ТҰРЫМБЕТКЕ АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ
ТҰРЫМБЕТКЕ АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ
Атақты Сыр сүлейі Тұрымбет жырау Салқынбайұлының туғанына 145 жыл толуына орай таяуда Қармақшы ауданы орталығындағы Мәдениет үйінде «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде» атты облыстық жыраулар фестивалі болып өтті.
Бұл өнер мерекесіне Астанадан белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмас Алматовтың бастауымен облыс аудандарынан 15 жырау қатысып, ата-бабалардан мирас болған жыраулық өнердің туын биіккке көтерді. Аудан әкімі Нәжмедин Шамұратовтың қолдауымен өткізілген жыраулар сайысын Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық Жыраулар үйі (директоры Серік Жақсығұлов) ұйымдастырды.
Жыраулар мерекесінде өнер көрсеткендер фестиваль шартына сәйкес бір ән және бір терме орындады. Оның біреуі ән атасы атанған Тұрымбет жыраудың ән сазы немесе мақамы болуға тиіс. Жасынан Бала жырау атанып, Сыр бойы, Арқа, Ырғыз өңірлерінде, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан жерлерінде жыраулық, ақындық және сазгерлік өнердің хас шебері болған Тұрымбет Салқынбайұлы – кезінде тыңдаушыларының ыстық ілтипатына бөленген айтулы тұлға. Бұған оның «Талайды таңырқатқан жырау едім» атты атақты термесі толық дәлел.
Ел арасында күні бүгінге дейін «Тұрымбеттің гөй-гөйі», «Шырқау дауысы», «Күмісай» секілді әсем әндері мен сұлу мақамдарының ұмытылмай, жиі орындалып келуі оның дарынды өнер иесі екендігін аңғартады. Белгілі жырау Алмас Алматов кеңес дәуірінде атақты жыраудың «Күмісай» әнін Париж сахнасында орындап, шетелдіктерді де таңдай қақтырған еді.
Жыраулар отаны – Қармақшыда өткен өнер фестивалінің шымылдығы Алмас Алматовтың орындауындағы «Күмісай» әнімен ашылуының өзі көп сырды аңғартады.
Тұрымбет Алаш жеріне тараған «Көрұғлы», «Зинарат қыз», «Әміре-Ұрлыққа», «Әуезхан», «Ақтам сопы» сияқты көп жыршы, жыраулар біле бермейтін ұзақ әрі қызық сюжетті қиса, дастандарды таңды таңға ұластырып шебер жырлайтын ерекше жырау болған. Сыр бойында қазір қалыптасып отырған жыраулық мектептерінде осы үрдістің дамуына мұның да игі әсері тиген.
Жұртшылықтаң зор қошемет, қиқуымен өткен жыраулар фестивалінде Жиенбай, Нұртуған, Базар, Сәрсенбай, Тұрымбет жырау мектептерінің өкілдері, өз ұрпақтары Бидас Рүстембеков, Шолпан Бәйімбетова, Серік Жақсығұлов, Майра Сәрсенбаева, Жарқынбек Тұрымбетов сынды халыққа кеңінен танымал жыраулар ерекше өнер көрсетті. Жиналған қауым олардың ізін басып жүрген өзге де жас жыраулардың орындаушылық мәнерінен Сыр бойында қалыптасқан алтынның сынығындай асыл өнердің заңды жалғасын тапқандай болды.
Фестиваль соңында жыраулық өнердің таза бұлағын ашқан өнерпаздарға аудан әкімінің арнайы дайындаған дипломдары мен сый-сияпаттарын әкімнің орынбасары Әділ Қошалақов салтанатты түрде табыс етті. Жырау ұрпақтары осы маңызды шараны ұйымдастырып, оны жоғары деңгейде өткізгендері үшін аудан әкіміне, Жыраулар үйіне алғыс сезімдерін білдірді. Тұрымбет бабаның аруағына бағышталып ас берілді.
Ибрагим Бекмаханұлы,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қызылорда облысы