Шыршаға 38 млн. теңге жұмсалған ба?
Шыршаға 38 млн. теңге жұмсалған ба?
Тәуелсіздік мерекесін аттап өтіп, Жаңа жылды
тойлауға құлшыныс білдірген қазақ елі дарақылыққа да жол беруде. Тіпті,
қарашаның бел ортасынан бастап шырша тігіп, жылтырауықтарды ілген кейбір қала
басшыларының қаперінде не бар? Бұл жұртты алдауқаратып, Тәуелсіздік күнін ұмыттыру
ма, әлде құлдық санадан арылмағандықты білдіре ме?
Бұл біріншіден,
ақшаны ысырап ету. Бір Павлодар қаласындағы бас шыршаға қанша қаржы жұмсалғанын
білесіз бе? 38 миллион теңге! Бұл жергілікті тұрғындар тұрмақ, барша жұрттың
таңқалысын тудырып отыр.
«Жасанды шыршаның
ұзындығы 30 метр.
Ресейдің Калуга қаласынан сатып алынған шыршаның өзіндік құны 16 млн. 700 мың
теңге. Ал қалған ақша безендіретін заттар мен қызмет көрсету жұмыстарына
жұмсалды», – дейді әкімдіктегілер. Бірақ та Павлодар облыстық тұтынушылар
қауымдастығының өкілі Юрий Павленко мұнымен келіспейді. Себебі, шыршаның
ұзындығы – 22-24 метр
шамасында. Оған 38 млн. теңге кеткен. Қала қазынасы бас-аяғы – 4 млрд. 800 млн.
теңге дейді ол. Сондай-ақ, Юрий Павленко ресейлік өндірушілердің де бағасын
зерттеп көріпті. Мәселен, 22
метр болатын шыршаның құны 5-6 млн. теңгеден аспаса, оны
безендіретін жылтырауық заттардың құны 3 млн. ғана екен. Бәрін есептегенде,
небәрі 10 млн. теңге ғана шығын кетеді. Демек, жергілікті биліктің шырша
ұзындығын асырып, ақшасын қалтаға басуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, «Солтүстік
арай» деген атауға ие болған гирлянданың өзіне бюджеттің 9,4 млн. теңгесі
кетіпті. Ол ол ма, шыршаның шырқау басындағы жұлдызшаға бақандай 625 мың теңге жұмсалған.
Қазір бұл істі Қаржы полициясы тексеріп
жатқан көрінеді.
Еліміздің
атқамінерлері неге Тәуелсіздік күнін дәл осылай ұйымдастырмайды? Бүгінде ең
ұлық мерекемізбен құттықтайтын баннерлерді кез келген жерден кездестіре
алмайсыз. Есесіне, қаржыны ауаға жұмсап отырмыз. Бұл ысырап емей немене? Шын
мәнінде, 38 млн. теңге емес, 38 мың теңгеге зәру қаншама отбасы бар ғой. Киер
киімі жоқ, жейтін тамағы жоқ жұртқа мұндай қымбат шырша керек пе? Әрбірден соң
бұл шырша кімдер үшін тігілді?
Динара Дүрмән