«ҰЛЫТАУ» ЖАҢА КӨЛІК ДӘЛІЗІ САЛЫНА МА?

«ҰЛЫТАУ» ЖАҢА КӨЛІК ДӘЛІЗІ САЛЫНА МА?

«ҰЛЫТАУ»  ЖАҢА КӨЛІК ДӘЛІЗІ  САЛЫНА МА?
ашық дереккөзі
243

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Андрей Бегенеев «Ұлытау» атты жаңа көлік дәлізін салу жөнінде идеясын ұсынды. Депутат кең байтақ жеріміздің оңтүстігі мен солтүстігін тура жолмен жалғастыру қажет деп есептейді. Бұл бастамасын депутат Мәжілістің жалпы отырысында жария етті. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметовке жолдаған сауалында парламентші Андрей Бегенеев қазіргі Қазақстанда ұлан-ғайыр қазақ даласын кесіп өтіп жатқан теміржол магистралінің екі негізгі бағыты бар екенін айтты. 

Депутаттың айтуынша, Сарыарқаның кең жазира даласы жол инфрақұрылымы тұрғысынан алғанда әлі күнге дейін толық игерілген жоқ және адамдар тұрмайтын өңірлері де бар. Сондықтан да Қазақстанның орталығында кейбір ауылдар, қалалар, атап айтқанда, Жезқазған қаласы көліктік тұйыққа келіп тіреледі. Бірақ та бір кездері олар тіршілігі қайнап жатқан аймақ болатын. Ертеректе қазақтар осы даланың қақ ортасымен көктемде солтүстік жаққа, күзде кері қарай оңтүстікке көшіп-қонып жүргенін тарихтан жақсы білеміз. Олар қазіргі поездар бағыты сияқты немесе автокөлік жолдарындай айналып жүрмеген.

«Орталық Азиядан Түркістан арқылы Сарыарқаға, одан әрі Сібірге барып тұрған керуен жолдарының сүрлеуі әлі сайрап жатыр! Ежелгі көші-қонның даңғыл жолын қайта жаңғырту біздің Ұлт Көшбасшысының еліміздің транзиттік мүмкіндігін ұлғайту туралы стратегиялық басымдығын жүзеге асырғанымыздың бір көрінісі болмақ. Ол осындай міндетті өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында айқындаған. «Ұлытау» (Оңтүстік-Солтүстік) көлік дәлізі жолаушылар мен жүк тасымалын арттырып, тек Қазақстанның ғана емес, Азияның өзге елдері тұрғындарының интеграциялық байланысын кеңейте түсетіні анық!»,– дейді А. Бегенеев.

Шынымен де, сапалы жасалған заманауи автокөлік және теміржол желісі Жезқазған қаласын халықаралық маңызға ие әуе байланысы бар, келешегі зор тоғыз жолдың торабына айналдыратыны сөзсіз. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Жезқазған әуежайы жыл бойы ашық болатыны белгілі. 

Маңызды жолдарды жаңғырту Жезқазған – Ұлытау өңірінің тарихи және табиғи сұлу аймақтарында туризм мен демалыс орындарын дамытуға серпін беретін болады. Кең далада тарыдай шашыраған ауылдардың «бойына қан жүгіреді», ал тұрғындарға медициналық поезд қызмет көрсете бастайды. Болашақта тығыз орналасқан өңірлердің тұрғындары осы аймаққа қоныс аударып, күре жолдың бойында жаңа елдімекендердің пайда болатыны, әлеуметтік инфрақұрылым жан-жақты дамитыны айтпаса да түсінікті. 

Сарыарқаның жер асты қазба байлығы да мол, сондықтан жаңа кен орындарын игеруде де артықшылықтарға ие болмақ. Яғни, тау-кен кәсіпорындарының құрылысына жаңа инвестициялар құйылатыны, соған орай қажетті көлік нысандары, құрылыс және қайта өңдеу саласының кәсіпорындары ашылатыны анық.

Депутат жаңа даңғыл жол Еура­зия­ халықтарының гуманитарлық ынты­мақ­тастығын ұлғайтатынын және бүкіл түркі дүниесінің сан ғасырлық мәдениеті мен тарихын жан-жақты аша түсетінін атап өтті.

Сонымен бірге, ежелгі жолдың жаң­ғыруы Түркістанға, әсіресе, Ресей мұ­сылмандарының Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сияқты ислам әлемі үшін киелі болып табылатын тарихи орынға баратындардың қатарын арттыра түсетіні анық. 

«Осындай кең ауқымды жобаның еліміздің перспективалық даму жоспарына енуі мемлекетіміздің алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына кіру туралы «Қазақстан-2050» стратегиясы» міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін және бір негізгі фактор болып табылады» деп ойын қорытындылаған депутат Үкімет басшысынан осы мәселені қарауды және заңда белгіленген тәртіпте жазбаша жауап беруін өтінді.

А. Самиғоллаұлы

Астана

Серіктес жаңалықтары