Авторлық бағдарлама: «КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

Авторлық бағдарлама: «КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

Авторлық бағдарлама: «КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
ашық дереккөзі
295

 

Сөз басы

Белгілі кинорежиссер Юрий Николаевич Озеров шәкірті Қалдыбай Әбеновпен бірге
«Москва үшін шайқас» фильмін түсіріп жатқан. Озеров: «Қалдыбай, шағын эпизодқа
Алматыдан актер шақыртпай-ақ қояйын. Мына қазақ солдатының ролін сен орында», –
деп қолына сценарийді ұстатты. Оқып еді тұла бойы мұздап сала берді. Озеров оны
қорқақ, қашқын етіп жазыпты. Намыс қысып ұстазға барған. «Юрий Николаевич,
Қазақстанда жасақталған Панфилов дивизиясы Москваны фашистерден қорғап қалғанын
жақсы білесіз. Әлемге әйгілі 28 батырдың төртеуі қазақ. Сіз ұсынған ролді
ойнаудан бас тартамын. Ренжімеңіз». Ұстаз бір апта бойына онымен сәлемдеспей
жүрді. Кенеттен күрт өзгеріп: «Қалдыбай, мен сол эпизодты қайта жаздым», – деп
қолына жаңа сценарийді берді. Көлемі жарты бет жазуға көз жүгіртті. Ашаң өңіне
қан ойнап шыға келді. «Юрий Николаевич, осы рольді ойнауға дайынмын!», – деді.
Түсірілім басталды. Қазақ солдаты жау танкісіне қарсы жүріп, қолындағы қос гранатаны
лақтырды. Танкі отқа оранып, солдаттың өзіне де оқ тиіп жер құшты. Озеров пен
оператор Черных қол соқты. «Қалдыбай, бәрі де нағыз соғыстағыдай болды!», – деп
шаттанды. Оның сол ролі 1985 жылы «Советский экран» журналында жарияланған.

Қалдыбай Әбенов институт қабырғасында жүріп он фильм түсірді. Солардың
арасынан «Танысайық» пен «Сенім» атты фильмдері Мәскеу мен Карловы Варадағы
халықаралық студенттер фестивалінде дипломант атанып, құрметке бөленген. Озеров
курсындағы студенттеріне оны үнемі үлгі тұтып жүрді. «Сендер Мәскеудегі өмір
тынысын фильмге түсіруді мына отырған қазақтың баласынан үйреніңдер. Қалдыбай
менің классигім!». Бұл оның режиссерлық мамандыққа деген құштарлығын бұрынғыдан
да арттыра түсетін. Ол үшінші курста жүргенде Озеров: «Қалдыбай, енді ары қарай
оқымай-ақ қойсаң болады. Сол екі фильміңмен де диплом қорғай аласың. Мен сені
«Горький атындағы киностудияға» жұмысқа алдырайын», – деді. Шәкірт ұстазына өз
ойын ашып айтты. «Юрий Николаевич, институтты бітіріп, «Қазақфильмде» ұлттық
киноны көтерсем деген ойым бар».

Әбенов 1985 жылы дипломдық жұмысын Алматыда түсірді. Фильмді «Қақтығыс» деп
атады. Басты рольде Тұңғышбай Жаманқұлов пен Қалампыр Айсенғалиева ойнаған.
Фильм 1986 жылдың 17 сәуірінде атақты режиссер Станислав Ростоцкий жетекшілік
еткен мемлекеттік комиссияның талқысына түсті. Төрт сағаттан соң Озеров
институттың кинозалынан шығып: «Қалдыбай, құттықтаймын! Сенің фильмің жоғары
бағаланды!», – деп қолын қысты. 

Ал «Қазақфильм» талантты режиссерді құшақ жайып қарсы алмады. Алты ай
жұмыссыз жүрді. Тек «Қазақфильм» студиясы директорының орынбасары Серік
Қолдауовтың жанашырлығымен құжаттарын қабылдатты. Драматург Қалтай
Мұхамеджанның «Жат елде» пьесасы желісімен мәскеуліктер Эдуард Галиев пен
Трофинин үшеуі бірігіп, «На чужбине» деп атаған фильмнің сценарийін жазып
шықты. Енді түсірейін деп жатқанда Алматыда жастардың Желтоқсан көтерілісі бұрқ
етті. Колбиннің жандайшаптары киноға күдікпен қарап, түсіруге тыйым салды. 

Қалдыбай Әбенов: «Желтоқсан көтерілісі менің тағдырыма, менің қасіретіме
айналды», – дейді.

***

– 1986 жылдың 16 желтоқсан күні драматург Кәрім Танаевпен бірге Кино үйінде
башқұрт әріптесіміз Малик Яхшимбетовтің жаңа туындысын көрдік. Залда экранға
көз салып отырғанымыз болмаса, көңіл шіркін құлазып кеткен. «Қонаевты
басшылықтан босатқаны қалай?», «Горбачевтың өзі келіп, көп жылғы еңбегін
бағалап, құрметпен шығарып салса болар еді ғой». Көкейде көңілсіз сұрақтар көп.
Жауап жоқ. Кинодан шыққан соң Танаев полковник ағасының пәтеріне ертіп барды.
Сол жерден түнгі сағат 12-ден өте шықтық. Мен Фурманов пен Қажымұқан көшелерінің
қиылысындағы үйде пәтер жалдап тұратынмын. Жаңа алаңнан жаяулап өтіп бара
жатқан кезімде жүрегім кеудеме сыймай атқақтап, біртүрлі көңілсіз күй кештім.
«Кәрім аға, мен әлденеден қобалжып келе жатырмын», – деп едім ол іле үн қатты.
«Қалдыбай, мен де жайсыз күй кешіп келемін». Таңертең Кәрім ағаны автобус
аялдамасына дейін шығарып салдым. Карл Маркс көшесі жағынан дабырлаған дауыстар
естілді. Көшенің қақ ортасымен жастар келе жатыр екен. Қолдарында плакаттар
бар. Республикаға ешкім білмейтін жаңа басшының келуіне наразылықтарын
білдіріпті. Алаңға қарай беттеп барады. Мен де қосыла кеттім. Сәлден соң алаң
студенттер мен жұмысшы жастарға лық толды. Горбачевтың «демократиясына»,
«жариялылығына» сенген жас­тар өз талаптарын қойып жатыр. Сол күні кешкі сағат
6-да Мәскеуге ұшуым керек. Бірнеше күн бұрын ұшаққа билет сатып алған едім.
14-ші қарашада Қазақстан Киногерлер одағында студент кезімде түсірген
фильмдерімнің тұсаукесерін жасағанмын. Енді бір ай мерзімге сұрап алған сол
фильмдерімді Мәскеуге қайта апарып беруім керек. Түстен кейін үйге бардым да,
жолға жиналдым. Әуежайда Асанәлі Әшімовпен ұшырастым. Мәскеуге драматург-жазушы
Дулат Исабековтың әңгімесі желісімен түсірген фильмін алып барады екен. Ұшақ өз
уақытында көкке көтерілді.

Ертеңіне Мәскеу абыр-сабыр күйге түсті. «Алматыда «нашақорлар»,
«маскүнемдер», «бұзақылар», «ұлтшылдар» алаңға шығып, қоғамдық тәртіпті
бұзыпты», «Бұзақылар орыстарға тиісіп, балабақшалардағы балаларға зәбір
көрсетіпті», «Орыстардың жүкті әйелдерін сабап жатыр екен» деген қаңқу сөздерге
жұрт елігіп алған. Таныс әріптестерім менен: «Шынымен-ақ, бұзақылар орыстарды
ұрып-соғып жатыр ма?», – деп сұраумен болды. Мен аң-таңмын. Кеше ғана өзім
алаңда бірге болған жастардың арасынан ондай бұзақыларды көрген жоқпын. Жас­тар
алаңға бейбіт шерумен шықты. Олардың өрескел мінез көрсетуі мүмкін емес.
Фильмдерімді институт мұрағатына тапсырып, 24 желтоқсан күні Алматыға оралдым.
Әуежайда қарулы солдаттар көп екен. Келген бойда бірнеше балалар бақшасына
барып, жағдайларын өз көзіммен көрдім. Зәбір көрген бала жоқ. Емханалардан жапа
шеккен жүкті әйелдерді де кездестірмедім. Колбиннің жастарды және ұлттың елге
танымал тұлғаларын қудалауы басталған. Соларды ақпарат құралдары жарыса жазуда.

Уақыт өтіп жатыр. Бір күні аялдамада тұрсам, таныс режиссер кездесе кетті.
Салған жерден ол: «Қалдыбай, қайда жүрсің? «Қазақфильм» бірнеше студияға
бөлініп жатыр. Сен солардың қайсысына бардың?»,– деді аптыға сөйлеп. Бөлінгені
несі деп қайран қалдым. Ертеңіне «Қазақфильмнің» көркемдік жетекшісі Мұрат
Әуезовке барып, жөн сұрағанымда ол: «Бірқатар режиссерлар жеке студияларын
ашқысы келеді. Егер жеке киностудияңды ашқың келсе, ертең маған идеялық
тұғырнамасын жазып әкеп бер», – деді. Сол күні түннің біраз уағына дейін
тұғырнама жазып, оған «Алтын бесік» деп ат қойдым. Әуезов оқып шығып:
«Тұғырнамаң жақсы жазылыпты. Тек атын өзгерту керек», – деді. Мен себебін
сұрадым. Ол орыстар бұл атауды анық айта алмайтынын ескертті. Мен келіскенім
жоқ. «Мұқа, бұл ат ұлттың рухын көтереді. Сондықтан өзгерткім келмейді». Сол
кезде киностудия редакторларының бірі Валентина Ивановна кіріп келмесі бар ма.
Әуезов одан «Алтын бесік» деп айтуын өтінді. Тілі күрметіле берген соң Әуезов
маған қарап: «Қалдыбай, көрдің бе, Мәскеудегілер тіптен айта алмайды.
тұғырнамаңды оқымай-ақ тастай салады», – деді. Түнімен тағы ойланып, ақ қағазға
«Алтын бесіктен» бастап, он атты тізіп жаздым. Ертеңіне Мұхаң қарап шығып:
«Міне, мына «Мирас» деген ат маған ұнап тұр», – деп соның астын сызды. Сол
сәтте әлдеқандай құжаттарды көтеріп, Валентина Ивановна кіріп келді. Мұхаң
кешегідей одан «Мирас» сөзін айтуды өтінді. Бұл жолы оның тілі күрметілген жоқ.
Мұхаңмен келіспеске амалым қалмады. Сонымен «Мирас» он бесінші жеке киностудия
жобасы ретінде тіркеліп, комиссияның іріктеу сараптамсына түсті. Солардың
арасынан Мұрат Әуезовтің «Әлемі», Ермек Шынарбаевтың «Қазақстанның жас
киностудиясы», менің «Мирасым» және «Кадр» деп аталынған тұғырнамалар Мәскеудің
таңдауына жіберілді. Мәскеу сол төртеуден екеуді таңдап, «Мирас» бірінші,
«Әлем» екінші шығармашылық киностудия деп бекіткен. Көп кешікпей бүкілодақтық
киножурналдар одақ бойынша бекітілген киностудиялардың аттарын жариялады. Мұхаң
мені өзіне шақырып: «Қалдыбай, киностудияңа өзің директор боласың ба, әлде
басқа біреуді тағайындайсың ба?», – деп сұрады. Мен ең бастысы режиссер
екенімді, әкімшілікте қағаз басты болып отыра алмайтынымды айта келіп,
басшылыққа басқа адамды ойластырып көруге аз ғана уақыт сұрадым. Менің
киностудияма директор болғысы келетіндер көп екен. «Қазақфильмге» бір
барғанымда Мұхаң алдыма солардың тізімін қойды. Сұлтан Қожықов, Шәріп
Бейсенбаев, Болат Жұманов, Игорь Вабнянко т.б. Мұхаң: «Қайсысын таңдайсың?», –
деді. Бәрі де өзім сыйлайтын жандар. Мен: «Аға, таңдауды Киногерлер одағы
шешсін», – дедім. Одақ Болат Жұмановты менің киностудияма директор етіп
тағайындады. Бас редактор Сатыбалды Нарымбетов болды. Оншақты адам
редколлегияға сайланды. Солардың бәрі Мәскеуден бекітілген айлық алып отырды.
Айлық алмайтын мен ғана. Режиссер ретінде фильм түсірсем болды деп жүрмін.
Қалайда «Жат елдені» түсіруім керек. Ал Орталық Комитеттегілер оған мүмкіндік
берер емес. Керісінше, менің басқа да сценарийлерім тоқтап қалды. Енді не
істеймін? Директорым Болат Жұманов: «Қалдыбай, бір жеңіл-желпі тақырыпқа
сценарий жаз», – деп кеңес берді. Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов екеуміз
бірігіп, ауыл тақырыбына сценарий жаздық. Студияда бекітілді. Нұрмағамбетов
қаламақысын алды. Фильмді бастайын десем, өзімнің киностудиямның басшылары
түсіруіме қарсы болып, іс аяқсыз қалды. Оның орнына Ардақ Әмірқұлов Абай туралы
және мәскеулік бір режиссер «Сұлтан Бейбарысты» түсіретін болды. Ал мен өз
киностудиям бола тұра шет қалдым. Мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын ғой.
Енді қалай күйінбейін. Студия басшыларының басы қосылған жиында ренішімді
білдіріп едім, олар маған тағы да бір сценарий жазып кел, соны талқыға салып
көрейік деп шығарып салды. Уақыт болса өтіп жатыр.

5eb30b3d61e397bcd04bb39f52a2ad27.jpg

1988 жылы Шәкәрім туралы деректі фильм түсіруді қолға алдым. Сценарийін
жазбас бұрын, Семейге, Ресейдегі Лев Толстойдың имениесі Ясная Полянаға барып,
біраз деректер жинадым. Қараша айында Алматыға келсем, жалдап тұрған пәтерімде
Нұрлан Сегізбаевтың «Сапар» деп аталған сценарийі жатыр. Ол «Менің атым Қожа»
фильмінде Қожаның рольін тамаша ойнап шыққан. Оқып шықтым. Оқиғасын Желтоқсан
көтерілісіне байланыстырып жазғаны байқалады. Алайда ол кісіден мұндайды
күткенім жоқ. Сценарийді оқып отырып, төбе шашым тік тұрды. Басты рольдегі
Сапар Ішкі істер бөлімінің автокөлігін аударып, өртейді де, милиционердің басын
жарады. Көшеде кетіп бара жатқан орыстың жүкті әйелін тепкінің астына алады.
Арақ ішіп, тағы да біреулермен төбелескен. Арашаға түскен бір дружиникті
таяқпен ұрып өлтірген. Соңында қашып жүріп ауылында ұсталады. Ойлап отырсам
осының бәрін сотталған Қайрат Рысқұлбековке жақындатқан екен. Нұрлан сценарийін
әуелі мемлекеттік «Қазақфильм» студиясына алып барған. Ондағылар қабылдамай
маған сілтеп жіберсе керек. Мен киностудияға барып, Болат пен Сатыбалдыға
жолықтым. Оларға әлгі сценарий туралы, оның шындықпен мүлдем жанаспайтынын,
өзімнің Желтоқсан көтерілісі жайында көптен ойланып жүргенімді тілге тиек етіп:
«Сіздер қарсы болмасаңыздар, Мәскеуден сценарист шақырып, фильмді өзімнің
киностудиямнан шығарғым келеді», – дедім. Олар қарсы болған жоқ. Сол үшін
екеуіне әлі күнге ризамын. Әуелі «Шәкәрімді» түсіріп, содан кейін Желтоқсан
көтерілісіне кірістім. Мәскеуден Александр Левшинді шақырдым. Ол желтоқсан
айының басында келді. Екеуміз фильмді қалай құру керек жөнінде иінін қандырып,
кеңесіп алдық. Мен оған: «Саша, Болашақ фильм 1986 жылы Алматыда болған
Желтоқсан көтерілісі жайында. Фильм шынайы шығу үшін әуелі сол көтеріліске
қатысқандарды іздеп тауып, солардың бастан кешкендерін қағазға түсірейік.
Шындықты көрсете алсақ қана көрермендер жүрегіне жол таба аламыз», – дедім. Ол:
«Қалдыбай, мен сенімен толық келісемін. Ресейліктер де жел сөзге малданғаннан
гөрі, шындықты білулері керек», – деді. Екеуміз Алматының жоғары оқу орындарын
аралап шықтық. Колбиннің репрессиясы жүріп жатқан кез. Қай оқу орнына бас
сұқсақ та студенттердің бізбен сөйлесуге құлқы болмады. Бізде ассистент болып
істейтін Әсия Малимова деген студент қыз бар еді. Желтоқсан көтерілісінің
қаһарман қызы Гүлнәр Байбосыновамен бірге оқыған. Сол біздің қиналып жүргенімізді
байқап: «Қалдыбай аға, біздің Театр институтында жел­тоқ­сандықтар бар. Соларды
тауып, сізге алып келейін», – деді. Ол бізді жігіттермен таныстырды. Біз оларға
Жел­тоқсан көтерілісі жайында деректі әрі көркем фильм түсіретінімізді айтып,
көмектесулерін өтіндік. Олар келісті. Жаңа жылдың қарсаңында Александр Мәскеуге
кетті. 1989 жыл да босағадан аттады. Қаңтар айының ортасында Левшин келді.
Екеуміз тағы да кеңесе келе студенттерді өзімізге қарататын тиімді тәсіл ойлап
таптық. Театр институтының Желтоқсанға қатысқан қыз-жігіттерін жанымызға ертіп
алып, институттарға барамыз. Студенттерге «Шәкәрім» туралы кино көрсетеміз деп
залға жинаймыз. Кинодан соң актерлердің орнына сахнаға желтоқсандықтарды
шығарып: «Міне, біздің желтоқсан қаһармандары!», – деп таныстырып, ашық
әңгімеге шақыратын болдық. Бұл тәсіліміз іске асты. Студент қыз-жігіттер бізден
қашпай, бастан кешкен ауыртпалықтарын, тергеу орындарынан көрген құқайларын
айтумен болды. Біз соларды қағазға түсірдік. Тіптен олар өздерін жазалау­шылар
Алматының қай көшесінде ұстап, тепкінің астына алғандарын да көрсеттіп берді.
қатарымыз күннен күнге көбейе түсті. Аманжол Нәлібаев, Хасен Қожахметов, Ерлан
Декелбаев, Жансая Сәбитова, Бақтыбек Иманқожаев, Талғат Рысқұлбеков және т.б.
Біз «Қазақфильм» кино­сту­диясындағы 250-ші кабинетте бас қосып жүрдік.
Көптеген материалдар жиналды. Болашақ фильмнің атын ырымдап, желтоқсаншыларға
Алла жар болсын деп «Аллажар» деп қойдық. Кейіндеу сол «Аллажардың» арқасында
Желтоқсан қоғамдық бірлестігі құрылды. 

Левшин екеуміз «Аллажардың» екі серияға арналған сценарийін жазып бітірдік.
Оны «Қазақфильм» киностудиясы бекітіп, түсірілім 100 мың сомға бағаланды. Ол
кезде «Мирастың» мөрі мен кейбір құжаттары дайын болмағандықтан, ақшаны басқа
киностудияға аудардық. Киноға түсетін актерларды жинастыра бастадым.
Бабаларымыздың арманы азат ел болу еді ғой. Желтоқсан көтерілісінің түпкі мәні
азаттық болатын. Соған байланысты фильмнің басты ролін ойнайтын жігіттің атын
Азат деп алдым. Сол рольге кәсіби актерлардан басқа екі мыңға жуық жігіт өтініш
жасады. Кастинг (іріктеу) кезінде маған ұнағаны Ақан Сатаев болды. Ол әлі орта
мектепті бітірмеген бозбала еді. Желтоқсаншылардың біразы фильмде өз ролдерін
өздері орындайтын болды. Ролдерге бекітілгендерге айлық та беріліп жатты. Әлгі
ақшамызды аударған студияның директоры жазған сценарийімізді алып қоймақшы
болып сыртымнан біраз әрекеттер жасапты. Оның аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Қазір
зейнеткер. «Бұл сценарийді Әбенов түсіре алмайды. Сендер түсіріңдер», – деп
екі-үш режиссерға ұсынған. Олар маған келіп: «Қалдыбай, сенің сценарийіңді
бізге түсіруге беріп еді, біз алудан бас тарттық», – деді. «Сенген қойым сен
болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген екен біреу. Сол кісіге барып: «Аға, менің
сыртымнан не істеп жүрсіз? Үлкен басыңызға ұят емес пе?», – деп едім, ол
кінәсін мойындап кешірім сұраудың орнына өзіме дүрсе қоя берді. Сөз ұқпайтынға
не дауа. Онымен салғыласқаннан ұтарым қайсы. Кетіп қалдым. бухгалтериясындағы
қаражатты өзімнің киностудияма аударттым.

d3840db57dec0c7d9e5222feae1238a0.JPG

Бір жолы «Қазақфильм» директоры Сламбек Тәукелов: «Қалдыбай, сенің
сценарийіңді Орталық Комитеттегілер танысып шығуға сұратып жатыр»,– деді.
Сценарийдің оларға жақпайтыны анық. Әне-міне беремін деп уақытты соза бердім.
Арада біраз күн өткен соң Тәукелов мені тағы шақыртты. Кабинетіне кірсем
жанында бір қоңырқай өңді бөгде кісі отыр. Директор: «Қалдыбай, мына Түлекбай
Төленов деген ағаңды студияңның администраторы етіп ал», – деді. Директор
айтқан соң қалай келіспейсің. Ойымда ештеңе жоқ. Қызметке алдым. Өз міндетін
мүлтіксіз орындап жүрген жанға іштей риза болатынмын. Екі айдан соң мені
Орталық Комитетке шақырды. Идеология бөліміндегі орта бойлы, еуропалық нәсілдегі
кісі қабылдады. Қазір оның аты-жөні есімде жоқ. Столының үстінде «Аллажардың»
сценарийі жатыр. Ол маған қатқыл үнмен: «Жолдас режиссер, сіздің «Аллажар»
сценарийіңіз шындықпен мүлдем жанаспайды. Бәрі жалған. Алаңда жастарға қарсы
иттер, сапер күректері қолданылған жоқ. Өрт сөндіретін машиналар да алаңда
болған емес. Ешкім де қуғындалған жоқ, – деп ілкі сәт шегір көздерімен шаншыла
қарап тұрды да, зіл тастай сөйледі. – Сіз мені түсіндіңіз бе?». Мен сұраққа
жа-уап бермедім. «Қазақфильмге» келсем, Сламбек Тәукелов: «Қалдыбай, маған
Орталық Комитеттен жаңа ғана тағы телефон шалды. Сенің «Аллажарың»
консервацияға жабылсын деп жатыр», – деді салқын үнмен. «Күштінің арты диірмен
тартады». Сонымен «Аллажарды» түсіру жұмыстары мамыр айында тоқтатылды.
Сценарийді Орталық Комитетке кім жеткізді? Ары ойлап, бері ойлап, кімнен
күдіктенерімді білмедім. Сол күні администраторым Төленов өз еркімен қызметтен
кетті. Қауіпсіздік комитетінде де жанашыр жандар бар ғой. Өзім танитын солардың
біріне жолығып, оңаша сөйлестім. Төленовтің арамызға кірген жансыз екенін сонда
ғана білдім. КГБ-ның капитаны болып шықты. Ол кабинетімдегі телефонға жасырын
аппаратын да қондырған. Мен кіммен сөйлессем де қауіпсіздік комитетіндегілер
тыңдайды екен. 

4ecaa4a6b681613f8d9a00e1acb458e3.jpg

Фильмдегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі
қызметкерлерінің роліне Мәскеудің актерлерін шақыртқанмын. Операторым Қырғызстаннан
келген Хасан Қыдырәлиев. Бәрі алты ай бойына менен хабар күтумен жүрді. Ал
Левшин Мәскеуден: «Фильмді қашан бас­таймыз?», – деп жиі телефон шалып тұрды.
Сол жылдың соңына таман Кеңестер Одағының бірлігі шатқаяқтай бастады. 

«Мирас» киностудиясынан «Аллажарды» түсіруге мүмкіндік бермейтініне көзім
жеткен соң, қайтадан жеке киностудямды аштым. Оның атын «Барыс» деп қойдым. Бұл
– «Бар Алаш рысың мен ымыраңа сен» деген сөздер жиынтығы. Екіншіден, Желтоқсан
көтерілісі Барыс жылы болды ғой. Жаңа киностудияны ашуға қол ұшын берген банкир
Еділжан Құлсартов. 

Біз 1990 жылдың күзінде «Аллажарды» түсіру жұмыстарын бастадық. Ал 1991 жылы
Кеңестер Одағы ыдырады. Республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін
жариялап жатты. Ал біздің республика басшылары асығар емес. Әліптің артын
баққандай үнсіз. Тағатсыздана күтумен жадыраған жазда, күреңіткен күз де өтті.
Төзім шіркін таусылып барады. Одақтас елдердің ең соңы болып Қазақстан 16
желтоқсанда өз Тәуелсіздігін жариялады-ау ақыры. Қуанышта шек жоқ! Бұл хандық
дәуірден кейінгі қаншама бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік еді десеңізші! Соған
біз қол жеткіздік. 

Өтпелі кезеңнің әрі-сәрі кезеңі. Зауыт, фабрикалар шикізаттың жоқтығынан
жұмыстарын тоқтатып, экономикалық жағдай күрт қиындап, жұмыссыздық белең алған
шақ. «Рубль» құнсызданып кетті. Қаржы тапшылығынан «Аллажарды» түсіруді
жалғастыру мүмкін болмай қалды. 1993 жылы 15 қарашада өзіміздің төл теңгеміз
айналымға түсті. Содан кейінгі жылдарда ғана ел етек-жеңін жинай бастаған. Біз
фильмді аяқтау үшін қаражат іздестірумен болдық. Жылдар жылжып өтіп жатты.
Бизнес саласында жүрген ұлттық кәсіпкерлеріміз аяқтарынан тұра бастаған кез.
Студиямның директоры Шералхан деген жігіт. Мамандығы филолог. Әркімдерден жөн
сұрастыра жүріп, «Матай» корпорациясының қаржылық әлеуеті жақсы екен дегенді
естіп, Шералханды соған жұмсадым. Араға күн салып Шералхан келді. Екі езуі екі
құлағында. «Қалеке, сізді «Матай» корпорациясының президенті Жанат Ізбаев жақсы
біледі екен. Ертең сағат 12-де кеңсесінде күтетін болды», – деген жылы хабар
жеткізді. 

Корпорацияның мекен-жайы әл-Фараби даңғылының жоғары жағында. Президенті
мені «Қалеке, хош келдіңіз!», – деп жылы шыраймен қарсы алды. Жүзі таныс.
Қайдан көрдім? Табан астында есіме түсіре алсамшы. Кабинетіне дастархан да
жайғызып қойған. Стол басына жайғастық. «Қалеке, мені таныдыңыз ба?» – ол
жымиып жанарынан шуақ шашты. «Өң-басыңды шырамытып отырмын. Бірақ қай жерде
кездестірдім?., – деп шарасыздықтан екі иығымды көтердім. – Айып етпе». ол
жымиған қалпында: «Қалеке, оқасы жоқ. Есіңізге түсіре алмайтын да жайыңыз бар.
Ол кезде сізден мен секілді көмек сұранғандар көп еді. Қайсымыз есіңізде қала
берсін», – деп болған жайды қысқаша баяндап берді. 

Жанат 1988 жылы Жел­тоқ­сан көтерілісіне байланысты қу­ғын­далған.
ҚазМУ-дегі оқуын жалғастыру үшін өзін ақтайтын құжаттар тапсыруы керек екен. Ал
студенттерді топ-тобымен оқудан шығарып жатқан кезде, ондай құжатты Ішкі істер
органының бере қоюы екіталай. Не істеу керек? Сол кезде Желтоқсан қоғамдық
бірлестігі сотталған желтоқсаншыларды түрмелерден босаттыруға және
қуғын-сүргінді тоқтатып, оқудан шығып қалған студенттерді институттарға қайта
қабылдату үшін шешуші күрестерге кіріскен. Комсомол (қазіргі Төле би) даңғылы
бойындағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі үйінің алдындағы ескі алаңның шетіне бірнеше
палаткалар тігіп, сол талаптарымызды плакаттарға жазып, аштық жариялаған едік.
депуттаттар бұған бей-жай қарамады. Көп кешікпей сотталғандар бостандыққа
шығарыла бастаған. Ал оқудан шығып қалған жастар, өз институттарына қайта
қабылданып жатты. Сондай кездердің бірінде Жанат та бізге келген екен.
«Қалдыбай аға, маған көмектеспесеңіздер университеттің партия комитетінің
хатшысы Владимир Чеснаков оқуға қабылдатар емес», – деп өтініш жасаған. Мен
бірлестіктің екі жігітін жаныма ертіп, университетке барыппын. Чеснаков
комитеттің бюро мүшелерін жинап, өз шешімдерінен қайтар рай танытпады. Біз де
Жанаттың жазықсыз жазаланып отырғанын дәлелдеумен болдық. Екі жақты текетірес
ұзаққа созылып барып, олар соңында біздің ыңғайымызға көнген. Жанат оқуға қайта
қабылданады. Университетті бітіріп, кәсіпкерлікті қолға алып, аз жылдардың
ішінде корпорацияның әлеуетін көтереді. Сөзінің соңында ол: «Қалеке, ер
мойнындағы қыл арқан шіріген бе. Сол кездегі жақсылығыңызды әлі ұмытқан жоқпын.
Енді соның есесін қайтарсам ба деймін. Желтоқсан көтерілісі туралы кино түсіріп
жатқаныңыздан хабарым бар. Айтыңызшы, «Аллажарға» қанша қаржы керек?», – деді.
«400 мың теңге жетіп қалар». Қинала ма деп едім ол мәрттік қалып танытып:
«Қаржыны қайда аудартайын?», – деп сұрады. Өз киностудиямда бухгалтерлік жұмыс
әлі ретке келтіріле қоймағандықтан «Қазақфильм» киностудиясының есеп-шотына
аударуды өтіндім. Ол сол бойда бухгалтерін шақырып, тапсырма берді. «Қалеке,
«Аллажар» фильмі дайын болғанда, тұсаукесеріне шақыруды ұмытпаңыз», –
деді. 

acc8e1bb9ed0a2e2a75bd1d21b4f360f.jpg

Фильмге Желтоқсан көтерілісіне қатысып, зардап шеккендерді мейлінше тарттым.
Солардың бірі Ерлан Декелбаев. 1987 жылы Қазақ ССР Қылмыстық істер Кодексінің
65-ші бабы бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын Қарағанды
облысының Абай қаласындағы №139 еңбекпен түзету колониясында өтеп жатқан. Бір
жолы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің екі шенді қызметкері келіп:
«Декелбаев, Колбиннің атына біреулердің азғыруына түсіп жаздым-жаңылдым деп
кешірім өтініп хат жаз. Сонда ғана жазаны өтеу мерзімің қысқарады», – дейді.
Ол: «Ал жазбасам ше?..», – деп қарсы сұрақ қойған. Майор Талғат Байғожин: «Онда
осы түрмеде бар денсаулығыңнан айырылып, шірисің», – деген. Ерлан: «Мені
қинағандарыңыздан ештеңе де шықпайды. Колбинге кешірім сұрап хат жазғаннан гөрі
6 жыл кесімді мерзімімді өтеу маған әлдеқайда жеңіл», – деп алдындағы қалам мен
қағазды кері итерген. Сол сәтте Байғожиннің сұрғылт өңі бірден өзгеріп:
«Декелбаев, әкел қолыңды! Нағыз жігіт екенсің!, – деп қолын қысады. – Көп
ұзамай бостандыққа да шығып қаларсыңдар». 

Ерлан Декелбаев пен Ермұхамед Қуандықов 1989 жылы 3 ақпанда қоғамдық
пікірлердің қысымымен Алматыда істері қайта қаралып, шартты түрде мерзімінен
бұрын бостандыққа шыққан. Олар Қарағанды қаласының вокзалында жолаушы поездарын
тек орыс тілінде ғана хабарлап жатқанын естіп, әкімшілігіне барады. Арыз-шағым
кітабына хабарламаның тек орыс тілінде айтылуы заңға қайшы келетінін,
жергілікті ұлттың намысына тиетінін жазып, Алматыдағы мекен-жайларын көрсеткен.
Бірер айдан соң Ерлан өз атына Қарағандыдан арнайы жіберілген хат алады. Хатта
вокзал басшылығы олардың шағымы бойынша мәселе қаралғанын және сәуір айынан
бастап, хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетінін жеткізген. Міне,
Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары! 

Сол жылы «Қазақфильмнің» директоры Ардақ Әмірқұлов болатын. Мәскеудегі
Бүкілодақтық кинематография институтын менен бір жыл кейін бітірген. Ардақ
«Абайдың балалық шағы» атты фильм түсіріп жатты. Фильмге ЮНЕСКО-дан және
республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Өзіміздің айтулы кәсіпкерлер
де қарап қалған жоқ. Өз үлестерін қосқан еді. Сондай қолдауға қарамастан олар
менің монтаж жасайтын бөлмемді және кабинетімді зорлықпен тартып алды. Мен:
«Ардақ, Мәскеуде екеуміздің студенттік күндеріміз бірге өтті. Мен саған
студияның директоры деп келіп отырғаным жоқ. Режиссер ретінде сөйлесуге келдім.
Сен маған жұмыс істеуге мүмкіндік берсейші», – деп едім ол кекиіп: «Жоқ,
Қалдыбай, тек «Абайдың балалық шағы» ғана түсіріледі. Сенің фильмің әзірге
консервацияда», – деп орнынан тұрып жүре берді. Қазақтың «Досыңды тану үшін
қолына билік бер» де­гені осы екен. Ол менің монтаж бөлмемді және кабинетімді
қай­тар­мады. Солай өзара келісім болмай, «Аллажардың» жолы тағы жабылды. Содан
1995 жылдың жазында ғана фильмді түсіруді жалғастыратын болдық. Әлгі Ізбаев
бауырым берген 400 мың теңге бұл кезде құнсызданып кеткен. Оған екінші рет
өтініш жасауға тура келді. Тартынған жоқ. Қажетті қаражатты бөлді. Күз бен
қыста соңғы эпизодтарын түсірдік. Түсіру барысында мы­нандай бір тосын жәй
болды. Көтеріліс кезінде Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қансыраған қыздар
мен жігіттерді жүк машинасының қорабына салып алып, Қаскелең қа­ласының арғы
жағындағы терең орға лақтырып тастаған.  

628e1b0bf6a1bebc7f87fa804a2a13d4.jpg

Сол эпизодты түсіріп жатыр едім, қасыма бір капитан жетіп келді. «Режиссер
жолдас, сіз бізге нашақорларды жазалаған кино түсіреміз деп едіңіз ғой, – деді
көкшіл көздері ақиланып. Мен: «Ия, не болып қалды?», – дедім. Ол сұқ саусағымен
орды көрсетіп: «Біз 1986 жылы 18 желтоқсан күні түнде оқиғаға қатысқан
бұзақыларды осы жерге жүк машинасымен әкеп, осы орға осылай лақтырып
тастағанбыз. Сіз бізді мұнда алдап әкеп, желтоқсан оқиғасын түсіріп жатырсыз»,
– деді екіленіп. Капитан ашу-ызамен менің өтірігімді шығарамын деп, өзі қолымен
жасаған қылмысты айтып қалды. Менің еуропалық нәсілдегі милиция қызметкерлерін
солай деп алдап алып келгенім рас еді. Шегінерге жер қалмаған соң: «Жолдас
капитан, сіз қателескен жоқсыз. Иә, бұлар нашақорлар емес, желтоқсаншылар. Сол
кезде жазықсыз жастарды машина үстінен лақтырған екенсіз. Енді кинода сол
роліңізді қайталаңыз», – деп талап еттім. Өзі айтқан шындықтан, ақиқаттан қайда
қашып құтылсын. Оған да енді шегінерге жер қалмады. Күйіп кетіп: «Тфу…», –
деп жерге бір түкірді де, өмірде болған өз ролін кинода қайталады. «Аллажардың»
дыбыстау жұмыстарын 14 желтоқсан күні толық бітірдім.

«Аллажардың» тұсаукесері сол­ жылдың 22 желтоқсан кү­ні «Қазақфильмнің» кино­за­лын­да
көрсетілетін болып бел­гіл­ен­ді. Соның қарсаңында Біш­кек­тегі Қазақстанның
Қырғыз Рес­пуб­лик­а­сын­дағы елшісі Мұхтар Ша­хановқа және сондағы
әріптестеріме арнайы барып, тұсаукесерге ша­қырдым. Келген бойда ұлтжанды
азамат Ізбаевқа: «Жанеке, 22 жел­тоқсанда «Аллажардың» тұсауын ке­суіңізге
болады», – деп арнайы шақырдым. Сол күні кинозал жан-жақтан келгендерге толып
отырды. Оң жағыма желтоқсаншылардың жанашыры Мұхтар аға, сол жағыма фильмнің
демеушісі Жанат жайғасты. Фильм төрт жарым сағатқа созылды. Кино біткен кезде
Мұхтар Шаханов: «Қалдыбай, он минут сыртқа шығып, таза ауамен тыныстап келейік.
Фильм туралы пікірімізді содан соң айтайық», – деп ұсыныс жасады. Неге екенін
қайдам, жаным оңаша болғанды қалап, студия ауласындағы саябаққа ендеп кеттім.
Қайтып келсем, кинозалда ұзын дастарқан жаюлы тұр. Үстеріне ақ халат киген
даяшылар көрермендерге қызмет көрсетуде. Сөйтсем бұл Жанаттың ұйымдастыруымен
болып жатқан жай екен. Шаханов дастарқанға өзі алып келген қырғыздың қымызын
қойып жатыр. Алдымен Мұхтар Шаханов­ сөз алды. «Мен Қалдыбайды осын­дай
Желтоқсанның ақиқатын көр­се­тетін деректі фильм жасайды деп күткен жоқ едім.
Енді міне, сол күмәнімнен ештеңе қалмады. Мұндай шындыққа негізделген кино
бұрын-соңды «Қазақфильмде» болған емес», – деп бастаған ол толқып, көзіне жас
алып, толғанып, те­біреніп ұзақ сөйледі. Жанат Ізбаев: «Шаханов ағам Қалдыбай
ағамнан мұндай фильм жасайды деп күтпесе, менің фильмді дәл осылай экранға
шығаратынына еш күмәнім болған жоқ. Одан алғаусыз күткенім де осы еді. Мен
Қалдыбай ағаның алдында басымды иемін», – деп фильмнің мәні жөнінде құнды
пікірлерін ортаға салды. Басқалар да жарыса сөйлеп, фильмге жоғары баға
берді. 

Фильмнің техникалық сапасын жақсартып, санын көбейтетін аппараттан шығару
жұмыстары қалған болатын. Соған тағы біраз қаражат қажет болды. Өкінішке қарай,
сол жылы ұлт кәсіпкерлерінің жұмыстарына әлдеқалай кедергілер қойылып, олардың
да жағдайлары біршама төмендеген. Дегенмен «Аллажар» бірінші сынақтан ойдағыдай
өтті. 

1996 жылдың наурыз айы келді. Ұлыс мерекесінің қарсаңында Премьер-министрдің
орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматыдағы Сейфуллин мен Виноградов (қазіргі
Қарасай батыр) көшелерінің қиылысындағы Демократия үйіндегі Желтоқсан
көтерілісі жастарының бөлмесінде біздің басымызды қосып, кеңес өткізді. Столдар
қиқы-жиқы, отырып-тұрсаң шиқылы шекеңді шағады. Жалғыз телефонның да сау жері
жоқ. Жапсырғыш лентамен шандып тасталған. Тасмағамбетов отырғандарға қарап: «Ал
қыздар мен жігіттер, алда Желтоқсан оқи­ға­сының он жылдығы келе жатыр. Соған
қандай дайындықтар жасауы­мыз керек? Сіздердің қандай ой-пі­кірлеріңіз,
ұсыныстарыңыз бар? Бүгін сол жөнінде кеңессек», – деді. Отырғандар өздерінің
жағдайларын, үйсіз-күйсіз жүргендерін, мұң-мұқтаждарын жыр етіп, қол­дау, көмек
керектігін айтумен бол­ды. Олар Үкімет адамымен ай сайын кездесіп жатқан жоқ.
Бүгін осы кездесуді пайдаланып қал­ма­са, ертең «қап» деп өкінері хақ.
Тасмағамбетов түсіністікпен қарап, блок

Серіктес жаңалықтары