн бойына бала күннен сіңіп қалған қорқыныш сезімі ғана болса бір сәрі. «Ғылыми коммунизм» идеясын жастайынан бойына сіңіріп, сіңіріп қана қоймай, соны жүзеге асыру жолында бар ғұмырын сарп еткен өзіміз «сүйегі асыл» деп жүрген ұрпақтың шын болмысы осы болса ше?..
Ойлап отырсам, ағамыз комсомол, партия қызметіне мың тоғыз жүз қырық бірінші жылдан араласыпты. Ары-берісі екі-үш айда Мәскеу түбіне жеткен немістер жағына генерал Власов армиясының құрамындағы орыстардың да, «Шығыс Түркістан легионынан» қорғаныш іздеген өз қандастарымыздың да топ-тобымен өтіп жатқан кезі ғой бұл. «Ол кезде комсомол, партия мүшелері жау қолына түсе қалса, аямайтын…» депті ағамыз. Дүние асты-үстіне келген, қарапайым адам түсініп болмас қорқынышты уақыт. Ағамыздың аяусыз соғыс кезіндегі сол бір қорқынышты сезімнен арада елу жыл өтсе де арыла алмай жүргені ме?… Дегенмен, комсомол, партия қатарына майданда жүріп өткен ұрыншақ ұрпақ пен сол билетті мансап үшін иеленген сұрамсақ ұрпақтың арасында жер мен көктей айырмашылық барына сенемін. Бұл жағынан келгенде жан-жағына жалтақтап өскен ұрпақтың бір өкілі ғой деп ағамызды ақтап та алғым келеді…
«Жап-жақсы, үлкен экономикаға негізделіп жасалған ел едік» дейді ағамыз. Тәуелсіздік дәмі таңдайға татып үлгермеген тоқсаныншы жылдың басында осылай ойлаған жалғыз Исекең бе екен? Арысы – Балтық жағалауы, берісі – өзіміздің көршілерімізге дейін оңаша отау тігіп жатқанда, «ортақ одақ» идеясына жабысқанымыз да рас. «Өткенге – салауат» дегенмен, күні бүгінге дейін сол кеңестік дәуірді айтқанда арқасы қозып, жүйкесі тозып кететін үлкендеріміз аз ба? Түбін қуалап келсең – кешегі партком хатшысы, совхоз немесе ұжымшар төрағасы болып шыға келеді. Кешегі «көпке ортақ қоғамдық меншікке» мелдектеп тойған, соғымға колхоздың бәйгеден келген айғырын сойған көкелеріміз екенін білеміз ғой…
«Әттеген-ай, бәрін де реттеуге болатын еді» дейді ағамыз. Ал түнгі оңаша әңгіме кезінде өзі «бүліншілік» деп атаған кеңестік заманның қырсық, қийтұрқылықтарын айтып сансырап, сол бүліншіліктен шығудың жөн-жобаларын іздеп іштей де сырттай таусылмап па еді?.. Иә, алмағайып уақытта «бәрін реттеуге» шама-шарқымыз келмеген де шығар, дегенмен, сол бір тәуелсіздіктің алғашқы жылдары босқа шашылып-төгілмей, етек-жеңімізді жиып ұстағанда қайтер еді деп ойлаймыз ғой баяғы… Ары-берісі үш-төрт жылда рәсуа болған қырық бес миллион қой мен он миллион ірі қараның маңыраған, мөңіреген даусы құлағымыздан кетер ме?.. Сыр бойындағы тегістеліп, инженерлік жүйеге келтірілген құны алтынмен бағаланар екі жүз мың гектар алқапты қамыс пен қоғаның еншісіне берген күндерді өлсек ұмытармыз ба?..
Сосын… Ағамыздың әңгімесінен «нан болса – ән боладыны» айтқан қалың қасты көсемге, сол көсем билік жүргізген заманға іші бұратыны байқалып тұр-ау… Кәдімгі көбіміз «Брежнев коммунизмі» деп кекетіп, мұқатып еске алатын заман. Он алтыншы жылғы көтеріліс пен он жетінші жылғы төңкерісті, жиырмасыншы жылдардағы аласапыран мен отыз екінің ашаршылығын, отыз жетінің нәубетін, ақыр соңында ұлтымыздың үштен бірін жалмаған қанды соғысты басынан өткерген ашқұрсақ қазақтың қарны бір тойған уақыт. Хрущев көсемнің жүгері нанын жегеніміз болмаса, біз сол нәубетті де, ашаршылықты да көрмеген ұрпақтың санатынанбыз. Он төрт жылдық «Брежнев коммунизмі» кезінде өмір сүрген, сол Брежневтен қалған азды-көп дүниені ары-берісі үш-төрт жылда ішіп-жеп тауысқан ұрпақпыз. Бұл орайда «мың өліп, мың тірілген» ұлттың сарқыты, отыз жетінің нәубеті мен қырық бірдің қанды қырғынын өз басынан өткерген, «Брежнев коммунизмі» тұсында ғана қарны тойған ұрпақтың тәубешіл болмауға амалы жоқ-тын. Сол тәубешіл ұрпақтың өкілі – Исекеңді ақтамасқа амал жоқ…
Серік: Билік деген – жегі құрт. Оның соңына түскен адам жуырмаңда қол үзіп кете алмайды дейді ғой… Сіз халқымыздағы биліктің ең биігіне көтерілген санаулы азаматтарының бірісіз. Бәрін көрдіңіз, бәрін бастан кешірдіңіз. Сол билік басында жүріп жіберген басты кемшілігіңіз қандай? Өкінішіңіз бар ма?
Исатай аға: Менің бойымдағы жақсы да, жаман қасиетім – адамға сенгіштігім. Бір адам қараулық жасайды деп ойламаппын. Зиян шексем, содан зиян шеккен болармын. Мен кеше Жоғарғы Советке қызметке барғанда Қызылордадан арыздар түсіп жатты. Қызылордада менің келісімімсіз екі-үш там салынған-ды. Онда да жоғарғы жақтың рұқсатымен. Проектіні біздің жігіттер өзгертіпті. Оны мен байқамай қалыппын. «Правдаға» мақала шықты. «Қызылорда обкомының көз алдында» деп аталады. Осы екі-үш үйдің төңірегінде республика басшылары шулап қоя берді.
Серік: Мақала «У обкома на виду» деп аталады.
Исатай аға: Нағыз сенсациялық мақала. Бәрі сенгіштіктен болды. Әйтпесе, өмірімде ешкімге қиянат қылған жан емеспін. Жалпы табиғатым солай…
Серік: Біздің бала күнімізде Димаш Ахметович Қызылордаға жиі келетін. Соңғы он үш жылда бірде-бір рет келмепті. Сондықтан Қызылорда халқының Қонаевқа өкпесі бар-ау деймін. Димекең бойында қарама-қайшылығы мол, аса биік тұлға ғой. Қызылорданы былай қойғанда, неге қазақ мектептерін ашпады? Ұлттық мәселелерге неге араласпады? Сіз Димекеңе іні болдыңыз, жолдас болдыңыз. Осы жөнінде өз пікіріңізді айтсаңыз.
Исатай аға: Ол кісінің досы Брежнев Мәскеуде отырды. Осыны пайдаланып батылдау болуы керек еді. Жоғары жаққа жалтақтаған да кездері болғанын мойындау керек… Мен ол кісімен елу төртінші жылы таныстым. Ол кезде ғылым академиясында президент еді. Қызылордадан депутат болып сайланды. Үлкен кісілердің қасында жүргенде қызметін жасадық. Мен облисполкомда секретарь едім. Кейін партия жұмысына ауыстым. Ол кісі Министрлер Советінің Председателі еді. Жиі келіп тұрды. Ал енді жақын танысқаным – алпыс үшінші жылдың сентябрь айы. Қызылордаға самолетпен келді. Орталық комитет басшылығынан босаған кезі. Ептеген ұлтшыл деген әңгіме болса керек. Хрущевтің тұсы. Брежнев келгесін қайта қуаттады ғой. Юсуповтың кезі. Қармақшыға келгенде еңсесі түсіп кеткен. Неге? Танымалдығы, іскерлігі жағынан Юсуповтан әлдеқайда биік адам емес пе? Бірақ жоғарының шешімі солай. Іштей Димекеңе тілектес болдық. Онда бірінші секретармын. Бірге шәй іштік. Бірге күріш араладық. Адамгершілігі мол кісі ғой. Қазаққа жақсылық істегісі келетіні байқалып-ақ тұратын. Сөзшең кісі еді. Қызылордалықтардың жағдайы қиын екенін біліп жүрді. Дарияда Қармақшыға апаратын паром бар-тын. Сол жерде екі сағаттай тұрып қалдық. Екі араға бір жарым сөтке жүріппіз. Маған қарап: «Бар уақытың жолда кетеді екен ғой» деді. «Бұл шет жағы. Телефон жоқ. Жол жоқ» дедім…
Серік: Ақыры Қармақшыға апарғасын Кекірелі мен Мыңқапқа апару керек еді…
Исатай аға: Иә… Қасында Гончаров деген министр бар еді. Автомобиль жолдары министрі. Соған айтты: «Қаржы тауып беремін. Дарияға пантон көпір салыңдар. Қызылорда мен екі араға жол салыңдар» деді. Алпыс миллион деген көп ақша. Оны Мәскеу бекітеді. Сол жолы шындап кірісті. Бір жарым жылда жүз жетпіс бес километр жол түсіп, қарқ болып қалдық… Жаңа қазақ мектептері деп қалдың ғой. Меніңше, ол кісінің қолынан қаққан кісі болмаса керек. Бірақ ол кезде жағдай солай, кәдімгі лениндік саясат. Ұлттар бірігеді, жалпы халық боламыз. Ұлт деген болмайды деген саясаттың әсері ғой…
Серік: Иә, бәрі өзгеріп жатқан заман. Билікке інілеріңіз келді. Соларға көңіліңіз тола ма, аға?
Исатай аға: Қазір Қызылордада билік басында өз жігіттері отыр. Жолдан өткен, өз жұмыстарын біледі. Мына Сейілбек Шаухаманов совхоз директоры болды. Мамандығы инженер. Өндірісті де біледі. Бұрын күріштің төңірегінен шыға алмайтын едік. Қазір Сырдағы су өлшемінің өзі режимге түсіп, егіс көлемін көбейтуге болмай қалды ғой. Ауылшаруашылығы ресурстарының болашағы шамалы. Дегенмен халықтың бағы бар екен, қазіргі қолға алатын мәселе жер асты қазынасы. Біздің кезімізде-ақ барлау жұмыстары жүргізілген болатын. «Құмкөлнефть» өнім бере бастады. Қазірдің өзінде бір миллион тоннадай өнім беріпті. Мұнай запасы Ақтөбе, Торғайға дейін созылып жатыр дейді. Енді мұнай өңдейтін зауыт ашып алсақ
… Иә, сол жылдары жоғары партия мектебін бітіріп, биліктен дәметіп жүрген кезде «билік – жегі құрт» деп әңгіме бастаған менің де бір білгенім бар шығар… Дегенмен, арада жиырма жыл өтсе де билік жайлы сол пікірімнен қайтқым жоқ, қайтпайтын да шығармын. Жиырма жыл бұрын менің сұрағым жауапсыз қалыпты. Соған қарағанда біз әңгімелескен жылдары Исатай ағамыз биліктен үміт үзбеген (әлде қол үзбеген) де болуы мүмкін. Оның үстіне алдында ғана жетпіс жылдық мерейтойына орай елдің бірінші басшысынан құттықтау жеделхатын алғаны тағы бар. Ал оңаша әңгіме кезінде айтқан сөздері әлі күнге есімде. «Бірінші қателігім – Жалағаш ауданынан облысқа ауыспағанда, екінші мәрте Еңбек Ері атағын алуым мүмкін еді. Екінші қателігім – республикалық басшылыққа кетер алдында өз орныма мінезі табанды, елді ұстап тұра алатын жігіттердің бірін қалдырмағаным…» деп, өз өкінішін білдірген еді-ау…
Қазір менің есімнен сол жолғы түнгі әңгіме кезінде Исекеңнің үйіндегі жеңешем айтқан сөздер кетер емес. «Мен Алматыға баруына қарсы болдым. Үйде ақтығын дайындап, кәудіреп отырған (иә, дәл осылай, «кәудіреп» деп айтқаны есімде) екі кейуанамыз бар-тын. «Үйде бол, мені қойшы, мына шешелеріңе қара» деген сөзімді құлағына қыстырды ма?.. «Брежневтің, Қонаевтың өздері айтты… Халықаралық норма бойынша енді елді Жоғарғы Совет басқарады…» деп отырып алды ғой… Бәрімізді далаға тастап, аспанмен кетіп еді, жердің бетімен емес, астымен қайтып оралды, байғұс…»
Таныс жағдай, әрине. Қалың қас көсемнің партия басшылығына қосымша Жоғарғы Кеңес Төрағалығын да өз мойнына алған уақыты. Алғаш билік басына көтерілген сәтте халықаралық демократиялық үрдіске сай қызмет жасағысы келген көсімнің далбаса тірлігі. Ағамызбен болған әңгіме кезінде менің ойыма Брежнев реформасы мен Исекеңнің қызметі емес, Исекең секілді биліктің ұшар басына көтерілген Жұмабай Тәшенов көкемнің тағдыры оралып еді. Жер беру мәселесінде Мәскеудегі жылтыр бас көсеммен келісе алмағаннан кейін өзінің Шымқаласына оралып, қала сыртындағы шағын жол салу (әлде, жол жөндеу ме екен?) мекемесін басқармаушы ма еді? Иә, жер беру, жер беру болғанда, өзгеге жер беру мәселесінде… Мәскеулік баспасөздің қырына ілінген Исатай ағамыз да Жұмекең секілді өзінің Қызылқаласына оралып, кәдімгі газет тарататын «Союзпечать» мекемесін басқарған еді-ау… Осыған қарағанда биліктегі адам үшін қызметке қалай келу мен биліктен қалай кету мәселесінің де маңызы аз емес-ау… «Билік деген – жегі құрт» деген пікірімнен қайтпайтын тағы бір себебім осы…
Ал Қонаев көкемізге қатысты сұраққа келсек, ол менің өз жеке басыма қатысты өкпе болуы әбден мүмкін… Әлі есімде, кішкене күнімізде біздің ауылға Димекең екі рет келді. Бірінші келгенде орталық көшеге асфальт төселсе, екінші жолы ауыл сыртындағы жеміс бағына дейінгі аралыққа оқтай түзу тас жол салынды. Тұп-тура Қармақшыға барғандағысы секілді. Сол жылдары мый балшық пен қою шаңға аунап өскен біздер түп-түзу, теп-тегіс сол жолмен алма бағына қарай велигімізді зырылдатып бара жатар едік. Баланың аты – бала, жас күнімізде Димекеңді тәңір тұтсақ, есейе келе Димекең беделін сырттай да, іштей де арқаланып өскен ұрпақпыз ғой. Биліктің ең биігіне көтерілген тұста жағдайы аса қиын Сыр бойына ат ізін бір салмау немесе өзінің орнына лайықты ізбасар дайындамау себебін көкеміздің өзінен басқа кім білсін… Ал қазақ мектептері мен қазақ балалар бақшасының жайы тіптен бөлек әңгіменің желісі, әрине.
Араға он төрт жыл салып жақында Қызылордаға барып қайттым. Кезінде өзіміз ана басы мен мына басына жаяу кете беретін қала адам танымастай өзгерген. Еуропа үлгісіндегі зәулім үйлер, тұғыры биік ғимараттар қаздай тізіліп, дарияның арғы жағалауына шығып кетіпті. Есіме Исекеңнің «жігіттер менің келісімімсіз екі-үш там салыпты» деген сөздері түсті. Ұрлық үстінде ұсталмаса да, «жоғарының келісімінсіз салынған екі-үш там» үшін зардап шеккен ұрпақтың жай-күйін түсінеміз ғой.
Қазақта «там» деген сөздің екі мағынасы барын білеміз. Тәуелсіздік алған жылдары заңды да заңсыз түрде салынған, салынып та жатқан үйлеріміз күндердің күнінде «тамға» айналып кетпесе дейікші…
Сол жолы бір байқағаным, ақ шағыл қызыл құмның үстіне салынған қалада жер бағасы күйіп тұр. Мұны да түсінемін, әрине. Мұнда мұнай, иә, мұнай бар. Ойыма Исекеңнің «мұнайға, мұнайға бет бұру керек» деген сөздері оралды.
Серік: Қазір ел арасында мынандай әңгіме бар. Жоғарыдан күрішке ерекше назар аударылды. Күрішшілерге, күріштің айналасында жүргендерге Еңбек Ері атағын беріп жатты. Ішінде сіз де барсыз. Сізге қояр сұрағым… сол жылдары күрішті көптеу егіп жіберген жоқпыз ба? Күріштің өнімділігін егіс көлемінің арқасында арттырып, цифр қуалап кеткен жоқпыз ба?
Исатай аға: Бұрын Сыр бойында сексен, сексен бес мың гектар жерге күріш егілді. Егерде үнемдеп жұмсаса, бес-алты миллиард кубометр су жетеді. Бұл онша көп су емес. Мәселе жоғарыда. Өзбекстан, Тәжікстан жақтағы су қоймалары суды есепсіз көп пайдаланып жатыр. Мысалы Тоқтағұл су қоймасы. Ертеректе жасалған жоба дұрыс емес. Нәтижесінде Арал катастрофасы болды. Тұз ұшып жатыр. Қыс айында Қаратауда болдым. Әйелдер кір жусақ су кірді ашпайды, тұз болып кеткен деп отыр. Аралдың тұзы Қаратау түгілі Памирге, тіптен Америкаға дейін барып жатыр. Халықтық апат. Қазір Назарбаев бастап жұмыс істеп жатыр ғой. Аралды қорғау комитеті, фондтар құрылып жатыр ғой.
Серік: Сіз басқарған кезде күріш көлемі жүз үш мың гектарға жетті. Қазір күріштік жердің көлемін қысқарту керек деген саясат бар. Өз басым келіспеймін. Ыбырай Жақаев атамыз: «Күрішке еге болыңдар. Күріштен айрылсақ, халықтан да айрыламыз» деген ғой. Қызылордада күрішті тастап, жүгері егейік дейді. Аралды сақтаймыз деп жүріп қолда бардан айрылып қалмаймыз ба? Бұра тартып, шашылып қалатын әдетіміз бар еді… Ендігі бір әңгіме, жұрт сіз туралы жақсы пікір айтады. Облыстағы құны алтынмен бағаланатын тегістелген инженерлік жүйені сіздің атыңызбен байланыстырады. Қызылорданың тарықпай отырғаны содан деп сізді ауызға алады.
Исатай аға: Елде алпыс алтыншы жылы мелиорация бағдарламасы қабылданды ғой. Сол программаға байланысты облысқа қаржы құйылды. Темірбетон зауыттары, механикаландырылған жылжымалы колонналар ашылды. Он жыл ішінде екі жүз мың гектар жер тегістелді. Каналдар қазылды, жолдар салынды. Жер түбірімен өзгерді. Егер осы севоборотты дұрыс сақтасақ, жер азбайды. Бізге алты-жеті миллиард кубометр су жетіп жатыр. Сексен мың гектар күріш, қырық мың гектар жүгері егуге жетеді. Гектар өнімділігін көбейту керек. Егіс көлемін, жер көлемін көбейту қиын. Агротехниканы сақтау мен ұқыптылық қажет.
Серік: Манағы ел Еңбек Ері атағын алу үшін Арал теңізін құрбандыққа шалды деген әңгімеге қайта оралсақ.
Исатай аға: (күледі) Сексен тоғызыншы жылы шопандар тойына бардым. Отырыста жаныма Алматы телестудиясының журналисі келіп, интервью беруімді сұрады. Мен қарсы болдым. Жалынып қоймаған соң, келістім ғой баяғы. Жаңағы бала: «Арал құрып барады. Ел басшысы болдыңыз, сол кезде не қарап отырдыңыз?» дейді. «Оған мен кінәлі емеспін, қарағым. Амалымыз жоқ болды. Мәскеуге, Брежневке де бардым. Қолдан келгенше әрекет жасадық. Политбюроның қаулысын да шығарттық. Аралдың құрып кететінін білген жоқпыз. Жалпы су бөлу жобасы сонау елуінші жылдары бекіп кеткен екен» деп жатырмын. Ал жаңағы баламыз «Шен тағып, шекпен киген ағалар» деп қар-рап тұр…
Серік: Сізге ел ағасы, ел азаматы ретінде қоятын сұрағым бар. Қазіргі дария бұрынғы дария емес. Су төрт-бес есе азайды дегенмен, дарияның табаны көтеріліп, жағалау дамбысы шөгіп кетті. Ғылымда трансгрессия деген ұғым бар. Яғни су деңгейі бір көтеріліп, бір төмендеп отырады деген сөз. Егер дария суы қайта көтерілер болса, дария арнасы сол суды тарта алмайды ғой. Тағы да апатқа ұшырап жүрмейміз бе?
Исатай аға: Сондай циклдың болатынынан хабардармын. Қазір Өзбекстан, Тәжікстанды су алып жатыр. Біздегі каналдар басқаша есептелген ғой. Шардара секундына бір мың үш жүз текшеметр су жібереді…
Серік: Биыл секундына сегіз жүз текшеметр жіберіп тұр.
Исатай аға: Қаланың подвалдарын су басып жатыр. Осыған қарағанда су апатына қарсы шараларды да ұмытпауымыз керек-ау…
Серік: Дарияға мол су келе қалса елді көшіреміз бе? Қайда көшіреміз?..
Исатай аға: Су келсе… оның жолы бар. Құм арасында дарияның Іңкәрдария, Жаңадария деп аталатын ескі арналары бар. Сол арналардың табанын аздап тазалап, көп суды жіберуге болады. Қалған су еш апатсыз Аралға барады.
… Сұрағымды Еңбек Ерлерінен бастаған екенмін. Осылай бастайтын да жөнім бар. Тек біздің ауылдан ғана он алты Еңбек Ері шыққан ғой. Күріш пен мақта, қызылша егу ерлікке, батырлыққа баланған уақыт. Су бөлінісіне алаңдайды ағамыз. Су… Тағы да су… Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген елдің бағы да, соры да болған су мәселесі, нақтысын айтқанда, ел мен елдің арасындағы су бөлінісі. Жоғарыдағы ел су ішкенде, су орнына у ішкен төмендегі елдің атам заманнан келе жатқан бас ауруы. Кіші Аралдың зарын айтып түн ұйқысын төрт бөліп жүрген Сайлаубай Жұбатыров ағам бастаған аралдық, қазалылық туыстарымыздың бас ауруы…
Жиырма жыл бұрын Исатай ағамыз Тоқтағұл су қоймасын айтыпты. Дарияның жоғарғы ағысында сол Тоқтағұл жалғыз ба екен?.. Кеңестік дәуірдегі су бөлінісі кезінде жоғарыдағы Қайраққұм мен Шардараның құлағын шулаттық. Шардара су қоймасына қашыртқы ретінде салынған Арнасай қазақ пен өзбектің ортақ бас ауруына айналмап па еді? Жақсысы да, жаманы да сол, ол кездері Амудария мен Сырдариядағы су бөлінісі одақтық үкіметтің құзырында еді. Енді бүгін сол су мәселесі күн тәртібіне тұра қалса, төрелік айтар құдіретті орталық жоқ. Өзімізбен-өзіміз… Басқасын былай қойғанда өзіміздің Оңтүстіктен салынған Көксарай су қоймасының төңірегіндегі талас-тартыс енді ғана саябырсып келеді. Өзіміздің Шардара… Өзіміздің Көксарай… Күндердің күнінде ғайыптан тайып жоғарыдан көп су келе қалса, Қызылқұмның ішіндегі түпсіз құрдымдарға жібергенше, жарты миллион халықтың қажетіне жаратсақ деген үмітпен салынған өзіміздің Көксарай ғой ол. Ойланатын мәселенің бірі осы.
Өзім жиырма жыл бұрын түсірген кадрлерге қайта-қайта қараймын ғой баяғы. Сол дария… Хиуа, Қоқан, Бұхара хандығы кезінде-ақ «бас-басына би болған қиқымдардың» айқай-сүрен, қиқуын бастан кешкен дария… Дария суы арнасынан асып та, тасып та жатқан кездері дария арнасын бұру арқылы артық судың өзін саясатқа айналдырып, өз мүддесіне пайдаланған ағайынның ниеті өзгерді ме бүгінде?.. Бір кездері сол одақтық үкіметтің жоспарымен салына бастаған Рогунск су қоймасының туысқан тәжік пен өзбек ағайынның арасына сызат түсіре бастағанын көріп те, біліп те отырмыз. Туысқан үш республика басшыларының су бөлінісіне қатысты келіссөзі кезінде қырғыздық бауырымыздың қыр көрсете сөйлегені күні кеше…
Тағы… Тағы не?.. Ағамыз «Кеңестік дәуірде Сыр бойында сексен, сексен бес мың гектар жерге күріш егілді» дегенді айтыпты. Сексен мың гектар… Қайдағы сексен мың гектар?.. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары, яғни «интенсивті технология» дәуірінде гектар өнімділігін арттырамыз деген сылтаумен Қызылорда облысы жасырын күріштік көлемін жүз елу мың гектардан асырып жібергені аэросуреттер арқылы дәлелденбеп пе еді?.. Дегенмен, облысты Исекең басқарған жылдары Қызылорда облысы кеңестер одағындағы күріштің жиырма пайызын, Қазақстандағы күріштің сексен пайызын бергені тағы рас. «Еңбек өнімділігін арттыру» саясаты дәуірлеп тұрған кеңестік заманда жүз қойдан екі жүз қозы алып, Еңбек Ері атанған ағаларымыз болды. Күдігім бар. Қызылорда облысын күстаналау белең алған тоқсаныншы жылдардың басында Қызылқұмның түкпіріндегі Жаңадария арнасының бойында жүргізілген санақ мал басының есептегіден бір жарым есеге жуық артық екенін көрсетпеп еді?.. Ендеше, сол жылдары, яғни қалың қасты көсемнің кезінде елдегі мал басының елу миллион емес, алпыс миллионнан асып түскеніне күмәнім жоқ. Қоғамның жері дегенмен түптің түбінде қанша гектар жерге күріш егіп, одан қанша өнім алу, қоғамның малы дегенмен, түптің түбінде қанша қойдан қанша қозы алу («қосылғыштардың орны өзгергенмен, қосынды өзгермейді» деген секілді) диқан мен шопанның өз мәселесі, өз бас ауруы екені рас. Тек, ол кездері өнім еңбекшінің өзіне емес, орталыққа тиісті болғанын білгесін айтамыз да. Тек, басқаларды ғана емес, өзін-өзі де алдап өмір сүргісі келген қоғамның күйреп түскенін көргесін айтамыз да.
Серік: Соңғы сұрағым… Ініңіз Назарбаевтың жұмысына қандай баға берер едіңіз?
Исатай аға: Бүгінде қазақ халқының сеніп отырған азаматтарының бірі Нұрсұлтан Назарбаев қой. Оның іскерлігі мен тәжірибесі жылдан-жылға артып келеді деп есептеймін. Қазіргідей қиыншылық заманда аянып жүрген жоқ. Шапқылап шет елдерге барады, келісім-шарт жасайды дегендей. Меніңше, басшымыз қазір мұнайға арқа сүйеп отыр. Ал ауылшаруашылығы өнімі өзімізге жетеді. Өз басым кемшіліксіз адам жоқ деп ойлаймын. Қасындағы жолдастары дұрыс болса, болды да… Қазақ халқының ауыртпалығын мойнымен көтерсе деймін ғой…
Серік: Сонда осындай қиын заманда қазаққа не керек деп ойлайсыз, аға?..
Исатай аға: Бізде байлық жетеді, қазір қазаққа ең алдымен бірлік керек. Бірлік болса, бір ғана қазақ емес, үш-төрт республиканы тамақпен асырай аламыз. Сондықтан да көршілермен арада татулық қажет…
… Иә, «басшымыз мұнайға арқа сүйеп отыр» депті ағамыз. Ал біз мұнайға арқа сүйегелі жиырма екі жыл… Артының жақсылығын берсін дейміз бе?.. «Ауылшаруашылығы өнімдері өзімізге жетіп артылады» дегенді айтқан ағамыз шын оптимист екен-ау… Ал «қасындағы жолдастары жақсы болса екен» деген уайымы, көрші елдермен арадағы татулық жайына алаңдауы бекер еместігін уақыттың өзі көрсетіп берді емес пе?
Жақында Елбасы Қызылордаға барып қайтты. Космос ұшағы апатқа ұшырап, онсыз да табиғи, табиғи емес апаттардан жүрегі шайлығып қалған елдің көңіл-күйі қобалжып тұрған шақта барды. Мұнай мен уран өндіретін өнеркәсіптер емес, әлеуметтік маңызы бар кешендерді аралап көрді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жұмысына көңілі толатынын ғана емес, болашақта осынау жұдырықтай қара балаға үміт артатынын айтты.
«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» депті аталарымыз.
«Ел ерге қарағанда – ер жерге қарамасын» дегенді аталарымыз неге айтты екен» деп ойлаймын ғой баяғы…
Серік БАЙХОНОВ,
жазушы