ҰЛЫСТАН – МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ

ҰЛЫСТАН – МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ

ҰЛЫСТАН – МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ
ашық дереккөзі
249

Тәуелсіздіктің 22 жылы Тарих үшін қас-қағым сәт болса да, азуын Айға білеген жас Ұлт үшін кезең-кезеңнен тұратын Уақыт кесімі. Аз жылда біраз шаруаның басы қайрылды. Кеше бодан ел бостан болды, енді Тәуелсіздігін Темірқазық етіп, Мәңгілік Ел болуға ден қойды. 

Елбасы жылдағы дәстүрге сай, Тәуелсіздік күні қарсаңында халқына Сөз арнады. Елбасының Тәуелсіздік күні айтатын Арнау сөзі Тұлғалық толғанысқа, Ішкі тебіреніске және кешегі мен келешекті жалғастырған Тұжырымды ойға толы. 

Сандық өлшемнің саяси өлшемге сыятын кезі болады. Осы себепті, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996, 2001, 2006 жылдары және биыл Тәуелсіздік мерекесіне орай айтқан сөздеріне ортақ салыстырмалы контент-анализ жасағанды жөн көрдік. 

ҚР Президентінің Тәуелсіздіктің 5 жылдығына орай айтқан сөзі «Қазақстан тәуелсіздігі: Тарих та­ғы­лымдары және қазіргі заман» деп аталған. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті Ұлыстың ұлы күніне теңеді. «Oсынау Ұлыстың ұлы күнi — eт жүрeгi Oтан дeп сoққан әрбiр аза­маттың қасиeттi мeрeкeсi, eлiмiздiң eң басты тoйы. Тәуeлсiздiктiң бeс жылы — тым тeрeңдeп тұжырым түйiп, барынша байыпты баға бeругe аздық eтeтiн кeлтe кeзeң», – деді Президент. «Тәуелсіздік» категориясы бұл мәтінде 43 рет пайдаланылған.

Біз қарастырған мәтіндердің ішінде ең көлемдісі де – осы баяндама. Барлығы – 8544 сөз. Салыстырмалы түрде қарасақ, биыл Тәуелсіздікке арналған салтанатты жиында Елбасы бас-аяғы 1610 сөз айтыпты. Айырма – бес есе. 

Қазақстан Президентінің 1996 жылы көсіле сыр ашуында мән бар. Жыл сайын дәстүрлі жолдау арнау әдеті әлі қалыптаспаған, мемлекеттің тәуелсіздігіне арналған салтанатты жиын – Елбасына халықпен ой бөлісуге мүмкіндік беретін бірден-бір мәртебелі мінбер еді. Осы мүмкіндікті Президент жақсы пайдаланды. 

Сондықтан болса керек, 1996 жылдың 16 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің көбін Қазақ Еліне, қазақ халқына арнайды. «Ұлт» ұғымын жиі-жиі қолданады. Бұл мәтінде «ұлт» категориясы 55 рет қайталанады. Президент қазақ тарихындағы ұлт-азаттық жолындағы күрескерлер, Алаш қайраткерлері, кешегі Кеңес одағының ұлтсыздандыру саясаты туралы, Желтоқсан оқиғасының маңызы туралы айта келіп, ұлттық-мемлекеттік мүдде жайында ой қозғайды. 

«Біріншіден, бiз eшқандай идeo­лo­гиялық, дiни нeмeсe өркeниeттiк аңыз­дар мeн өлшeмдeргe артықшылық атау­лыны қабылдамаймыз. Басты өлшeм – тәуeлсiз мeмлeкeт – Қазақстан Рeспубликасының ұлттық-мeмлeкeттiк мүддeсi», – дейді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «қазақ» де­ген сөзді ең көп қолданған кезі де осы. Аттай 49 рет! «Бүгiн бeсжылдығын тoйлап oтырған бiздiң тәуeлсiздiгiмiз, қазақ халқының (астын сызған біз – авт.) талай ғасырлар бoйғы тарихындағы миллиoндаған жандардың eр­кiндiк жoлындағы күрeсiнiң, төгiлгeн қанының өтeуi», – дейді Президент. 

Қазақ тарихын түгендеу барысында ол «Қазақ хандығы», «қазақ мемлекеттілігі», «Қазақ елі», «қазақ халқы», «қазақ жастары», «қазақ ауылдары» деген қастерлі ұғымдарды жиі аузына алады. 

Тіпті «қазақ жері», «қазақ даласы», «қазақ сахарасы» деген ұғымдар мәтінде 7 мәрте қайталанады. 

Президенттің салтанатты жиынға кел­гендерге қарата айтылған сөзінде де мән бар. Бұл жолы Президент қаратпа сөз ретінде 2 рет «Отандас­тар!» деген терминді пайдаланған. Ал «қазақстандықтар» қаратпа сөз ретінде бұл кезде Президент тілдік қорына әлі енбеген сияқты. 

«Ағайын» сөзі осы мәтінде бір-ақ рет­ қолданылыпты. Онда да қаратпа сөз ретінде емес. Кейінгі жылдары Пре­зиденттің тілдік қорында бұл сөздің тұрақты термин ретінде қолданысқа енгенін көреміз. 

«Қазақстан» термині 71 рет, «қазақстандықтар» ұғымы 3 рет қолданылған. Ал «мемлекет», «мемлекеттілік» ұғымдары 102 мәрте қайталанады.

Президент бұл сөзінде «Біз» деген­ категорияға көп жүгінеді. Мәтінде бұл есімдік 121 рет пайдаланылған. Ал «Мен» есімдігі жоқтың қасы.

Жас мемлекетті аяғынан тұрғызу оңай емес. Президенттің бұл жолғы сөзінде аты аталмайтын әлдекімдермен пікірталасқа түсіп, жеңіп шығуға ұмтылған қызуқандылық басым. Ал бұдай кейінгі жылдары Президенттің өзіне деген сенімі артқаны сөз саптасынан-ақ сезіледі.

«Отан» ұғымы мәтіннің екі жерінде кездеседі. Сөз соңында «Нұрлы Oтанымыз – Тәуeлсiз Қазақстанның бағы жанып, абырoйы арта бeрсiн!» дейді Елбасы.

Президенттің Қазақстан Тәуел­сіз­дігінің 10 жылдығына арналған сөзі «Жүз жылға татитын он жыл» деп аталыпты. «Тәуелсіздік» категориясы бұл мәтінде де 17 рет пайдаланылған. 

Елбасы «қазақстандық» терминін бұл жолы мәтін ішінде 3 рет, ал қаратпа сөз ретінде 4 рет қолданған. Осы кезден бастап Елбасы тілдік қорында «қазақстандықтар» термині жалпақ ұғым ретінде ұдайы пайдаланылып жүр. 

Елбасының бұл жолғы сөз саптасынан өзіне деген сенімінің арта түскені байқалады. Мемлекет басшысы ретінде «Мeнiң қымбатты қазақстандықтарым!» деп те сөз арнайды. Бұл халықты өзіне жақын тарту мақсатында қолданылған психологиялық әдіс болса керек. Өйткені осы мәтіннің тағы бір тұсында «…Сiздeрдi, мeнiң қымбатты oтандастарым» дегені бар. 

Бұл жерде ілік септігі Ел мен Елбасын жалғастыратын көпір іспеттес. 

Елбасының «Мені» осы жолы өзге жылдарға қарағанда анығырақ менмұндалайды. «…Мeн сoл бiр қиындығы мoл жылдары жанымнан табылып, өршiп кeлe жатқан дағдарысты жағдайдан шығу жoлын табу үшiн өздeрiн аямай, қoлдан кeлeтiн дe, кeлмeйтiн дe iстeрдi тындырған жаңа Қазақстан oрнатудағы өзiмнiң барлық сeрiктeрiмe алғыс сeзiмiмдi арнаймын», – дейді Президент. Бұл жолы «Мен» есімдігі мәтінде 34 мәрте кездеседі. «Біз» есімдігі 166 рет қайталанған. 

1996 жылдан бері тағы бес жыл өтті. Ел президентінің аузындағы «ұлт» термині бұдан былай негізінен көпұлтты мемлекет құруға қатысты. Жалпы, бұл мәтіннен «ұлт» категориясын 7 рет кездестіреміз, бірақ «Бiз көпұлтты мeмлeкeттe өмiр сүрудeмiз» деген мағынада. 

Тағы бір жерінде «Жұрттың баршасы бiрдeй байыбына барып пайдалана бiлмeгeн шeксiз бoстандық бeрiлгeн Тәуeлсiздiктiң алғашқы жылдарында мeмлeкeтаралық eгeстeргe, ұлтшылдық сeзiмнiң өрiс алуына, қoғамдағы бiр тoптың кeлeсi бiр тoптарға тиiсуiнe жoл бeрмeу eрeкшe маңызды бoлды» делінген.

Елбасы мемлекет туралы нық сеніммен сөйлейді. «Қазақстан мeмлeкeт рeтiндe қалыптасты, eндi бeкeм дамып, бeрiк нығайып кeлeдi» дейді Президент. «Қазақстан» ата-уын Президент 27 рет аузына алады. Ал «мемлекет» ұғымы мәтінде 29 рет кездеседі. 

«Қазақ» деген сөзді Елбасы бір-ақ жерде «Қазақ хандығы» туралы айтылған сөйлемде қолданған. 

Ал «Отан» ұғымын Президент 5 рет қайталапты. «Eндiгi мiндeт — қoл жeткeн табыстарға тoқмeйiлсiмeй, Oтанымыздың мeрeйiн oдан әрi өсiрe бeру». «Сүйiктi Oтанымыз — Азат Қазақстан мәңгi құлпырып жайнай бeрсiн, жарқырай бeрсiн!» деген мазмұндағы сөйлемдер Қазақстан азаматтарын отансүйгіштікке шақырады.

Жалпы, бұл мәтінде «отандастар» ұғымы 6 жерде кездеседі. Оның ішінде қаратпа сөз ретінде 4 рет қолданылған.

Бұл жолы Елбасы Астанаға айрықша мән бере сөйлейді. «Астанада oсы заманғы қалалық сәулeтшiлiк-тұрмыстық мәдeниeт қалыптасу үстiндe. Oл eлiмiздiң барлық өңiрлeрi үшiн өнeгeгe айналды», – дейді. 

2006 жылы 15 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуел­сіз­діктің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі «Қазақстандық жол: тұрақтылықтан – жаңару арқылы – өркендеуге» деп аталған екен. 

Мұнда да Назарбаев сөзін «Бүгін барша қазақстандықтар еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнін атап өтуде», – деп бастайды. «Тәуелсіздік» ұғымы бұл жолы 21 рет қайталанады. 

2006 жылы Президент «мемлекет» терминін 48 рет мақтанышпен айтады. Бұл кездегі мемлекетіміздің дамуына Елбасымен көзімен қарасақ, «Қазақстан бүгінгі таңда – халықаралық қоғамдастықтың толыққанды, құрметті де беделді мүшесі. Біздің айқын да сындарлы іс-қимыл стратегиямыздың, ниеттестер командасының ынтымақшыл жұмысының, біздің отандастарымыздың жанқиярлық еңбегі мен толайым қолдауының нәтижесінде Қазақстан мемлекеттілігі толық орнықты!». 

Президент өз мемлекетін осылай сипаттайды.

Бұл жолы «Қазақстан» категориясы 45 рет пайдаланылған. Ал «қазақстандықтар» терминін пайдалану жиілігі алдыңғы жылдарға қарағанда күрт өскен. Бұл мәтінде осы ұғым аттай 11 жерде кездесті. Ал қаратпа сөз ретінде 3 рет қолданылған. Елбасының барша Қазақстан халқын біртұтастандыруға ниетті екені анық байқалады.

Сондай-ақ «отандастар» термині де Елбасының тілдік қорында тұрақты қолданыста. Бұл категория қаратпа сөз ретінде мәтінде 3 рет, жалпы «отандас­тар» ұғымы ретінде 1-ақ рет кездесті. 

Ал «Отан» ұғымын ауызға алғанда (мәтінде 3 рет), Елбасының көпұлтты Қазақстан идеясын қоғамдық пікірге байыппен сіңіргісі келетіні байқалады. 

Ел тәуелсіздігінің 15-жылдық мерейтойында толқымай сөйлеу мүмкін емес. Нұрсұлтан Назарбаев әдетте қазақша сөйлегенде, қазақы рухқа көңіл аудара сөйлейді. Осы сөзінде ол «рух» туралы 2 жерде айтады. Мұны атап көрсетіп отырған себебіміз – басқа жылдардағы сөздерінде «рух» сөзін бұлайша терең мағынасында кездестірмедік. Осы жолы Елбасы «…Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз» десе, тағы бір жерінде «…Тәуелсіздік рухымызды асқақтатып, болашаққа деген сенімімізді күшейтті», – дейді. 

Ал «қазақ» деген сөз «қазақ халқы», «қазақ жастары» ұғымында 2 рет қолданылған. Дегенмен, осы жолы да Елбасы Қазақстан Республикасының қазақ жерінде құрылғанын еске салады. 

Осы сөзінде Елбасы қазақ тілінің тағдырына деген көңіл алаңы барын жасырмаған. «Экономиканың өркендеуімен бірге мәдениет пен өнердің, қазақ тілінің, халқымыздың дәстүрлері мен өмірлік философиясының гүлденуі тең қатар жүруі тиіс» деп қадап айтады.

Осы мәтінде «ұлт» термині 16 рет қолданылыпты. Оның ішінде ұлт-азаттық көтеріліс туралы бір рет айтылады. Мысалы, «Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының Желтоқсан қозғалысына да 20 жыл толды. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады», – дейді Президент.

Дегенмен, көбіне «ұлт» термині Қазақстан деген мемлекет тұратын барша халыққа ортақ термин ретінде қолданылған сияқты. Мысалы, «…Біз қол жеткізген басты нәрсе – ұлттың даму мен өркендеу үшін бірігуі». 

Бұл жолы «Біз» категориясы 101 рет кездесті. Ал «Мен» есімдігі 11 рет қолданылған. 

2006 жылғы сөзінде Елбасы «Біз» категориясын ұтымды қолданады. «…Біз – ежелден ер деген даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз. Біз – ел бірлігі жолында әрқашан намысын бермеген халықтың ұланымыз. Біз – алтын күн бедерленген көк байрағын әлем биіктерінде желбіреткен бейбітшіл елдің азаматымыз. Біз – кең байтақ жерінде бірлігі жарасқан алуан ұлттан тұратын біртұтас халықпыз. Біз – қазақстандықтармыз және мұны зор мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан ұрпаққа табыстайтын боламыз. Ендеше әрдайым бар болайық, бір болайық, ата-баба армандаған азат елімізбен жарқын болашаққа бірге барайық» деп барша халықты бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ іске – Қазақстанды көркейтуге бір кісідей жұмылуға шақырады.

Президенттің биылғы сөзі «Тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасы» деп аталды. Бұл мәтінде «Тәуелсіздік(дік)» категориясы 26 рет қолданылған. «Мен» жоқтың қасы, есесіне 57 рет «Біз» деген ұғым кездесті. Оның үстіне, «Мемлекет» деген категорияны «Елге» ауыстырып, оны ара-тұра «Ұлт» термині арқылы беру талпынысы байқалды. 

«Ұлт» деген сөз қазақ ұлтына телініп бір-ақ жерде айтылса, бірнеше тұста «ұлтты» мемлекет ұғымымен астас мағынада қолдану әдісі байқалады. Мысалы, «Біз үйренетін ұлттан, үйрететін ұлтқа, жығуға емес, жығылмауға ұмтылатын елге айналдық» дегені. Сондай-ақ «Біз жаһандық дағдарыстардың сабақтарын жақсы меңгердік. ХХІ ғасырда барлық табыс­ты ұлттардың жолын индустриялық әлеует пен инновациялар айқындайды» деген сөздер ұлт ұғымының аясын кеңейте түскендей. Бұдан әрі «ұлттық мәдениетіміз, ұлттық тарихымыз» және «ұлттық байлық» терминдерінде қолданылған.

 «Қазақстан» атауы мәтінде 31 рет қолданылса, «қазақстандықтар» ұғымы 8 рет кездесті. Елбасы бұған дейінгі әдетінше, кейде «Қазақстандықтар» деп, кейде «Отандастар» деп екі қаратпа сөзді қатар қолдана береді.

Бұл жолы мемлекеттік тілдің маңызы айрықша атап көрсетілді. Елбасы қазақ тілінің түркі тілдес елдердің жетекші тілдерінің біріне айналып келе жатқандығын айтты. «Қазір қазақ тілін көрші елдерден өзге Әзірбайжан мен Армения, Беларусь, Польша, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінің белді оқу орындарында оқытады. Бұл мемлекеттердің қатары жыл өткен сайын толығуда. Әйгілі Кембридж университетінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті туралы арнайы пән бар. Осының барлығы Қазақ тілін өзіміздің құрметтей бастауымыздың және оған қажеттілік күн санап арта түскенін көрсетеді. Мемлекеттің саясаты қазақ тілінің мәртебесін нығайтып, оның қолдану аясын кеңейте түсті. Ол отандық ақпарат құралдарының, мемлекеттік қызметтің, интернеттің, ғылым мен білімнің тіліне айналды. Оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қазақ тілінде білім алуда. Қазір барша қазақстандықтардың 70 проценті мемлекеттік тілді меңгерген», – деді Президент. 

Жалпы алғанда, мәтінде «қазақ тілі» терминінің 7 рет қайталанылуы көп жайтты аңғартса керек.

Бұл жолғы сөзінде Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын сынамалап енгізуді мақсат еткендей. «Біз Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мәңгілік Елдің жүрегіне айналған мәңгілік Астанамызды тұрғыздық. Мәңгілік мызғымас экономика қалыптастырып, Мәңгілік өшпес жылнама жаздық. Мәңгілік болашаққа жол салдық. Осының барлығы тәуелсіздігіміздің тартуы, азаттығымыздың асыл қазынасы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын! Мәңгілік Еліміздің келбеті сәнді, еңбегі мәнді болсын!».

Осылайша, мәтінде 15 мәрте «Мәңгілік» категориясын қолдану арқылы Елбасы бұл ұғымды қоғамдық санаға сіңіруді көздегендей.

Президенттің Арнау сөзі қашанғыдай қазақы ұғымға бай, тілі шұрайлы. «Халқымыз үшін қашанда Жеті санының орны бөлек. Жеті ырыс, жеті қабат көк, жеті қазына: айта берсек жеті санына байланысты қасиетті ұғымдар өте көп. Еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болды», – деп Президент 22 жылда жеткен жетістіктерімізді санамалап өтеді.

22 жылда Ұлыс елден Мәңгілік Ел болуға бет алдық. Тәубе!

Гүлбиғаш ОМАР

Серіктес жаңалықтары