СЫРЫ АШЫЛМАҒАН ҰШАҚ АПАТТАРЫ

СЫРЫ АШЫЛМАҒАН ҰШАҚ АПАТТАРЫ

СЫРЫ АШЫЛМАҒАН  ҰШАҚ АПАТТАРЫ
ашық дереккөзі
255

Желтоқсан айы қазақ тарихында ызғарымен де, Тәуелсіздікті сыйлаған қасиетімен де ерекшеленеді. 2011 жылы Жаңаөзенде желтоқсанның ызғырығы соқса, 2012 жылы желтоқсанның соңы мен қаңтардың аяғы ұшақ апаттарымен есте қалды. Қос апаттан 48 адам қайтпас сапарға аттанды. Айналасы бір айдың  ішінде қазақ халқы екі рет аза тұтты.


ТАМЫРЫ ТЕРЕҢГЕ КЕТКЕН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ САЛДАРЫ 


Былтыр желтоқсанның 25-інде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиесілі «АН-72» маркалы Астанадан Шымкентке бет алған әскери ұшақ Шымкентке сәл жетпей апатқа ұшыраған болатын. Желтоқсанның 25-інде бұл қаралы оқиғаға бір жыл толады. Ұшақ бортында экипажымен бірге 27 адам болған. Ресми айтылған мәлімдеме бойынша апат салдары төмендегідей жағдайлардан орын алған: 

1. Ұшақтың борт құрылғыларының істен шығуы (Автоұшақтың және радио биіктікті өлшеу құралының істемеуі);

2. Экипаж командирінің кінәсі (жерге жақындағаны туралы алдын ала ескерту жүйесінің іске қосылмауы; ұшақты басқаруды командирдің көмекшісіне заңсыз беруі; барометрлік биіктікті өлшеу құралында Шымкент әуежайының қысымы орнатылмаған);

3. Ауа-райының күрт бұзылуы (қар аралас жаңбырдың жаууы, қалың тұман; айналаны көрудің мүмкін болмауы; күшті аяз). 

Сондай-ақ, «АН 72» әскери ұшағы 2012 жылдың қаңтарының 4-інде Украинада жөндеуден өткен. Сол себептен де ұшақтағы ақаулардың болуын түсіндіріп беруі мақсатында Украинаның құқық қорғау органдарына халықаралық тергеу тапсырмасы жолданған. 

Онда «Бұл қорытындыны әуе апаттарын зерттеу жөніндегі Комиссия бекітіп отыр. Тапсырмада ұшақтың жөндеу процесі, жекелеген бөлшектері мен агрегаттарын және басқа да детальдарын ауыстыру барысындағы жұмыстардың сапасы қаншалықты деген секілді мәселелер төтесінен қойылған» делінген. 

Осы оқиғадан кейін ұшақты жөндеу барысында алаяқтыққа жол берді деген желеумен Әуе қорғанысы күштерінің бас командирінің орынбасары Асқар Бөлдешов екі айға қамауға алынған болатын. Бұдан сәл ертерек Қорғаныс министрлігінің Қару бас басқармасының бастығы, генерал-майор Алмаз Әсенов 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Өйткені Әсенов дәл осы қару-жарақтардың әр түрлерін сатып алу, модернизациялау, залалсыздандыру секілді жұмыстарға жа-уап беріп келген. Мәселенің мәні осы жөндеу жұмыстарынан туындаған еді. Жөндеуден өткеніне көп уақыт өтпеген ұшақтың қозғалыс тетіктерінің істен шығуы және оның салдарынан ұшақ бортындағы 27 адамның ажал құшуы – кім-кімді де таңқалдырғаны ақиқат. Алайда тамыры тереңге кеткен жегі құрт – жемқорлықтың салдары қайғылы оқиғадан кейін ғана ашылғаны өкінішті. Егер ұшақ апатқа ұшырап, 27 адам ажал құшпағанда, бұл былықтың да беті ашылмас па еді, кім білсін?!! 

Осы оқиғада пара берді деген айып­пен украиналық мемлекеттік «Укрспецэкспорт» компаниясының екі қызметкері Қазақстанда қамауға алынды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Шекара қызметі академиясының бастығы, генерал-майор Талғат Есетовтің жұмбақ өлімінің де осы оқиға кезінде орын алуы кездейсоқтық болмаса керек. Өз кабинетінде атылып өлген Талғат Есетовтің өлімі жайында да қоғамда түрі қауесет тарағанымен, оның ұшақ апатына зәредей де қатысы жоқ деген қорытынды шығарылды. Өйткені Т. Есетов ұшақтардың жөндеу жұмысына араласпаған. Дегенмен Есетов өлер алдында кіммен телефонмен сөйлескені және өлім алдында жазған хатының қайда ұшты-күйлі жоғалғаны, оның үстелінен табылуға тиіс үш пакет – әйеліне, ұлына және бас прокурорға арнаған үш сәлемдеменің қайда жоғалғаны әлі күнге жұмбақ күйінде қалды. Дегенмен сол сәтте осы жұмбақ өлімнің құпиясы Шымкент маңында апатқа ұшыраған АН-72 ұшағымен қатысты болуы бек мүмкін деушілер де табылған еді. Алайда Бас әскери прокуратура өкілі Талғат Есетовтің АН-72 ұшағын күрделі жөндеуден өткізуге еш қатысы болмағандығын тәптіштеген. Қалай дегенмен де, ұшақ апаты өз жұмысына салғырт қараған және жөндеу жұмыстарын жүргізбей-ақ, «жүргізді» деген жалған ақпар беру үшін пара алған Қорғаныс министрлігіндегі лауазымды шенділердің жемқорлығы салдарынан жүзеге асып отыр. Алайда, бұл жерде бірінші басшылардың судан ақ, сүттен таза болып, екінші басшылардың тұтылуы да қайран қалдырады. «Орынбасары жемқорлыққа белшесінен батып жатқанда, басшысы қайда қарап отырды екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы ретте Латвиядағы «Максима» сауда үйінің төбесінің опырылуы салдарынан қайтыс болған 50-ден астам адамның жауапкершілігін мойнына алған Премьер-министрінің үлгісі құптауға тұрарлық қадам болып отыр. Ал біздегі жағдай керісінше, ешкім ештеңені мойындамайды. Тек күшпен мойындату керек. Қолына кісен салып, қараңғы қапасқа қамағаннан кейін ғана олар қылмысын мойындайды. Демек бүкіл қоғамда әлеуметтік немесе саяси жауапкершіліктің мәнін терең түсінбейінше, осындай әттеген-айлардан аяқ алып жүре алмай қалуымыз бек мүмкін. 


Ұшақ апатының себебі неге айқындалмайды?


Бұдан кейін тура бір ай өтер-өтпестен Көкшетаудан Алматыны бетке алған «Скат» әуе компаниясына тиесілі «CRJ-200» марқалы әуе кемесі апатқа ұшырады. Көкшетаудан Алматыны бетке алған әуе кемесінің бортында тағы да 21 адам болған еді. Марқұмдардың жандары жаннатта болсын, бұл жолғы апаттың себебі жайында тағы да мардымды жауап таппайсың. Ал біз «Скат» әуе компаниясы бұдан кейін, құқықтық, моральдық тұрғыдан Қазақстан аумағында өз қызметін жалғастыра алмайтын шығар деген ойда болдық. Бірақ «Скат» әуе компаниясы өзге де әлеуметтік жанжалдардың ортасында, рейтингісінен де, іскерлік беделінен де айырылса да, қызметін жалғастырып келеді. Қазір осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын орын алған апаттың себеп-салдары жайында нақты ақпарат жоқ. Тек қана болжамдар айтылуда. 

Айталық, бірінші болжам – әуе кемесіне Алматы әуежайындағы қалың тұман жайлы бірнеше рет ескертіліп, өзге әуежайға қонуға кеңес берілгеніне қарамастан, борт командирі ұшақты қалай да Алматыға қондыруды мақсат етеді. Неге? Себебі, ұшақ багында келесі қосалқы әуежай – Шымкент қаласына жететіндей жанармай болмауы әбден мүмкін. Тіпті, ұшақ құлай салысымен жасалған алғашқы болжам да осы болды. Екінші болжам – DV-760 бағытымен ұшуға дайындалып жатқан әуе кемесінің экипажы Көкшетаудан шықпай жатып-ақ, Алматыдағы нашар ауа райы жайында хабардар болған. Алайда, «Скат» әуе компаниясының басшылығы адамдардың қауіпсіздігінен гөрі, компаниясының пайдасын бірінші орынға қойып, ұшақты ұшуға мәжбүрлеген. Үшінші болжам – «Скат» әуекомпаниясында пилоттардың жетіспеуі салдарынан пилоттар демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр болған. Сөйтіп, олардың қарбалас графигінің де ұшығы тиюі мүмкін. Өйткені пилоттың қалайда Алматы әуежайына қонуды мақсат етуінің бірі сыры осы болса керек. Ол келесі график бойынша Семей қаласына ұшуға асыққан. Алайда бұның барлығы болжам. Құзырлы органдар ұшақ апатының себебін әлі анықтай алмай отырғандығын мәлімдеген. Tengrinews ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Көлік және коммуникация вице-министрі, «CRJ-200» маркалы әуе кемесінің апат себебін зерттеу бойынша комиссия төрағасы Азат Бектұров төтенше жағдайды зерттеу барысынан хабардар еткен. Алайда ол ұшақ багында жанармайдың жеткіліксіз болуы жайлы ақпаратты жоққа шығарады. «Ұшақтағы жанармайдың мөлшері әлі де екі жарым сағат ұшуға жететін еді. Ол бұл жанармаймен Көкшетауға қайтып оралуына, Шымкент, Қарағанды және Астана секілді қосалқы әуежайға қонуына әбден мүмкін болатын» деген ол. Қазір апат себебін тексеру үшін Мәскеудегі Мемлекетаралық авиация комитеті, Канада, АҚШ, Грузия, Беларусь елдері мамандары жұмыс істеп жатыр екен. «Канадада әуе апаттарын зерттеудің орташа мерзімі 450 күн» дейді ол. Оның айтуынша, ұшақ жерге түскенге дейін дін аман болған, апат жерге соғылғаннан кейін орын алған. Қазір ұшақтағы «қара жәшіктің» сыры да мәлім болған. Алынған мәліметтер бойынша, мамандар жұмыс істеуде. 

Бір қызығы, жақында Қазанда апатқа ұшыраған жолаушылар тасымалдайтын әуе кемесінің себебі бір аптадан кейін мәлім болған. Ал жылға жуық уақыт өтсе де, «Скат» әуе компаниясына тиесілі, канадалық ұшақтың апатқа ұшырау себебі жайында әлі бір нақты байламның болмауы таңғалдырады. 

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары