Оймақтай ой: Алаш азаттық алған күн!
Оймақтай ой: Алаш азаттық алған күн!
Бір түрегеп, бір құлап, бір қуанып, бір жылап АЗАТТЫҚ атты үлкен асқардың 22 – асуынан асып барасың. 16-желтоқсан… Әріден алсаң 1986 жылы Ербол, Ләззат, Сәбиралар алаңға қанын төккен күн, 1991 жылы қолың еркіндікке жеткен күн, беріге келсең 2011-де сайқал-саясат шеңгел салған Жаңаөзендік боздақтар өмірден өткен күн.
Бұл күнді құрметтемеуге, рухқа тағзым етіп, ертеңіңе үмітпен қарамауға хақың жоқ, қазақ! Бір анық: бәрі өтпелі, тек ҚАЗАҚ ЕЛІ мен оның ТӘУЕЛСІЗДІГІ мәңгілік! Азаттығымды айбаттандырмады-ау!? –деп ӨТКІНШІГЕ өкінбе, өрлігіңнің шоғын өшірме. Өткеннің де, өткіншінің де екшеушісі, бағалаушысы, тарихшысы өзің екеніңді, ақ қағазға тек сен қалаған АҚИҚАТ жазыларын ұмытпа. Өйткені «ХАЛЫҚ ҚҰДАЙДАН бір жас қана кіші». Жалған «құдайлар» жасытпасын. Өрлей бер! Тұтас халықтың аңқасы кеуіп жүріп, алқызыл қанын төгіп жүріп қолы әзер жеткен еркіндікті уыстан шығарып алма! Еңсең тік, қадамың нық, үнің күндей күркіресін, ҚАЗАҚ ЕЛІ! Айбарлыға еш албасты маңайлай алмайды, еш жәдігөйдің дуасы дарымайды. Тәуелсіздік атты бейкүнә перзентіңнің әуелгі қорғаушысы АЛЛА, одан кейін СЕН! Жаратушы әркімнің пейіліне қарай береді. Ертеңге деген сенімің суалмасын, аңқылдай бермей аярлардан сақтан, құлағыңа тілік, танауыңа тесік салынбасын! Қияннан түлеп ұшар қыран текті, қол жалауға үйренбейтін бөрі мінезді болмысың бұзылмасын!
ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ЖАРАТҚАН жар болсын!