ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН ТАРИХЫНДАҒЫ АЗАЛЫ КҮНДЕР

ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН ТАРИХЫНДАҒЫ АЗАЛЫ КҮНДЕР

ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН ТАРИХЫНДАҒЫ АЗАЛЫ КҮНДЕР
ашық дереккөзі
309

Тағдырдың теперішін көп көрген қазақ үшін желтоқсан – ерекше ай. Қуанышы мен қайғысы қатар келген бұл ай несімен ерекше? Мәскеуде 1929 жылы өткен құрылтайдағы ұжымдастыру туралы бастама қазаққа қалай сор болды? Егемендік деклорациясы жарияланған 25 қазан мерекесі күнтізбеден неге жойылды? Тәуелсіздік жолында құрбан болған қыршындарды аза тұту, еске алу, ұлықтау шаралары жалпыхалықтық деңгейде өте ме? Ұлттық және мемлекеттік құндылықтарға қатысты осы және басқа да мәселелерді «Азамат» интеллектуалдық клубының мүшелері қаузаған еді.

«Ұлтқа сіңірген еңбекті  халық бағалайды» 


Айдос Сарым: 

6021f7870381aad5c01940d0ffa486b1.jpg

«Азамат» клубының бүгін екінші отырысын бастауға рұхсат етіңіздер. Тақырып – «Қазақ тарихы мен тағдырындағы желтоқсан айы». Ертең, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Қызығы мен олқы түсер тұстары байқалуда, мұны да назардан тыс қалдырмасақ. Желтоқсан айы жалпы Қазақ тарихында ерекше маңызға ие айлардың бірінен. Мәселен, қазақтың тұңғыш демократиялық партиясын, тұңғыш билігін, тұңғыш президентін әкелген Алаш апталығы бар. 1917 жылы Орынборда өткен. Бергі жағын алсақ, басқа да тарихи оқиға-құбылыстарға толы. Ең маңыздысы әрі қастерлісі – Тәуелсіздік күні. Кешелі бері қазақ баспасөзі мен интернеті «Ұлық мереке неге Жаңа жылдың көлеңкесінде қалады?», «Жаңа жыл Тәуелсіздіктен маңызды ма?», «Тәуелсіздіктің маңызын жою – қасақана жасалып жатқан саяси әрекет пе, әлде құлдық сананың әсері ме?» деп дабыл қағуда. Қазақ тарихындағы, қазақ тағдырындағы желтоқсан туралы ой-пікірді ортаға салсаңыздар.

Мұхит Асанбаев: Желтоқсан келсе, ел ішінде бір абыржу басталатын сияқты көрінеді маған. Желтоқсан келсе, билік те мазасызданады. Бұрыннан келе жатқан дағды ғой бұл. Қай жағынан алсаңыз да, желтоқсан айында Қазақ тарихында маңызды оқиғалар орын алған. 1986 жылы қазақтың намысы оянған ай желтоқсан еді, 2011 жылы Жаңаөзендегі оқиға да осы айға тура келген. Елбасының сайланған күні де желтоқсанның еншісінде. 

Расул Жұмалы: Байқасаңыздар, желтоқсан айы Елбасы күнімен басталып отыр. Былтырлары Президенттің өзі де айтты. «Бәлкім, мадақтай берудің қажеті жоқ шығар. Жекелеген қайраткердің елді дамытуға қосқан үлесі жайлы халық өзі айтып, бағасын беруі тиіс» деп. Бірақ заң қабылданды. Мерекемен қатар күнтізбеде жаңа демалыс пайда болды. Бұл туралы пікірлер де саналуан. Мақтау мен мадақтаудың шарықтау шегіне жеткен жағдайлар да болды. Мәселен, Астанадағы бір жоғары оқу орнының ректоры студенттерін өзі бастап орыстың әнін айтып, аспанға шар ұшырды. Мемлекеттің, ұлттың, қоғамның біртұтастығын бейнелейтін алғышарт – кез келген жалпыұлттық мерекеге жалпы бірдей қабылдайтын, жалпы қоғам бірдей бағалайтын саясатты қалыптастыру қажет. Әзірге олай емес. Билік басындағы жекелеген азаматтардың кейбір мәселелерде асырасілтеушілікке ұрынатыны өкінішті. Бәлкім, жағымпаздық әрбір қоғамның бойында бар немесе тоқырау заманында орын алатын көрініс шығар. Оны Қазақ халқының, Кеңестер одағының және басқа да елдердің тарихынан байқадық. 

Айдос Сарым: Ортаға тамызық болсын деп тастайтын ойым, Тұңғыш Президент күні дегенде егер 40-50 жылдан кейін келешек ұрпақ «мына кісінің халыққа, елге жасаған осындай жақсылығы бар, сіңірген еңбегі бар» деп бастама көтерсе, құптарлық іс. Ескерткішке гүл қою, еске алу, түрлі насихат шараларын өткізу т.б. Бұрнағы жылдары Президент қол астындағы шенділерге «сендер мереке, той дегеннің мәнісін білмейді екенсіңдер. Мені мадақтаудың қажеті жоқ» деп айтты. Бірақ 1 желтоқсан күні мадақтаудың жеті атасын көрдік. Бәлкім, осы мерекеге қажетті идеологияны қоғам айтуы қажет шығар? Қандай мәселені талқылау керек? Тәуелсіздігіміз қаншалықты баянды? Билік пен қоғамдық құрылымдардың жұмыс істеудегі қарым-қабілеті қандай? Мүмкін бұл қуанатын емес, ойланатын күн шығар? 

Расул Жұмалы: 

789dd703ffac1676999b75f647b19807.jpg

Президенттің күні деп жатырмыз. Күні бүгінге дейін ҚР Конституциясына өзгерістер енгізіліп, президенттік атағына қоса Елбасы, Ұлттың көзбасшысы деген мәртебеге ие болды. Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, «ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ» деген атаққа лайық тұлғалар көп. Мәселен, Үндістандағы Махатма Ганди, бауырлас түріктер еліндегі Мұстафа Кемал Ататүрік, Оңтүстік Африкадағы Нельсон Мандела, АҚШ-тағы Джордж Вашингтон т.б. Олардың ұлт көсемі мәртебесіне көтерілуіне жекелеген адамдардың не заңдық құжаттың қабылдауының негізінде емес, уақыт өте келе халық өзі сезінуі, саясаткерлер мен саясаттанушылардың бағасы. Дәл осы мәселені Елбасының өзі де бірнеше рет ашық айтты. Заң жүзінде белгіленген осындай мәртебелер, атақтар қаншалықты өміршең болады? Меніңше, күмән тудыратын мәселе. Қазақстандағы Тұңғыш Президент күні белгіленетіннің алдында АҚШ-та да осындай мереке бар екендігі айтылды. Бірақ Вашингтон, Линкольн сияқты Америка Құрама Штаттарының негізін қалаған тұлғаларды ұлықтау олар өмірден өткеннен кейін онжылдықтардан кейін емес, елу, тіпті, жүз жылдан кейін қолға алынғаны ескерілмеді. Мерекелер мәселесі бөлек талқылайтын тақырып сияқты маған. Өйткені өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз қалыптаспайынша, Тәуелсіздік пен егемендікке қатысты азаматтық ұстаным бір ізге түспейінше, мерекелер туралы айту ерте. Байқасаңыздар, Қазақстанда Кеңестер заманынан қалған 7 қараша, 23 ақпан, 8 наурыз, 1 мамыр сияқты мерекелер әлі күнге жалғасып келеді. Тіпті, 31 желтоқсанның өзі Қазаққа, ұлттың тарихына, егемендігі мен дәстүріне үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Есесіне, біздің ең ұлық мерекеміз – 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні көлеңкеде қалып қояды.

Нәзия Жоямергенқызы: Мұның себебі, меніңше, Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде біздің ұлттық және мемлекеттік идеология әлі дұрыс қалыптасқан жоқ. Тәуелсіздік алғалы 22 жыл өтті. Қолдан жасалған дүниелер әлбетте, қоғам процесіне кірігіп кете алмайды. Яғни, халықтың санасынан орын алмайды. Тәуелсіздікті ұлықтайтын төл мерекеміз қазір Жаңа жылдың көлеңкесінде қалуда. Қазақстанның көп жерінде Тәуелсіздік күнін аттап өтіп, Жаңа жылмен құттықтаған жазулар ілініп, шыршалар 1 ай бұрын ерте тігіліп қойған. Басты себеп, идеологияның ақсауы, патироттық сезімнің әлсіздігі. Оның себебі, Қазақ қоғамы қазақтілді және орыстілді деп екіге бөлінеді. Олардың көздейтін мүддесі де екі түрлі.

Расул Жұмалы: Шығыс халқы бол­ғасын ба, көп мәселеде жоғары жаққа, билік­тегілерге жалтақтап, соларға қарайлай бе­реміз. Солардың айтқан сөздеріне, істеріне қарап ой түйеміз. 1 желтоқсан Президент күні аталып өтілуде, түрлі шаралар атқарылуда. Сонымен қатар ең үлкен мерекелік шара ретінде Жаңа жылдық шыршаның шамын ресми түрде жағуға арналыпты. Мүмкін мұның да өзіндік маңызы бар шығар? Алда қазақ үшін өте өзекті Алаш қозғалысының апталығы, бүкіл ұлттың басына қасірет болған 86-жылғы Желтоқсан оқиғасы, күні кешегі Жаңаөзен мәселесі бар. 

Нәзия Жоямергенқызы: 

be5be57175a2999e844ec38f6a27aad0.jpg

Меніңше, жергілікті атқарушы органдардың ұстанатын қағидасы мен бағытына да байланысты сияқты. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов былтыр 16 желтоқсанға дейін ешқандай жаңажылдық шараларды өткізуге тыйым салды. Егер осылай етем десе, басқа әкім-қараларды кім ұстап отыр? Бұл жерде жеке, азаматтық тұрғыдан да қарастырған жөн сияқты.


«Алаш тақырыбында азаматтық қоғам белсенді»


Айдос Сарым: Елбасы кеше «Болашақ» стипендиясының иегерлерімен кездескенде «Ең бастысы, қазаққа бірлік керек», – деді. Орынды сөз. Қазақ интернетіне көз салсаңыз, кейбір жастар «менің тұңғыш президентім – Әлихан Бөкейханұлы» дейді. Бұл қаншалықты қисынды? Қазіргі Тәуелсіздігіміздің қайнар көзі Алаш қозғалысынан бастау алады. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы мен тіпті, қазақ тілінің емлесі де Алаш азаматтарының арқасында сақталды. Ендеше неліктен әлі күнге Алаш қозғалысының Қазақ тарихындағы маңызы мен мәні қоғамда БАҚ арқылы кеңінен насихатталмай отыр? Жыл сайын 7-13 желтоқсан аралығында сол тұлғаларымызды ұлықтап, ескерткіштер орнатып, еңбегін неге бағаламаймыз? 

Болат Мүрсәлім: 

774741fccf01e1f07990cc707c51757e.jpg

Әлеуметтік желілерде Әлихан Бөкейханұлына қатысты пікір айтқандарды қолдамаймын. Өйткені ол қазақтың тұңғыш президенті емес. Қазақ тарихында соңғы рет ақ киізге көтерілген хан – Кенесары Қасымұлы. Әлихан Бөкейханұлы сол кездегі саяси ахуалға сәйкес, қазақтардың тұңғыш рет баламалы негізге, жанама сайлау арқылы сайланған Үкімет төрағасы. Қазіргі саясаттану ғылымының тұрғысынан қарастырсақ, Алаш автономиясында белгілі бір дәрежеде республикалық, мемлекеттік құрылымның нышаны болды. Ол кездерде Ресей шеңберінде бірнеше автономия құрылды. Бірақ үкімет басқарғандардың бірде біреуін тұңғыш президент деп жариялап жатқан жоқ. Бұл қоғамда түсініспеушілік тудыратын жайт. Бүгінгі бастама көтерушілер Ә.Бөкейханұлының тарихтағы ролін айқындай алмайды. Керісінше, кері әсер етеді. Бұл қоғамдағы «сауатсыздық» десек ауырлау тиер, бәлкім білместік деген жөн шығар. Кейде ең танымал, тақырыпты жетік меңгерді деген алаштанушылардың арасында Алаш партиясын, Алашорда үкіметін, Алаш автономиясын бір-бірімен шатас­тыратындар бар. Меніңше, мұның басты себебі, Алаш тақырыбына ғылыми атақ қорғайтындардың көпшілігі – тарихшы не филолог. Саясаттану ғылымдарынан көбінесе хабары аз. Әлихан Бөкейханұлы кезінде қазақ хандарының тарихына қатысты көптеген еңбегін қорытындылай келе, «қазақтың хан баласында қақысы бар еді, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген. Бұл оның жеке басының жауапкершілігі. «Хандардың бұған дейін атқарған ісін жалғастырамын, олар жіберген қателікті түзеу жауапкершілігін өз мойныма аламын» дегені. 

Айдос Сарым: Бүгінгі билік тарихтан неге жасқанады?

Болат Мүрсәлім: Алаш қайраткерлерінің аты аталған сәтте елең етпейтін, оларды іштартып, жақсы көрмейтін қазақ кемде кем. Меніңше, бүгінгі билік өздерін сол алаштықтармен салыстыра ма деп қорқуы мүмкін. «Алаш апталығы Қазақстанда неге кеңінен насихатталмай жатыр?» деген сауалға келсек, билік ресми түрде тыйым салмаса да, өзара келісім бойынша Алашқа қатысты кез келген нәрсені айтуға қарсылық танытатын секілді. Қазіргі Қазақ қоғамы Алаш қоғамын аңсайды. Неге? Өйткені Алаш қоғамындағы әділдік, бірлік, зиялылықты аңсайды. Яғни, сол кездегі құрылып үлгере алмай қалған Алаш партиясын немесе Алашорда автономиясы емес, Алаш қоғамын армандайды. 

Мұхит Асанбаев: 

bb486a55d8ca200576d1a06aec7dcd01.jpg

Бізде идеологиялық жұмыс мүлде жоқ деуге болмайды. Бар. Мәселен, 1990 жылдары Наурызды жұрт жаппай тойлайтын. Осындай мерекелерді Кеңес дәуірінің уысынан шығарып алған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз болатын. Ол кісі идеологиялық жұмыстарды 1991 жылы бастап берді. Ал қазіргі идеологиялық салада қызмет ететін лауазым иелері Өзбекәлі ағамыз бастаған сол игі істерді жүргізе алмай жатыр. Екіншіден, Алаш қайраткерлерін ұлықтау неге кең ауқымда емес? Себебі, билік тарапынан сұраныс жоқ. Бұған дейінгі жазылған ғылыми еңбектердің авторлары өз ізденістері мен қолда бар деректерге ғана сүйенді. Ал көптеген тарихи құжат Ресейдің архивтерінде жатыр. Мемлекеттік деңгейде келісім жасалып, ғалымдарға рұхсат алып беру қажет. 

Расул Жұмалы: Қазақстанның егемен ел ретіндегі тарихы негізінен 16 желтоқсаннан емес, 25 қазаннан басталады. Тоқсаныншы жылдардың басында сол кездегі биліктің ең басты тармағына ие Жоғарғы кеңес (қазіргі Парламент) 25 қазанда Тәуелсіздік туралы декларацияны жариялады. Бірнеше жыл бойы Республика күні ретінде ресми мерекелер тізімінде тұрғанымен аса еленбейтін. Ақыры оны тізімнен алып тастады. Бірақ 25 қазан – шын мәнісінде Ұлық мереке. Кезінде КСРО құрамында болған республикалар егемендік деклорациясы қабылданған күнді Тәуелсіздік күні ретінде белгілеп, жыл сайын тойлайды. Тіпті, Ресейдің өзі де. Қазақстан тарихындағы ең маңызды күн, 25 қазан ондай мәртебеге ие бола алмады. Желтоқсан айы – Қазақ тарихындағы қасіретке толы ай. Мәселен, 86 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан, зардап шеккен азаматтарымыз арамызда бар. Жыл сайын желтоқсан айында олардың санасында сол қасіретті күндер қайта жаңғыратыны белгілі. Олар қандай сезімде болады? Тіпті, Тәуелсіздік күнінің өзін тиісті деңгейде ұлықтай алмай келеміз. Бәлкім, адамдар санасындағы құлдық психологияның кері ықпалынан шығар. Салтанатты сезімде ме, әлде күйзеліске түсетін, аза тұтатын күн бе? Тағы бір маңызды жайт, көп нәрсе қоғамға, яғни, зиялы қауым өкілдеріне байланысты. Ал билік қазақтың тарихы, Алаш азаматтарының тағлымы мен мұрасы қазақтың ұлт ретінде қалыптасуының өзегі екенін ескеруі тиіс. Алаш азаматтарымен қатар XVIII-XIX ғасырдағы қазақ тарихына сұраныс жоғары. Байқасаңыздар, бүгінде ұлтты біріктіретін құндылықтар 1991 жылдан бері қарай. Мәселен, Президент күні. Рас, егемендік алған 22 жылдың ішінде қол жеткізген жетістігіміз көп шығар. Бірақ тарих дегеніміз өткенімізді білумен шектелмейді. Тарихтан рухани азық пен рух алатын алып күш, қателеспес үшін алатын сабақ және болашаққа бастайтын тың серпін бар. Алайда, осы қасиетті ұғымның қадіріне жете алмай отырмыз. Меніңше, бүған билік те, халық та жауапты. Аяғымыздан нық тұру үшін қазақтың тарихы 1991 жылдан басталмайтынын мойындауымыз керек және ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтарды кеңінен насихаттауымыз қажет.

Айдос Сарым: 1990 жылдардың басын­дағы Ресейдің көкейінде екі арманы бар еді: демократиялық ел болу және федералдық мемлекетті қалыптастыру. Байқасаңыз, сол екі арманы да орындалған жоқ. Қазіргі Ресей – унитарлық мемлекет. Екіншіден, авторитарлық ел. Бірақ ресейліктердің билікті ұстап отыратын үйреншікті қалыбы бар: империялық ұстаным. Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде қазақ жаңа ұлт ретінде қалыптаспады. Көпшіліктің бойындағы үйреншікті жағдай – өзгеге отар болу. Өз тағдырын өзгеге тапсырып қоюға еті үйренген. Бәлкім, қазаққа тарих осы жаман әдеттен арылу үшін қажет шығар? Кейде «қазақ жалқау», «қазақта бірлік жоқ» т.б. сынның жетегінде кетеміз. Алайда, егер қазақ шынында да жалқау, ауызбіршіліксіз болса, қазіргі ұлан-ғайыр жерді қалай иемдендік? Осы кезге дейін қалай ұстап отырмыз?.. Мүмкін желтоқсанның 16-17 күндерін қыршындарды еске алатын, аза тұтатын күн ретінде белгілеп, Тәуелсіздік мерекесін 25 қазанға ауыстыру керек шығар? Менің түсінігімде Тәуелсіздіктің бастауы – желтоқсан. Іштегі ашу-ызаның буырқанып сыртқа шыққаны, демократиялық жаңғыру осы желтоқсаннан басталған. «Халықтар достастығының зертханасы», «ұлт ретінде біткен халық» секілді түрлі мазақ сөздерден жалығып, кеудені намыс керіп, империялық биліктің былығына КСРО бойынша түңғыш рет қарсы шыққан – қазақтар. Сондықтан жыл сайын желтоқсан айын қазақ ойлану, толғану, есеп беру, еске алу күні ретінде қабылдаса. Жаңа жылға санаулы уақыт қалғанда өз-өзімізге есеп беруге дағдыланғанымыз сияқты.

Өміржан Әбдіхалықұлы: 

b76dcbb80d7365650f4a7e430f02abfc.jpg

Меніңше, желтоқсанның 16-18 аралығын Ұлт күні деп жариялау керек. 25 қазанды Тәуелсіздік күні десек. Әлемнің басқа елдерінде де Ұлт күні деген ұғым бар. Құрбандық шалу, арыстарды еске алу, аза тұту, мұның барлығы – ұлтты сақтап қалудың жолдары. Екіншіден, биліктің тарихқа деген көзқарасы о бастан белгілі болатын. Мәселен, мемлекеттің тарихын зерттеу институтын құруы. Өйткені аталған құрылым елдің тарихын 1991 жылдан бері қарай зерттеуге кірісті. Сондай-ақ, Тәуелсіздік деклорациясына қол қойылған 25 қазанды мерекелер тізімінен алып тастау арқылы адамдар санасынан өшіріп, бүкіл ұлттық мейрамды 16 желтоқсанның төңірегіне шоғырландыруға тырысуы билік басындағы кейбір шенеуніктің, мәселен, 86 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде партиялық лауазым мен мемлекеттік қызмет атқарғандардың сол оқиғаға өздерінің қатысы барлығын білдірмеу, жасыру үшін жасалған әрекет тәрізді. Тағы бір мәселе, қазақ тарихындағы жүйесіздік, тарихтың дәлелдермен, дәйектермен бір ізге түсірілмеуі. БАҚ-та жарияланған тарихқа қатысты кез келген мақаланың соңы үлкен дауға ұласады. Өз басым «Алашордаға қатысты мемлекет тарапынан қандай да бір бастама болуы керек» деген сөзіңізбен келіспеймін. Себебі, Алашорда тарихының қайта жаңғыруы азаматтық қоғам тарапынан жасалып жатқан шаралардан байқалады. Меніңше, Алаш кезеңі өзінің екінші түлеу кезеңін бастан кешіруде. Алашорданың 100 жылдығы, Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдық мерейтойы, Алаш идеяларының қоғамда талқыға түсуі т.б. – соның айғағы.

Айдос Сарым: Осы орайда, біз 2017 жылды Алаш жылы деп жариялап, мемлекеттік комиссия құрып, кітап шығару, фильм түсіру, ескерткіштер орнату сияқты ұйымдастыру шараларын осы кезден бастап қолға алуға қатысты көтерген едік. Алдын ала дайындалмасақ, олқылықтар мен кемшіліктер көп болмақ. Мәселен, кешегі Абылайханның тойы. Уақыты өтіп кеткеннен кейін қалай болса солай, «жетім қыздың тойындай», елеусіздеу етіп өткізе салдық. Тіпті, әншейінде үндері шыға бермейтін академик ағаларымыздың өзі Көкшетауға тойға барғанда «Шара неге Астанада, кең ауқымда өткізілмеді?» деп наразылық танытты. 

Болат Мүрсәлім: Оның себебі бар. Ресей Федерациясы 90-жылдардың басында өзін Кеңестер Одағының заңды мұрагері ретінде жариялады. Ал біз кімнің мұрагері екенімізді жарияламадық. Егемен ел болғалы 22 жыл өтті. Біз кімнің мұрагеріміз? Белгісіз… Сол себепті кейбіреулер біздің тарихымызды 1991 жылдан бастап қарастырып жүр.

Расул Жұмалы: Бар мәселе сонда ғой. Біз Абылай ханның, оның алдындағы Керей мен Жәнібектің, Түрік қағанаты, сақтар мен ғұндардың ұрпағы екенімізді ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ қазіргі тарихта осы тарихи артықшылық пен ерекшелікті тиісті деңгейде бағалаған жоқпыз, көңіл аударылған жоқ. КСРО кезінде қазақтың тарихын 1917 жылдан бастау алатындай етіп санаға сіңіруге тырысса, қазір егемендікті 1991 жылдан бастауға тырысады. Яғни, «аяғы аспаннан салбырап түскен», тарихы небары 22 жылмен шектелетін «жаңа» ұлт дегенге саяды. Бұл – жаңсақ пікір. Өйткені бұл жаңсақ ұғымның қазақ тарихына ешқандай қатысы жоқтығы өз алдына, мемлекеттігімізге, ұлттығымызға, қазақтың өзін тәуелсіз халық ретінде сезінуіне орасан зор нұқсан келтіретін нәрсе. 


«Дамуға қоғамның өзі мүдделі болуға тиіс»


Едіге Ахмет: 

3523e97d8d85f1abe3065c7778523e16.jpg

Тәуелсіздігімізге жиырма екі жыл толды. Өкінішке қарай, әлі күнге Алаш арыстарына, қазақтың азаттығы жолында отаршыл империямен күрескен зиялы қауым өкілдеріне тарихи баға берілген жоқ. Меніңше, Тұңғыш президент күнін қазір емес, 50 жылдан кейін біздің болашақ ұрпақ Елбасыға алғыс ретінде тойлауды қолға алуы тиіс еді. Менің таңғалатыным, 1991 жылдың 10 желтоқсанында КСРО құрамында болған бүкіл республика басшылары (Балтық жағалауы елдерінен басқалары) Алматыда бас қосқан. Жиында олардың барлығының тәуелсіз мемлекет ретінде қабылдаған туы бар еді. Тек Қазақстан тарапынан қатысқандар ғана КСРО кезіндегі ескі туымен отырды. Тағы бір қызық, біз Тәуелсіздікпен түйедей құрдаспыз, көпішілігіміздің санамыздағы сұрақ: «Өзбек те, тәжік пен түркімен де, басқа да Тәуелсіздік күнін жазда тойлайды. Ал біз ғана қақаған қыста атап өтеміз. Неге?». Сірә, бұл мемлекеттік идеологияның ақсап тұрғанынан шығар. Осы отырыста айтылған 25 қазан мен 16 желтоқсанға қатысты ұсыныстарды қолдаймын. Қазақстан 1990 жылдың 25 қазанында қабылдаған Деклорацияны. Демек, 25 қазанды Тәуелсіздік күні ретінде, ал 16-17 желтоқсанды аза тұту, еске алу күні ретінде белгілесек.

Нәзия Жоямергенқызы: Бүгінгі әңгімеде ең жиі айтылған сөздердің бірі – «аза тұту». Аза тұту күні – ең қасіретті күн. Оны адам жан-жүрегімен, бүкіл болмысымен сезінгенде ғана түйсінеді, аза тұтады. Ал Қазақстанда шын мәніміндегі «аза тұту» ұғымы қалыптасқан ба? Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ қыршынынан қиылды, жарымжан болды, рухани тұрғыда өте ауыр соққы алды. ҚР Конституциясында «Мемлекеттің басты байлығы – адам» делінген. Шын мәнісінде солай ма? Басынан қайғы бұлты сейілмеген қазақтың арғы тарихын айтпай-ақ, 22 жылдық бергісін тарқатсақ, бірнеше азаматтың ажалына себеп болған тосын жайттар көп болды. Өкінішке қарай, адамдарды аза тұту шарасы кең ауқымда емес. Оның басты себебі, қоғамдық пікірдің қалыптаспауы. Кез келген мәселеде қоғамдық пікір қалыптасқан жағдайда ғана түйткілдер шешімін таппақ. Сорақысы сол, КСРО кезінде саналары құлдық бұғауында болған аға буын қорқыныш пен үрейді орта буынға «мұраға қалдырды». Қит етсе, «ойбай, үндеме!» деп азат ойлағысы келетіндердің аузын жабамыз. Сол құлдық сананы орта буын енді жас буынға күштеп таңуға тырысуда. Экономикалық тұрғыда есеміз кетуде. Айтарымыз: тағы да «Үндеме!». Кеңестік жүйе күштеп таңған құлдық санадан әлі күнге арыла алмай отырғанымыздың басты себебі – билікте Кремльдің ауанына қарай төңкерілуге мүдделі әрі бейіл шенеуніктер бар. Есеміздің өзгеде жиі кететіні де сондықтан. Өкініштісі, егемендік алғалы 22 жылдың ішінде азат ойлайтын сананы қалыптастыра алмадық. 

Расул Жұмалы: Айналып келгенде, азат сана, дербес ой дегеніміз – ой мен сананың бір бірімен бәсекеге түсуі. Кез келген мемлекет, қоғам, тіпті, жекелеген компанияда тың пікір мен тәуелсіз ой болмаса, алға басушылық жоқ. Көп нәрсе шенеуніктердің саяси ерік-жігеріне байланысты екені анық. Анекдот сияқты бір әңгіме бар ғой. Шенеунік қол астындағы қызметкерінен: «Сенің өзіндік ойың бар ма?» деп сұраса, әлгі кісі: «Әрине, бар. Бірақ мен оған үзілді-кесілді қарсымын» деп жауап берген көрінеді. Осындай деңгейдегі шенеунік міндетін атқару барысында «елге қандай пайдасы бар? Мемлекетке несімен тиімді?» дегеннен гөрі лауазымы өзінен жоғары бастығының аузын бағатыны белгілі. Яғни, жалтақ, жағымпаз, өз ойын ортаға салуға сескенеді. Әлбетте, ұлттың, халықтың жағдайын ойлайтын азаматтар баршылық билікте. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Өзіндік пікір жоқ, ұлтшыл және мемлекетшіл бағытты ұстанбайтын шенеуніктің қоғамға зияны көп. 

Айдос Сарым: Жалпы, қазақ қоға­мының ішінде ұлттың өткені мен бүгінін біріктіре алатындай мүмкіндіктер бар ма?

Мұхит Асанбаев: Меніңше, Отарсыз­дан­дыру министрлігін құру қажет. Сонда ғана білім, ғылым, саясат пен экономика, рухани мәселелерге басқаша көзқарас қалыптасар еді. 

Расул Жұмалы: Бәлкім солай да шығар. Бірақ бізде бір проблема туындай қалса, заң жобасын түзіп, арнайы құрылым жасақтай салу үрліске айналып кеткендей. 

Нәзия Жоямергенқызы: Қазақстанда кез келген мәселеге қатысты заң көп. Бірақ олардың орындалуы күмәнді. Төменнен жоғары қарай дамитын арнайы тетікті қарастырған жөн. Яғни, дамуға қоғамның өзі шынында мүдделі болуы тиіс. 

Мұхит Асанбаев: «Бәрін халықтың өзі шешуі тиіс» деген пікірмен келіспеймін. Әркім күнкөріс қамымен әуре. Халық тіпті, көп жағдайда демократиялық мәселелерді де шеше алмайды. Оны шешетін – зиялы қауым, шекпенді азаматтар. Сосын елдегі идеологиялық жұмыстарды реттеу керек. Идеология бар, бірақ жүйесіз. Ең маңыздысы, идеологияға қатысы бар құзырлы мекемелерде ұлтқа, халыққа шын жаны ашитын азаматтар отыруы тиіс. 

Расул Жұмалы: Бұл пікірмен толық келісемін. Мысалы, Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісі. Оны жасаған ат төбеліндей ғана большевиктік топ. Төңкерісті жасағандар саны бүкіл Ресей халқының 0,07 пайызына тең. Халыққа құрметпен қараймыз. Бірақ оны алға ұмтылдыратын, бағыт-бағдар беретін – зиялылар, қоғам өміріне белсене араласатын азаматтар. 

Болат Мүрсәлім: Отарсыздандыруға қатысты мәселенің көтерілгеніне он шақты жылдың жүзі болды. Бірақ нәтиже шамалы. Кейде билік айналыспаған, билік мүдделі болмаған шаруалардың тізгінін азаматтық қоғам өзі қолға алады. Осындай игі бастамаларға мұрындық болатын азаматтар қалыптасуы қажет. Бізде ондай азаматтар әлі қалыптасқан жоқ. Айдос Сарым телеарналардың бірінде Ерлан Қаринмен әңгіме өткізді. Сол кезде Ерлан Қарин «зиялы қауымның басты міндеті – перспективаларды анықтау» деген ой айтты. Ұлттық дүниеге деген сұраныс бар қоғамда. Тек жастар емес, орта буын мен аға буын да қызығады. Билік те біртекті емес. Оны ескеру керек.

Өміржан Әбдіхалықұлы: 16 желтоқ­сан­­нан бастап бір аптаны Алашордадан бастап, аза тұту күні, Ұлт күні т.б. арнасақ. Ұлттық құндылықтар, мемлекеттік мәселелерге қатысты бастамаларды көтеріп, Қазақ қоғамында насихаттау, қозғау салу ісімен айналысса. Сосын Астанада Еуразиялық университеттің ұстаздары мен студенттерінен құрылған «Жас азамат» деген клуб бар. Сондай ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатсақ. Екіншіден, бізде құлдық психологиядан гөрі саяси үрей басым сияқты. Бізде проблеманы шешу жоқ. Кінәлілерді тауып, тезірек жауапқа тартуға асығады. 

Мұхит Асанбаев: Саяси үрей кеңестік кезеңді көрген, тоталитарлық қоғамда өмір сүрген үлкендердің бойында болуы мүмкін. Бірақ 80-90 жылдарда туғандардың бойында саяси үрей жоқ. Қазақстан Солтүстік Корея емес қой. Демократия бар. Ой еркіндігі табылады.

Расул Жұмалы: Мемлекетті, азамат­тар­ды үреймен дамыта алмайсың. Үрей дегеніміз – құлдықтың нышаны. Үрейленетін адам ешқашан азат бола алмайды. Тәуекел мен қауіп-қатерлерді ескеру шарт, әрине. Кеңестік кезеңде идеология, экономика, әлеуметтік мәселелерді кейінге шегерумен келді. «Кедей өмірді қанағат ете тұрайық, көсемдеріміз қаласа, коммунизмге жетеміз, аста төк молшылыққа кенелеміз» деп өздерін жұбататын. Осылайша 70 жыл өтті. Оның соңы не болғаны белгілі. Азаматтардың рухани, материалдық қажеттіліктері қанағаттандырылған жоқ. Енді Қазақстанға келсек. Тәуелсіздік алғалы 22 жыл өтсе де, әлі күнге отарсыздандыру, құлдық санадан арылу, қазақ тілінің мәртебесі туралы айтумен келеміз. Бұл 1-2 жылда-ақ шешімін табатын мәселе. Бастысы, кешегі күннен, тарихымыздан сабақ алу керек.

Айдос Сарым: 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Ашаршылық құрбандары, көмусіз қалған мыңдаған қандасты еске алу күнін бекіту туралы бастама көтергелі біраз уақыт өтті. Бірақ нәтижесіз. 1929 жылдың 2 желтоқсанында Мәскеуде ұжымдастыру туралы үлкен құрылтай өтті. Малды тәркілеу, бай-шонжарларды құрықтау сияқты науқаншылдық сол құрылтайдан басталды. Оның соңы Қазақ даласындағы жаппай ашаршылыққа әкеп соқты. Бәлкім Желтоқсан айындағы бір күнді шынында да Аза тұту күні ретінде белгілеген жөн шығар? Тағы бір «қызық», мемлекеттік сайттардың бірде біреуінен Егемендік туралы деклорацияны таба алмайсыз. Неге? Өйткені ол құжатта ұлттық мемлекет құру, қазақ ұлтына басымдық, қазақ тілінің мәртебесі туралы ашық айтылған.

Расул Жұмалы: Кейде «осының барлығы әдейі жасалып отырған жоқ па?» деп секемденіп қалам… Негізі КСРО-ның ресми түрде ыдырағаны 1991 жылдың 8 желтоқсаны. Беловежская пуща деген жерде Ресей, Беларусь пен Украина (КСРО-ны құрған осы үш ел) басшылары жиналып, Одақты тарқату туралы келісімге қол қойды. Ал Қазақстан 16 желтоқсанда ғана Тәуелсіздікті жарияладық. Бұл да тарихи шындық. 

Дайындаған 

Нәзия Жоямергенқызы 

Серіктес жаңалықтары