ІСКЕРЛІКТІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

ІСКЕРЛІКТІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ

ІСКЕРЛІКТІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ
ашық дереккөзі
220

Алматыда ұйымдастырылған «KazFranch-2013»
көрмесінде әлемдік тәжірибеде үлкен жетістікке ие франчайзинг нарығы туралы сөз
болды.

«Даму» Кәсіпкерлікті қолдау
қорының ұйымдастыруымен және «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингінің қолдауымен өткізілген
«KazFranch-2013» көрмесі отандық шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ықпал
ететін кәсіпкерлер, франчайзерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен қаржылық құрылымдар
өкілдерінің кездесу мен келісу алаңына айналды. Негізі франчайзингтің түрі көп. Мәселен,
саудалық, іскерлік, қызмет көрсету, өндірістік т.б. Ресми деректерге сүйенсек, әлем
бойынша франчайзингтің көлемі үздіксіз өсу үстінде. Ерекшелігі сол, шығын аз әрі
түсетін пайда тұрақты. 2008 жылғы дағдарыстан кейін дамыған елдерде сауданың 45
пайызы франчайзинг арқылы жүреді. «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат
Ибрагимованың мәлімдеуінше, Жер шарының 80 мемлекетінде бизнестің 75 саласы
бойынша франчайзингке салынған инвестицияның орташа кірісі соңғы 10 жылда 600
пайызға жетіпті. Бұл көрсеткіш қарапайым компанияларда 300 пайызға тең екен. Ал
соңғы үш жылда банкротқа ұшырағандардың саны 5 пайыздан төмен. Ал
франчайзингпен айналысу үшін ашылған 100 кәсіпорынның 90-ы табысты жұмыс
істеуде. Мәселен, 2011 жылы 4,1 трлн. доллар болса, былтыр 5,6 трлн. долларға
жеткен. Биылғы кіріс 7,8 трлн. долларға жуық. Сатылымға ие франшиздің үлес
салмағы Азияда басым – 38 пайыз. Одан кейін Еуропа (35 пайыз) тұр.

Қазақстанға келсек, 1994 жылы Түркия
лицензиясы арқылы Алматыда алғаш рет «Coco-Cola Bottlers Almaty» зауыты ашылды.
Ал 2002 жылы «Кешенді кәсіпкерлік (франчайзинг) лицензия туралы заң» қабылданса,
қазір еліміз рталық Азия бойынша ең алдыңғы қатарда тұр. «Даму» қоры
франчайзингті дамытуға қатысты бағдарлама ұсынды. Құжаттың басты мақсаты –
франчайзингтік келісімшарттар шеңберінде нәтижелі де табысты болған жобалар арқылы
пайда табуға ұмтылатын отандық шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын кешенді түрде
қолдау. Алматы қалалық әкімшілігі Кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бастығының
орынбасары Мақсат Рахметовтің айтуынша, еліміздегі кәсіпкерлердің небары 5
пайызы ғана франчайзингті пайдаланады екен. Ал басқа орталықазиялық
мемлекеттерде бұл көрсеткіш 1 пайыздан аспайды. Қазақстан нарығындағы
дистрибьюторлық франчайзинг жақсы дамыған. Оның 70 пайызы киім-кешек пен аяқ
киімге тиесілі. Сондай-ақ, сервистік қызмет көрсету, коммуналдық қызметтер,
ІТ-технологиялар, БАҚ пен білім беру салалары да бар.

Көрме барысында тамашалауға қойылған
заттар аз болды. Бірақ бұл олқылық келешекте орны толтырылады екен. М.Рахметов қазірдің
өзінде аталған тәсілге жүгінетіндер көбейгенін жеткізді: «Қазақстандағы
франчайзинг іскерлік қатынастар тәсіліне айналды. Бұл біртұтас экономикалық кеңістік
шеңберінде де байқалады».

Қазақстандағы франчайзингтен түсетін
жылдық кіріске қатысты ресми дерек жоқ. Бірақ Ләззат Ибрагимованың айтуынша,
1-2 млрд. долларға тең көрінеді: «Осы орайда, «Даму» қорының арнайы бағдарламалары
арқылы аталған нарыққа қатысушылар санын арттыру көзделуде. Осы орайда, екінші
деңгейлі банктерге де жеңілдіктер қарастырылған. «Бизнестің жол картасы-2020»
бағдарламасы да сәйкес келеді».   

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары