634
ӘБУ ХАНИФА КІМ?
ӘБУ ХАНИФА КІМ?
Бұған дейін «Саңлақ сахабалар» атты кітабы арқылы есімімен жақын таныс болған белгілі дінтанушы Алау Әлділбаевтың жуықта, сәті түсіп, тағы бір көлемді еңбегі (Шәмшат Әділбаевамен бірлесіп жазған) қолымызға түскен еді. Қаламынан шыққан дүниелерінің дәмін алып, дәнігіп қалған басымыз әлгіні көпке қалдырмай апыл-ғұпыл оқып тастадық. Қимылымыздың мұнша ширақ болуына, шыны керек, кітап көтерген тақырыптың аса өзектілігі еді. «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы». Бұл – бүгінгі таңда қазақ қоғамында өртеніп тұрған қоламталы мәселе. Көптен көкейде жүрген көп сұраққа тұшымды жауап табармыз деген дәмемен қадала көз тігіп едік, қателеспеген екенбіз.
Діни тақырыпты ғылыми бағытта қаузаған көлемді кітап бес бөлімге бөлініпті. Оның алғашқы беташар бөлімі мәзһаб имамы Әбу Ханифаның өмірі мен шығармаларына арналған. Көптеген тарауша-тармақшаларға таратылған бұл бөлімде мол білімі мен өмірлік қызметі арқасында кейін халықтың зор құрметіне бөленіп, «Имам Ағзам», яғни, «Ұлық Имам» аталып кеткен қайталанбас тұлғаның һижыра жыл санауы бойынша 80 жылы, яғни, милади (жаңа ера) жыл санауы бойынша 699 жылы Куфа қаласында, Омеядтар (Әмәуи) халифасы Абдул Мәлік ибн Маруан халифалық құрған тұста дүниеге келгені сенімді дерек көздерімен дәлелденеді. Үлкен ғұламаның өз аты Нұғман, ал Әбу Ханифа оның ел әспеттеп қойған лақап аты, әкесінің есімі – Сәбит, Вавилонда туылған атасының ныспы – Зәута екені де осы бөлімде түкпірлей тексеріліп, дәйектей баяндалады. Арғы тегіне қатысты түрлі-түрлі (араб, набатей, түркі дегендей) болжамдар бар болғанымен, көпшілік ғалымдардың оның дәулетті парсы әулетінен шыққанын қуаттайтыны да осы бөлімнің орта тұсында тілге тиек болады. Оған ұзақ жылдар бойы Әбу Ханифаның өмірі мен шығармашылығын зерттеген атақты ғалым Әбу Захраның пікірін айғақ ретінде алға тартады. Өзі де осы көзқарасқа бейім автор ары қарай, Әбу Ханифаның мәуәли екені, ал мәуәли сөзінің кезінде араб емес халықтарға қаратылғанын қадап айтады. Ұлық Имамның ғылыми танымының қалыптасуы жайында сөз қозғалғанда, ғұламаның туған жері Куфаның көне мәдениеттердің бесігі болумен қатар, көптеген сахабалар келіп қоныстанған құтты қоныс, олардың ілімінен сусындап, жан-жаққа тараған табиғындердің де мол болғаны әңгіме арқауына айналады. Осындай ордалы ортада өскен Әбу Ханифа да аса зеректігімен қоса, білімге өте ынталы болып ержетіпті. Қамқор кісілердің жол көрсетуімен кешікпей ілімге біржолата ден қояды. Соның арқасында, ақыры фиқһ пен ақида саласын бірдей меңгерген алғашқы үздік ғалым болып жетіледі. Сол негізде, Ол «сонау ерте кездің өзінде бір жағынан, ханафи фиқһ мектебінің, ал екінші жағынан, әхлус-сунна уәл-жамағаттың ақида мектебінің де негізін қалапты». Әу Ханифа ілім-білімінің бастау-көзінде Хазірет Әли мен Абдуллаһ ибн Мәсғудтың тұрғаны, ал өзінің тікелей ұстазының Хаммад ибн Әбу Сүләйман деген ғұлама болғаны, кейін Имам Зуфар, Әбу Юсуп, Имам Мұхаммет қатарлы көптеген танымал шәкірттер тәрбиелеп, түрлі салаларда онға жуық аса құнды еңбектер жазып қалдырғаны осы бөлімнің соңына қарай сөз болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйки уә сәлләм) дүниеден озып 66 жылдан соң өмірге келіп, мол білімімен қатар сахабаларды көрген құрметті табиғын ретінде де бақытты өмір сүрген Ұлы ұстаздың қашан, қай жерде және қалай көз жұмғаны аталған бөлімнің сірге жияр тақырыбына айналған.
Кітаптың екінші бөлімі тұтастай Ұлық Имамның өскен ортасы мен сол кезде жүз берген тарихи оқиғалардың ау-жайын барлауға бағытталыпты. Мұнда риуаяттар негізінде, хижраның алғашқы үш ғасырында Ирақ аймағының ислам ғылыми орталықтарының арасында ағалап алға озғаны, олардың ішінде Омар (р.а) халифаның бұйрығымен құрылған Басра, одан кейін бой көтерген Куфа, Уасыт және Бағдат қалаларының бар екені аталып, көп өтпей, яғни, 657 жылға келгенде барынша кеңейген мұсылман халифатын бір орталықтан басқару қиын болғандықтан, төртінші халифа Әли ибн Әбу Талибтің өз ордасын тігу мақсатында Куфаға көшіп келгені егжей-тегжейлі әңгімеленеді. Алғашында әскери бекініс ретінде іргесі қаланғанмен, кейін тұрғандары көбейіп, гүлдене бастаған қаланың саяси-экономикалық, ғылыми-мәдени негізде түрлі ұлттарға, топтарға, діндерге бөлінген күрделі демографиялық ахуалы, сол барыста Ирақ медіресесінің рай мектебі ретінде қалай түйін тастап, бүршік жара бастағаны қадала қаузалады. Әрине, бұл жайлармен жете танысып шыққанда, жеке бір тұлғаның ғана емес, Ханафи фиқһ мектебінің қалыптасуы мен оның өзіне тән кейбір ерекшеліктері жайында дұрыс түсінік орнатуға болатыны айтпаса да белгілі.
Көлемді еңбектің «Әбу Ханифаның фиқһ іліміндегі орны» аталатын үшінші бөлімінде Ханафи фиқһының қалыптасуы мен оның өзіне хас болған тұлғалы ерекшеліктерін жіңішкелей түсіндіру кезек алған. Мұнда Ұлық Имамның фиқһ әдіснамасында қолданған дәлелдері індете тәптіштеледі. Дәлірек айтсақ, өзінің шәриғи үкімдерінде ұлы ғалымның берік негіздер ретінде қасиетті Құран кәрімді, пайғамбар сүннетін, сахабалардан қалған сөздерді, ғұламалар жасаған ижманы, қияс, истихан және әдет-ғұрыпты қолданғанын, соның ішінде кейде қажеттілікке байланысты, өзіне кейін «көп мойын бұрады» деп жала боп жабылған қиясқа көбірек мән бергенін, мұндағы басты себеп: ол өмір сүрген ортаның тікелей Құран аяттары мен сүннет негізінде қалыптасқан Хижаз аймағындағы бейбіт жағдай секілді емес, одан мүлде бөлек, қырық құрау тұрғындарының өзгеше өмір сүру салты, алуан түрлі дүние танымы және ұқсамайтын көзқарастарына байланысты әрдайым түрлі толқулар, айтыс-тартыстар орын алып тұратын тұрақсыз мекен болғанында жатқанын, сондықтан жүз берген ахуалға қарай ішінде жаңағы қияс та бар түрлі тәсілдерді қолданғаны, сондай-ақ, сол кезде шаң берген мәселелерді шешумен ғана шектелмей, болуы мүмкін болашақтың түйткілдерімен де мықтап айналысқаны жіңішкелей талданады. Мәзһабтар арасындағы айырмашылықтар және олардың пайда болу себептері де осыған іркес-тіркес, жан-жақты баяндалады. Айтып жатуға орын тар, әйтпесе, бір діннің ішінде түрлі мәзһабтардың болуы қара аспан төбеге төнгендей қауіпті іс емес, қайта өз ретіне қарай сан салалы пікірдің пайдалы әрі дұрыс екені, дегенмен, мұсылмандар бір қиын түйінге тап болғанда кез-келген адамның үкім шығара алмайтыны, пәтуә айтудың үлкен жауыпкершілік, ол үшін мол білім, нақты тәжірибемен қабат, мәзһаб имамы Имам Ахмед ибн Ханбәл айтқанындай «өзінен бұрын өмір сүрген ғалымдардың көзқарастарын білу керек» екені, ал ибн Хамбәлдің, бір деректе, бір миллионға жуық хадисті жатқа білгені тілге тиек болады.
Кітаптың төртінші бөлімінде Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабының хадис әдіснамасы сынды өзекті тақырып тереңдей зерделенеді. Әбу Ханифаның хадис іліміндегі орнын анықтаудан басталған сөз Ұлық Имамның өзі мен шәкірттерінің хадистерді таңдау мен оны түсіндіру барысындағы мән берген элементтерді реті бойынша тізбелеуге ұласып, аяғы жалпы исламдағы хадис пен сүннеттің түрлері және оларға «мойынсұну» үкімдерін алға тартумен түйінделеді. Содан соң мәзһаб имамдары имам Мәлік, имам Ахмед ибн Хамбәл, имам Шафиғи тағы басқа да атақты имам, ғұламалардың Ұлық Имам Әбу Ханифа туралы айқан сөздерін құмарта оқуға болатынын оқырман есіне салсақ, бұл бөлім арқалаған жүктің де жеңіл еместігі салған жерден белгілі болады.
Мұсылмандардың басым көп санын құрайтын үлкен мәзһабтың негізін салушы Ұлық Имам Әбу Ханифа соншама мол ақыл-парасаты, шендессіз беделі, таусылмас дәулеті болғанына қарамастан, өз заманында күнделікті құлшылығын жасап, білетінін үйретіп, білмегенін үйреніп дегендей жылы ұясында жаны жай тауып, жайын жата алмапты. Уайымсыз, қайғысыз тыныш өмір сүре алмаған. Дұрысы, оған мүмкіндік болмаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Куфа қаласы сол уақыттағы ұлттық құрамы, демографиялық ахуалы, саяси-экномикалық жағдайы ғана емес, мәдени-рухани, дүниетаным бастаулары тұрғысынан да аса күрделі мекен болатын. Онда бұрыннан келе жатқан және жаңа пайда болған кейбір көзқарастар салдарынан түрлі топтар төбе көрсетіп, үнемі талас-тартыс жүз беріп тұратын. Әбу Ханифаның тұсында бұл топтар әлеуетті ағымға айналып, күш ала бастапты. Сахабалар кезеңінде шииттердің бөлініп шыққаны өз алдына, кейін харижиттер, қадария, мүржия, жәбрия, мұқтазила қатарлы ағымдар бас көтеріп, мұсылмандарды жақ-жаққа бөлшектей бастапты. Мұны тоқтатпай, бетін қайтармай болмасы анық. Ол үшін жетерлік біліммен қоса, үлкен ерік-жігер де керек еді. Міне, осы жағдайлар Әбу Ханифаның ақида ілімімен шындап айналысуына түрткі болыпты. Содан былай ол саналы ғұмырын әлгіндей қаптаған дінбұзарларға қарсы күресіп, Ислам дінінің дұрыс сенімін қалыптастыруға жұмсапты. Бүгінгі күнгі өз еліміздегі күрделі жағдайды еске салатын ертедегі ерекше шиеленісті кезең біз сөз етіп отырған кітаптың бесінші бөлімі болып қағазға түседі. Сонымен қатар, бұл бөлімде Ханафи фиқһының таралу жайы мен шәкірттері тарапынан фиқһ кітаптарының жазыла бастауы да кеңінен сөз болған. Тәлейімізге қарай, ол кітаптардың көбі біздің заманымызға жеткен. Кейін Аббастықтар әулетінің халифасы Харун әр-Рәшид Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуфті қазылардың қазысы міндетіне шақырып, барлық қазыларды тағайындауды құзырына береді. Бұл оқиға Ханафи мәзһабының берік орнығып, одан ары шартарапқа кең жайылуының басы болғанға ұқсайды. Аса қызық дерек «атамыз Сұлтан Бейбарыстың Мысыр еліне шафиғи, мәлики, ханафи және ханбәли мәзһабтарынан төрт қазы тағайындауынан кейін (1266 ж) мұсылман елдерінде осы төрт мәзһаб бойынша білім беріліп, сот істері жүргізілген. Яғни, Ислам әлемінде төрт мәзһаб бойынша амал ету мәселесінде үмбет арасында ижма (бір ауыздан келісім) болған» дегенді де осы бөлімнен кездестіруге болады. Автордың айтуынша, Ханафи мәзһабының дәл бүгінгі таңдағыдай кең таралуына Сәлжұқтар мен Османлы мемлекетінің рөлі ерекше болған. Өз ата-бабаларымыздың да «жеңілдік» қағидатын берік ұстанатын осы діни жолды бекер таңдамағанын айтып жату бұл арада басы артық әңгіме болса керек.
Көлемді еңбекті оқып болған соң, шүкіршілік еткен тағы бір нәрсеміз – туындының тікелей ана тілімізде жазылғаны болды. Өз арамыздан да тіл білетін аудармашылар ғана емес, кез-келген діни тақырыпқа тікелей қалам тарта алатын білікті мамандар, қарымды дінтанушы қаламгерлер өсіп-жетілді деген сөз.
Серік НҰҒЫМАН