Даңғаза ән айту мен дүниетаным

Даңғаза ән айту мен дүниетаным

Даңғаза ән айту мен дүниетаным
ашық дереккөзі
207

Әдеттегідей демалыс күндері телеарнадан тұщымды дүние іздейтініміз бар. Алайда, қызық іздеп отырып, сорақылыққа тап болғанымды айтқым келеді. «Қазақстан» ұлттық арнасын қоссам, «Білгірлер отауы» ойыны жүріп жатыр екен. Екі топ білім жағынан бақ сынасуда. Бірі – кино саласында еңбек ететін жігіттер болса, екінші топ – әнші қыздар. Жүргізушінің сауалдары да аса қиын емес сияқты. Кәдімгі мектептің 5-6 сынып оқушылары білетін сұрақтар да кездесті. Бір өкініштісі, әлгі ойыншылардың қарапайым дүниені білмейтіні бас шайқатты. Дәлірегінде, өз саласының төңірегіндегі сауалдан мүлт кетті. Мәселен, жүргізуші «Композиторлар одағының төрағасы кім?» деген сауал қойып, оның үш нұсқасын атағанда, жауабын Жазира Байырбекова, Аша Матай, рок-әнші Әсем де білмейтін болып шықты. Тіпті, онысына үшеуі де қымсынған жоқ. Құдай-ау, өнер саласындағы композиторлармен қарым-қатынас жасайтын әншілер сол одақтың төрайымын білмей ме? Ол ол ма, халықтың алдында жүрген әнші қыздарымыз «Қазақтың 1000 әнін» жинаған зерттеушіні де таппай, абдырап қалды. Сірә, атын да естімеген сияқты. Әйтпесе, жүргізуші үш нұсқаны, яғни дайын «шпаргалканы» айтқанда-ақ, оның А.Затаеевич екені естеріне түсер еді ғой. Бірақ мұны да білмеді олар. 

Былайғы жұрт әнші қауымын өте құрмет тұтады, сыйлайды. Елдің алдында жарқырап жүргендіктен, соларға еліктейтін жастар да көп. Алайда, кейбір әншілердің дүниетанымының тым төмен екендігіне әлгіндей бағдарламалар арқылы көз жеткізуге болады екен. Басқа-басқа, еліміздегі ең биік шыңның Хан Тәңірі екенін мектептегі оқушының қай-қайсысы да тақылдап айтып береді. Ал, бұл сауалға әншілеріміз «Ұлытау, Ұлытау ғой» деп ұлардай шулап жауап бергені. Жарайды, жағрафияны ұмытып қалған шығар, оқымаған шығар, ал Затаеевичті білмегені мүлдем ұят! Осыдан кейін түр-әлпетіне сеніп, телеарнада журналист, тележүргізуші болуға құмар, көбі болып та алған әншілердің пайым-парасатының төмендігіне қарын ашады екен. Даңғаза ән айту мен дүниетаным кеңдігінің арасы шалқар кеңістік екен-ау. 

Жәнібек ӘШІМ

Серіктес жаңалықтары