ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі
280

Антонио Бандерасты құшақтаған әйел

немесе қазақ қызына жарасатын қылық па? 

 Астанадағы «Каспий банкке» кіріп барсам, үлкен жарнамадағы Голливудтың актері Антонио Бандерасты көзін жұмып алып, қапсыра құшақтап тұрған қазақтың орта жастағы әйелін көргенде, тұла-бойым шымырлап кетті. Қашанғы қазақ қызын өзгелерге тегіннен-тегін олжа ете береміз. Қазақтың дүниетанымына томпақ, санасына өте ауыр тиетін көрініс. Испан былай тұрсын, ботадай сүйкімді қазақтың қызын тілі мен діні бір өзбек пен қырғызға да қимаймын.

 Осындай жарнамалар мемлекеттің ұйытқысы саналатын қазақ халқының үлкен наразылығын тудырып отыр. Әлімсақтан қазақ жеті атасынан аспай қыз алыспайтын дәстүрінің арқасында ген тазалығына қол жеткізген әлемдегі жалғыз ел. Соңғы уақытта өзге ұлт өкілдерімен қанымыз араласқан сайын қан тазалығынан айрылып, тексіздене түсудеміз. Кейбіреулер «әншейін жарнама ғой» деуі мүмкін, бірақ өркениетті дамыған елдердің бәрінде әрбір жарнама заңмен қорғалады, үгіт-насихаттың қаруы тіпті, мемлекет қауіпсіздігінің кепілі екенін әрбір азамат саналы түрде түсінеді. 

Ұлттың ары мен намысы қайда кетті? Кезінде жеңіліс тапқан елдің қызын қатындыққа алып, солай ұлтын қорлайтын болған. Өзгелерге қыз беру – ол да бір жеңілістің белгісі. Көшпелілер ұғымында қорлаудың түрі, кек алудың, масқаралаудың ең үлкен шыңы – қызын қорлау болатын. Қазіргі қазақтың қызы сол қорлаудың объектісіне айналғандай. Соңғы кезде қазақтың намысын таптаған осындай сорақы жарнамалар қаптап барады. Неге орыстар А. Бандерасты Мәскеуге шақырып, қыздарын құшақтатып, суретке түсіріп, жарнама жасамайды? Себебі, мерейі үстем елдің төмендегісі жоқ. Ондай жағдай орыстың өңі түгілі, түсіне кірмейді. В. Жириновский сияқтылар өре түрегеліп, керек болса тамырына балта шабады. 

 1923 жылы жазылған Жүсіп­бек Аймауытовтың «Ақбілек» ро­м­а­нындағы Ақ патша офицерінің сөзіне құлақ түрсек, «Мал-мүлкімді талады, кісімді өлтірді, қызымды алып кетті деп бізді бұзық адам көріп, қазақтар жазғырады. Дүниеде не боп жатқанынан хабарсыз, ауылынан адым жер шығып көрмеген, аң сықылды жайылған қазақ біздің неғып мұндай күйге түскенімізді қайдан білсін. Ата-анадан, туысқаннан, туған жерден кім безейін деп ойлайды? Еркін қызық өмірді, жан тыныштықты кім жақсы көрмейді? Сұлу әйелдің от құшағын, тәтті лебізін кім аңсамайды? Адам тілегенін істеуге ерікті болса, тұрмыс осындай болар ма еді? Біреу ырысты, біреу сорлы болар ма еді? Адамда ерік жоқ. Адам лажсыз елінің тілегіне бағынады. 

Біздің де қанымызда от бар; бізде де тілек, нәпсіқұмарлық бар. Біз де жаспыз. Әйел құшуды біз де аңсаймыз. Әйелсіз күн көре алмайтын, махаббатың қадірін білетін, сезімі жетілген біз өнерлі, білімді шаруаның ұлдарымыз. Әйел кімде бар? Қазақта. Қазақ та адам баласы. Қазақтың қара көздерінің сиқырлы күші Европаның әйелінен кем емес. Әнтек тәрбиеленіп, қылымсуды, еркекке жағынуды үйренбегені болмаса, Қазақ надан болған соң орыстан жатырқайды, жиренеді, қазақ қызы орыс жігітін сүймейді. Қазақ надандығынан жатырқайды, оқыған ел жатырқамас еді, қазақтың оқыған азаматы орыс қызын сүймей, орыстан қатын алмай жүр ме?» деп суреттепті. 

Сол сияқты айдаладағы Бандерасты жарнамаға түсірмесе, Каспий банкінің клиенттері азайып қалатын ба еді? Оны арнайы шақырып, қаншама ақша шығындағанша, сол қаржыны қайырымдылық шараларға жұмсауға болмас па еді? 

 Жұмамұрат Шәмші,

 тарих ғылымдарының 

кандидаты

Қытайлық туристердің төркініне айналып кетпейік


«Қара Қытай қаптаса ақырзаман орнайды» деген сөз бар еді ғой осы. Бірақ ақырзаман шақырмай отырайық. Ойды ойрандап, толғағын таппай жүрген мәселені қозғауға түрткі болған, қолыма қалам алғызған «Түркістан» газетінің (2013 жылғы №41 санындағы) «Қонақжайлылық пен қолжаулықтың арасы» атты мақала еді. Ойды ой қозғайды деген рас екен ғой. 

Жоғарыдағы мәселеге ұқсас мақала «Айқын» газетінде де жарияланды. Онда: «Қазақ елінің бас қаласы Астанаға аспанасты елінен елордамыздың қазіргі тұрғындары санынан кем дегенде алты есе асып түсетін көлемде, Қытай елінен 5 миллион туристер келу жоспарланып отыр», – делінген. Осыны оқып, төбе шашым тік тұрды. Не деген көп сан, неткен турист! Бізде халық туралы айтқанда мұндай санды мүлдем қолданып көрмеген соң ба, біраз ойланып қалдым. Саяхаттаушылар неге ағылшын, неге француз емес. Неге? 

Қазақстанға келетін туризм ағынын арттыру үшін Қазақстан және Қытай үкіметтері арасында «ADS» арнайы саясаты туралы келісім жобасы қол қоюға дайындалуда екен. Ал бұл құжат жобасын қытайлықтар ұсыныпты. Бұл Қытайдың «баруға кеңес берілген бағыт мәртебесі» деген арнайы саясаты. Ол саясат төркінінің мақсаты не? Ол да белгісіз. Әрине, өз еліне сыймай жатқан халықта «басқа елге баруға кеңес беретін» саясаттың өз саясаты бар. Сонымен қатар шетелдіктерді топ-тобымен елге кіруге жол беру қауіпті. Өйткені олардың көбі жалған құжатпен кіріп кетуі мүмкін. Оның салдары заңсыз миграция, ел қауіпсіздігі, денсаулық проблемаларын тудырады. Сондықтан Қытай тарапы ұсынып отырған «визасыз топтық туристік сапарлар» туралы Келісім жобасын қабылдаудың қажеті жоқ деп білемін. Бұл – Қытайдың біздің елді соғыссыз-ақ, саяси жаулау жоспарларының бірі болар. Ал біз ата-бабамыздың қанымен, жанымен келген жерімізді Қытайдың қалай иеленіп кеткенін байқамай да қалуымыз мүмкін. Байлығы мен жері мол Қазақстанға келген 5 миллион қытай ертеңгі күні еліме бармаймын деп отырып алса не істейміз. 5 миллион Қытайдың қайсыбірін қуып шығасың, елдің қауіпсіздігіне кепіл болатын 5 млн. түгілі 1 миллион әскерің де жоқ. Қазірдің өзінде 5 мыңнан аса қытайлықтар Қазақстан азаматтығын алып алған, қаншасы алуға үміттеніп отыр. Сондықтан тыныш жатқан «айдаһардың» құйрығын баспақ түгілі, ол туралы сөз қозғамай-ақ қойғанымыз дұрыс сияқты. 

 Рас, туризмді ел экономикасына кіріс келтіретін салаға айналдыру керек, бірақ «бояушы» дегенге бұлай бояй беруге болмайды ғой. Айналайын-ау, 5 миллион турист дегенің, Қазақстанның 1/3-і ғой. Оның үстіне ол 5 миллион адам еңбекке жарамды таза күш иелері. Ал Астана қаласының халық саны (01.06.2013ж) 790 238 адам, ал оның ішінде еңбекке жарамды, кәмелетке толғандар саны 500 мыңдай деп алғанның өзінде, әрбір астаналыққа 10 қытайлық туристен келе ме? Не деген сұмдық. Ал басқа елден келетін туристерді қоссақ ше? 

Әлемдік геосаясаттағы басымдылық үшін күрес қазір халқы көп Үндістан, Қытай сияқты мемлекеттер үшін маңызды. Олар әлемдік геосаясатта өз үстемдігін жүргізуге тырысуда. Енді туристерді қабылдаудан, оларға қызмет көрсету саласы пәленбай жыл бұрын дамыған Еуропа елдерін алып көрелік. Мысалы, соңғы деректер бойынша, Франция жылына 15 млн. шетелдік турист қабылдаса, оның 700 мыңы ғана қытайлық туристер екен. Ал Ресей мен Қытай арасында қысқа мерзімге еркін, визасыз режим берілген дейді. Соның өзінде Ресей жылына 710 мыңдай ғана қытайлық туристерді қабылдайды екен. Сонда, біз шекарамызды айқара ашып, ай қарап отырамыз ба? 

Жарайды, ойланып қарасақ көптеген еуропалық, аралдық шағын мемлекеттер осы туризм арқылы миллиардтаған қаржы тауып, өз елінің экономикасына кіріс келтіріп отыр. Сол елдердегі туристік сапармен келіп-кетушілердің санын байқап көрелік: жылына Римге – 6 млн.120 000, Стамбулға – 6,45 млн., Дубай – 6,9 млн, Шанхай – 6,66 млн, Гонконг – 7,9, Нью – Иорк – 9,5 млн., Лондон – 14,8 млн. Бұл елдерде туризм саласының тарихы ерте кезеңдерден басталады. Ал көрші Қырғызстан елі жылына 50 мыңдай ғана турист қабылдайды екен. Жапония мемлекеті визалық режимді жеңілдеткеннен кейін, Қытай туристері ағылып, жылына 165 мың адамды құрады. Соңғы жылдары Жапонияға келуші қытайлық туристердің осы елде қалғысы келетіндер саны көбейгендігін айтады. Ал оның қасында біздің Астана жылына бір ғана қытайлық 5 миллион туристі қабылдайды дегенді көз алдыңа елестету адам шошытарлық, оған қоса басқа да шет мемлекеттерден келетін жүздеген мың туристерді тағы қосыңыз. Астана қаласында 2013 жылғы дерек бойынша 212 туристік фирмалар мен 40 жеке кәсіпкерлер бар. Ал келушілерді орналастырумен шұғылданатын 144 кәсіпорындарда орналастыру нысандарында 5005 номер, олардың бір жолғы сыйымдылығы 9031 төсек-орынды құрайды. Ал енді «ЭКСПО – 2017 » туристерін қабылдау үшін қаншама қаржы қажет екенін және жұмыстың көлемін есептей беріңіз. Әсіресе, қытайлық туристерден сақ болу қажет. Шекаралық карантиндік бақылауды қатты бақылап, күшейту керек. Себебі, олар өздерімен бірге неше түрлі аурулар мен зардаптарды алып келеді, қылмыс көбейеді, тамақ проблемасы туындайды, емханалар т.б. қызмет көрсету орталықтарының жұмысы ауырлайды. 

Оразхан Айдаров

Даңғаза ән айту мен дүниетаным


Әдеттегідей демалыс күндері телеарнадан тұщымды дүние іздейтініміз бар. Алайда, қызық іздеп отырып, сорақылыққа тап болғанымды айтқым келеді. «Қазақстан» ұлттық арнасын қоссам, «Білгірлер отауы» ойыны жүріп жатыр екен. Екі топ білім жағынан бақ сынасуда. Бірі – кино саласында еңбек ететін жігіттер болса, екінші топ – әнші қыздар. Жүргізушінің сауалдары да аса қиын емес сияқты. Кәдімгі мектептің 5-6 сынып оқушылары білетін сұрақтар да кездесті. Бір өкініштісі, әлгі ойыншылардың қарапайым дүниені білмейтіні бас шайқатты. Дәлірегінде, өз саласының төңірегіндегі сауалдан мүлт кетті. Мәселен, жүргізуші «Композиторлар одағының төрағасы кім?» деген сауал қойып, оның үш нұсқасын атағанда, жауабын Жазира Байырбекова, Аша Матай, рок-әнші Әсем де білмейтін болып шықты. Тіпті, онысына үшеуі де қымсынған жоқ. Құдай-ау, өнер саласындағы композиторлармен қарым-қатынас жасайтын әншілер сол одақтың төрайымын білмей ме? Ол ол ма, халықтың алдында жүрген әнші қыздарымыз «Қазақтың 1000 әнін» жинаған зерттеушіні де таппай, абдырап қалды. Сірә, атын да естімеген сияқты. Әйтпесе, жүргізуші үш нұсқаны, яғни дайын «шпаргалканы» айтқанда-ақ, оның А.Затаеевич екені естеріне түсер еді ғой. Бірақ мұны да білмеді олар. 

Былайғы жұрт әнші қауымын өте құрмет тұтады, сыйлайды. Елдің алдында жарқырап жүргендіктен, соларға еліктейтін жастар да көп. Алайда, кейбір әншілердің дүниетанымының тым төмен екендігіне әлгіндей бағдарламалар арқылы көз жеткізуге болады екен. Басқа-басқа, еліміздегі ең биік шыңның Хан Тәңірі екенін мектептегі оқушының қай-қайсысы да тақылдап айтып береді. Ал, бұл сауалға әншілеріміз «Ұлытау, Ұлытау ғой» деп ұлардай шулап жауап бергені. Жарайды, жағрафияны ұмытып қалған шығар, оқымаған шығар, ал Затаеевичті білмегені мүлдем ұят! Осыдан кейін түр-әлпетіне сеніп, телеарнада журналист, тележүргізуші болуға құмар, көбі болып та алған әншілердің пайым-парасатының төмендігіне қарын ашады екен. Даңғаза ән айту мен дүниетаным кеңдігінің арасы шалқар кеңістік екен-ау. 

Жәнібек ӘШІМ

Серіктес жаңалықтары